Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

48-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Назарың тек алда болсын”

“Назарың тек алда болсын”

“Көзің тура алдыңа қарасын, Назарың тек алда болсын” (НАҚ. С. 4:25).

77-ӘН Түнекті жарып шыққан нұр

АҢДАТПА *

1, 2. Нақыл сөздер 4:25-тегі кеңесті қалай қолдансақ болады? Мысал келтіріңіз.

МЫНА бір үш жағдайды елестетіп көріңіз: бір қарт әйел бауырлас бұрынғы жақсы кездерді есіне алып отырады. Қазіргі өмірі әлдеқайда қиын болса да, ол қолынан келгенше Ехобаға әрі қарай да қызмет етіп жүреді (Қор. 1-х. 15:58). Ол өзінің жақын адамдарымен бірге жұмақта жүргенін күн сайын елестетеді. Тағы басқа бір әйел бауырласты алсақ, қауымда бір бауырластың қалай ренжіткені оның есінде. Бірақ ол сол реніштен арылуды шешеді (Қол. 3:13). Ал ер бауырлас өзінің бұрынғы жасаған қателіктерін жақсы біледі. Бірақ ол бар назарын қазіргі уақытта адал болып қалуға аударады (Зәб. 51:10).

2 Осы үш жағдайға не нәрсе ортақ? Өткен өмірлерінде не болғаны үш бауырластың да есінде. Бірақ олар өткенмен өмір сүрмейді, олардың “назарлары тек алда”, яғни болашақта (Нақыл сөздер 4:25 оқыңыз).

3. Неге біздің “назарымыз тек алда” болу керек?

3 “Назарымыздың тек алда” болғаны неліктен маңызды? Үнемі артқа қарай беретін адам алға қарай жүре алмайды. Тура сол сияқты, өткен өмірін ойлай беретін адам алға басып, Ехобаға толықтай қызмет ете алмайды (Лұқа 9:62).

4. Бұл мақалада біз нені қарастырамыз?

4 Бұл мақалада біз өткенмен өмір сүруге итермелейтін үш тұзақ жайлы қарастырамыз *. Бұлар: 1) өткенді аңсау, 2) өкпе-реніш және 3) өзімізді шектен тыс кінәлау. Біз осы үш жағдайда “өткенді ұмыт қалдырып, алдағы нәрселерге ұмтылуға” Киелі кітап принциптері қалай көмектесетінін қарастырамыз (Філіп. 3:13).

БІРІНШІ ТҰЗАҚ: ӨТКЕНДІ АҢСАУ

Назарымыздың тек алда болуына не кедергі жасауы мүмкін? (5, 9, 13-абзацтарды қараңыз) *

5. Уағыздаушы 7:10-да қандай тұзақ жайлы ескерту бар?

5 Уағыздаушы 7:10 оқыңыз. Байқасаңыз, бұл тармақта: “Неге бұрынғы күндер жақсы еді?”— деп сұрау дұрыс емес деп айтылмаған. Негізі, жақсы естеліктер — Ехобадан келген сый. Бірақ тармақта “Неге бұрынғы күндер қазіргіден жақсы еді?” демеуіміз керектігі айтылған. Міне, тұзақ деп отырғанымыз — осы, өткен өмірді қазіргі өмірмен салыстыру және “қазіргі күндерім бұрынғы күндердей жақсы емес” деген тұжырымға келу.

Мысырдан шыққаннан кейін, исраилдіктер қандай қателік жасады? (6-абзацты қараңыз)

6. “Бұрынғы күндер қазіргіден жақсы еді” деп ойлау неліктен даналыққа жатпайды? Мысал келтіріңіз.

6 “Бұрынғы өмірім қазіргіден жақсырақ еді” деп ойлау неліктен даналыққа жатпайды? Біз өткенді аңсаған кезде, тек бұрында болған жақсы нәрселерді ғана еске түсіреміз. Ал болған қиындықтарды ұмытып жатамыз. Мысалы, ежелдегі Исраил халқын алайық. Олар Мысырдан шыққаннан кейін, сол жақтағы қиын өмірлерін тез-ақ ұмытып кетті. Халық сол жақта болған жақсы тамақтар жайлы ғана ойлай берді. Олар: “Мысырда тегін жеген балық, қияр, қарбыз, жуа, пияз, сарымсақ дегендер қайда екен, шіркін?!”— деген (Мұс. 4-ж. 11:5). Бұл тамақтар шынымен де тегін келді ме? Жоқ. Исраилдіктер бұл үшін жоғары құн төледі: олар Мысырда аяусыз құлдыққа салынды (Мұс. 2-ж. 1:13, 14; 3:6—9). Бірақ олар сол қиын күндерді ұмытып, өткенді аңсаумен болды. Олар Ехобаның жасап жатқан жақсылықтары жайлы ойланудың орнына, өткен күндер жайлы ойлай берді. Олардың бұндай көзқарасы Ехобаға ұнамады (Мұс. 4-ж. 11:10).

7. Бір әйел бауырласқа өткенді аңсап кетпеуге не көмектесті?

7 Өткенді аңсау деген тұзаққа түсіп қалудан қалай аулақ бола аламыз? Қазір бір әйел бауырластың оқиғасын көрейік. Ол 1945 жылы Бруклиндегі Бетелде қызмет ете бастады. Жылдар өте ол бір бетелдікке тұрмысқа шықты. Екеуі Бетелде ұзақ жылдар бойы қызмет етті. Бірақ 1976 жылы оның күйеуі ауыр дертке шалдықты. Күйеуі өмірінің санаулы күндері қалғанын түсінген кезде, әйеліне алдағы қайғылы кезеңді еңсеруге көмектесу үшін оған жақсы кеңестер берген екен. Ол әйеліне былай депті: “Біздің некеміз бақытқа толы болды. Бұндай өмірді барлық адам бастан кеше бермейді”. Кейін оны былай деп талпындырыпты: “Бірге өткізген күндер сенің жадыңда сақталады, бірақ өткенмен өмір сүрме. Барлығына уақыт емші. Басыңа түскен жағдайды тым көп ойлап, қайғыға батып кетпе. Қуаныш пен баталарға толы болған өміріміз үшін риза бол. Естеліктер — Құдайдың бізге берген сыйы”. Бұның тамаша кеңес болғанымен келісетін шығарсыз.

8. Әйел бауырлас күйеуінің кеңесін қолданғанның қандай пайдасын көрді?

8 Бұл әйел бауырлас күйеуінің кеңесіне құлақ асты. Ол өмірден өткенше, 92 жасына дейін Ехобаға адал қызмет етті. Қайтыс боларынан бірнеше жыл бұрын ол былай деген еді: “Артқа қарасам, 63 жылдан аса уақыт бойы Ехобаға толық уақыт қызмет етіппін. Өмірім мән-мағынаға толы болды деп ауыз толтырып айта аламын”. Бұның себебін түсіндіріп ол былай деді: “Біздің тамаша бауырластығымыз және бауырластарымызбен бірге жер бетінде орнайтын жұмақта Ұлы Жаратушымыз әрі жалғыз шынайы Құдайымыз Ехобаға мәңгі бақи қызмет етеміз деген үмітіміз бар. Міне, осы нәрселер адамның өмірін нағыз мән-мағынаға толтырады” *. “Назарың тек алда болсын” деген сөздерге сай әрекет етіп, бұл бауырлас бізге тамаша үлгі қалдырды.

ЕКІНШІ ТҰЗАҚ: ӨКПЕ-РЕНІШ

9. Мұсаның 3-жазбасы 19:18-ді ескерсек, өкпе-реніштен арылу әсіресе қай кезде қиын болуы мүмкін?

9 Мұсаның 3-жазбасы 19:18 оқыңыз. Бауырласымыз, досымыз не туысымыз бізді ренжітіп жатса, мұндайда өкпе-реніштен арылу әсіресе қиын болып жатады. Бірде бір әйел бауырласқа қауымдағы өзге бауырлас ақша ұрладың деп жала жапқан екен. Кейін бауырлас қателескенін түсініп, кешірім сұраса да, әйел бауырлас қатты ренжіп, болған жағдайды еш ұмыта алмапты. Бұндай сезім сізге де таныс па? Дәл осындай жағдайға кезікпесек те, біреуге ренжіп, “өкпе-реніштен ешқашан арыла алмаймын” деп ойлаған кез бәрімізде болған шығар.

10. Өкпе-реніштен арылуға бізге не көмектеседі?

10 Өкпе-реніштен арылуға бізге не көмектеседі? Біз Ехоба бәрін көріп отырғанын ұмытпауымыз керек. Ол бізбен болып жатқан барлық жағдайды, басымызға түсіп жатқан кез келген әділетсіздікті өте жақсы біледі (Евр. 4:13). Біздің қайғы-қасірет шеккеніміз Ехобаның жанына батады (Ишая 63:9). Ол болашақта әділетсіздіктің кесірінен көріп жүрген қайғы-қасіретіміздің бәрін жоюды уәде етеді (Аян 21:3, 4).

11. Неге өкпе-реніштен арылғанымыз өзіміз үшін пайдалы?

11 Өкпе-реніштен арылғанымыз өзіміз үшін де пайдалы екенін ұмытпайық. Әлгі ақша ұрлады деп айыпталған бауырластың бұған көзі жетті. Уақыт өте ол өзінің бойындағы өкпе-реніштен арыла алды. Ол өзгелерді кешірсек, Ехоба да бізді кешіретінін түсінді (Мат. 6:14). Ол өзін айыптаған бауырластың жасаған ісін ақтауға не оның қателігін кішірейтуге тырысқан жоқ. Бірақ ол кешірімді болып, өкпе-реніштен арылуды шешті. Нәтижесінде, бауырласымыз әлдеқайда бақытты болды және бар назарын Ехобаға қызмет етуге аударды.

ҮШІНШІ ТҰЗАҚ: ӨЗІМІЗДІ ШЕКТЕН ТЫС КІНӘЛАУ

12. Жоханның 1-хаты 3:19, 20-дан не білеміз?

12 Жоханның 1-хаты 3:19, 20 оқыңыз. Өз-өзімізді кінәлі сезіну сирек кездесетін құбылыс емес. Мысалы, біреулер өздерін шындықты білгенге дейін жасаған істері үшін айыпты сезінеді. Ал өзгелері шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін жасаған қателіктері үшін өздерін кінәлайды. Бұндай сезім барлығымызға таныс (Рим. 3:23). Әрине, біз дұрыс нәрсені істегіміз келеді, бірақ “бәріміз де көп сүрінеміз” (Жақ. 3:2; Рим. 7:21—23). Әрине, өзімізді кінәлі сезіну жағымсыз сезім. Бірақ оның бізге пайдасы да тиюі мүмкін. Мысалы, бұл сезім бізді өмірімізді өзгертуге және қателіктерімізді қайталамауға талпындырады (Евр. 12:12, 13).

13. Неліктен біз өзімізді шектен тыс кінәлап кетуден сақ болуымыз керек?

13 Бірақ өз-өзімізді шектен тыс кінәлау деген де бар. Бұл дегеніміз — өкінгенімізге, Ехобаның бізді кешіргеніне қарамай, өзімізді кінәлі сезіне беру. Бұндай сезім қауіпті болуы мүмкін (Зәб. 31:10; 38:3, 4). Бұрынғы кінәлары үшін өзін жегідей жеген бір әйел бауырластың жағдайын алайық. “Ехобаға қызмет ету үшін не істесем де бәрі бекер, өйткені құтқарылуыма еш үміт жоқ деп ойладым”,— дейді ол. Көбіміздің осындай күй кешкен кезіміз болған шығар. Бірақ біздің өзімізді шектен тыс кінәлап кетуден сақ болғанымыз аса маңызды. Ехоба бізден күдер үзбесе де, өзімізден күдер үзіп, оған қызмет етпей қойсақ, Шайтан қалай қуанатынын елестетіп көріңізші! (Қорынттықтарға 2-хат 2:5—7, 11 салыстырыңыз).

14. Ехобаның бізден күдер үзбегені неден көрінеді?

14 Бәлкім, сіз “Ехоба менен күдер үзген жоқ па екен?” деп уайымдарсыз. Бұны уайымдағаныңыздың өзі Ехобаның сізді кешіре алатынын көрсетеді. 1954 жылы шыққан “Күзет мұнарасында” былай делінген: “Біз бір қателікті қайта-қайта жасай беруіміз мүмкін. Ехобаға қызмет еткенге дейін пайда болған қандай да бір әлсіздігімізді жеңу бізге қиын болуы мүмкін. Бірақ үмітіңізді үзбеңіз. “Мен кешірілместей күнә жасадым” деп ойламаңыз. Шайтанның бар қалайтыны да — осы. Жасаған қателігіңіз үшін күйзеліп, қатты қиналғаныңыз жаман адам емес екеніңізді көрсетеді. Құдайдан кішіпейілдікпен кешірім сұрап, дұға ете беріңіз. Сондай-ақ таза ар-ұждан беруін және сол қателікті қайталамауға көмектесуін сұраңыз. Бала бір қателікті қанша рет жасамасын, үнемі әкесінен көмек іздейді. Сіз де Ехобадан көмек сұраңыз. Ол сізге рақымын төгіп, мейіріммен көмектеседі”.

15, 16. Ехобаның өздерінен күдер үзбегенін түсінгенде, кейбір бауырластар қандай сезімде болды?

15 Ехобаның өздерінен күдер үзбегенін түсінгенде, көп бауырластар бұдан жұбаныш тапқан. Мысалы, бірнеше жыл бұрын бір ер бауырласқа “Киелі кітап адам өмірін өзгертеді” деген айдардағы бір оқиға қатты әсер еткен. Мақалада бір әйел бауырласқа бұрынғы кешкен өмірінің салдарынан Ехобаның оны жақсы көретініне сену қиын болғаны айтылған. Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін көп жыл өтсе де, ол бұл сезімнен арыла алмаған. Бірақ ол төлем туралы терең ой жүгірткеннен кейін, барлық нәрсеге басқаша қарай бастаған *.

16 Бұл оқиға ер бауырласқа қалай әсер етті? Ол былай деп жазды: “Жас кезімде мен порнографияға деген әуестігіммен күрестім. Жақында сол әлсіздігіме қайтадан беріліп қалдым. Мен ақсақалдардан көмек іздедім және осы қиындығымды ақырындап жеңе бастадым. Ақсақалдар Ехобаның мені жақсы көретінін әрі маған көмектескісі келетінін айтты. Соған қарамастан арагідік өзімді түкке тұрғысыз сезінетін кездерім болады және Ехобаның мені кешіруі мүмкін емес деген ой да мазалайды. Осы әйел бауырластың оқиғасы маған қатты көмектесті. Қазір “Ехоба менің кінәларымды кешіре алмайды” дегенім “оның Ұлының құрбандығы менің күнәларымды жаба алмайды” дегенмен тең екенін түсінемін. Өзімді түкке тұрғысыз сезінген кездері оқып, ой жүгіртіп тұру үшін, бұл мақаланы қырқып алып, сақтап қойдым”.

17. Пауылға өзін шектен тыс кінәлі сезінбеуге не көмектесті?

17 Бұндай оқиғалар елші Пауылдың жағдайын есімізге салады. Ол мәсіхші болмас бұрын, көптеген ауыр күнәлар жасаған. Жасаған істері есінде болса да, Пауыл өткенмен өмір сүрмеді (Тім. 1-х. 1:12—15). Ол төлемді жеке өзіне берілген сый деп қарастырды (Ғал. 2:20). Пауыл өзін шектен тыс кінәлаудан аулақ болды және назарын Ехобаға барын салып қызмет етуге аударды.

НАЗАРЫҢЫЗДЫ БОЛАШАҚҚА ТІГІҢІЗ!

Болашақпен өмір сүруге бел буайық! (18, 19-абзацты қараңыз) *

18. Бұл мақаладан біз не білдік?

18 Бұл мақалада біз тұзақтар жайлы қарастыра келе, не білдік? 1) Жақсы естеліктер Ехобадан келген сый, бірақ өткен өміріміз қаншалықты жақсы болмасын, болашақтағы, яғни жаңа дүниедегі өміріміз әлдеқайда жақсы болады. 2) Өзгелер бізді ренжітуі мүмкін, бірақ оларды кешіретін болсақ, назарымызды Ехобаға қызмет етуге аударып, алға жылжи аламыз. 3) Өзімізді шектен тыс кінәлау Ехобаға қуанышпен қызмет етуге кедергі жасауы мүмкін. Сондықтан Пауыл сияқты, біз де Ехобаның бізді кешіргеніне сенуіміз керек.

19. Неге жаңа өмірде бізде өткенге деген өкініш болмайды дей аламыз?

19 Біздің мәңгілік өмір сүруге деген үмітіміз бар. Құдайдың жаңа дүниесінде бізде өткенге деген өкініш болмайды. Сол уақытқа қатысты Киелі кітапта: “Бұрынғы жайттар еске алынбайды”,— делінген (Ишая 65:17). Ойлап көріңізші, егер сіз Ехобаға қызмет ете жүріп қарттыққа аяқ басқан болсаңыз, жаңа өмірде қайтадан жастық шаққа ораласыз (Әйүп 33:25). Ендеше, өткенмен өмір сүрмейік! Қайта, назарымыз тек алда болып, болашақпен өмір сүрейік!

142-ӘН Үмітіміз жалындай берсін

^ 5-абзац Өткен өмірімізді еске түсіру кейде жақсы, әрине. Бірақ біз өткен өмірімізді тым көп ойлай бермеуіміз керек. Әйтпесе қазіргі уақытта Ехобаға қызмет ету үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасамай қоюымыз мүмкін. Ехобаның болашақта дайындап қойған баталары жайлы ұмытып кетуіміз де ғажап емес. Бұл мақалада біз өткенмен өмір сүрмес үшін, қандай үш тұзақтан аулақ болуымыз керектігін қарастырамыз. Осы орайда бізге көмек болатын Киелі кітап принциптері мен бауырластардың оқиғаларын көреміз.

^ 4-абзац СӨЗ МӘНІ: Бұл мақаладағы “өткенмен өмір сүру” деген тіркес өткен өмірді ойлай беру дегенді білдіреді. Бұған бұрынғы оқиғалар жайлы қайта-қайта айта беру, соларды қайтадан ойша бастан кешу, я болмаса “сол кездер қазіргіден жақсы еді” деп ойлау жатады.

^ 8-абзац 2004 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 шілдедегі санын (ор.) қараңыз (23—29 б.).

^ 15-абзац 2011 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 қазандағы санын қараңыз (20, 21-б.).

^ 58-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Өткенді аңсау, өкпе-реніш, өзімізді шектен тыс кінәлау сүйреуге тура келетін ауыр жүк сияқты. Ол бізге өмір жолында алға қарай жүруге кедергі жасайды.

^ 65-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Бұл жүктен арылғаннан кейін, жеңілдік сезініп, бақытты бола түсеміз және күш-қайратқа ие боламыз. Соның арқасында назарымыз тек алда болады.