Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

37-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Қолың тыным таппасын”

“Қолың тыным таппасын”

“Тұқымыңды таңертең сеп, кешке дейін де қолың тыным таппасын” (УАҒ. 11:6).

68-ӘН Патшалықтың тұқымын себейік

АҢДАТПА *

1, 2. Уағыздаушы 11:6-дағы сөздер мен Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздаудың арасында қандай байланыс бар?

КЕЙБІР елдерде ізгі хабарды зор ықыласпен тыңдайтын адамдар көптеп кездеседі. Олар тура бір осы хабарды күтіп отыратындай! Ал өзге жерлерде адамдар Құдайға және Киелі кітапқа аса қызығушылық таныта бермейді. Ал сіз тұратын жерде адамдар ізгі хабарға қалай қарайды? Олар хабарымызды тыңдасын-тыңдамасын, Ехоба уағыздайтын уақыт біткенше, біздің ізгі хабарды жариялай бергенімізді қалайды.

2 Ехоба белгілеп қойған уақытта уағыз ісі өз мәресіне жетеді де, “осы заманның соңы келеді” (Мат. 24:14, 36). Ал сол уақыт келгенше, қалай біз Киелі кітаптағы “қолың тыным таппасын *” деген сөздерге құлақ асатынымызды көрсете аламыз? (Уағыздаушы 11:6 оқыңыз).

3. Бұл мақалада біз не қарастырамыз?

3 Алдыңғы мақалада біз шебер “адам аулаушы” болуға көмектесетін төрт жайтты қарастырдық (Мат. 4:19). Ал бұл мақалада біз ешқандай кедергілерге қарамастан, талмай уағыздай беруге көмектесетін маңызды үш жайтты қарастырамыз. Олар: 1) бар назарымызды уағыз ісіне аудару, 2) шыдамды болу және 3) сенімімізді берік етіп сақтау.

БАР НАЗАРЫҢЫЗДЫ УАҒЫЗ ІСІНЕ АУДАРЫҢЫЗ

4. Неге біз бар назарымызды Ехоба тапсырған іске аударуымыз керек?

4 Иса соңғы күндері адамдардың қандай болып кететінін және қандай жағдайлар орын алатынын алдын ала айтып кеткен. Бұл жайттар Исаның ізбасарларын ізгі хабарды уағыздаудан алаңдатуы мүмкін еді. Сондықтан Иса шәкірттеріне: “Сергек болыңдар!”— деген (Мат. 24:42). Топан судың алдында адамдарға Нұхтың ескертуіне ден қоюға кедергі жасайтын нәрселер көп болғанындай, бүгінде де бізді алаңдататын нәрселер көп (Мат. 24:37—39; Пет. 2-х. 2:5). Сол себептен біз бар назарымызды Ехоба тапсырған іске аударғымыз келеді.

5. Елшілердің істері 1:6—8 тармақтарда уағыз ісінің ауқымы қалай сипатталған?

5 Бүгінде біз бар назарымызды Патшалық туралы уағыз ісіне аударуымыз керек. Иса уағыз ісі өзі өлгеннен кейін де жалғасатынын әрі әлдеқайда кең таралатынын айтқан (Жох. 14:12). Иса өлгеннен кейін, оның кейбір шәкірттері балық аулауға оралған еді. Иса қайта тірілген соң керемет жасап, оларға көп балық ұстауға көмектесті. Ол осы жағдайды қолданып, уағыздау мен шәкірт дайындау ісінің кез келген істен маңызды екеніне баса назар аударды (Жох. 21:15—17). Ал көкке көтерілер алдында ол шәкірттеріне өзі бастаған уағыз ісінің Исраилге ғана емес, одан да көп жерлерге таралатынын айтты (Елшілердің істері 1:6—8 оқыңыз). Бірнеше жылдан кейін, Иса аян арқылы елші Жоханға “Иеміздің күнінде” не болатынын көрсетті *. Жоханның көрген керемет көріністерінің бірі мынадай еді: ол бір періштенің “әрбір ұлт, ру, тіл және халыққа жариялайтын мәңгілік ізгі хабары бар екенін” көрді (Аян 1:10; 14:6). Расында да, Ехоба уағыздайтын уақыт біткенше, біздің осы ұлы іске атсалысқанымызды қалайды.

6. Бар назарымызды уағыз ісіне тігу үшін не істесек болады?

6 Бар назарымызды уағыз ісіне тігу үшін, біз Ехобаның бізге қалай көмектесіп жатқаны жайлы ой жүгіртуіміз керек. Мысалы, ол бізді баспа және электронды әдебиеттер арқылы, аудио-видео басылымдар арқылы, Бродкастинг бағдарламасы арқылы рухани ас-сумен молынан қамтамасыз етіп жатыр. Ойлап көріңізші, ресми веб-сайтымыздағы мәліметтер 1000-нан астам тілде қолжетімді! (Мат. 24:45—47). Мына әлем саяси көзқарасына, дініне, тұрмыс деңгейіне қарай жік-жікке бөлінген. Ал дүниежүзі бойынша 8 миллионнан астам Құдайдың қызметшілері болса шынайы бірліктің рақатын көріп жүр. Мысалы, 2019 жылдың 19 сәуірінде дүниенің түкпір-түкпіріндегі Куәгерлер күнделікті тармақ талқыланған видеоны тамашалады. Ал сол күні кешке 20 919 041 адам Исаның өлген күнін еске алды. Біздің күндерімізде орын алып жатқан осы бір кереметке куә болып, оған атсалысып жатқанымыз жайлы ой жүгірткеніміз бар назарымызды Патшалық ісіне аударуға көмектеседі.

Иса шындық жайлы куәлік еткенде, еш нәрсеге алаңдамады (7-абзацты қараңыз)

7. Исаның үлгісі бар назарымызды уағыз ісіне аударуға қалай көмектеседі?

7 Бар назарымызды уағыз ісіне аударудың тағы бір жолы — Исаның үлгісіне еліктеу. Ол шындық туралы куәлік еткенде, еш нәрсеге алаңдамаған (Жох. 18:37). Шайтан оған “әлемнің барлық патшалықтары мен олардың сән-салтанатын” ұсынғанда да, өзгелер оны патша етуге тырысқанда да Иса азғыруларға еш берілмеді (Мат. 4:8, 9; Жох. 6:15). Ол байлық қуып, алаңдап кетпеді, қуғын-сүргін кезінде де қорқынышқа бой алдырмады (Лұқа 9:58; Жох. 8:59). Біз сынаққа кезіккенде елші Пауылдың кеңесін есте ұстасақ, назарымызды уағыз ісінен тайдырып алмаймыз. Ол мәсіхшілерді “қажымай, ұнжырғалары түспеу” үшін Исаның үлгісіне еліктеуге шақырған (Евр. 12:3).

ШЫДАМДЫ БОЛЫҢЫЗ

8. Шыдамдылық дегеніміз не және бұл қасиет неге әсіресе қазір қажет?

8 Шыдамдылық дегеніміз — жағдайдың өзгеруін сабырмен күте білу қабілеті. Жағымсыз жағдайлардың аяқталғанын қалағанда, я жақсы нәрсенің орын алғанын ұзақ уақыт күтіп жүргенде бізге шыдамдылық қажет. Абақұқ пайғамбар Яһудадағы зорлық-зомбылықтың тыйылғанын аңсаған (Абқ. 1:2). Исаның шәкірттері де Патшалық бірден орнап, оларды Римнің езгісінен құтқарады деп үміттенді (Лұқа 19:11). Біз де Құдай Патшалығының зұлымдықты жойып, әділ адамдар өмір сүретін жаңа дүниені орнататын кезін аңсап жүрміз (Пет. 2-х. 3:13). Алайда біз Ехоба белгілеген уақытты шыдамдылықпен күтуіміз керек. Қазір Ехобаның өзі бізді қалай шыдамдылыққа үйрететінін көрейік.

9. Ехобаның шыдамды екені қандай жағдайлардан көрінеді?

9 Ехоба — шыдамдылықтың кемелді үлгісі. Ол Нұхқа кеме соғып, адамдарға Топан су жайлы ескерту үшін жеткілікті уақыт берді (Пет. 2-х. 2:5; Пет. 1-х. 3:20). Ехоба Содом мен Ғомораның зұлым тұрғындарын жоюды ұйғарғанда, осы шешіміне қатысты қайта-қайта сұрақ қойған Ыбырайымды шыдаммен тыңдады (Мұс. 1-ж. 18:20—33). Сондай-ақ Ехоба опасыз Исраил халқына ғасырлар бойы ерекше шыдамдылық танытты (Нех. 9:30, 31). Біз де бүгінде оның шыдамдылығына куә болып жүрміз. Ол өзіне жақындағысы келгендер өкіну үшін оларға жеткілікті уақыт беріп жатыр (Пет. 2-х. 3:9; Жох. 6:44; Тім. 1-х. 2:3, 4). Ехобаның шыдамдылығы — біздің де уағыздау мен шәкірт дайындау ісінде шыдамдылық танытуымызға келелі себеп. Ал енді Ехоба бізді шыдамдылыққа үйрету үшін Киелі кітапқа қандай мысал жаздырғанын көрейік.

Шыдамды да, еңбекқор диқан сияқты, біз де еңбегіміздің жемісін күтеміз (10, 11-абзацты қараңыз)

10. Жақып 5:7, 8-де жазылған диқан жайлы мысалдан не үйренеміз?

10 Жақып 5:7, 8 оқыңыз. Біз егін еккен диқанның мысалынан шыдамды болуды үйрене аламыз. Рас, кейбір өсімдіктер тез өседі. Бірақ өсімдіктердің көбісі, әсіресе жеміс беретіндері, ұзақ уақыт пісіп-жетіледі. Исраилде егіндік өсетін маусым шамамен 6 айға созылған. Диқан күзгі жаңбырдан кейін тұқымын сеуіп, көктемгі жаңбырдан кейін өнімін жинап алатын болған (Мар. 4:28). Біздің де осы диқан сияқты шыдамды болғанымыз дұрыс. Бірақ бұл оңай болмауы мүмкін.

11. Шыдамды болғанымыз бізге қызметте қай жағынан көмектеседі?

11 Әдетте кемелсіз адамдар еңбектерінің жемісін бірден көргісі келеді. Бірақ диқан жайлы мысалды ұмытпайық. Ол егістігі өнім беру үшін оған үнемі күтім жасайды. Мысалы, ол жер аударады, егін егеді, арамшөптерді жұлады, суарады. Тура сол сияқты, шәкірт дайындау ісі де үнемі еңбек етуді талап етеді. Зерттеушілеріміздің жүрегін арамшөптей тамыр жайған алалаушылық, немкеттілік сияқты қасиеттерден тазарту үшін, уақыт қажет. Қызметте шыдамдылық танытсақ, адамдар бізді тыңдамаған кезде көңіліміз түспейді. Өзгелер бізді тыңдаған жағдайда да шыдамды болуымыз керек. Өйткені біз Киелі кітапты зерттеп жүрген адамның сенімін күштеп өсіре алмаймыз. Тіпті шәкірттердің де Исаның тәліміне қатысты түсініктері бірте-бірте артқан (Жох. 14:9). Біз егіп, суарсақ та, өсіретін Ехоба екенін еш ұмытпайық (Қор. 1-х. 3:6).

12. Куәгер емес туыстарымызға уағыздағанда қалай шыдамдылық таныта аламыз?

12 Куәгер емес туыстарымызға уағыздаған кезде, шыдамдылығымыз сынға алынуы мүмкін. Мұндайда бізге Уағыздаушы 3:7-дегі принцип көмек болады. Онда “үндемейтін уақыт, сөйлейтін уақыт” бар екені айтылған. Біздің үлгілі жүріс-тұрысымыз басқаларға үнсіз куәлік бере алады. Десе де мүмкіндік туғанда шындық жайлы куәлік беруге дайын болуымыз керек (Пет. 1-х. 3:1, 2). Біз құлшыныспен уағыздап, тәлім беруіміз керек, бірақ барлық адамға, соның ішінде туыстарымызға әрдайым шыдамдылық танытуымыз қажет.

13, 14. Шыдамдылық таныту жағынан бізге үлгі болатын кейбір адамдардың мысалын айтып беріңіз.

13 Біз ежелдегі және бүгіндегі адал адамдардың үлгілерінен шыдамдылыққа үйрене аламыз. Абақұқ зұлымдықтың біткенін тағатсыздана күткен. Бірақ ол: “Мен күзет орнымда дайын тұрамын”,— деп, өзінің шыдамды екенін көрсетті (Абқ. 2:1). Елші Пауыл да қызметін аяқтап, көктегі сыйына ие болғысы келген. Десе де ол шыдамдылықпен “ізгі хабарды жариялау арқылы түбегейлі куәлік беруді” жалғастыра берген (Ел. іс. 20:24).

14 Ғалақат мектебін бітірген бір ерлі-зайыптының оқиғасын алайық. Олар Куәгерлер аз және христиан діні кең таралмаған елге тағайындалады. Сондықтан көпшілік адам Киелі кітапты зерттеуге аса ықылас таныта қоймайды. Ал басқа елде қызмет етіп жатқан сыныптастары болса, керісінше, көптеген жемісті Киелі кітапты зерттеу сабақтарын жүргізіп жатқандарын айтады. Тағайындалған аумақтарында өсім баяу болып жатса да, бұл жұп қызметтерін шыдамдылықпен атқара береді. Еш жеміс бермейтіндей көрінген бұл аумақта сегіз жылдай қызмет еткеннен кейін, олардың бір зерттеушісі шомылдыру рәсімінен өтеді. Ежелдегі және бүгіндегі осындай адал адамдардан не нәрсеге үйрене аламыз? Олар құлшыныстарын бәсеңдетпей, қолдарына тыным бермеді. Ехоба болса оларды шыдамдылықтары үшін жарылқады. Ендеше, “сенімі мен шыдамдылығының арқасында уәделерді мұра еткендерге еліктейік!” (Евр. 6:10—12).

СЕНІМІҢІЗДІ БЕРІК ЕТІП САҚТАҢЫЗ

15. Қалайша сенім талмай уағыздай беруге деген шешімімізді берік етеді?

15 Біз өзіміз уағыздап жүрген хабарға сенеміз, сондықтан ол жайлы мүмкіндігінше көп адамға айтқымыз келеді. Біз Құдай Сөзінде жазылған уәделерге сенім артамыз (Зәб. 119:42; Ишая 40:8). Киелі кітапта жазылған пайғамбарлықтардың бүгінде орындалып жатқанын өз көзімізбен көріп жүрміз. Киелі кітаптағы кеңестерді қолданып жүрген адамдардың өмірі қалай жақсы жаққа өзгеріп жатқанына да куәміз. Бұл дәлелдер Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабарды әрбір адам естуі керектігіне көзімізді жеткізеді.

16. Зәбүр 46:1—3 тармақтарға сай, Ехобаға және Исаға деген сеніміміз қалайша талмай уағыздауға деген шешімімізді берік етеді?

16 Сондай-ақ біз өзіміз уағыздап жүрген хабарымыздың қайнары Ехобаға және ол Патшалықтың Патшасы етіп тағайындаған Исаға сенеміз (Жох. 14:1). Қандай жағдайға кезікпейік, Ехоба әрдайым бізге пана болады және күш береді (Зәбүр 46:1—3 оқыңыз). Сондай-ақ біз мынаған сенімдіміз: Иса Ехобаның берген билігі мен құдіретін қолданып, көктен уағыз ісіне жетекшілік етіп жатыр (Мат. 28:18—20).

17. Неге біз талмай уағыздай беруіміз керек? Мысал келтіріңіз.

17 Сенім Ехоба еңбегіміз үшін батасын беретініне деген сенімділігімізді арттырады. Кейде Ехоба батасын біз күтпеген жолмен береді (Уағ. 11:6). Мысалы, біздің әдебиет арбаларымыз бен стенділеріміздің қасынан күн сайын мыңдаған адам өтеді. Уағыздаудың бұл тәсілі тиімді ме? Әлбетте! 2014 жылғы “Біздің қасиетті қызметіміздің” қараша айындағы санында бір студент қыз жайлы айтылды. Ол Ехоба куәгерлері жайлы эссе жазғысы келеді. Ол Патшалық сарайын таба алмайды, бірақ университетінің қасынан әдебиеттер арбасын көріп, сол жерден эссеге қажетті мәлімет табады. Ақырында, бұл студент шомылдыру рәсімінен өтеді. Қазір ол тұрақты ізашар ретінде қызмет етіп жүр. Мұндай оқиғалар бізді талмай уағыздай беруге талпындырады, әрі Патшалық хабарына мұқтаж адамдардың әлі де бар екенін көрсетеді.

ҚОЛЫҢЫЗ ТЫНЫМ ТАППАСЫН

18. Патшалық жайлы уағыздау ісі Ехоба белгілеген уақытта аяқталатынына неге сенімдіміз?

18 Біз Патшалық жайлы уағыздау ісі дәл уақытында аяқталатынына сенімді болсақ болады. Мысалы, Нұхтың күндерінде болған оқиғадан Ехоба кез келген істі өз уақытында істейтінін көреміз. Ехоба Топан судың қашан басталатынын шамамен 120 жыл бұрын белгілеп қойған еді. Арада біраз жыл өткеннен кейін, ол Нұхқа кеме соғуды тапсырды. Нұх Топан су басталғанға дейін 40 не 50 жыл бойы ауыр еңбектенген болса керек. Ешкім құлақ аспаса да, Нұх Ехоба жануарларды кемеге кіргізетін уақыт келді демейінше, адамдарды талмай ескерте берді. Кейін Ехоба дәл белгіленген уақытта кеменің “есігін жауып қойды” (Мұс. 1-ж. 6:3; 7:1, 2, 16).

19. Егер қолымыз тыным таппаса, не нәрсеге куә боламыз?

19 Жақында Ехоба Патшалық жайлы уағыздау ісін тоқтатады. Ол Шайтанның дүниесінің “есігін” жабады да, әділдер өмір сүретін жаңа дүние орнатады. Сол уақыт келгенше, қолдары еш тыным таппаған Нұхқа, Абақұққа және басқа да адал жандарға еліктей берейік. Бар назарымызды уағыз ісіне аударайық, шыдамды болайық және Ехоба мен оның уәделеріне деген сенімімізді берік етіп сақтайық.

75-ӘН “Мен бармын, мені жібер!”

^ 5-абзац Өткен мақалада алға басып жатқан Киелі кітапты зерттеушілер уағыздаушы болуға талпындырылды. Ал бұл мақалада біз жаңа жариялаушыларға да, тәжірибелі жариялаушыларға да Ехоба уақыт бітті дегенше ізгі хабарды талмай жариялай беруге көмектесетін үш жайтты қарастырамыз.

^ 2-абзац СӨЗ МӘНІ: Бұл мақалада “қолың тыным таппасын” деген тіркес Ехоба уақыт бітті демейінше, ізгі хабарды талмай жариялай беруді білдіреді.

^ 5-абзац “Иеміздің күні” 1914 жылы Иса патша ретінде таққа отырған кезде басталды, әрі мыңжылдық биліктің соңына дейін жалғасады.