Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

“Ехоба мені жадынан шығармады”

“Ехоба мені жадынан шығармады”

МЕН Гайанадағы (Оңтүстік Америка) Ореалла деген ауылда тұрамын. Шамамен 2000 ғана тұрғыны бар бұл ауыл өте шалғай орналасқан. Ол жерге тек шағын ұшақпен не қайықпен жетуге болады.

Мен 1983 жылы дүниеге келдім. Өмірімнің алғашқы жылдары сап-сау бала едім. Бірақ 10 жасымда бүкіл денем қатты ауыратынды шығарды. Шамамен екі жылдан кейін, бір күні таңертең оянғанымда, еш қозғала алмадым. Мен қанша тырыссам да, аяқтарымды қимылдата алмадым. Сол күннен бастап өз аяғыммен жүрген емеспін. Ауруымның кесірінен бойым да өспей қалды. Қазір бойым баланікіндей кішкентай ғана.

Бірде үйіме екі Куәгер әйел келді. Ол кезде менің үйден шықпай отырғаныма бірнеше ай болған еді. Әдетте үйге адамдар келгенде, жасырынып қалатынмын. Бірақ бұл жолы сол келген екі әйелмен сөйлестім. Олар маған жұмақ жайлы айтқан кезде, бес жасымда болған жағдай есіме түсті. Суринамда тұратын Джетро есімді бір миссионер біздің ауылға айына бір рет келіп, әкеммен зерттеу сабағын өткізетін. Джетро маған өте жақсы қарайтын, ол маған қатты ұнайтын. Ата-әжем де мені кейде біздің ауылдағы Куәгерлердің жиналысына алып баратын. Сөйтіп, әлгі екі Куәгердің бірі Флоренс: “Көбірек білгің келе ме?”— деп сұрағанда, мен бірден келістім.

Кейін Флоренс өзінің күйеуі Джастиспен бірге келді. Сөйтіп, олар менімен зерттеу сабағын бастады. Олар менің оқи алмайтынымды көріп, маған оқуды үйретті. Шамалы уақыттан кейін, мен өзім оқи алатын болдым. Бір күні Джастис пен Флоренс маған өздерінің Суринамға тағайындалғанын айтты. Сөйтіп, Ореаллада менімен зерттеу сабағын жалғастыратын ешкім қалмады. Бірақ, қуанышыма орай, Ехоба мені жадынан шығармады.

Көп ұзамай Ореаллаға Флойд есімді ізашар ер бауырлас келді. Ол мені лашықтан лашыққа уағыздап жүрген кезінде тапты. Ол зерттеу сабағы жайлы айтқанда, мен оған қарап күлдім. Ол менен: “Неге күліп жатырсың?”— деп сұрады. Мен оған “Құдай бізден нені талап етеді?” кітапшасын зерттеп қойғанымды және “Мәңгілік өмірге алып баратын білім” * кітабын зерттеп бастағанымды айттым. Оған зерттеу сабағының не үшін тоқтап қалғанын да айтып бердім. Содан Флойдпен бірге “Білім” кітабының қалған бөлігін зерттедік. Бірақ кейін ол да басқа жаққа тағайындалып кетті. Сөйтіп, қайтадан менімен зерттейтін ешкім болмады.

Алайда 2004 жылы Ореаллаға Гранвил мен Джошуа есімді екі арнайы ізашар тағайындалды. Бұл ер бауырластар мені лашықтан лашыққа уағыздап жүрген кезінде кездестірді. Олар маған зерттеу сабағын ұсынғанда, мен екеуіне қарап күлімдедім. Сөйтіп, олардан менімен “Білім” кітабын басынан бастап зерттеуді өтіндім. Олар бұрынғы тәлімгерлерім үйреткен нәрселерді үйрете ме, жоқ па — соны білгім келді. Гранвил маған біздің ауылда қауым кездесулері өтетінін айтты. Менің үйден шықпағаныма 10 жылдай болып қалған еді. Бірақ соған қарамастан жиналысқа барып көргім келді. Сөйтіп, Гранвил мені мүгедектер арбасына отырғызды да, Патшалық сарайына алып кетті.

Кейін Гранвил мені теократиялық қызмет мектебіне жазылуға талпындырды. Ол маған: “Аяғың жүрмегенмен, тілің сөйлейді ғой. Бір күні сен көпшілікке арналған баяндама айтасың. Бұл сенің қолыңнан келеді!”— деді. Оның бұл жігерлі сөздері бойыма сенімділік ұялатты.

Мен Гранвилмен бірге уағызға шыға бастадым. Алайда мүгедектер арбасымен ауылдың шаң, кедір-бұдыр жолдарымен жүру қиынға соқты. Сондықтан Гранвилден мені арбаға отырғызып алып жүруін сұрадым. Бұл табылған ақыл болды. 2005 жылдың сәуір айында мен шомылдыру рәсімінен өттім. Көп ұзамай бауырластар маған Патшалық сарайында әдебиеттерді, сондай-ақ дыбыс жүйесін қадағалауды үйретті.

2007 жылы қайғылы жағдай болды. Әкем қайықпен апатқа ұшырап, қаза тапты. Бұл отбасымызға ауыр соққы болды. Гранвил бізбен бірге дұға етіп, бізге Киелі кітаптан жұбаныш беретін тармақтарды оқып берді. Екі жылдан кейін басымызға тағы бір өте ауыр қайғы түсті. Гранвил қайықпен суға батып, көз жұмды.

Кішкентай қауымымыз жалғыз ақсақалынан айырылып, қайғыға батты. Енді қауымымызда бір ғана қызмет көмекшісі қалды. Гранвилдің өлімі маған қатты ауыр тиді. Ол менің жан досым еді. Ол мені рухани жағынан да, тәндік жағынан да қолдап-қолпаштап жүруші еді. Ол қайтыс болғаннан кейінгі қауым кездесуінде маған “Күзет мұнарасының” абзацтарын оқу тапсырылды. Мен тек алғашқы екі абзацты ғана оқи алдым. Кейін көз жасымды тыя алмай, егіле жыладым. Маған сахнадан кетуге тура келді.

Басқа қауымдағы ер бауырластар Ореаллаға көмекке келген кезде, өзімді біраз жақсы сезініп қалдым. Сонымен қатар филиал бізге Коджо есімді арнайы ізашар ер бауырласты жіберді. Қуанышыма орай, анам мен інім зерттеу сабағын бастап, шомылдыру рәсімінен өтті. Кейін мен 2015 жылдың наурыз айында қызмет көмекшісі болып тағайындалдым. Уақыт өте бірінші рет көпшілікке арналған баяндама айттым. Сол күні Гранвилдің маған: “Бір күні сен баяндама айтасың. Бұл сенің қолыңнан келеді!”— деген сөздері есіме түсті. Сол кезде ризашылықтан қуанып та, жылап та алдым.

JW Broadcasting® бағдарламасынан менікіндей күй кешіп жүрген бауырластарды көріп жүрмін. Олар мүмкіндіктерінің шектеулі болғанына қарамай, көп іс атқарып, бақытты өмір кешіп жүр. Мен де біраз нәрсе істей аламын деп ойлаймын. Бойымда қалған бар күш-қуатымды Ехобаға арнағым келгені мені тұрақты ізашар болуға талпындырды. 2019 жылдың қыркүйек айында мен күтпеген бір жайт болды. Сол айда 40-қа жуық жариялаушыдан тұратын қауымымызға ақсақал болып тағайындалдым!

Менімен зерттеген және қызметімді атқаруға көмектескен аяулы бауырластарға деген ризашылығым зор. Бәрінен бұрын, мені жадынан шығармаған Ехобаға алғысым шексіз!

^ 8-абзац Ехоба куәгерлері басып шығарған, бірақ қазір басып шығарылмайды.