Сіз білгенсіз бе?
Көне жазбалар Киелі кітапты қалай растайды?
ИЕРУСАЛИМДЕГІ Киелі кітаптағы жерлер мұражайында тас тақташаға жазылған бір көне жазба бар. Ол шамамен б. з. б. 700—600 жылдары жазылған. Бұл тас тақташа Израильдегі Хебронға жақын маңда қабір ретінде қолданылған үңгірден табылған. Тақташада “Хагав ұлы Хагаф Яһуә Шавоттың қарғысына ұшырасын” деген жазу бар. Бұл жазба Киелі кітапты қалай растайды? Тақташадағы жазу Құдайдың ЙХВХ деген көне еврей әріптерімен жазылған Ехоба деген есімі ежелде күнделікті өмірде кеңінен қолданылғанын көрсетеді. Қабір ретінде қолданылған үңгірлерден табылған басқа да көне жазбалардан көрінетіндей, бұл үңгірлерде бір-бірімен кездескен және жасырынған адамдар қабырғаларға жиі Құдайдың есімін, сондай-ақ ішінде Құдайдың есімі кездесетін өз есімдерін жазған.
Джорджия университетінің профессоры Рэйчел Набулси осы көне жазбаларға қатысты былай деді: “Осы жазбаларда ЙХВХ деген есімнің жиі кездескенінен көп нәрсе білуге болады. Киелі кітап мәтіндері мен осындай жазбалар Исраил мен Яһуда үшін ЙХВХ-ның өте маңызды тұлға болғанын көрсетеді”. Негізі, ЙХВХ деген еврей әріптерімен жазылған Құдайдың есімі Киелі кітапта мыңдаған рет кездеседі. Онда Құдайдың есімін қамтитын адамдардың есімдері де жиі кездеседі.
Тас тақташадағы “Яһуә Шавот” деген сөздер “Әскербасы Ехоба” дегенді білдіреді. Соған қарағанда, ежелде тек Құдайдың есімі ғана емес, “Әскербасы Ехоба” деген тіркес те кең қолданылған көрінеді. Бұл да Киелі кітапты растайды. Өйткені Еврей жазбаларында “Әскербасы Ехоба” деген тіркес 250-ден астам рет қолданылған. Бұл тіркес көбінесе Ишая, Еремия, Зәкәрия кітаптарында кездеседі.