Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

38-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Тыныш уақытта ақылмен әрекет етіңіз

Тыныш уақытта ақылмен әрекет етіңіз

“Ехоба тыныштық сыйлап, ел соғыссыз бейбіт өмір сүріп жатты” (ШЕЖ. 2-Ж. 14:6).

60-ӘН Аман қалсын бәрі

АҢДАТПА *

1. Ехобаға қызмет ету қай кезде қиын болуы мүмкін?

ҚАЛАЙ ойлайсыз, Ехобаға қай кезде қызмет еткен қиын: қиындықтар туғанда ма, әлде тыныш кезде ме? Әдетте біз қиындыққа кезіккенде, бірден Ехобаға арқа сүйеуге бейімбіз. Ал өміріміз тыныш кез жайлы не деуге болады? Мұндайда біздің Ехобаға ғибадат етуден алаңдап кетуіміз мүмкін бе? Ехоба исраилдіктерге бұлай болуы әбден мүмкін екенін айтқан (Мұс. 5-ж. 6:10—12).

Аса патша жалған ғибадатты жоюға құлшына кірісті (2-абзацты қараңыз) *

2. Аса патша бізге қандай үлгі қалдырды?

2 Аса патша бізге жақсы үлгі қалдырған. Ол Ехобаға толық арқа сүйеп, ақылмен әрекет еткен. Ол Ехобаға қиын шақта ғана емес, тыныш уақытта да ғибадат еткен. Ол жастайынан “Ехобаға бар жүрегімен қызмет етті” (Пат. 1-ж. 15:14). Аса Яһуда жерін жалған ғибадаттан тазартып, өзінің Ехобаға адал екенін көрсетті. Киелі кітапта: “Ол бөтен құдайлардың құрбандық орындары мен ғибадат төбелерін қиратты, қасиетті бағаналарды талқандап, қасиетті ағаш бағаналарды кесіп тастады”,— делінген (Шеж. 2-ж. 14:3, 5). Аса тіпті өз әжесі Мағақты патшайым деген атағынан айырды, себебі әжесі халықты жалған құдайларға ғибадат етуге азғырған болатын (Пат. 1-ж. 15:11—13).

3. Бұл мақалада біз не қарастырамыз?

3 Аса жалған ғибадаттың көзін құртумен ғана шектелген жоқ. Ол Яһуда халқына Ехобаға қайта бет бұруға көмектесті. Ал Ехоба Аса патша мен Яһуда халқына тыныштық сыйлады *. Аса билік еткен уақытта он жыл бойы “ел соғыссыз бейбіт өмір сүріп жатты” (Шеж. 2-ж. 14:1, 4, 6). Бұл мақалада біз Аса патша тыныш уақытты қалай пайдаланғаны жайлы талқылаймыз. Кейін I ғасырдағы мәсіхшілер Аса сияқты, тыныш уақытты қалай даналықпен қолданғанын көреміз. Ал соңында мынадай сұрақты қарастырамыз: егер сіз емін-еркін ғибадат етуге болатын елде тұрып жатсаңыз, сол уақытты қалай даналықпен пайдалана аласыз?

АСА ТЫНЫШ УАҚЫТТА ҚАЛАЙ ӘРЕКЕТ ЕТТІ?

4. Шежірелер 2-жазба 14:2, 6, 7-ге сай, Аса тыныш уақытта қалай әрекет етті?

4 Шежірелер 2-жазба 14:2, 6, 7 оқыңыз. Аса халыққа “айналадағы барлық жаулардан тыныштық сыйлап отырған” Ехобаның өзі екенін айтқан. Аса бұл тыныш уақытты жайбарақат жүретін уақыт деп қарастырмады. Керісінше, ол қалалар, қабырғалар, мұнаралар мен қақпалар соқты. Ол Яһуда халқына: “Ел біздің меншігімізде”,— деген. Мұнымен ол не айтқысы келді? Ол халыққа өз жерлерінде емін-еркін жүріп, жауларының қарсылығынсыз құрылысқа кірісе алатындарын айтқысы келді. Аса халықты осы тыныш уақытты даналықпен қолдануға шақырды.

5. Аса өзінің әскерін не үшін күшейтті?

5 Аса тыныш уақытты пайдаланып, өзінің әскерін де күшейтіп алды (Шеж. 2-ж. 14:8). Сонда ол Ехобаға сенім артпаған ба? Жоқ. Керісінше, Аса патша болашақта болып қалуы мүмкін қиындықтарға халықты дайындауды өзінің парызы санады. Ол бұл тыныш уақыттың мәңгілікке жалғаспайтынын жақсы түсінді. Расында да, тыныш уақыт ұзаққа жалғаспады.

I ҒАСЫРДАҒЫ МӘСІХШІЛЕР ТЫНЫШ УАҚЫТТЫ ҚАЛАЙ ҚОЛДАНДЫ?

6. I ғасырдағы мәсіхшілер тыныш уақытты қалай қолданды?

6 I ғасырдағы мәсіхшілер қуғын-сүргінге жиі ұшырады. Бірақ тыныш кезеңдер де болып тұрды. Шәкірттер бұл тыныш уақытты қалай қолданды? Сол кездегі адал ерлер мен әйелдер ізгі хабарды кейінге қалдырмай уағыздады. Елшілердің істері кітабында айтылғандай, олар бар назарларын Ехобаға қызмет етуге аударып, ізгі хабарды зор құлшыныспен жариялады. Осының арқасында олардың “қатарлары көбейе берді”. Бұдан тыныш уақытта зор құлшыныспен уағыздап жүргендері үшін Ехоба оларға батасын төгіп жатқаны көрінді (Ел. іс. 9:26—31).

7, 8. Пауыл мен өзге мәсіхшілер уағыздаудың мүмкіндігі туғанда қалай әрекет етті? Түсіндіріңіз.

7 I ғасырдағы шәкірттер ізгі хабарды жариялаудың ешбір мүмкіндігін қалт жібермеген. Соның бір мысалын қарастырайық. Елші Пауыл Ефесте қызмет етуге үлкен есік ашылғанын түсінгенде, ол бұл мүмкіндікті қалт жібермей, уағыздап, шәкірт дайындау үшін сол қалада қалуды шешті (Қор. 1-х. 16:8, 9).

8 Тағы бір жағдайды қарастырайық. Б. з. 49 жылы Иерусалимдегі елшілер мен ақсақалдар сүндеттелуге қатысты мәселені шешкенде, Пауыл мен өзге мәсіхшілерде көп адамға уағыздаудың мүмкіндігі туды (Ел. іс. 15:23—29). Қауымдар осы шешім жайлы естігенде, олар “Ехобаның сөзі туралы ізгі хабарды жариялауға” бар күштерін жұмылдырды (Ел. іс. 15:30—35). Нәтижесінде не болды? Киелі кітапта айтылғандай, “қауымдағылардың сенімі нығайып, күннен-күнге саны арта берді” (Ел. іс. 16:4, 5).

БҮГІНДЕГІ ТЫНЫШ УАҚЫТТЫ ҚАЛАЙ ҚОЛДАНЫП ЖҮРСІЗ?

9. Бүгінде көптеген елде жағдай қандай және біз не жайлы ойлануымыз керек?

9 Бүгінде көп елдерде емін-еркін уағыздауға мүмкіндік бар. Егер сіз осындай елде тұрсаңыз, “мен бұл еркіндікті қалай қолданып жатырмын?” деп ойланып көріңіз. Осы ерекше соңғы күндері Ехобаның ұйымы дүниежүзі бойынша бұрын-соңды болмаған ауқымды уағыздау мен тәлім беру ісін жүргізіп жатыр (Мар. 13:10). Бұл іс Құдай халқы үшін көптеген мүмкіндіктер ашуда.

Шетелде қызмет ететін не өзге тілде сөйлейтін адамдарға уағыздайтын жариялаушылар көптеген баталарға кенелуде (10—12 абзацтарды қараңыз) *

10. Тімөтеге 2-хат 4:2-дегі сөздер бізді не істеуге талпындырады?

10 Сіз тыныш уақытты қалай қолдана аласыз? (Тімөтеге 2-хат 4:2 оқыңыз). Неге өз жағдайыңызды саралап көрмеске? Бәлкім, өзіңіз не отбасыңыздағы біреу ізгі хабарды уағыздауға көбірек атсалысып, тіпті ізашар болып қызмет ете алар. Қазіргі уақыт байлық пен дүние-мүлік жинайтын кез емес. Зор алапат кезінде бұл нәрселерден біз үшін келіп-кетер пайда болмайды (Нақ. с. 11:4; Мат. 6:31—33; Жох. 1-х. 2:15—17).

11. Ізгі хабарды мүмкіндігінше көп адамға жеткізу үшін кейбір жариялаушылар не істеуде?

11 Көп жариялаушылар өзгелерге Ехоба жайлы үйрету үшін жаңа тіл үйренуде. Бұл орайда Ехобаның ұйымы оларға көмек болсын деп, Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді көптеген тілде шығаруда. Мысалы, 2010 жылы әдебиеттеріміз шамамен 500 тілде қолжетімді еді. Бүгінде олар 1000-нан астам тілде қолжетімді!

12. Ізгі хабарды ана тілінде естігендері адамдарға қалай әсер етеді? Мысал келтіріңіз.

12 Құдай Сөзіндегі шындықты ана тілінде естігені адамға қалай әсер етеді? Бір әйел бауырлас Құрама Штаттарда өз ана тілі киньяруанда тілінде өткен аймақтық конгреске қатысады. Киньяруанда — Руанданың, Конгоның (Киншаса) және Уганданың негізгі тілі. Аймақтық конгрестен кейін бұл бауырлас былай дейді: “Менің Құрама Штаттарға көшіп келгеніме 17 жыл болды. Содан бері рухани бағдарламаны мен алғаш рет толық түсіндім”. Сөз жоқ, бағдарламаны өз ана тілінде естігені бұл бауырласқа қатты әсер етті! Мүмкіндігіңіз болса, аумағыңыздағы адамдарға көмектесу үшін жаңа тіл үйрене аласыз ба? Егер сіз аумағыңыздағы адамға өз ана тілінде сөйлесеңіз, бұл оған ерекше әсер етер ме еді? Осы орайда күш салғаныңыз сізді көп қуанышқа кенелтеді.

13. Ресейдегі бауырластар тыныш уақытты қалай пайдаланды?

13 Өкінішке қарай, бауырластарымыздың бәрі бірдей еркін уағыздай алмайды. Кейбір елдерде билік басындағылар уағыздау ісімізге шектеу қойған. Мысалы, Ресейдегі бауырластарымыздың жағдайын алайық. Ондаған жылдар бойы қуғын-сүргін көргеннен кейін, оларға 1991 жылдың наурыз айында еркін ғибадат етуге рұқсат етілді. Сол уақыттары Ресейдегі жариялаушылардың саны шамамен 16 000 еді. Ал жиырма жылдан кейін олардың саны 160 000-нан асты! Бұл бауырластар еркін уағыздаудың мүмкіндігін ақылмен пайдаланды. Бірақ бұл тыныш уақыт ұзаққа жалғаспады. Десе де жағдайдың өзгергені олардың құлшынысын бәсеңдетпеді. Олар Ехобаға әрі қарай да қызмет ету үшін бар күштерін салып жүр.

ТЫНЫШ УАҚЫТ ҰЗАҚҚА ЖАЛҒАСПАЙДЫ

Аса патша ыстық дұға еткеннен кейін, Ехоба Яһуданы қалың нөпірдің қолынан құтқарды (14, 15-абзацты қараңыз)

14, 15. Аса патшаның кезінде Ехоба өзінің құдіретін қалай көрсетті?

14 Ақырында, Асаның күндеріндегі тыныш уақыт соңына жетті. Эфиопиядан Яһуда еліне қарсы бір миллион әскер аттанды! Бұл әскерді бастаған Зарах Яһуданы басып алатынына сенімді еді. Бірақ Аса патша әскер санына емес, Ехоба Құдайға сенім артты. Ол: “Уа, Ехоба Құдайымыз, бізге көмектесе көрші. Өйткені біз саған арқа сүйеп, сенің атыңа сеніп, мына қалың нөпірге қарсы шығып отырмыз”,— деп дұға етті (Шеж. 2-ж. 14:11).

15 Эфиопияның әскері екі еседей көп болса да, Аса патша өз халқын қорғауға Ехобаның құдіреті жететініне сенімді болды. Ал Ехоба оның сенімін ақтады: Эфиопия әскері Аса патшадан ойсырай жеңілді (Шеж. 2-ж. 14:8—13).

16. Тыныш уақыттың ұзаққа жалғаспайтынын қайдан білеміз?

16 Болашақта әрқайсысымызды не күтіп тұрғанын нақты білмесек те, біз мынаны білеміз: егер қазіргі уақыт біз үшін тыныш болса, бұл уақытша. Есімізде болса, Иса соңғы күндері барлық ұлттар оның шәкірттерін “жек көретінін” айтқан (Мат. 24:9). Елші Пауыл да: “Мәсіх Исаның шәкірті ретінде Құдайға шын беріліп өмір сүргісі келетіндердің бәрі де қуғындалады”,— деген (Тім. 2-х. 3:12). Шайтан бүгінде “қатты ашулы”, сондықтан оның ашуынан қашып құтыла аламыз деп ойласақ, қателесеміз (Аян 12:12).

17. Болашақта біздің сеніміміз қалай сыналуы мүмкін?

17 Жақын болашақта әрқайсысымыздың сеніміміз сыналмақ. Сол уақытта “дүние жаратылғаннан бері осы уақытқа дейін болмаған” зор алапат болады (Мат. 24:21). Сол кезде отбасымыз бізден теріс айналуы мүмкін, я болмаса ісімізге тыйым салынуы мүмкін (Мат. 10:35, 36). Сонда біз де Аса сияқты, Ехобаның көмегі мен қорғанышына сенім артамыз ба?

18. Еврейлерге 10:38, 39-ға сай, тыныш уақыт аяқталатын кезге дайын болуға бізге не көмектеседі?

18 Ехоба бізді алда болатын жайттарға дайындап жатыр. Оның “адал да ақылды құл” арқылы уақтылы беріп жатқан нәрлі рухани “ас-суы” бізге мықты болып қалуға көмектеседі (Мат. 24:45). Бірақ біз де өз тарапымыздан әрекет етіп, Ехобаға деген шайқалмас сенім дамытуымыз керек (Еврейлерге 10:38, 39 оқыңыз).

19, 20. Шежірелер 1-жазба 28:9-ды ескерсек, біздің қандай сұрақтар жайлы ойланғанымыз жөн және неге?

19 Аса патша сияқты, біз де Ехобаны іздеуіміз керек (Шеж. 2-ж. 14:4; 15:1, 2). Біз Ехобаны іздеуді оны танып-біліп, шомылдыру рәсімінен өткен кезде бастағанбыз. Біз әрі қарай да Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді нығайтудың ешбір мүмкіндігін қалт жібермеуіміз керек. Осы орайда өзімізді тексеру үшін, “мен қауым кездесуіне жүйелі түрде қатысамын ба?” деп ойланып көрейік. Қауым кездесулерінде біз Ехобаға қызмет ете беруге бекінеміз және бауырластармен араласып, рухани сергиміз (Мат. 11:28). Сондай-ақ “мен Киелі кітапты күнделікті зерттеуге дағдыланғанмын ба?” деп ойланайық. Егер отбасыңызбен тұрсаңыз, апта сайын отбасылық ғибадат өткізу үшін арнайы уақыт бөліп қойдыңыз ба? Ал егер жалғыз болсаңыз, отбасылық ғибадатқа арнайы уақыт бөлінетініндей, жеке зерттеуге арнайы уақыт бөліп қойдыңыз ба? Уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне барынша атсалысасыз ба?

20 Неге біздің осы сұрақтар жайлы ойланғанымыз жөн? Киелі кітапта Ехоба біздің ойларымыз бен жүрегімізді тексеретіні айтылған, демек, біз де солай етуіміз керек (Шежірелер 1-жазба 28:9 оқыңыз). Егер мақсаттарымызға, көзқарасымыз бен ойымызға қатысты қандай да бір өзгеріс жасау керектігін байқасақ, Ехобадан сол өзгерістерді жасауға көмектесуін сұрап, дұға етейік. Қазір өзімізді алдағы сынақтарға дайындайтын кез. Сізге тыныш уақытты даналықпен пайдалануға еш нәрсе кедергі болмасын!

62-ӘН Жаңа ән

^ 5-абзац Сіз Ехобаға емін-еркін ғибадат етуге болатын елде тұрасыз ба? Егер солай болса, тыныш уақытты қалай пайдаланып жүрсіз? Бұл мақалада сіз тыныш уақытта ақылмен әрекет еткен Яһуда патшасы Асаға және I ғасырдағы мәсіхшілерге қалай еліктей алатыныңыз жайлы білесіз.

^ 3-абзац СӨЗ МӘНІ: “Тыныштық” деген сөз соғыстың болмауын ғана білдірмейді. Еврей тілінде бұл сөз жақсы денсаулыққа, қауіпсіздік пен берекеге де нұсқайды.

^ 57-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Аса патша халықты жалған құдайларға ғибадат етуге азғырған әжесін патшайым деген атағынан айырды. Асаның адал қолдаушылары оның бұйрығына сай, пұттарды жойып жатыр.

^ 59-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Бір ерлі-зайыпты жариялаушылар қажет жерде қызмет ете алу үшін өмірлерін қарапайым етіп жатыр.