Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Жатжерліктерге” Құдайға қуана қызмет етуге көмектесу

“Жатжерліктерге” Құдайға қуана қызмет етуге көмектесу

“Ехоба жатжерліктерді қорғайды” (ЗӘБҮР 146:9).

ӘНДЕР: 84, 73

1, 2. а) Кей бауырластарымыз қандай қиындықтарға кезігуде? ә) Осы орайда қандай сұрақтар туындайды?

“БУРУНДИДЕ азаматтық соғыс басталғанда, біз отбасымызбен конгресте болғанбыз,— деп әңгімеледі Лидже деген ер бауырлас.— Атыс болып, адамдар жан-жаққа қашып жатты. Жан сақтау үшін әке-шешем мен 11 бауырым қолымызға ілінгенді алып, қаша жөнелдік. Үй ішімдегілердің кейбірі 1600-ден астам шақырым жол жүріп, Малавидегі босқындар лагерін паналады. Ал қалғанымыз жан-жаққа бытырап кеттік”.

2 Дүниежүзі бойынша соғыстың немесе қуғын-сүргіннің кесірінен үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болған босқындардың саны 65 миллионнан асып жығылады. Бір мәліметке сай, бұл — ең жоғарғы көрсеткіш *. Босқындар арасында мыңдаған Ехоба куәгерлері де бар. Олардың көбі жақын жандарынан және дүние-мүлкінің бәрінен дерлік айырылған. Бұдан басқа олар қандай қиындықтарға кезігуде? Оларға қиыншылықтарға қарамастан “Ехобаға қуана қызмет етуге” қалай көмектессек болады? (Зәбүр 100:2). Ехоба жайлы естімеген босқындарға уағыздаудың тиімді жолы қандай?

БОСҚЫНДАРДЫҢ ТАУҚЫМЕТІ

3. Қалай Исаның өзі де, оның көптеген ізбасары да босқынға айналды?

3 Исаның ата-анасы да босқын болды деуге болады. Ирод патша Исаны өлтірмекші болғанда, Ехобаның періштесі бұл туралы Жүсіпке ескертті. Сонда олар Мысырға қашып, Ирод қайтыс болғанша, сол елде тұрды (Матай 2:13, 14, 19—21). Ал ондаған жылдардан кейін Исаның шәкірттері қатты қуғынға ұшырап, “Яһудея мен Самария аймағына бытырап кетті” (Елшілердің істері 8:1). Иса ізбасарларының көбісі үй-күйін тастауға мәжбүр болатынын білген. Ол: “Бір қалада қудаласа, басқасына қашыңдар”,— деген (Матай 10:23). “Өз үйің — өлең төсегіңді” қиып кету қашанда оңай емес.

4, 5. а) Босқындар қашқанда қандай қиындықтарға кезігіп жатады? ә) Лагерьде тұрғанда ше?

4 Үйлерін тастап қашқанда не босқындар лагерінде тұрып жатқанда, адамдар неше түрлі қиындықтарға кезігеді. “Біз апталап жүздеген мәйіттердің арасымен жүрдік,— дейді Лидженің інісі Гад.— Мен 12 жаста едім. Аяғымның ісіп кеткені сонша — отбасымдағыларға әрі қарай менсіз жүре беруін айттым. Бірақ баласын ереуілшілердің қолына қалдыруды ойына да алмаған әкем мені көтеріп алып жүрді. Біз дұға етіп, Ехобаға арқа сүйеп, әйтеуір амалдап күн көрдік. Жол-жөнекей өсіп тұрған құр мангодан басқа ештеңе жемеген кезіміз де болды” (Філіпіліктерге 4:12, 13).

5 Лидженің үй ішіндегілерінің көбісі біраз жыл бойы Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар лагерін паналады. Алайда ол жер де қауіпсіз болмады. Қазір аудандық бақылаушы болып қызмет ететін Лидже мұны былай деп түсіндірді: “Ол жердегі адамдардың көбісі жұмыссыз еді. Олар өсектейтін, мас болып жүретін, құмар ойындар ойнайтын және азғындықпен айналысатын”. Жаман ортаның ықпалына берілмеу үшін Куәгерлер қауым істерінен қол үзбеу керек-тін (Еврейлерге 6:11, 12; 10:24, 25). Бауырластар рухани мықты болу үшін уақыттарын дұрыс пайдалана білді, көбісі ізашарлық қызметті бастады. Олар ежелгі Исраил халқының шөл далада жүрген кезі аяқталғанындай, түбінде өздерінің де босқындар лагерінде жүрген кезі аяқталатынын естеріне салып отырды. Бұл оларға мұңаймай, оң көзқарас сақтауға көмектесті (Қорынттықтарға 2-хат 4:18).

БОСҚЫНДАРҒА СҮЙІСПЕНШІЛІК КӨРСЕТУ

6, 7. а) “Құдайға деген сүйіспеншілігіміз” не істеуге қозғау салады? ә) Мысал келтіріңіз.

6 “Құдайға деген сүйіспеншілік” бізді әсіресе бастарына күн туған бауырластарға сүйіспеншілік танытуға қозғау салады (Жоханның 1-хаты 3:17, 18 оқыңыз). Мысалы, бірінші ғасырда Яһудеядағы мәсіхшілер аштыққа ұшырағанда, қауымдағылар оларға жәрдем беру ісін ұйымдастырды (Елшілердің істері 11:28, 29). Елші Пауыл мен Петір де бауырластарды қонақжайлылық танытуға талпындырды (Римдіктерге 12:13; Петірдің 1-хаты 4:9). Егер мәсіхшілер басқа елден қыдырып келген бауырластардың өзін жылы қарсы алуға шақырылса, онда бастарына қатер төнген я сенімдері үшін қуғын көрген бауырластарына одан сайын қайырымдылық көрсетуі керек емес пе *?! (Нақыл сөздер 3:27 оқыңыз).

7 Жуырда шығыс Украинада орын алған соғыс пен қудалаудың себебінен мыңдаған Ехоба куәгері үй-жайларын тастап кетуге мәжбүр болған. Өкінішке қарай, олардың кейбірі мерт болды. Бірақ көбісі Украинаның өзге аймақтарындағы және Ресейдегі бауырластарының үйлерінен пана тапты. Аталмыш екі елдің қайсысында тұрмасын, олар “осы дүниелік емес” екендерін паш етіп, саяси бейтараптық сақтады, әрі “Құдай сөзі жайлы ізгі хабарды” құлшына жариялауды доғармады (Жохан 15:19; Елшілердің істері 8:4).

БОСҚЫНДАРДЫҢ СЕНІМІН НЫҒАЙТУ

8, 9. а) Жаңа елге келген босқындар қандай қиындықтарға кезігуі мүмкін? ә) Неге олар шыдаммен көрсеткен көмегімізге мұқтаж?

8 Босқындардың кейбірі елдерінің өзге аумағына көшсе, басқалары мүлдем жат елге қоныс аударуға мәжбүр. Әрине, үкіметтер оларды азық-түлік, киім-кешек және баспанамен қамтамасыз етуі мүмкін. Десе де олардың басқа да өзіндік қиындықтары бар. Мысалы, жаңа жердің тағамдары тіптен басқаша болатын шығар. Немесе жылы аймақтардан келген кей босқындар суық ауа райына бейімделуді, дұрыс киінуді білмеуі мүмкін. Өзгелеріне болса заманауи тұрмыстық техникаларды қолдануды үйрену керек болатын шығар.

9 Кейбір мемлекеттердің тарапынан босқындарға жаңа тұрмысқа үйренуге көмектесетін арнайы бағдарламалар ұйымдастырылады. Әйтсе де олар бірнеше айдан соң босқындар өз жүгін өздері арқалайды деп күтеді. Ал бұл оңайға соқпауы мүмкін. Оларға бірден қаншама нәрсеге үйрену керек екенін ойлап көріңізші: жаңа тіл, жаңа мәдениет, сондай-ақ салық төлеуге, баланың мектепке баруына, тіпті бала тәрбиелеуге қатысты жаңа заңдар! Сіз осындай қиындықтарға кезіккен бауырластарға шыдаммен, ізетпен қол ұшын бере аласыз ба? (Філіпіліктерге 2:3, 4).

10. Босқынның күйін кешкен бауырластардың сенімін қалай нығайта аламыз? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

10 Кей кездері билік өкілдері босқынның күйін кешкен бауырластарымызға жергілікті қауыммен байланысуға тосқауыл боп жатады. Бауырластарымыз қауым кездесулеріне кедергі ететін жұмыстан бас тартса, кейбір мемлекеттік мекемелер көмек көрсетпейміз не елден шығарамыз деп қорқытып жатады. Өкінішке қарай, барар жер, басар тауым жоқ деп, ұсынған жұмысқа келісе салған бауырластар да жоқ емес. Сондықтан босқын болып келген бауырластарымызға мүмкіндігінше ертерек жолыққанымыз маңызды. Олар артынан іздейтін, қам жейтін бауырластары бар екенін сезіну керек. Осылай жанашырлық танытып, іс жүзінде көмек бергеніміз олардың сенімін нығайтуы мүмкін (Нақыл сөздер 12:25; 17:17).

БОСҚЫНДАРҒА ІС ЖҮЗІНДЕ КӨМЕК КӨРСЕТЕЙІК

11. а) Бастапқыда босқындар нені қажет етеді? ә) Босқындар ризашылықтарын қалай білдіре алады?

11 Бастапқыда бауырластарымызға ас-ауқат, киім-кешек сияқты ең қажетті нәрселер беруіміз керек болатын шығар *. Тіпті мойынтақ сияқты кішігірім сыйлықтың өзі бауырластардың көңілін марқайтып тастайды. Босқын болып келгендер ештеңені талап етпей, көрсетілген көмекке ризашылықтарын білдіргенде, бауырластар беруден келетін қуанышты сезінеді. Алайда босқындардың ертелі-кеш өз күйін өздері күйттеуге тырысқандары маңызды. Сонда олар өздерінің қадір-қасиетін жоғалтпайды және бауырластарымен де жақсы қарым-қатынастарын сақтайды (Салоникалықтарға 2-хат 3:7—10). Десе де босқын болған бауырластарымыз біздің іс жүзінде көрсеткен жәрдемімізді ауадай қажет етеді.

Босқынның күйін кешкен бауырластарымызға қалай көмектесе аламыз? (11—13 абзацтарды қараңыз)

12, 13. а) Босқындарға іс жүзінде қалай көмектесе аламыз? ә) Мысал келтіріңіз.

12 Босқындарға көмектесу үшін көп ақшаның қажеті жоқ. Оларға ең қажеттісі — уақытымыз бен сүйіспеншілігіміз. Мысалға, сіз оларға қоғамдық көлікпен жүруді немесе арзан, бірақ пайдалы азық-түлік сатып алуды үйрете аласыз. Сондай-ақ тұрақты табыс таба алулары үшін тігіншілік, құрылыс сияқты жұмыстарға қажетті құрал-саймандарды қайдан табуға болатынын көрсетсеңіз болады. Ал ең бастысы, оларға жаңа қауымға сіңісіп кетуге көмектесе аласыз. Мүмкін болса, қауымға көлікпен апарып-әкелуді ұсыныңыз. Бұған қоса, оларға аумағыңызда уағыздаудың тиімді жолын түсіндіріп, қызметке өзіңізбен бірге алып шықсаңыз болады.

13 Босқын болған төрт жас бауырлас бір қауымға келгенде, ақсақалдар оларға іс жүзінде көмектесті. Олар төртеуіне көлік айдауды, компьютерде теруді және резюме жазуды үйретті. Сонымен қатар оларға бірінші орынға қызметті қою үшін, уақыттарын қалай жоспарлау керектігін де көрсетті (Ғалаттықтарға 6:10). Көп ұзамай төртеуі де ізашар болды. Ақсақалдардың көмегімен және өздері де рухани мақсаттарға жету үшін күш салғандарының арқасында олар алға басып, Шайтан дүниесінің бір бөлігі болмады.

14. а) Босқындар қандай азғыруларға төтеп берулері қажет? ә) Мысал келтіріңіз.

14 Өзге мәсіхшілер сияқты, босқындар да байлыққа ұмтылуға азғырылып не қысымға беріліп, Ехобамен қарым-қатынастарына сызат түсіруден сақ болулары керек *. Мақаланың басында аталған Лидже мен оның туған бауырлары отбасымен қашып келе жатқанда әкелерінің сенімге қатысты берген тәлімін әлі күнге дейін жадында ұстайды. Олар былай деп әңгімеледі: “Арқалап келе жатқан аса керегі жоқ заттарымызды әкеміз бір-бірлеп лақтырып жатты. Ақырында ол бос сөмкені көрсетіп, жымиды да: — Көрдіңдер ме? Бұлардың ешқайсысы да бізге керек емес!— деді” (Тімөтеге 1-хат 6:8 оқыңыз).

БОСҚЫНДАРДЫҢ ЕҢ БАСТЫ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІН ОЙЛАУ

15, 16. а) Бауырластардың сенімін қалай нығайта аламыз? ә) Оларға эмоциялық жағынан қалай көмектессек болады?

15 Босқындар азық-түлік пен киімге ғана зәру емес. Оларға рухани және эмоциялық жағынан да көмек қажет (Матай 4:4). Бұл үшін ақсақалдар босқындарды өз тіліндегі әдебиетпен қамтамасыз ете алады, сондай-ақ олардың тілінде сөйлейтін бауырластармен байланысуға көмектессе болады. Бұл өте маңызды, себебі олар өздеріне үйреншікті, көңілдеріне жақын нәрселердің бәрін тастап келді. Олар отбасыларын, өмір сүрген ортасын, қауымдарын сағынады. Сондықтан олар бір сенімдегі бауырластарының арасынан Ехобаның сүйіспеншілігі мен жанашырлығын сезіну керек. Әйтпесе өз елдерінен келген, бірақ Ехобаға қызмет етпейтін туыстарынан не жерлестерінен көмек іздеуі мүмкін (Қорынттықтарға 1-хат 15:33). Ал егер оларға қауымнан өз орнын табуға көмектессек, “жатжерліктерді қорғайтын” Ехобамен бірге еңбектенеміз (Зәбүр 146:9).

16 Өздерін қудалағандар билік етіп тұрған кезде Иса мен ата-анасы үй-жайларына орала алмады. Осындай себептермен бүгінде де босқындар өз үйлеріне орала алмауы мүмкін. Өзгелерінің болса қайтуға ықыластары болмайтын шығар. Лидженің айтуынша, “көптеген ата-аналар өз елінде отбасы мүшелерінің зорланғанын, өлтірілгенін көріп, балаларын ол жаққа қайтып алып барғысы келмейді”. Жаны жараланған бауырластарға көмектесу үшін біз “қайғыға ортақтас, бауырластарды сүйетін, мейлінше жанашыр, кішіпейіл” болуымыз керек (Петірдің 1-хаты 3:8). Қатты қудалау көргендіктен босқындардың кейбірі бойын адамдардан аулақ ұстап, шеккен қасіретін әңгімелеуден тартынатын шығар. Әсіресе өз балаларының көзінше айтудан қысылуы мүмкін. Сондықтан былай деп ойланып көрейік: солардың орнында болсам, адамдардың маған қалай қарағанын қалар едім? (Матай 7:12).

КУӘГЕР ЕМЕС БОСҚЫНДАРҒА УАҒЫЗДАУ

17. Уағыздағанымыздың арқасында босқындар қалай жұбаныш табуда?

17 Бүгінде босқындардың көбісі біздің ісімізге шектеулер қойылған елдерден келеді. Құлшынысты жариялаушылардың арқасында босқындар “Патшалық туралы сөзді” алғаш рет естіп жатыр (Матай 13:19, 23). “Еңселерін ауыр жүк басқан” жандардың талайы қауым кездесулерімізге келіп, жұбаныш табуда. Олар: “Құдай шынымен сендердің араларыңда!”— деуге асық (Матай 11:28—30; Қорынттықтарға 1-хат 14:25).

18, 19. Босқындарға уағыздағанда қалай парасаттылық таныта аламыз?

18 Босқындарға уағыздағанда, “парасатты” әрі “сақ” болуымыз керек (Матай 10:16; Нақыл сөздер 22:3). Мұңын шаққандарды шыдаммен тыңдаңыз, бірақ саясат туралы сөз қозғамаңыз. Өзіңізге де, өзгелерге де қауіп төндірмеу үшін Бетелден және жергілікті әкімшіліктен алған нұсқауларды ұстаныңыз. Босқындардың діні, мәдениеті өзгеше болғандықтан, біз олардың сезімдері мен ойларын біліп, онысын құрметтеуіміз қажет. Мәселен, кей елдердің азаматтары әйелдердің қалай киіну керектігіне қатысты қатаң қөзқарасты ұстанады. Сондықтан оларға уағыздағанда, сезімдерін ескеріп киінгеніміз дұрыс.

19 Біз қайғы жұтқандардың бәріне, тіпті Ехобаға қызмет етпейтіндеріне де көмектескіміз келеді. Осылай етуімізбен Исаның астарлы әңгімесіндегі самариялық кісінің тамаша үлгісіне еліктейміз (Лұқа 10:33—37). Адамдарға қол ұшын берудің ең жақсы жолы — ізгі хабарды уағыздау. “Оларға ә дегеннен Ехоба куәгерлері екенімізді және біздің басты мақсатымыз оларға материалдық жағынан емес, рухани жағынан көмектесу екенін айтып өткен жөн,— дейді талай босқындарға көмектескен бір ақсақал.— Әйтпесе кейбірі бізбен тек пайда көздеп араласуы мүмкін”.

ЕҢБЕГІМІЗДІҢ ЖЕМІСІ

20, 21. а) Босқындарға шынайы сүйіспеншілік танытудың нәтижесі қандай? ә) Келесі мақаладан не білеміз?

20 “Жатжерліктерге” шынайы сүйіспеншілік танытсақ, мұның жемісін көреміз. Бір әйел бауырлас Эритреядағы қуғын-сүргін кезінде отбасының өзге елге қашуға мәжбүр болғанын айтты. Төрт баласына 8 күн бойы шөл даланы кесіп өтуге тура келді. Сілікпесі шыққан олар ақыры Суданға келіп жетті. Бауырлас былай дейді: “Ондағы бауырластар оларды туған бауырындай қарсы алып, ас-ауқат, киім-кешек, баспана және біраз жол-пұл беріпті. Бір Құдайға ғибадат еткендері үшін ғана кім бөтен кісіні үйіне кіргізеді? Тек Ехоба куәгерлері!” (Жохан 13:35 оқыңыз).

21 Ал ата-аналарымен келген көптеген балалар жөнінде не деуге болады? Келесі мақаладан осындай отбасыларға Ехобаға қуана қызмет етуге қалай көмектесуге болатынын білеміз.

^ 2-абзац Осы мақалада “босқындар” деген сөз соғыстың, қуғын-сүргіннің немесе табиғи апаттың кесірінен үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болғандарға нұсқайды. Оларға басқа елге немесе өз елдерінің басқа аймақтарына көшуге тура келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар Ісі Жөніндегі Жоғарғы Комиссарының Басқармасы (БЖКБ) мәлімдегендей, әлемде 113 адамның 1-і үйін тастауға мәжбүр болған.

^ 6-абзац “Күзет мұнарасының” мына санындағы “Бейтаныс адамдарға қайырымдылық танытуды ұмытпайық” деген мақаланы қараңыз: 2016 жыл, қазан, 8—12 беттер.

^ 11-абзац Босқындар келгенде, ақсақалдар мүмкіндігінше тезірек “Ехобаның еркін орындау үшін ұйымдасқанбыз” (ор.) кітабының 8-тарауы, 30-абзацында жазылған нұсқауға сай әрекет етуге тиіс. Олар босқын болып келген бауырластың еліндегі қауыммен байланысу үшін, jw.org сайты арқылы өз филиалына хат жаза алады. Сол аралықта олар келген бауырластың рухани күйін анықтау үшін, оған қауымы, қызметі жайлы орынды сұрақтар қойса болады.

^ 14-абзац “Күзет мұнарасының” мына санындағы “Ешкім екі қожайынға бірдей қызмет ете алмайды” және “Батыл бол, өйткені Ехоба — сенің көмекшің!” деген мақалаларды қараңыз: 2014 жыл, 15 сәуір, 17—26 беттер.