Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

3-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ұлы жамағат Құдайды және Мәсіхті мадақтайды

Ұлы жамағат Құдайды және Мәсіхті мадақтайды

“Құтқарылғанымыз үшін біз тақта отырған Құдайымыз бен Тоқтыға борыштымыз” (АЯН 7:10).

14-ӘН Жердің жаңа Патшасын даңқтайық!

АҢДАТПА *

1. 1935 жылы өткен конгресте айтылған баяндама бір жас ер бауырласқа қалай әсер етті?

КИЕЛІ КІТАП ЗЕРТТЕУШІЛЕРІНІҢ * отбасында тәрбиеленген үш ұл мен екі қыз Ехобаға қызмет етуді және Иса Мәсіхке еліктеуді үйренді. Арасындағы бір ұл 1926 жылы 18 жасында шомылдыру рәсімінен өтті. Барлық Киелі кітап зерттеушілері сияқты, бұл жас ер бауырлас та көктегі өмірге үміттенді. Сондықтан ол жыл сайын Иеміздің кешкі асында нан мен шараптан дәм татып жүрді. Бірақ “Ұлы жамағат” деп аталатын тарихи баяндамадан кейін оның көзқарасы түбегейлі өзгерді. Бұл баяндаманы 1935 жылы Рутерфорд бауырлас Вашингтонда (АҚШ) өткен конгресте айтқан еді. Бұл конгресте қандай шындық айқын болды?

2. Рутерфорд бауырластың баяндамасында қандай шындық айқындалды?

2 Рутерфорд бауырлас өзінің баяндамасында Аян 7:9-дағы “ұлы жамағат” кімдерді білдіретінін түсіндірді. Бұған дейін Киелі кітап зерттеушілері ұлы жамағат та көкке барады, бірақ майланғандарға қарағанда азырақ адал болғандықтан, Исамен бірге билік етпейді деп ойлаған. Рутерфорд бауырлас Киелі жазбаларды қолданып, ұлы жамағаттың көкке бару үшін таңдалмағанын, бірақ олар “зор алапаттан” аман өтіп, жер бетінде мәңгі өмір сүретін Мәсіхтің басқа қойларына * жататынын айтты (Аян 7:14). Иса: “Менің бұл қорадағыдан басқа да қойларым бар. Соларды да алып келуім керек, олар менің даусыма құлақ салады. Сонда бәрі бір бағушысы бар бір отар болады”,— деп уәде еткен (Жох. 10:16). Бұл қой тәріздес адамдар жер бетінде орнайтын жұмақта мәңгі өмір сүруді үміт ететін Ехобаның адал куәгерлерін білдіреді (Мат. 25:31—33, 46). Қазір рухани жарықтың жарқырай түскені Ехобаның көптеген қызметшілерінің, соның ішінде әлгі 18 жаста болған ер бауырластың өмірін қалай өзгерткенін көрейік (Зәб. 97:11; Нақ. с. 4:18).

МЫҢДАҒАН АДАМНЫҢ ӨМІРІН ӨЗГЕРТКЕН ЖАҢА ТҮСІНІК

3, 4. 1935 жылы өткен конгресте мыңдаған адам нені түсінді және қалай?

3 Бұл конгрестің айтулы бір сәті болды. Баяндамашы тыңдаушылардан: “Жерде мәңгі өмір сүруге үміттенетіндер, орындарыңнан тұрыңдаршы”,— деп өтінді. Сол конгресте болған бір ер бауырластың айтуынша, сонда отырған 20 000-дай адамның жартысынан көбі орнынан түрегеліпті. Сонда Рутерфорд бауырлас: “Қараңдаршы! Мінеки, ұлы жамағат!”— деп жар салды. Артынан бәрі қатты дауыстап қуаныштарын білдірді. Орнынан тұрғандар өздерінің көкке бару үшін таңдалмағандарын және Құдай рухымен майланбағандарын түсінді. Конгрестің келесі күні 840 адам шомылдыру рәсімінен өтті. Олардың да басым бөлігі басқа қойлардың қатарынан болды.

4 Сол баяндамадан кейін, жоғарыда айтылған жас ер бауырлас пен басқа да мыңдаған бауырлас Иеміздің кешкі асында нан мен шараптан дәм татуды доғарды. Көпшіліктің сезімін білдіріп, бір ер бауырлас былай деді: “Менің рәміздерден соңғы рет дәм татқан кезім сол 1935 жыл болды. Нақты түсінгенім, Ехоба мені көктегі өмірге таңдағанын киелі рухымен білдірген жоқ. Менің үмітім — жер бетінде өмір сүріп, жерді жұмаққа айналдыруға атсалысу” (Рим. 8:16, 17; Қор. 2-х. 1:21, 22). Сол уақыттан бері ұлы жамағатқа жататындардың саны өсіп келеді. Олар майланғандардың тамтығымен * бірге иық тіресе еңбектеніп жүр.

5. Ехоба Еске алу кешінде рәміздерден дәм татуды доғарғандарға қалай қарайды?

5 Ехоба 1935 жылдан кейін рәміздерден дәм татуды доғарғандарға қалай қарайды? Ал өздерін майланған деп ойлап нан мен шараптан дәм татқан, бірақ кейін майланбағанын түсінген бүгіндегі Куәгерлерге ше? (Қор. 1-х. 11:28). Кейбіреулер үміттерінің қандай екенін түсінбей рәміздерден дәм татқан. Егер олар қателескендерін шын жүректен мойындап, рәміздерден дәм татуды тоқтатса және Ехобаға әрі қарай адал қызмет етер болса, Ехоба оларды сөзсіз басқа қойлардың мүшелері ретінде қабылдайды. Олар нан мен шараптан дәм татпаса да, Ехоба мен Исаның берген төлем құрбандығына деген шексіз ризашылықтарын білдіру үшін Еске алу кешіне қатысады.

ТАМАША ҮМІТ

6. Иса періштелерге қандай бұйрық берді?

6 Зор алапат таяп қалғандықтан, Аян кітабының 7-тарауында жазылған майланған мәсіхшілер мен ұлы жамағат жайлы айтылған сөздерді қарастырғанымыз бойымызға жігер құяды. Иса періштелерге төрт жойқын желді мықтап ұстап тұруды бұйырған. Олар бұл төрт желді майланған мәсіхшілердің бәріне белгі салынғанша, яғни Ехоба оларды адал деп тапқанша, жібермей ұстап тұрады (Аян 7:1—4). Мәсіхтің майланған бауырлары танытқан адалдықтары үшін сыйларын алып, көкте патша әрі діни қызметкер болады (Аян 20:6). Құдайдың көктегі отбасындағылардың бәрі 144 000 майланған мәсіхшінің көктегі сыйларына ие болып жатқанын көруді асыға күтіп жүр.

Үстеріне ақ шапан киіп, қолдарына пальма бұтақтарын ұстаған ұлы жамағат сәуле шашып тұрған Құдай тағының және Тоқтының алдында тұр (7-абзацты қараңыз)

7. Аян 7:9, 10-да жазылған аянда Жохан кімдерді көрді және олар не істеп жатты? (Мұқабадағы суретті қараңыз).

7 Жохан 144 000 патша әрі діни қызметкер жайлы айтқаннан кейін, ерекше бір жайттың куәсі болды. Ол Армагеддоннан аман өткен “ұлы жамағатты” көрді. Бірінші топтан ерекшелігі — бұл топ анағұрлым үлкен әрі нақты саны белгісіз еді (Аян 7:9, 10 оқыңыз). Олар үстеріне “ақ шапан киіп” алған. Бұл олардың Шайтанның дүниесіндегі арамдықтардан өздерін “кіршіксіз таза” ұстап, Құдай мен Мәсіхке адал болып қалғандарын білдіреді (Жақ. 1:27). Олар қатты дауыстап, Ехоба мен оның Тоқтысы Исаның берген төлем құрбандығының арқасында аман қалғандарын айтып жатты. Олардың қолдарында пальма бұтақтары болды. Осылай олар Исаны Құдай тағайындаған Патша ретінде қуана мойындайтындарын көрсетті (Жохан 12:12, 13 салыстырыңыз).

8. Аян 7:11, 12-де Ехобаның көктегі отбасы жайлы не айтылған?

8 Аян 7:11, 12 оқыңыз. Көктегілер ұлы жамағатты көргенде не істеді? Жохан Ехобаның көктегі отбасындағылардың бәрі ұлы жамағатты көргенде шаттыққа кенеліп, Құдайды даңқтап жатқанын көрді. Осы аян жүзеге асып, ұлы жамағат зор алапаттан аман өткенде, Ехобаның көктегі отбасы қалай қуанады десеңізші!

9. Аян 7:13—15 тармақтарда ұлы жамағат жайлы не делінген және бұл нені білдіреді?

9 Аян 7:13—15 оқыңыз. Жохан ұлы жамағат өздерінің “шапандарын Тоқтының қанына жуып ағартқаны” туралы жазған. Бұл олардың ар-ұждандары таза әрі Ехобаның алдында әділ екендерін білдіреді (Ишая 1:18). Олар Исаның төлем құрбандығына берік сенім танытқан, Ехобамен тығыз қарым-қатынас дамытқан және бағышталып, шомылдыру рәсімінен өткен мәсіхшілер (Жох. 3:36; Пет. 1-х. 3:21). Соның арқасында олар Құдай тағының алдында тұруға лайықты болып, оның рухани ғибадатханасының жердегі ауласында “күні-түні қасиетті қызмет” атқарып жүр. Олар Құдай Патшалығын бәрінен жоғары қойып, уағыздау мен шәкірт дайындау ісінде жұмыстың басым бөлігін құлшына атқарып жүр (Мат. 6:33; 24:14; 28:19, 20).

Зор алапаттан өткен ұлы жамағаттың қуанышында шек жоқ (10-абзацты қараңыз)

10. Ұлы жамағат не нәрсеге сенімді және олар қандай уәденің орындалғанын көреді?

10 Ұлы жамағат зор алапаттан өткеннен кейін де Ехоба қамдарын жасай беретініне сенімді. Өйткені “тақта отырған олардың үстінен өз шатырын тігеді”. Сол кезде басқа қойлар өздері тағатсыздана күтіп жүрген мына бір уәденің орындалғанын көретін болады: “Құдай олардың көзіндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды” (Аян 21:3, 4).

11, 12. а) Аян 7:16, 17-ге сай, ұлы жамағатты болашақта қандай баталар күтіп тұр? ә) Еске алу кешінде басқа қойлар не істей алады және оларды бұлай етуге не талпындырады?

11 Аян 7:16, 17 оқыңыз. Қазіргі уақытта Ехобаның кейбір қызметшілері экономикалық қиын жағдайлардың кесірінен немесе азаматтық толқулар мен соғыстардың салдарынан тура мағынада аштық көріп жүр. Кейбіреулері сенімдері үшін түрмеде отыр. Бірақ ұлы жамағат қуаныштарын жоғалтпайды. Өйткені олар алдағы уақытта өздерінің осы зұлым дүниенің басына түсетін апаттан аман қалып, рухани және тәндік ас-суға әрдайым тойып жүретінін біледі. Ехоба халықтарға “аптап ыстықтай күйдіретін” қаһарын төгіп, Шайтанның дүниесін жойған кезде ұлы жамағат қорғанышта болады. Зор алапат біткеннен кейін, Иса жер бетінде аман қалғандарды “өмір суының бұлақтарына жетелейді”, яғни оларға мәңгілік өмірге ие болуға көмектеседі. Ұлы жамағаттың үміті неткен тамаша десеңізші! Жер бетінде өмір сүретін миллиардтаған адамның ешқашан өлмеуге мүмкіндігі болады! (Жох. 11:26).

12 Басқа қойлар өздерінің тамаша үміті үшін Ехоба мен Исаға шексіз риза! Ехоба оларды көктегі өмірге таңдамаса да, майланғандарды қалай жақсы көрсе, оларды да дәл солай жақсы көреді. Майланғандар да, басқа қойлар да Ехоба мен Мәсіхті мадақтай алады. Мұның бір жолы — Иеміздің кешкі асын атап өту.

ЕСКЕ АЛУ КЕШІНДЕ ЕХОБА МЕН ИСАНЫ МАДАҚТАҢЫЗ

Еске алу кешіндегі нан мен шарап Исаның біз өмір сүрсін деп орнымызға өлгенін есімізге салады (13—15 абзацтарды қараңыз)

13, 14. Неліктен Еске алу кешін майланғандардың тамтығы да, басқа қойлар да атап өту керек?

13 Соңғы жылдары шамамен Еске алу кешіне келген әрбір 1000 адамның 1-еуі ғана нан мен шараптан дәм татып жүр. Көптеген қауымдарда рәміздерден дәм тататындар тіптен жоқ. Еске алу кешіне келетіндердің басым көпшілігі жер бетінде өмір сүруге үміттенетін адамдар. Ендеше олар Иеміздің кешкі асына не үшін келеді? Олар достарының үйлену тойына келген адамдарға ұқсайды. Ондай адамдар тойға отау құрып жатқан жұпты қолдап, жақсы көретіндерін көрсету үшін келеді. Тура сол сияқты, басқа қойлар да Еске алу кешіне Мәсіх пен майланғандарды қолдап, жақсы көретіндерін көрсету үшін келеді. Сондай-ақ басқа қойлар Еске алу кешіне келу арқылы жер бетінде мәңгі өмір сүруге жол ашқан Мәсіхтің төлем құрбандығына деген ризашылықтарын көрсеткісі келеді.

14 Басқа қойлардың Еске алу кешіне келуінің тағы бір маңызды себебі — олар Исаның бұйрығына мойынсұнады. Адал елшілерімен бірге Иеміздің кешкі асын енгізген кезде, Иса: “Мені еске алу үшін осылай істеп тұрыңдар”,— деген (Қор. 1-х. 11:23—26). Сондықтан майланғандардың тамтығы жер бетінде өмір сүрген кездің бәрінде басқа қойлар Иеміздің кешкі асын атап өте береді. Сондай-ақ басқа қойлар Еске алу кешіне әрбір адамды шақырады.

15. Еске алу кешінде Ехоба мен Мәсіхті қалай мадақтай аламыз?

15 Еске алу кешінде ән айтып, дұға ету арқылы Ехоба мен Мәсіхті мадақтауға мүмкіндігіміз болады. Осы жылы Еске алу кешінде “Құдай мен Мәсіхке ризашылық білдірейік!” деген баяндама айтылады. Ол біздің Ехобаға және Мәсіхке деген ризашылығымызды одан сайын арттырады. Рәміздер қолдан-қолға өткен кезде, нан мен шарап Исаның денесі мен қанын білдіретінін есімізге салады. Сондай-ақ Ехоба біз өмір сүрсін деп өзінің Ұлын біздің орнымызға өлімге қиғаны жайлы ой жүгіртеміз (Мат. 20:28). Көктегі Әкемізді және оның Ұлын жақсы көретіндердің бәрі Еске алу кешіне қуана келеді!

СЫЙЛАҒАН ҮМІТІ ҮШІН ЕХОБАҒА РИЗАШЫЛЫҚ БІЛДІРІҢІЗ

16. Майланғандар мен басқа қойлар қай жағынан ұқсас?

16 Майланғандар мен басқа қойлар көп жағынан ұқсас. Екі топты да Ехоба бірдей жақсы көреді. Екеуі де оған бірдей бағалы. Ол майланғандарды да, басқа қойларды да сатып алу үшін бірдей құн төлеп, өзінің сүйікті Ұлын өлімге қиды. Екі топтың өзгешелігі — үміттері әртүрлі. Екі топ та Ехоба мен Мәсіхке адал болып қалулары тиіс (Зәб. 31:23). Сондай-ақ мынаны ұмытпайық: Құдайдың рухы бәрімізге бірдей әсер ете алады. Бұл дегеніміз — Ехоба майланған болсын, басқа қой болсын, әрбір қызметшісіне қанша қажет болса, сонша киелі рухын береді.

17. Майланғандардың тамтығы нені тағатсыздана күтіп жүр?

17 Майланған мәсіхшілер көкте өмір сүру үмітімен туылмайды. Бұл үмітті олардың жүрегіне Ехоба салады. Олар өздерінің үміті жайлы ойланады, дұға етеді және көктегі сыйларына ие болуды аңсайды. Олар көкте өздерінің рухани денелерінің қандай болатынын тіпті елестете де алмайды (Філіп. 3:20, 21; Жох. 1-х. 3:2). Сонда да олар Ехобамен, Исамен, періштелермен және өзге де майланғандармен көрісуді тағатсыздана күтеді. Олар көктегі Патшалықта қызмет етуді қатты қалайды.

18. Басқа қойлар нені тағатсыздана күтіп жүр?

18 Басқа қойлардың үміті табиғи қалауға негізделген. Кез келген адам жер бетінде мәңгі өмір сүргісі келеді. Басқа қойлар сондай уақытты тағатсыздана күтіп жүр (Уағ. 3:11). Олар бүкіл жер жүзін жұмаққа айналдыруға атсалысатын күнді, сондай-ақ өз үйлерін соғып, бау-бақшаларын отырғызып, балаларымен бірге кемелді денсаулықтың рақатын көретін күнді аңсап жүр (Ишая 65:21—23). Олар жұмақта таулар мен ормандарды, мұхиттар мен теңіздерді — Ехобаның сан алуан жаратылыстарының бәрін зерттеуді қатты қалайды. Бәрінен де бұрын оларды қуантатыны — Ехобамен қарым-қатынастары бұрын-соңды болмағандай берік болады.

19. Еске алу кешінде әрқайсысымызда қандай мүмкіндік болады және осы жылы Еске алу кеші қашан өтеді?

19 Ехоба өзінің бағышталған әрбір қызметшісіне болашаққа қатысты керемет үміт сыйлаған (Ерм. 29:11). Мәсіхтің өлімін еске алу кеші біз шексіз ғұмыр кешсін деп төлем құрбандығын берген Ехоба мен Мәсіхке алғыс жаудыруға мүмкіндік береді. Сөз жоқ, Еске алу кеші шынайы мәсіхшілер үшін ең маңызды жиын! Бұл жиын 2021 жылдың 27 наурызында, сенбі күні күн батқан соң өтеді. Биыл көбіміз осы маңызды жиынға салыстырмалы түрде еркін бара аламыз. Кейбіріміз бұл маңызды жиынды қарсылықтарға қарамай атап өтсек, кейбіріміз түрмеде атап өтеміз. Қандай жағдайда атап өтпейік, Ехоба, Иса және көктегі қайта тірілген майланғандар көктен бәрін көріп тұр. Еске алу кеші әрбір қауым, әрбір топ, әрбір адам үшін тамаша өтсін!

150-ӘН Құтқарылу үшін Құдайды іздейік

^ 5-абзац 2021 жылдың 27 наурызы Ехоба куәгерлері үшін өте ерекше күн болмақ. Сол күні кешке олар Мәсіхтің өлген күнін еске алу үшін бас қосады. Жиналатындардың басым бөлігін Иса “басқа қойлар” деп атап кеткен адамдар құрайтын болады. 1935 жылы осы топқа қатысты қандай шындық айқын болды? Зор алапаттан кейін басқа қойларды қандай өмір күтіп тұр? Сондай-ақ олар Еске алу кешін атап өткенде, Құдайды және Мәсіхті қалай мадақтай алады?

^ 1-абзац Бұрында Ехоба куәгерлері солай аталған.

^ 2-абзац СӨЗ МӘНІ: Басқа қойлар Мәсіхтің соңынан еретін және жер бетінде мәңгі өмір сүруге үміттенетін адамдарды білдіреді. Олардың кейбірі Ехобаға соңғы күндері қызмет ете бастаған. Ал ұлы жамағат деген Мәсіх зор алапат кезінде адамзатқа үкім шығарғанда тірі жүретін басқа қойларды білдіреді. Олар зор алапаттан аман өтеді.

^ 4-абзац СӨЗ МӘНІ: “Тамтық” деген сөз майланған мәсіхшілердің әлі жерде өмір сүріп жатқан мүшелерін білдіреді. Олар Иеміздің кешкі асында нан мен шараптан дәм татады.