Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

46-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Қорықпаңыз, Ехоба сіздің көмекшіңіз

Қорықпаңыз, Ехоба сіздің көмекшіңіз

“Мен сені ешқашан қалдырмаймын, ешқашан тастамаймын” (ЕВР. 13:5).

55-ӘН Олардан қорықпаңдар!

АҢДАТПА *

1. Өзімізді жалғыз сезінгенде не қиындығымызды еңсере алмағанда бізге не нәрсе жұбаныш береді? (Зәбүр 118:5—7).

“МЕН жападан-жалғыз қалдым. Қиын шақта көмек қолын созар ешкімім жоқ”,— деп ойлаған кезіңіз болған ба? Бұндай ойлар көп адамға, тіпті Ехобаның адал қызметшілеріне де таныс (Пат. 1-ж. 19:14). Сіз де осындай күй кешіп жатсаңыз, Ехобаның: “Мен сені ешқашан қалдырмаймын, ешқашан тастамаймын”,— деген уәдесін ұмытпаңыз. Біз: “Ехоба — менің көмекшім. Мен ештеңеден қорықпаймын”,— деп сенімділікпен айта аламыз (Евр. 13:5, 6). Елші Пауыл бұл сөздерді шамамен б. з. 61 жылы Яһудеядағы бауырластарға жазған. Оның бұл сөздері Зәбүр 118:5—7 тармақтардағы (оқыңыз) сөздерді есімізге салады.

2. Бұл мақалада біз нені қарастырамыз және неліктен?

2 Зәбүр жыршысы сияқты, Пауыл да Ехоба оның көмекшісі екенін өз тәжірибесінен көрген. Мысалы, Еврейлерге арналған хатын жазардан екі жылдан аса уақыт бұрын Пауыл буырқанған теңіз арқылы қауіпті сапар шекті (Ел. іс. 27:4, 15, 20). Осы сапар кезінде де, оған дейінгі уақытта да Ехоба Пауылға әртүрлі жолмен көмектесті. Қазір соның үшеуін қарастырайық. Ехоба оған Иса мен періштелері арқылы, билік басындағылар арқылы және бауырластар арқылы көмектескен. Пауылдың өмірінде болған оқиғаларды қарастырсақ, көмекке шақырғанымызда Құдай өз уәдесіне сай дұғаларымызға жауап беретініне сенімді бола түсеміз.

ИСА МЕН ПЕРІШТЕЛЕРДІҢ КӨМЕГІ

3. Пауыл не деп ойлаған болуы мүмкін және неге?

3 Пауыл көмекке мұқтаж болды. Шамамен б. з. 56 жылы қалың тобыр оны Иерусалимдегі ғибадатханадан сүйреп шығарып, өлтірмекші болды. Ал келесі күні Пауыл Жоғарғы кеңестің алдында тұрған кезде, сондағы жаулары оны паршалап тастай жаздады (Ел. іс. 21:30—32; 22:30; 23:6—10). Сол кезде Пауыл: “Бұндай қорлыққа қашанғы төзе алар екенмін?”— деп ойлаған шығар.

4. Ехоба Пауылға Иса арқылы қалай көмектесті?

4 Пауыл қандай көмек алды? Пауыл тұтқындалған түні Иса оның жанына келіп: “Батыл бол! Иерусалимде мен туралы түбегейлі куәлік еткеніңдей, Римде де куәлік етуге тиіссің”,— деді (Ел. іс. 23:11). Бұл уақытылы айтылған сөздер Пауылға қаншалықты жігер берді десеңізші! Иса оны Иерусалимдегі қызметі үшін мақтады. Кейін оның Римге аман-есен жетіп, сол жерде куәлік беретінін уәде етті. Осы уәдеден кейін бойына сенімділік ұялаған Пауыл өзін әкесінің құшағында қауіпсіз жатқан сәбидей сезінген болар.

Теңізде дүлей дауыл болғанда, періште Пауылға бұл қауіпті сапарда кемедегілердің бәрі аман қалатынын айтты (5-абзацты қараңыз)

5. Ехоба Пауылға періште арқылы қалай көмектесті? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

5 Пауыл тағы қандай қиындықтарға кезікті? Иерусалимдегі жағдайлардан кейін шамамен екі жыл өткен соң, Пауыл кемемен Италияға жол тартты. Кеме дүлей дауылдың ортасында қалғанда, кемедегілердің бәрі өлеміз деп ойлады. Бірақ Пауыл еш қорықпады. Неліктен? Ол кемедегілерге былай деді: “Өзім қасиетті қызмет атқарып, соның меншігімін деп жүрген Құдайымның періштесі осы түні жанымда пайда болып: — Қорықпа, Пауыл. Сен императордың алдында тұруың қажет. Құдай жаныңдағылардың да өмірін сақтап қалады,— деді”. Осылай Ехоба Исаның Пауылға айтқан уәдесін періштесі арқылы тағы бір рет қайталады. Сөйтіп, Пауыл Римге аман-есен жетті (Ел. іс. 27:20—25; 28:16).

6. Исаның қандай уәдесі бізге күш береді және неге?

6 Біз қандай көмек аламыз? Иса Пауылды қолдағанындай, бізді де қолдайды. Мысалы, ол өзінің соңынан ергендердің бәріне: “Мен осы заман аяқталғанша, әр күні сендермен біргемін”,— деген (Мат. 28:20). Исаның бұл сөздері бізге күш-қуат береді. Өйткені біздің кейбір күндеріміз төзе алмастай ауыр болып жатады. Мысалы, жақынымыздан айырылып қалсақ, бұл жанымызды бірнеше күн ғана емес, жылдар бойы сыздатады. Ал кейбіреулер қарттықтың салдарынан ауыр күндерді бастан кешеді. Күйзеліске ұшыраған жандардың болса кейбір күндері өте мұңды өтеді. Осының бәріне қарамастан, біз алға қарай жүруге күш табамыз. Өйткені Иса “әр күні”, өмірімізге қара бұлт үйірілген күндері де, бізбен бірге екенін білеміз (Мат. 11:28—30).

Періштелер бізге уағыз ісінде қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар береді (7-абзацты қараңыз)

7. Аян 14:6-ға сай, Ехоба бүгінде бізге қалай көмектеседі?

7 Құдай Сөзінен білетініміздей, Ехоба бізге періштелері арқылы көмектеседі (Евр. 1:7, 14). Мысалы, біз Патшалық жайлы ізгі хабарды “әрбір ұлт, ру, тілден” шыққан адамдарға уағыздаған кезде, періштелер бізге қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар береді (Мат. 24:13, 14; Аян 14:6 оқыңыз).

БИЛІГІ БАР АДАМДАРДЫҢ КӨМЕГІ

8. Ехоба мыңбасы арқылы Пауылға қалай көмектесті?

8 Пауыл қандай көмек алды? Б. з. 56 жылына оралсақ, Иса Пауылдың Римге аман-есен жететінін уәде еткен еді. Бірақ Иерусалимдегі кейбір яһудилер тасадан тап беріп, Пауылды өлтірмекші болды. Олардың зымиян жоспарын біліп қойған римдік мыңбасы Клауди Лисий Пауылға көмектесті. Ол дереу Пауылды Кесарияға жіберді, ал сарбаздарға жолда оны қорғап жүруді бұйырды. Олар Иерусалимнен Кесарияға дейін 105 шақырымдай жол жүрді. Сол жерде әмірші Феликс Пауылды “Иродтың сарайында қамауда ұстауды бұйырды”. Пауылдың жанын алғысы келгендер ол жерде Пауылға ештеңе істей алмады (Ел. іс. 23:12—35).

9. Әмірші Фест Пауылға қалай көмектесті?

9 Екі жылдан кейін, б. з. 58 жылы Пауыл әлі де Кесариядағы түрмеде отырды. Осы жылы билік басына Феликстің орнына Фест келді. Яһудилер Фесттен Пауылдың ісін қарастыру үшін оны Иерусалимге жіберуді өтінді. Бірақ Фест олардың айтқанын істеуден бас тартты. Өйткені олардың “жолда тасадан тап беріп, Пауылды мерт қылмақ” ойлары бар екенін ол білсе керек (Ел. іс. 24:27—25:5).

10. Пауыл императордың сотын талап еткенде, әмірші Фест не істеді?

10 Кейін Пауылдың ісі Кесарияда қарастырылды. “Яһудилерге жаққысы келген” Фест Пауылдан: “Иерусалимге барып сотталғың келе ме?”— деп сұрады. Пауыл Иерусалимге барса, біреулер оны өлтіруі мүмкін екенін білді. Сондай-ақ ол өзінің Римге аман-есен жетіп, сол жерде уағыздау үшін не істеу керектігін де жақсы білді. Сондықтан ол: “Императордың сотын талап етемін!”— деді. Өзінің кеңесшілерімен ақылдасқан соң, Фест Пауылға: “Императордың сотын талап етсең, императорға барасың”,— деді. Фесттің бұл шешімі Пауылды жауларының қолынан құтқарды. Көп ұзамай Пауыл Римге жетіп, жанын алғысы келген жауларынан одан сайын ұзап кетпек еді (Ел. іс. 25:6—12).

11. Пауыл Ишаяның қандай жігерлі сөздері жайлы ой жүгірткен болуы мүмкін?

11 Пауыл Италияға кететін уақытын күтіп жатқанда, Ишая пайғамбардың Ехобаға қарсы шыққандарға қатысты айтқан ескертуі жайлы ой жүгірткен шығар. Ишая: “Жоспар құрыңдар, бірақ ол бұзылады, Қастандық ойлаңдар, бірақ ол жүзеге аспайды! Өйткені Құдай бізбен бірге!”— деген (Ишая 8:10). Құдайдың көмектесетінін білгені Пауылға алда күтіп тұрған қиындықтарға төзуге күш берсе керек.

Ехоба ежелдегідей, бүгінде де өзінің қызметшілерін қорғау үшін билігі бар адамдарды қолдануы мүмкін (12-абзацты қараңыз)

12. Юли Пауылға қалай қарады және Пауыл нені түсінсе керек?

12 Пауыл Италияға қарай кемемен жолға шықты. Ол тұтқын ретінде Юли есімді римдік жүзбасына тапсырылды. Осы сәттен бастап Пауылдың жағдайының қандай болатыны осы жүзбасына байланысты болды. Юли өзінің билігін қалай қолданды? Келесі күні кеме жағаға келіп тоқтағанда, ол “адамгершілік танытып, Пауылға достарына барып, олардың көмегіне жүгінуге рұқсат етті”. Кейін тіпті ол Пауылдың өмірін сақтап қалды. Кеме қирап қалған кезде, тұтқындар суға секіріп, қашып кетпесін деп, сарбаздар оларды өлтірмек болды. Бірақ Юли бұған жол бермеді, себебі ол “Пауылды аман-есен жеткізгісі келді”. Пауыл осы мейірімді жүзбасы арқылы Ехобаның өзі көмектесіп жатқанын түсінсе керек (Ел. іс. 27:1—3, 42—44).

13-абзацты қараңыз

13. Ехоба адами билеушілерді қалай қолдануы мүмкін?

13 Біз қандай көмек аламыз? Өзінің еркіне сай болған кезде, Ехоба өзінің құдіретті киелі рухын қолданып, адами билеушілерге өзінің қалауын орындатқызуы мүмкін. Сүлеймен патша: “Патшаның жүрегі Ехобаның қолында су ағысындай, Оны қалаған жағына бағыттайды”,— деп жазған (Нақ. с. 21:1). Бұл сөздер нені білдіреді? Адамдар каналдар қазып, ағын судың бағытын өздеріне ыңғайлы етіп өзгерте алады. Тура сол сияқты, Ехоба өзінің киелі рухы арқылы адами билеушілердің ойларын өзінің еркіне сай бағыттай алады. Ехоба осылай еткен кезде, бұл адами билеушілердің Құдай халқының пайдасына асатындай шешімдер қабылдауына түрткі болады (Езра 7:21, 25, 26 салыстырыңыз).

14. Елшілердің істері 12:5-ке сай, кімдер жайлы дұға етсек болады?

14 Біз не істей аламыз? “Патшалар мен жоғары дәрежелі адамдар” мәсіхшілік өміріміз бен қызметімізге қатысты шешімдер қабылдаған кезде, біз олар үшін дұға ете аламыз (Тім. 1-х. 2:1, 2; Нех. 1:11). I ғасырдағы мәсіхшілер сияқты, біз де түрмедегі бауырластарымыз үшін Құдайға жан-тәнімізбен дұға етеміз (Елшілердің істері 12:5 оқыңыз; Евр. 13:3). Біз түрмедегі бауырластарымызды қадағалайтын сақшылар үшін де дұға етсек болады. Ехобадан сол адамдардың ойларына әсер етуін жалбарына сұрап, олардың Юли сияқты әрекет етіп, түрмедегі бауырластарымызға “адамгершілік танытуын” өтінсек болады (Ел. іс. 27:3).

БАУЫРЛАСТАРДЫҢ КӨМЕГІ

15, 16. Ехоба Пауылға Арыстарқ пен Лұқа арқылы қалай көмектесті?

15 Пауыл қандай көмек алды? Римге барар жолда Ехоба Пауылға бауырластар арқылы қайта-қайта көмек көрсетті. Қазір кейбір жағдайларға тоқталайық.

16 Кесарияда Пауылдың екі адал досы Арыстарқ пен Лұқа онымен бірге Римге баруды шешті *. Біз Исаның оларға да Римге аман-есен жететінін уәде еткені жайлы Киелі кітаптың еш жерінен оқымаймыз. Демек, олар Пауылға ерген кезде өз еріктерімен өмірлерін қатерге тікті. Олар өздерінің аман қалатынын буырқанған теңіздің ортасында жүргенде бір-ақ білген. Пауыл Арыстарқ пен Лұқаның Кесарияда өзімен бірге кемеге отырып жатқанын көргенде, Ехобаға шын жүректен дұға етіп, осындай батыл бауырластар арқылы көмектесіп жатқанына алғыс білдірсе керек (Ел. іс. 27:1, 2, 20—25).

17. Ехоба Пауылға бір сенімдегі бауырластар арқылы қалай көмектесті?

17 Осы сапар барысында бір сенімдегі бауырластары Пауылға бірнеше рет көмектесті. Мысалы, Сидон қаласында Юли Пауылға “достарына барып олардың көмегіне жүгінуге рұқсат етті”. Кейін Путеол қаласында Пауыл мен оның серіктестері бауырластарды тапқан кезде, бауырластар олардан “жеті күнге қалуды өтінді”. Сол жерлердегі мәсіхшілер Пауыл мен оның серіктеріне қамқорлық көрсеткен кезде, Пауыл сол бауырластарға сенім нығайтарлық оқиғалар айтып, оларды зор қуанышқа бөлегені сөзсіз (Елшілердің істері 15:2, 3 салыстырыңыз). Пауыл мен оның серіктері бір сергіп қалғаннан кейін, әрі қарай сапарларын жалғастырды (Ел. іс. 27:3; 28:13, 14).

Пауылға көмектескені сияқты, Ехоба бізге де бауырластар арқылы көмектеседі (18-абзацты қараңыз)

18. Пауылдың Құдайға ризашылық білдіріп, жігерленіп қалуына не себеп болды?

18 Римге бара жатқан кезде, Пауыл сол қаладағы қауымға үш жыл бұрын жазған сөздері жайлы ойланған шығар. Ол: “Көп жылдан бері сендерге баруды аңсап жүрмін”,— деп жазған еді (Рим. 15:23). Бірақ сол жерге тұтқын ретінде барамын деп ойламаған да шығар. Римдегі бауырластардың өзін қарсы алу үшін күтіп тұрғанын көргенде, Пауыл қалайша жігерленіп қалды десеңізші! Киелі кітапта: “Пауыл оларды көргенде, Құдайға ризашылық білдіріп, жігерленіп қалды”,— делінген (Ел. іс. 28:15). Байқасаңыз, Пауыл сол жерде тұрған бауырластары үшін Құдайға ризашылық білдірді. Неліктен? Өйткені бұл жолы да Пауыл бауырластар арқылы Ехобаның өзі көмектесіп жатқанын түсінді.

19-абзацты қараңыз

19. Петірдің 1-хаты 4:10-да айтылғандай, Ехоба көмекке мұқтаж қызметшілеріне көмектесу үшін бізді қалай қолдануы мүмкін?

19 Біз не істей аламыз? Қауымыңызда ауыр дерттен не басқа да қиындықтардан қиналып жүрген бауырластарды білесіз бе? Бәлкім, жақындарынан айырылған бауырластар бар шығар. Көмекке мұқтаж қандай да бір бауырласты білсеңіз, Ехобаға дұға етіп, жақсы бір іс жасауға не жігерлі сөз айтуға көмектесуін өтініңіз. Біздің айтқан сөздеріміз бен жасаған істеріміз дәл бауырластар қажет еткен көмек болуы мүмкін (Петірдің 1-хаты 4:10 оқыңыз) *. Оларға көмек қолын созатын болсақ, Ехобаның: “Мен сені ешқашан қалдырмаймын, ешқашан тастамаймын”,— деген уәдесі оларға да қатысты екеніне тағы бір рет көздері жетеді. Бұл сізге де сөзсіз қуаныш сыйлайды.

20. Неге “Ехоба — менің көмекшім” деп сенімділікпен айта аламыз?

20 Пауыл мен оның серіктері сияқты, біз де өмір атты сапарда дүлей дауылдарға кезігеміз. Бірақ біз еш қорықпаймыз, өйткені Ехоба бізбен бірге. Ол бізге Иса арқылы және періштелер арқылы көмектеседі. Еркіне сай болып жатса, бізге көмектесу үшін билік басындағыларды да қолданады. Бізге көмектессін деп, Ехоба бауырластарымыздың жүрегіне киелі рухымен қозғау салады. Көбіміз мұны өз өмірімізден көрген шығармыз. Пауыл сияқты біз де: “Ехоба — менің көмекшім. Мен ештеңеден қорықпаймын. Адам баласы маған не істей алады?”— деп сенімділікпен айта аламыз (Евр. 13:6).

38-ӘН Құдай саған күш береді

^ 5-абзац Бұл мақалада біз елші Пауыл қиындыққа кезіккенде, Ехобаның оған қандай үш жолмен көмектескенін қарастырамыз. Ежелде Ехоба өзінің қызметшілеріне көмекші болған. Бұны білгеніміз Ехобаның бізге де өмірдің дүлей дауылдарынан аман өтуге көмектесетініне сенімділік береді.

^ 16-абзац Бұған дейін де Арыстарқ пен Лұқа Пауылмен бірге сапар шегіп жүрген. Бұл сенімді ер адамдар Пауыл Римдегі түрмеде отырған кезде де оның қасынан табылған (Ел. іс. 16:10—12; 20:4; Қол. 4:10, 14).

^ 19-абзац 2009 жылғы “Күзет мұнарасының” 15 қаңтардағы санын қараңыз (13, 14-б., 5—9 абз.).