Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

41-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Киелі кітапты зерттеушіге рухани өсуге көмектесіңіз (1-бөлім)

Киелі кітапты зерттеушіге рухани өсуге көмектесіңіз (1-бөлім)

“Біздің қызметіміз арқылы жазылған Мәсіхтің хаты сендер екендерің көрініп тұр” (ҚОР. 2-Х. 3:2, 3).

78-ӘН Құдай Сөзін үйрету

АҢДАТПА *

Киелі кітапты зерттеушінің рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өткенін көру — бүкіл қауым үшін зор қуаныш! (1-абзацты қараңыз)

1. Адамға шомылдыру рәсімінен өтуге көмектесудің ерекше сый екені Қорынттықтарға 2-хат 3:1—3 тармақтардан қалай көрінеді? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

ҚАУЫМЫҢЫЗДАҒЫ Киелі кітапты зерттеп жүрген адам шомылдыру рәсімінен өткенде не сезінесіз? Әрине, қуанасыз (Мат. 28:19). Ал ол адаммен сіз өзіңіз зерттеген болсаңыз ше? Мұндайда одан бетер қуанарыңыз сөзсіз! (Сал. 1-х. 2:19, 20). Адамның рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өткені сіздің және қауымдағы бауырластардың өз қызметтерін бар ынтамен атқарып, ауыр еңбек еткенін көрсетеді. Сондықтан жаңадан шомылдыру рәсімінен өткен шәкірттер зерттеу жүргізген адамның және бүкіл қауымның жақсы “кепілдеме хаты”, яки мінездеме хаты секілді (Қорынттықтарға 2-хат 3:1—3 оқыңыз).

2. а) Біз қандай маңызды сұрақ жайлы ойлануымыз керек және неге? ә) Киелі кітапты зерттеу сабағы дегеніміз не? (Сілтемені қараңыз.)

2 Соңғы төрт жылғы есепке сай, дүниежүзі бойынша ай сайын шамамен 10 000 000 Киелі кітапты зерттеу сабағы * жүргізілді. Ал сол төрт жылда жыл сайын шамамен 280 000 адам Ехоба куәгері әрі Иса Мәсіхтің шәкірті ретінде шомылдыру рәсімінен өтті. Ал қалған миллиондаған зерттеушіге шомылдыру рәсімінен өтуге қалай көмектесе аламыз? Ехоба шыдамдылық танытып, адамдарға Мәсіхтің шәкірті болуға әлі де мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан біз оларға тезірек рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өтуге көмектесу үшін қолымыздан келгеннің бәрін істегіміз келеді. Белгіленген уақыт тез таяп келеді! (Қор. 1-х. 7:29а; Пет. 1-х. 4:7).

3. Бұл мақаладан зерттеу сабағын жүргізуге қатысты не білеміз?

3 Шәкірт дайындау ісі шұғыл іс болғандықтан, Басқарушы кеңес мейлінше көп зерттеушіге рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өтуге көмектесу үшін не істеуге болатыны жайлы филиалдардан сұрастырды. Осы және келесі мақалада түрлі елдердегі тәжірибелі ізашарлардан, миссионерлерден және аудандық бақылаушылардан не нәрсеге үйрене алатынымызды қарастырамыз * (Нақ. с. 11:14; 15:22). Олар зерттеу сабағы нәтижелі болу үшін, зерттеу сабағын жүргізетін тәлімгерлер мен олардың зерттеушілері не істей алатындарына назар аударды. Біз бұл мақалада рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өту үшін әрбір зерттеуші жасауы керек бес жайтты қарастырамыз.

АПТА САЙЫН ЗЕРТТЕҢІЗ

Зерттеушіге талқылауды бір жерде отырып өткізуді ұсыныңыз (4—6 абзацтарды қараңыз)

4. Есік алдында жүргізілетін зерттеу сабағына қатысты нені түсінуіміз керек?

4 Көп бауырластар зерттеу сабақтарын есік алдында жүргізеді. Адамның қызығушылығын осылай ояту, әрине, жақсы. Бірақ білетініміздей, бұндай талқылаулар өте қысқа болады және апта сайын өткізіле бермейді. Кейбір бауырластар адамның телефон нөмірін алып, қайта келгенге дейін қызығушылығы суып қалмас үшін, оған Киелі кітаптағы қандай да бір оймен бөлісіп хабарлама жібереді немесе қоңырау соғады. Бұндай қысқа талқылаулар нәтижелі зерттеу сабағына ұласпай, айларға созылуы мүмкін. Зерттеушінің Құдай Сөзін зерттеуге бар жұмсайтын уақыты мен күші осы ғана болса, ол рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өте ала ма? Екіталай.

5. Лұқа 14:27—33 тармақтарда Иса шәкірт дайындау ісінде пайдалы болатын қандай сөздер айтты?

5 Бірде Иса шәкірті болғысы келетін адам не істеуі керектігін түсіндіру үшін мысал келтірді. Ол мұнара салғысы келген адам мен жорыққа шыққан патша жайлы айтты. Иса мұнара салғысы келген адам құрылысын аяқтау үшін, “алдымен шығынын есептеп алатынын”, жорыққа шыққан патша да бәрі ойдағыдай болатын-болмайтынына көз жеткізу үшін, “алдымен ақылдасып алатынын” айтты (Лұқа 14:27—33 оқыңыз). Мұнымен Иса шәкірті болғысы келген адам оның соңынан еру үшін не істеу керектігін мұқият саралап-салмақтап алу керектігін айтқысы келді. Осы себептен де біз зерттеушілерді апта сайын зерттеуге талпындыруымыз керек. Ол үшін не істесек болады?

6. Зерттеу сабағы нәтижелі болу үшін не істесек болады?

6 Алдымен, есік алдында өткізілетін зерттеу сабақтарын ұзағырақ өткізуге тырысыңыз. Бәлкім, әр келгенде бір емес, екі тармақ талқылап көрерсіз. Үй иесі ұзағырақ әңгімелесуге үйренген кезде, одан: “Талқылауды бір жерде отырып өткізсек қалай қарайсыз?”— деп сұрап көріңіз. Үй иесінің жауабына қарап, Киелі кітапты зерттеу ол үшін қаншалықты маңызды екенін анықтай аласыз. Ал кейіннен рухани өсуін тездету үшін, оған зерттеу сабағын аптасына екі рет өтуді ұсынсаңыз болады. Бірақ зерттеуші рухани өсу үшін бұл жеткіліксіз.

ӘР ЗЕРТТЕУ САБАҒЫНА ДАЙЫНДАЛЫҢЫЗ

Зерттеу сабағына жақсылап дайындалыңыз, зерттеушіге де дайындалуды үйретіңіз (7—9 абзацтарды қараңыз)

7. Тәлімгер әр зерттеу сабағына тыңғылықты дайындалу үшін не істесе болады?

7 Тәлімгер ретінде сіз әрбір зерттеу сабағына жақсылап дайындалуыңыз қажет. Алдымен, мәліметті оқып, тармақтарын қарап шықсаңыз болады. Мәліметтің негізгі ойларын анық түсініп алыңыз. Тараудың атауы, тақырыпшалары, абзацтың сұрақтары, “оқыңыз” деп көрсетілген тармақтар, суреттер мен тақырыпты түсінуге көмектесетін бейнероликтер жайлы ойланыңыз. Кейін зерттеушіңізді ойда тұтып, “ол жеңіл түсініп, өмірінде қолдана алу үшін, мәліметті қарапайым әрі анық етіп қалай жеткізсем болады?” деп ойланып көріңіз (Нех. 8:8; Нақ. с. 15:28а).

8. Қолостықтарға 1:9, 10-да жазылған Пауылдың сөздерінен зерттеуші жайлы дұға етуге қатысты не білеміз?

8 Дайындықтың бір бөлігі ретінде Ехобаға зерттеушіңіз және оның қажеттіліктері жайлы дұға етіңіз. Зерттеушіңіздің жүрегіне жететіндей етіп тәлім беруге көмектесуін сұраңыз (Қолостықтарға 1:9, 10 оқыңыз). Зерттеушіңіз түсінбей қалады-ау не келіспейді-ау деген жерлерді алдын ала байқауға тырысыңыз. Сіздің мақсатыңыз адамға рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өтуге көмектесу екенін ұмытпаңыз.

9. Зерттеушіңізге зерттеуге дайындалуға қалай көмектесе аласыз? Түсіндіріңіз.

9 Жүйелі түрде зерттегеннің арқасында зерттеуші Ехоба мен Исаның жасаған бар жақсылығына ризашылығы артып, көбірек білгісі келеді деп үміттенеміз (Мат. 5:3, 6). Зерттеудің толық пайдасын көру үшін, зерттеуші бар назарын алып жатқан тәліміне аудару керек. Бұл үшін зерттеушіге әр зерттеу сабағына дайындалудың, яғни мәліметті алдын ала оқып шығып, оны өмірде қалай қолдана алатыны жайлы ой жүгіртудің маңыздылығын түсіндіріңіз. Бұл орайда зерттеушіге қалай көмектесе аласыз? Дайындықтың қалай өтетінін көрсету үшін онымен бірге дайындалыңыз *. Зерттеушіге сұрақтың нақты жауабын қалай табуға болатынын көрсетіңіз және сол жауапты есіне түсіретін негізгі сөздерді ғана сызып қоюды үйретіңіз. Сосын одан сол жауапты өз сөзімен айтып беруді сұраңыз. Осылай сіз оның мәліметті қаншалықты жақсы түсінгенін анықтай аласыз. Бірақ сіз зерттеушіңізге тағы бір нәрсені үйретуіңіз керек. Ол не нәрсе?

ЗЕРТТЕУШІГЕ ЕХОБАМЕН КҮН САЙЫН СӨЙЛЕСУДІ ҮЙРЕТІҢІЗ

Зерттеушіңізге Ехобамен сөйлесуді үйретіңіз (10, 11-абзацты қараңыз)

10. Киелі кітапты күнделікті оқу неліктен маңызды және мұның мейлінше пайдасын көру үшін зерттеуші не істеу керек?

10 Зерттеуші апта сайын тәлімгерімен зерттеп қана қоймай, өзі де күн сайын бір нәрсе істеу керек. Ол Ехобамен сөйлесуі қажет. Ол мұны Ехобаны тыңдау арқылы және оған сөйлеу арқылы істей алады. Ол Ехобаны тыңдау үшін, Киелі кітапты күнде оқу керек (Ешуа 1:8; Зәб. 1:1—3). Зерттеушіңізге jw.org сайтындағы “Киелі кітапты оқу кестесін” қалай қолдануға болатынын көрсетіңіз *. Әрине, Киелі кітапты оқудың мейлінше пайдасын көру үшін, зерттеушіңізді Киелі кітаптан Ехоба туралы не білгені жайлы және білгендерін өмірде қалай қолдана алатыны жайлы ой жүгіртуге талпындыруды ұмытпаңыз (Ел. іс. 17:11; Жақ. 1:25).

11. Зерттеуші дұға етуді қалай үйрене алады және оның Ехобаға жиі дұға еткені неліктен маңызды?

11 Зерттеушіңізді Ехобаға сөйлеуге, яғни күн сайын дұға етуге талпындырыңыз. Әр зерттеудің басында және соңында зерттеушіңізбен бірге және зерттеушіңіз жайлы шын жүректен дұға етіңіз. Қалай дұға ететініңізді естігенде, ол Ехоба Құдайға Иса Мәсіх арқылы шын жүректен және еркін дұға етуді үйренеді (Мат. 6:9; Жох. 15:16). Зерттеушіңіздің күн сайын Киелі кітап оқығаны (Ехобаны тыңдағаны) және дұға еткені (Ехобаға сөйлегені) оны Құдайға қаншалықты жақындата түседі десеңізші! (Жақ. 4:8). Осы әдеттерді қалыптастырса, зерттеушіңіз өзіне рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өтуге көмектесетін тағы бір нәрсеге ие болады. Ол не нәрсе?

ЗЕРТТЕУШІГЕ ЕХОБАМЕН ЖЕКЕ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ДАМЫТУҒА КӨМЕКТЕСІҢІЗ

12. Зерттеушіңізге Ехобамен жеке қарым-қатынас дамытуға қалай көмектесе аласыз?

12 Зерттеу сабағынан білгендері зерттеушінің тек санасына ғана емес, жүрегіне де жету керек. Неліктен? Жүрекке жеткен нәрсе іс-әрекетке талпындырады, өйткені қалау, эмоция және сезім жүректен шығады. Иса қисынды ой түзіп, адамдардың ой-санасына жететіндей етіп тәлім берген. Бірақ адамдардың Исаның соңынан ерген себебі — оның тәлімдері жүректеріне жеткен (Лұқа 24:15, 27, 32). Зерттеушіңіз Ехобаның жақын қарым-қатынас дамытуға болатын тірі Тұлға екенін көру керек, сондай-ақ Ехоба оның Әкесі, Құдайы және Досы бола алатынын түсіну керек (Зәб. 25:4, 5). Зерттеу сабағы кезінде Құдайдың әдемі қасиеттеріне ерекше назар аударыңыз (Мұс. 2-ж. 34:5, 6; Пет. 1-х. 5:6, 7). Қандай тақырып қарастырсаңыз да, зерттеушіңізге Ехобаның қандай Тұлға екенін айтып отырыңыз. Оған Құдайдың сүйіспеншілік, мейірімділік, жанашырлық сияқты тамаша қасиеттерін көруге көмектесіңіз. Иса Ехоба Құдайды сүю “бірінші әрі ең басты заң” екенін айтқан (Мат. 22:37, 38). Сондықтан зерттеушіңіздің жүрегіне Құдайға деген терең сүйіспеншілік ұялатуға тырысыңыз.

13. Зерттеушіңізге Ехобаның тамаша қасиеттерін танып-білуге қалай көмектесе аласыз? Мысал келтіріңіз.

13 Зерттеушіңізбен сөйлескенде, Ехобаны не үшін жақсы көретініңіз жайлы айтыңыз. Сонда зерттеушіңіз ол да Ехобамен дос болып, оны жақсы көруі керектігін түсінетін болады (Зәб. 73:28). Мысалы, зерттеу сабағына арналған басылымда не тармақта Ехобаның сүйіспеншілігі, даналығы, әділдігі мен күші жайлы сізге қатты ұнайтын ойлар бар шығар. Осы туралы зерттеушіңізбен бөлісіп, бұл көктегі Әкеңізді неліктен қатты жақсы көретініңіздің бір себебі екенін айтыңыз. Рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өту үшін, зерттеуші тағы не істеу керектігін көрейік.

ЗЕРТТЕУШІНІ ҚАУЫМ КЕЗДЕСУЛЕРІНЕ БАРУҒА ТАЛПЫНДЫРЫҢЫЗ

Зерттеушіңізді қауым кездесулеріне мейлінше тезірек баруға талпындырыңыз (14, 15-абзацты қараңыз)

14. Еврейлерге 10:24, 25-те зерттеушіге рухани өсуге көмектесетін қауым кездесулері жайлы не делінген?

14 Барлығымыз зерттеушілеріміздің рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өткенін қалаймыз. Зерттеушілерге көмектесудің бір жолы — оларды қауым кездесулеріне баруға талпындыру. Тәжірибелі тәлімгерлер бірден қауым кездесулеріне бара бастайтын зерттеушілердің рухани тез өсетінін айтады (Зәб. 111:1). Тәлімгерлердің кейбірі зерттеушілеріне Киелі кітап туралы тәлімнің жартысын зерттеу сабағынан, жартысын қауым кездесулерінен алатынын айтады екен. Зерттеушіңізбен бірге Еврейлерге 10:24, 25-ті оқыңыз, сосын қауым кездесулеріне барудың қандай пайдасы бар екенін түсіндіріңіз. Оған “Патшалық сарайында не үшін жиналамыз?” деген бейнероликті көрсетіңіз *. Зерттеушіңізге апта сайын қауым кездесулеріне баруды өмірінің ажырамас бөлігі етуге көмектесіңіз.

15. Зерттеушіні жүйелі түрде қауым кездесулеріне баруға талпындыру үшін не істей аласыз?

15 Егер зерттеушіңіз қауым кездесуіне әлі барып көрмеген болса не жүйелі түрде бармаса, не істесеңіз болады? Оған соңғы қауым кездесуінен білгендеріңіз жайлы шабытпен айтып беріңіз. Осылай айтқаныңыз жай шақырудан гөрі көбірек әсер етіп, оның ықыласын оятуы мүмкін. Зерттеушіңізге сол аптада талқыланып жатқан “Күзет мұнарасы” журналын немесе “Өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптерін көрсетіңіз. Сосын оған келесі аптада не талқыланатынын көрсетіп, оған қай бөлігі қызық болар еді — соны сұраңыз. Қауым кездесуіне бірінші рет келген кезде, зерттеушіңіз бұл кездесу өзге діни жиындардан әлдеқайда асып түсетінін көреді (Қор. 1-х. 14:24, 25). Сондай-ақ ол жиналыста өзіне рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өтуге көмектесетін және жақсы үлгі болатын өзге бауырластармен танысады.

16. Зерттеуші рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өту үшін, зерттеу сабағы қалай жүргізілу керек және келесі мақалада не қарастырамыз?

16 Сонымен, зерттеуші рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өту үшін, зерттеу сабағы қалай жүргізілу керек? Зерттеу сабағының маңыздылығын көрсету үшін, зерттеушіңізді апта сайын зерттеуге және әр зерттеу сабағына дайындалуға талпындырыңыз. Сондай-ақ оны Ехобамен күн сайын сөйлесуге және онымен жеке қарым-қатынас дамытуға талпындырыңыз. Қауым кездесулеріне баруға деген ықыласын оятыңыз. (“ Зерттеуші рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өту үшін не істейді?” деген қоршауды қараңыз.) Ал келесі мақалада зерттеушіге рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өтуге көмектесу үшін, тәлімгердің не істеуі керектігіне қатысты тағы бес жайтты қарастырамыз.

76-ӘН Мадақтау құрбандығын ұсынамыз

^ 5-абзац Тәлім беру дегеніміз — адамға жаңаша ойлануға, жаңаша сезініп, жаңаша әрекет етуге көмектесу. 2020 жылдың тармағы, Матай 28:19, адамдармен Киелі кітапты зерттеудің және оларға Иса Мәсіхтің шәкірті ретінде шомылдыру рәсімінен өтуге көмектесу үшін тәлім берудің маңыздылығын есімізге салды. Осы және келесі мақалада бұл маңызды істі мейлінше қалай жақсы атқара алатынымызды көреміз.

^ 2-абзац СӨЗ МӘНІ: Егер сіз адаммен жүйелі түрде Киелі кітап жайлы әңгімелессеңіз, я болмаса Киелі кітапқа негізделген әдебиеттің көмегімен пікір алыссаңыз, мұны Киелі кітапты зерттеу сабағы деуге болады. Зерттеу сабағы қалай өтетінін көрсеткеннен кейін, сабақ екі рет жүргізілсе және әрі қарай да жалғасатынына үміттенуге негіз бар болса, ол туралы есеп тапсыруға болады.

^ 3-абзац Бұл мақалаларда 2004 жылғы “Біздің қасиетті қызметіміздің” шілде айындағы саны мен 2005 жылғы мамыр айындағы саны аралығында шыққан “Киелі кітапты зерттеу сабағын нәтижелі өткіземіз” айдарынан алынған кеңестер де бар.

^ 9-абзацКиелі кітапты зерттеушілерді дайындалуға үйрету” деген төрт минуттық бейнероликті көріп шығыңыз. JW Library® қосымшасынан МЕДИА/КЕЗДЕСУЛЕРІМІЗ БЕН ҚЫЗМЕТІМІЗ/ШЕБЕР УАҒЫЗДАУШЫ БОЛАЙЫҚ деген жерді қараңыз.

^ 10-абзац КИЕЛІ КІТАП ТӘЛІМДЕРІ/КИЕЛІ КІТАПТЫ ЗЕРТТЕУ ҚҰРАЛДАРЫ деген жерге кіріңіз.

^ 14-абзац JW Library® қосымшасынан МЕДИА/КЕЗДЕСУЛЕРІМІЗ БЕН ҚЫЗМЕТІМІЗ/ҚЫЗМЕТКЕ АРНАЛҒАН ҚҰРАЛДАР деген жерді қараңыз.