Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

42-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Киелі кітапты зерттеушіге рухани өсуге көмектесіңіз (2-бөлім)

Киелі кітапты зерттеушіге рухани өсуге көмектесіңіз (2-бөлім)

“Өзіңе және беріп жатқан тәліміңе әрдайым ден қой” (ТІМ. 1-Х. 4:16).

77-ӘН Түнекті жарып шыққан нұр

АҢДАТПА *

1. Шәкірт дайындау ісін неге өмір құтқаратын іс дей аламыз?

ШӘКІРТ дайындау ісі — өмір құтқаратын іс. Неге бұлай дей аламыз? Иса Матай 28:19, 20-дағы нұсқауды айтқанда: “Барыңдар да... шәкірттер дайындап, оларды... шомылдыру рәсімінен өткізіңдер”,— деген. Шомылдыру рәсімінен өту қаншалықты маңызды? Бұл — құтқарылғысы келетіндер үшін қойылатын талап. Шомылдыру рәсімінен өткісі келетіндер бұл құтқарылу Исаның біз үшін өліп, қайта тірілгенінің арқасында ғана мүмкін екеніне сену керек. Осы себептен де елші Петір мәсіхшілерге: “[Шомылдыру рәсімі] сендерді Иса Мәсіхтің қайта тірілуі арқылы құтқарып жатыр”,— деген (Пет. 1-х. 3:21). Демек, адам шомылдыру рәсімінен өткен кезде, құтқарылуға үміттене алады.

2. Тімөтеге 2-хат 4:1, 2-ге сай, тәлімгер ретінде біз не істеуіміз керек?

2 Шәкірт дайындау үшін, біз “тәлім беру шеберлігімізді” арттыруымыз керек (Тімөтеге 2-хат 4:1, 2 оқыңыз). Неге? Себебі Иса: “Барыңдар да... шәкірттер дайындап, оларды... үйретіңдер”,— деп айтқан. Елші Пауыл да: “Беріп жатқан тәліміңе әрдайым ден қой. Ұдайы [тәлім бере] бер, сонда өзіңді де, тыңдаушыларыңды да құтқарасың”,— деген (Тім. 1-х. 4:16). Тәлім беру шәкірт дайындау ісімен тығыз байланысты, сол себепті біз барынша жақсы тәлімгер болғымыз келеді.

3. Бұл мақалада Киелі кітапты зерттеу сабағын жүргізуге қатысты не білеміз?

3 Бүгінде дүниежүзі бойынша миллиондаған зерттеу сабақтары жүргізілуде. Өткен мақалада сол зерттеушілердің басым бөлігіне Иса Мәсіхтің шәкірті ретінде шомылдыру рәсімінен өтуге көмектесу үшін не істей алатынымызды білдік. Ал бұл мақалада зерттеуші рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өту үшін, әрбір тәлімгер істеуі керек тағы бес жайтты қарастырамыз.

ТӘЛІМДІ КИЕЛІ КІТАП БЕРСІН

Тәжірибелі жариялаушыдан Киелі кітапты қолданып тәлім беру жағынан жақсаруға көмектесуін сұраңыз (4—6 абзацтарды қараңыз) *

4. Неге зерттеу сабағын жүргізгенде тәлімгер ұстамды болу керек? (Сілтемені де қараңыз.)

4 Біз адамдарға беріп жатқан тәлімімізді қатты ұнатамыз. Сондықтан өзімізге ұнайтын нәрсе жайлы тым көп сөйлеп кетуіміз мүмкін. Алайда “Күзет мұнарасын” зерттеу болсын, қауымда Киелі кітапты зерттеу не үй жағдайындағы Киелі кітапты зерттеу сабағы болсын, жүргізуші көп сөйлемеу керек. Адам тәлімді Киелі кітаптан алу үшін, тәлімгер ұстамдылық танытып, зерттеушіге Киелі кітаптағы тармақ не тақырып жайлы бар білгенін айтуға тырыспау керек * (Жох. 16:12). Өзіңіздің шомылдыру рәсімінен өткен кездегі біліміңіз бен қазіргі біліміңізді салыстырып көріңізші. Сол кезде негізгі шындықтарды ғана түсінсеңіз керек (Евр. 6:1). Сізге қазіргідей білімге ие болу үшін жылдар кетті. Сондықтан сіз де зерттеушіге бәрін бірден үйретуге тырыспаңыз.

5. а) Салоникалықтарға 1-хат 2:13-ке сай, зерттеуші алған тәлімдеріне қатысты нені түсіну керек? ә) Зерттеушіні білгендері жайлы айтуға қалай талпындырсақ болады?

5 Зерттеушіміз бізден емес, Құдай Сөзінен тәлім алып жатқанын түсіну керек (Салоникалықтарға 1-хат 2:13 оқыңыз). Сіз бұл үшін не істей аласыз? Зерттеушіні білгендері жайлы айтып беруге талпындырыңыз. Киелі кітаптағы тармақтарды үнемі өзіңіз түсіндіре бермей, оның өзінен де тармақтардың кейбірін түсіндіріп беруін сұраңыз. Оған Киелі кітаптан білгендерінің жеке өзіне қандай қатысы бар екенін көруге көмектесіңіз. Оқылған тармақтарға қатысты ойын айтуға көмектесетін сұрақтар қойыңыз (Лұқа 10:25—28). Мысалы, оған мынадай сұрақтар қойсаңыз болады: “Бұл тармақтан Ехобаның қандай қасиетін көруге болады? Киелі кітаптағы осы шындықтың саған қандай пайдасы бар? Осы білгендерің жайлы өзің не ойлайсың?” (Нақ. с. 20:5). Бәрінен де маңыздысы — зерттеушіңіздің қаншалықты көп білетіні емес, білгендерін қаншалықты жақсы көріп, қолданатыны.

6. Не үшін зерттеу сабағына тәжірибелі жариялаушыны шақырған дұрыс?

6 Зерттеу сабағына тәжірибелі жариялаушыларды шақырып көргенсіз бе? Егер шақырсаңыз, зерттеу сабағын қалай жүргізетініңізге және Киелі кітапты қаншалықты жақсы қолданатыныңызға қатысты олардың пікірін сұраңыз. Тәлім беру шеберлігіңізді арттырғыңыз келсе, кішіпейіл болуыңыз керек. (Елшілердің істері 18:24—26 салыстырыңыз). Тәжірибелі жариялаушыдан зерттеушіңіздің білгендерін түсініп жатқан-жатпағанына қатысты не ойлайтынын сұрап көріңіз. Егер бір не бірнеше аптаға басқа жаққа кетіп жатсаңыз, сол жариялаушыдан сіздің орныңызға зерттеу сабағын жүргізуді сұрасаңыз болады. Сонда зерттеу сабағы жүйелі түрде өтеді және зерттеушіңіз де зерттеу сабағының маңыздылығын көреді. Ешқашан “бұл менің зерттеу сабағым, менен басқа ешкім жүргізе алмайды” деп ойламаңыз. Не дегенмен, сіз зерттеушіңіз шындықтарды біліп, рухани өсе беру үшін қолыңыздан келгеннің бәрін істегіңіз келеді ғой!

ШАБЫТПЕН ЖӘНЕ СЕНІМДІЛІКПЕН ТӘЛІМ БЕРІҢІЗ

Зерттеушіңіз Киелі кітап принциптерін қалай қолдануға болатынын көру үшін, өмірде болған оқиғаларды айтып беріңіз (7—9 абзацтарды қараңыз) *

7. Зерттеушіңіз білгендерін жақсы көру үшін не істесеңіз болады?

7 Зерттеушіңіз сіздің Киелі кітаптағы шындықтарды жақсы көретініңізді және оларға сенетініңізді көрсін (Сал. 1-х. 1:5). Сонда ол да білгендерін жақсы көріп кетуі әбден мүмкін. Реті келіп жатса, Киелі кітап принциптеріне сай өмір сүрудің қандай пайдасын көріп жүргеніңізді айтып беріңіз. Сонда ол Киелі кітапта оған да пайдалы болатын нұсқаулар бар екенін түсіне бастайды.

8. Зерттеу сабағын өтуден бөлек тағы не істей аласыз және неге олай еткеніңіз дұрыс?

8 Зерттеу сабағы кезінде зерттеушіңізге онікіндей қиындықтарды жеңе білген бауырластардың оқиғаларын айтып беріңіз. Бастан кешкен оқиғалары зерттеушіңізге пайдалы болады-ау деген бауырластарды зерттеуге шақырыңыз немесе jw.org сайтындағы “Киелі кітап адам өмірін өзгертеді * деген айдардан жігер беретін оқиғаларды көрсетіңіз. Сондағы мақалалар мен видеолар зерттеушіңізге Киелі кітап принциптері оның өмірін жақсы жаққа өзгерте алатынын түсінуге көмектеседі.

9. Зерттеушіні білгендері жайлы отбасы мен достарына айтуға қалай талпындырсаңыз болады?

9 Зерттеушіңіздің жұбайы бар болса, ол да зерттей ме? Егер зерттемесе, оны да зерттеу сабағына қатысып көруге шақырыңыз. Зерттеушіңізді білгендері жайлы отбасы мен достарына айтуға талпындырыңыз (Жох. 1:40—45). Бұны қалай істей аласыз? Одан: “Мына шындықты отбасыңа қалай түсіндірер едің? Бұны досыңа дәлелдеу үшін қандай тармақ қолданар едің?”— деп сұрап көрсеңіз болады. Осылайша зерттеушіңізді тәлімгер болуға үйретесіз. Кейін ол талаптарға сай келгенде, шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы ретінде уағызға шыға алады. Зерттеушіңізден: “Киелі кітапты зерттегісі келетін біреуді білесің бе?”— деп сұрап көріңіз. Егер білетін болса, сол адамға бірден хабарласып, оған зерттеу сабағын ұсыныңыз. Сондай-ақ оған “Киелі кітап зерттеу сабағы қалай өтеді? * деген бейнероликті көрсетіңіз.

ЗЕРТТЕУШІНІ ҚАУЫМНАН ДОСТАР ТАБУҒА ТАЛПЫНДЫРЫҢЫЗ

Зерттеушіңізді қауымнан достар табуға талпындырыңыз (10, 11-абзацты қараңыз) *

10. Салоникалықтарға 1-хат 2:7, 8-ге сай, тәлімгер Пауылдың үлгісіне қалай еліктей алады?

10 Тәлімгер зерттеушілеріне жеке қызығушылық танытып, қамдарын ойлауы қажет. Сондай-ақ оларға болашақ бауырластар ретінде қарау керек (Салоникалықтарға 1-хат 2:7, 8 оқыңыз). Зерттеушілерге осы дүниедегі достарымен қарым-қатынасын үзу және Ехобаға қызмет ету үшін барлық қажетті өзгерістерді жасау оңай емес. Сондықтан біз оларға қауымнан шынайы достар табуға көмектесуіміз керек. Зерттеушіңізбен дос болып, онымен зерттеу сабағында ғана емес, басқа кездерде де бірге уақыт өткізіңіз. Зерттеу сабақтарының арасында оған қоңырау шалсаңыз, хабарлама жазып не үйіне кіріп-шықсаңыз, оның қамын ойлайтыныңызды көрсетесіз.

11. Неге зерттеушілерімізге қауымнан достар табуға көмектесуіміз керек?

11 “Ағайынға қарап, бала өсер, Қарағайға қарап, тал өсер” демекші, “қауымға қарап, шәкірт өсер”. Осы себептен де шебер тәлімгерлер зерттеушілерін қауымдағы бауырластармен таныстырады. Сонда зерттеушілер Құдай халқымен араласып, олардан рухани және эмоциялық жағынан қолдау көре алады. Біз әрбір зерттеуші өзін қауымымыздың және рухани отбасымыздың бір бөлігіндей сезінсе екен дейміз. Біз олардың сүйіспеншілік пен жылулық ескен рухани бауырластығымызға тартылып тұрғанын қалаймыз. Сонда оларға Ехобаны сүюге талпындырмайтын достарымен қарым-қатынастарын үзу оңайырақ болады (Нақ. с. 13:20). Бұрынғы достары теріс айналып жатса, олар Ехобаның ұйымынан шынайы достар таба алатынын білетін болады (Мар. 10:29, 30; Пет. 1-х. 4:4).

ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІ ЖАЙЛЫ ҮНЕМІ АЙТЫП ОТЫРЫҢЫЗ

Ақжүректі зерттеуші шомылдыру рәсімінен өту үшін бірте-бірте қадамдар жасайды (12, 13-абзацты қараңыз)

12. Неге бағышталып, шомылдыру рәсімінен өту жайлы зерттеушіге айтып отыруымыз керек?

12 Зерттеушіңізге адамның Ехобаға өмірін бағыштап, шомылдыру рәсімінен өткені қаншалықты маңызды екенін ашық айтып отырыңыз. Не дегенмен, зерттеу сабағын жүргізгендегі мақсатымыз — адамға Ехобаға қызмет етіп, шомылдыру рәсімінен өтуге көмектесу! Егер зерттеуші бірнеше айдан бері жүйелі түрде зерттеп жүрген болса, оның үстіне, қауымға келіп жүрсе, ол зерттеу сабағының мақсаты адамға Ехоба куәгері болуға көмектесу екенін түсіну керек.

13. Зерттеуші шомылдыру рәсімінен өту үшін қандай қадамдар жасайды?

13 Ақжүректі зерттеуші шомылдыру рәсімінен өту үшін бірте-бірте қадамдар жасайды. Алдымен, ол Ехобаны танып-біліп, оны жақсы көреді және оған сенеді (Жох. 3:16; 17:3). Сосын, Ехобамен қарым-қатынас дамытады және қауымдағы бауырластармен араласа бастайды (Евр. 10:24, 25; Жақ. 4:8). Кейін күнәларына өкініп, жаман әдеттерін тастайды (Ел. іс. 3:19). Сондай-ақ сенімі оны шындық жайлы өзгелерге айтуға талпындырады (Қор. 2-х. 4:13). Кейін зерттеуші Ехобаға бағышталып, мұны шомылдыру рәсімінен өту арқылы көрсетеді (Пет. 1-х. 3:21; 4:2). Бұл әрбіріміз үшін неткен қуанышты күн болмақ! Зерттеушіңізді мақсатына қарай жасаған әрбір қадамы үшін жомарттықпен әрі шын жүректен мақтап отырыңыз және алған бетінен қайтпауға талпындырыңыз.

ЗЕРТТЕУШІНІҢ РУХАНИ ӨСІП ЖАТҚАНЫНА КӨЗ ЖЕТКІЗІП ОТЫРЫҢЫЗ

14. Зерттеушінің рухани өсіп жатқанына қалай көз жеткізсек болады?

14 Зерттеушімізге рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өтуге көмектесу үшін, шыдамды болуымыз керек. Бірақ ара-тұра зерттеушіміздің Ехобаға қызмет етуге ықыласы бар-жоғына көз жеткізіп отыруымыз да қажет. Одан Исаның нұсқауларына мойынсұнуға тырысатыны байқала ма? Әлде ол жай ғана Киелі кітаптан білім алғысы келе ме?

15. Зерттеушінің алға басып жатқаны неден көрінеді?

15 Зерттеушіңіздің қандай жетістіктерге жетіп жатқанын жүйелі түрде саралап-салмақтап отырыңыз. Мысалы, ол Ехобаға деген сезімдері жайлы айта ма? Ехобаға дұға ете ме? (Зәб. 116:1, 2). Киелі кітапты оқығанды ұната ма? (Зәб. 119:97). Қауым кездесулеріне жүйелі түрде бара ма? (Зәб. 22:22). Өмірінде қандай да бір өзгерістер жасады ма? (Зәб. 119:112). Білгендері жайлы отбасы мен достарына айта бастады ма? (Зәб. 9:1). Ең маңыздысы, ол Ехоба куәгері болғысы келе ме? (Зәб. 40:8). Зерттеушіңіз бұлардың ешқайсысын жасамаған болса, мұның себебін ілтипатпен сұрап көріңіз. Оған рухани өсуге не кедергі болып жатқанын білгеннен кейін, онымен осы жайлы жұмсақ әрі ашық түрде сөйлесіңіз *.

16. Зерттеу сабағын қай кезде тоқтату керек?

16 Белгілі бір уақыт сайын “зерттеуді жалғастырудың мәні бар ма?” деп ойланып тұрыңыз. Бұл үшін өзіңізден былай деп сұраңыз: “Зерттеуші зерттеу сабағына дайындала ма? Қауымға барғанды ұната ма? Жаман әдеттерінен арылып жатыр ма? Жалған дінмен байланысын үзді ме?” Егер бұл сұрақтардың бәріне “жоқ” деп жауап берсеңіз, онда бұндай адаммен зерттеуді жалғастыру үстін су қылғысы келмейтін адамға жүзуді үйретумен тең. Егер зерттеуші білгендерін жақсы көрмесе және өзгерістер жасағысы келмесе, мұндай адаммен зерттеу сабағын жалғастырудың не мәні бар?!

17. Тімөтеге 1-хат 4:16-ға сай, әрбір тәлімгер не істеу керек?

17 Біз шәкірт дайындау жауапкершілігіне өте ықтияттылықпен қараймыз және зерттеушілерімізге рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өтуге көмектескіміз келеді. Сондықтан да біз Киелі кітаптың өзіне тәлім беруге жол береміз және шабытпен әрі сенімділікпен тәлім береміз. Зерттеушімізді қауымнан достар табуға талпындырамыз. Бағышталу мен шомылдыру рәсімі жайлы үнемі айтамыз және зерттеушіміздің рухани өсіп жатқанына көз жеткізіп отырамыз. (“ Тәлімгер зерттеушісі рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өту үшін не істейді?” деген қоршауды қараңыз.) Біздің өмір құтқаратын іске атсалысып жатқанымыз неткен ғанибет! Ендеше, зерттеушілерімізге рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өтуге көмектесу үшін барымызды салайық.

79-ӘН Оларға берік тұруды үйретіңдер

^ 5-абзац Ехоба бізге ерекше сый берді: біз адамдармен Киелі кітапты зерттегенде, оларға Ехоба қалағандай ойлануды, сезінуді және әрекет етуді үйретеміз. Бұл мақалада тәлім беру шеберлігімізді тағы қалай жақсарта алатынымызды қарастырамыз.

^ 4-абзац 2016 жылдың қыркүйек айындағы “Өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптерінен “Киелі кітап сабағын өткізгенде аулақ болу керек жайттар” деген мақаланы қараңыз.

^ 8-абзац БІЗ ЖӨНІНДЕ/ОҚИҒАЛАР деген жерді қараңыз.

^ 9-абзац JW Library® қосымшасынан МЕДИА/КЕЗДЕСУЛЕРІМІЗ БЕН ҚЫЗМЕТІМІЗ/ҚЫЗМЕТКЕ АРНАЛҒАН ҚҰРАЛДАР деген жерді қараңыз.

^ 15-абзац 2020 жылғы “Күзет мұнарасының” наурыз айындағы санынан “Ехобаға деген сүйіспеншілік шомылдыру рәсімінен өтуге талпындырады” және “Шомылдыру рәсімінен өтуге дайынсыз ба?” деген мақалаларды қараңыз.

^ 77-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Зерттеу сабағынан кейін, тәжірибелі әйел бауырлас зерттеуді жүргізген бауырласқа зерттеу сабағы кезінде көп сөйлемеу жайлы айтып жатыр.

^ 79-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Зерттеу сабағы кезінде зерттеуші қалай жақсы әйел болу керектігін үйреніп жатыр. Кейін ол білгендері жайлы күйеуіне айтып беріп жатыр.

^ 81-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Зерттеуші Патшалық сарайында танысқан бауырластың үйінде күйеуімен бірге қонақта отыр.