Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Жатжерлік” ата-аналар балаларына қалай көмектесе алады?

“Жатжерлік” ата-аналар балаларына қалай көмектесе алады?

“Мен үшін балаларымның шындық жолында жүргенін естуден артық қуаныш жоқ!” (ЖОХАННЫҢ 3-ХАТЫ 4).

ӘНДЕР: 88, 41

1, 2. а) Басқа елден көшіп келген балалар қандай қиындыққа кезігіп жатады? ә) Бұл мақалада қандай сұрақтарды талқылаймыз?

ДЖОШУАНЫҢ ата-анасы басқа елден қоныс аударып келген. Ол нәресте кезінен үйде де, қауымда да әке-шешесінің тілінде сөйлейтін. Джошуа былай дейді: “Бірақ мектепке барған соң, жергілікті тіл жүрегіме жақын бола бастады. Азғана жыл ішінде тек сол тілде сөйлейтін күйге жеттім. Қауым кездесулерін түсінбейтін болдым, ата-анамның мәдениетінен де алыстап кеттім”. Джошуаның жағдайы көбісіне таңсық емес.

2 Бүгінгі таңда 240 000 000-нан аса адам туған елінен жырақта тұрып жатыр. Қымбатты ата-ана, егер сіз иммигрант болсаңыз, қалай сіз балаларыңызға Ехобаны жақсы көріп, “шындық жолында жүрулеріне” мүмкіндігінше жағдай жасай аласыз? (Жоханның 3-хаты 4). Ал өзгелер қалай қол ұшын берсе болады?

АТА-АНАЛАР, ЖАҚСЫ ҮЛГІ КӨРСЕТІҢІЗДЕР

3, 4. а) Ата-аналар балаларына қалай жақсы үлгі көрсете алады? ә) Ата-аналар балаларынан нені күтпеулері керек?

3 Ата-аналар, балаларыңыз мәңгі өмірге жетелейтін жолға түсу үшін сіздердің үлгі-өнегелеріңіз өлшеусіз. Өміріңізде “Құдай Патшалығын бірінші орынға қойып” жүргеніңізді көрсе, олар қажеттінің бәрін Ехобаның қамдайтынына сенуді үйренеді (Матай 6:33, 34). Дүние-мүлікке ұмтылғанша, рухани істерді бірінші орынға қойыңыз. Қарапайым тұрмыс кешіңіз, қарызданып-қауғаланып жүрмеңіз. Байлыққа не “адамдардың ықыласына ие болуға” емес, “көктегі байлыққа”, яғни Ехобаның ықыласына, ие болуға талпыныңыз (Марқа 10:21, 22 оқыңыз; Жохан 12:43).

4 Бел жазбай еңбектенемін деп, балаларыңызды шет қалдырып қоймаңыз. Олар өздеріне не сіздерге болсын, ақшаны, атақ-даңқты қуып кетпей, Ехобаны бірінші орынға қоюды шешсе, мұны мақтан тұтатыныңызды айтыңыз. Ата-анасы екі қолын жылы суға малып отыру үшін балалары бәрін жасау керек деген мәсіхшілерге жат көзқарастан аулақ болыңыз. Есіңізде болсын, “балалары ата-анасы үшін емес, ата-анасы балалары үшін енші жинайды” (Қорынттықтарға 2-хат 12:14).

АТА-АНАЛАР, ТІЛ МӘСЕЛЕСІН ШЕШУГЕ ТЫРЫСЫҢЫЗДАР

5. Неге ата-ана балаларына Ехоба туралы жиі айтып отыру керек?

5 Алдын ала пайғамбарлық етілгендей, бүгінде “әртүрлі тілде сөйлейтін барлық халықтардан шыққан” адамдар Ехобаның ұйымына ағылып келуде (Зәкәрия 8:23). Егер балаларыңыз сіздің ана тіліңізді түсінбесе, оларға шындықты үйрету оңайға соқпас. Балаларыңыз — дүниедегі ең маңызды Киелі кітап зерттеушілеріңіз, әрі олардың мәңгі өмір сүруі Ехобаны “танып-білулеріне” байланысты (Жохан 17:3). Балаңызға Ехобаның тәлімдерін үйрету үшін, солар туралы жиі айтып отыруыңыз керек (Мұсаның 5-жазбасы 6:6, 7 оқыңыз).

Балаларыңыз — дүниедегі ең маңызды Киелі кітап зерттеушілеріңіз

6. Сіздің ана тіліңізді игерсе, балаларыңызға мұның қандай пайдасы тиюі мүмкін? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

6 Балаларыңыз жергілікті тілді мектепте не өзгелердің арасында жүріп игеріп алар. Ал сіздің ана тіліңізді қай кезде үйренеді? Егер онымен өз тіліңізде жүйелі түрде сөйлессеңіз ғана. Сіздің жүрегіңізге жақын тілді білсе, балаңыз қиналмай өзінің ой-сезімін жеткізе алады. Оның үстіне, мұның басқа да пайдалы жақтары бар. Бірнеше тілді білгені балаңыздың ойлау қабілетін арттырады және ол өзгелердің көзқарасын түсіне білетін болады. Сонымен бірге бұл оған қызметінің аясын кеңейтуге де мүмкіндік береді. “Өзге тілді қауымда болу өте қызық,— дейді ата-анасы басқа елден көшіп келген Каролина.— Қажеттілік бар жерде көмектесе алсаң, тамаша ғой!”

7. Отбасыңызда тіл мәселесі көлденең тұрса, не істесеңіз болады?

7 Дей тұрғанмен басқа елде қоныс тепкендердің балалары жергілікті мәдениет пен тілді меңгеремін деп, ата-анасының тілінде сөйлеуге деген ықыластарын жоғалтуы, тіпті ол тілді ұмыта бастауы мүмкін. Ата-аналар, балаларыңыздан осыны байқасаңыздар, жергілікті тілді азды-көпті меңгере аласыздар ма? Сонда олардың әңгімесін, көңіл-көтеруін, мектептегі сабағын жақсырақ ұғынып, мұғалімдерімен тікелей сөйлесе алар едіңіздер. Осылай балаларыңызды мәсіхші етіп тәрбиелеу жеңілдеу болар еді. Әрине, жаңа тілді үйрену уақытты, тер төгуді және кішіпейіл болуды талап етеді. Бірақ бұл соған татиды. Мысалы, егер балаңыз керең болып қалса, онымен сөйлесу үшін ым тілін игеруге күш салмас па едіңіз? Ендеше, өзге тілде жақсырақ сөйлейтін балаңыздың жағдайында да осылай ету тұрарлық іс екенімен келісетін шығарсыз *.

8. Жергілікті тілді онша білмесеңіз де, балаларыңызға қалай көмектесе аласыз?

8 Басқа елде тұрып жатқан ата-аналардың кейбіріне балаларының жаңа тілін меңгеру қиынның-қиыны болуы мүмкін. Осының кесірінен ата-ана бала-шағасының бойына “Киелі жазбалардағы” терең білімді ұялатуға қиналып жатады (Тімөтеге 2-хат 3:15). Бұл жайт сізге де таныс болар, сөйткенмен де балаңызға Ехобаны танып-біліп, оны жақсы көруге көмектесу қолыңыздан келеді. “Жалғыз басты анам біздің жүрегімізге жақын тілді онша түсінбейтін. Мен де, әпке-қарындасым да оның ана тілінде жақсы сөйлей алмайтынбыз,— дейді Шан есімді ақсақал.— Бірақ анамның зерттеп, дұға етіп, апта сайын қолынан келгенше отбасылық ғибадатты өткізіп жүргенін көргенде, Ехобаны танып-білу аса маңызды екенін ұқтық”.

9. Балаларымен зерттеу сабағын өткізу үшін екі тілді қолдану керек болса, ата-аналар не істей алады?

9 Кей балаларға Ехоба жайлы үйрету үшін екі тілді қолдану керек болып жатады. Неге? Себебі олар мектепте бір тілде, үйде басқа тілде сөйлейді. Сондықтан кей ата-ана зерттеу барысында екі тілдегі әдебиеттерді, аудиожазбалар мен бейнематериалдарды пайдаланады. Сонымен, басқа елден көшіп келген ата-аналар балаларына Ехобаға жақындауға көмектесу үшін аянбай күш салуға тиіс.

ҚАЙ ТІЛДЕГІ ҚАУЫМҒА БАРҒАН ДҰРЫС?

10. а) Отбасы қай қауымға бару керектігін кім шешеді? ә) Отағасы парасатты шешім қабылдау үшін не істеуі керек?

10 “Жатжерлік” ата-аналар өз тілінде сөйлейтін қауымнан жырақта тұрса, оларға жергілікті тілде өтетін қауымға бару керек болады (Зәбүр 146:9). Ал жақын маңда сіздің ана тіліңіздегі қауым болса ше? Онда отағасы отбасы үшін қай тілдегі қауымға бару ең дұрысы болатынын шешуі тиіс. Әрине, бір байламға келмес бұрын, ол жан-жақты ойланып, дұға етуі керек, сондай-ақ әйелімен және балаларымен ақылдасқаны жөн (Қорынттықтарға 1-хат 11:3). Отағасының қандай жайттарды ескергені абзал? Бұл ретте Киелі кітаптағы қандай принциптерге жүгінсе болады?

Отағасы отбасы үшін қай тілдегі қауымға бару дұрыс болатынын шешуі тиіс

11, 12. а) Баланың кездесулердің қаншалықты пайдасын көретініне тіл қалай әсер етеді? ә) Неліктен кейбір балалар ата-анасының тілін үйренгісі келмейді?

11 Ата-аналар балаларына шынымен не қажет екенін салмақтап-саралауы қажет. Әлбетте, Киелі кітап шындықтарын жете түсіну үшін, балаға апта сайынғы кездесулерде бірер сағат қана берілетін рухани тәлім жетпейді. Бірақ мына жайтты ойлап көріңізші: өзі жақсы түсінетін тілдегі кездесуде отырғанның өзінен-ақ бала мәліметті қағып алуы мүмкін. Ол, бәлкім, ата-анасы ойлағаннан да көп нәрсені ұғатын шығар. Ал тілді толық түсінбесе, бұлай болуы екіталай (Қорынттықтарға 1-хат 14:9, 11 оқыңыз). Оған қоса, баланың туған тілі оның ойына, тіпті жүрегіне әсер ететін тіл болып қала бермеуі мүмкін. Негізі, кей балалар ата-анасының тілінде түсініктеме беруді, ұсыныстар айтып, тапсырмалар орындауды үйреніп алатын шығар, бірақ бұл олардың жүрегінен шықпауы мүмкін.

12 Оның үстіне, баланың жүрегіне тіл ғана әсер етпейді. Мұны жоғарыда аты аталған Джошуаның жағдайынан көруге болады. Оның әпкесі Эстер: “Балаға ата-анасының тілі, мәдениеті мен діні қатар әсер етеді”,— деді. Ал егер бала өзін ата-анасының мәдениетіне жақын сезінбесе, олардың тіліне де, діни нанымдарына да қызықпауы мүмкін. Ендеше басқа елде тұрып жатқан ата-аналардың не істеуіне болады?

13, 14. а) Неге бір ерлі-зайыпты үй ішін жергілікті тілде сөйлейтін қауымға ауыстырды? ә) Рухани мықты болып қалу үшін бұл ата-ана не істеді?

13 Мәсіхші ата-аналар балаларының рухани күйін өз қалауларынан да жоғары қояды (Қорынттықтарға 1-хат 10:24). Джошуа мен Эстердің әкелері Самуил былай деп ой тарқатты: “Балаларымыз қай тілде рухани өркендей түсетінін көру үшін бақылап жүрдік, сондай-ақ даналық сұрап дұға еттік. Алған жауабымыздың біз үшін қолайсыз жақтары бар еді. Бірақ балалар біздің ана тіліміздегі қауымның онша пайдасын көрмей жатқанын байқағанда, жергілікті тілдегі қауымға ауысуды шештік. Содан бәріміз бірге жүйелі түрде кездесулерге барып, қызметке шығып тұрдық. Бұған қоса, жергілікті достарымызды тамаққа, бірге қыдыруға шақыратынбыз. Осының бәрі балаларымызға бауырластармен жақсырақ танысуға және Ехобаны тек Құдайлары емес, Әкелері әрі Достары ретінде танып білуге септігін тигізді. Бұл біз үшін балаларымыздың біздің тілді жетік білгенінен де маңызды еді”.

14 Самуил сөзін былай деп сабақтады: “Рухани мықты болып қалу үшін әйелім екеуміз өз тіліміздегі кездесулерге барып тұрдық. Өмір қарбаласқа толы болғандықтан, біз қатты шаршайтынбыз. Алайда салған күшіміз бен барған құрбандықтарымызға батасын бергені үшін Ехобаға алғыс айтамыз. Балаларымыздың үшеуі де Ехобаға толық уақытты қызмет етіп жүр”.

ЖАСТАРДЫҢ НЕ ІСТЕУІНЕ БОЛАДЫ?

15. Неге Кристина деген бауырлас жергілікті тілдегі қауымға ауысуды дұрыс көрді?

15 Балалар есейген соң, өздері жақсы түсінетін тілдегі қауымда Ехобаға жақсырақ қызмет ете алатынын түсінетін шығар. Осылай болып жатса, ата-аналар бұған балалары өздерінен бас тартып жатқандай қарамауы керек. “Мен ата-анамның тілін қарапайым деңгейде білгенмін, бірақ сол тілдегі қауым кездесулерін түсіну мен үшін өте қиын еді,— деп есіне алды Кристина.— 12 жасқа келгенімде, мектепте сөйлейтін тілімдегі конгреске қатыстым. Сонда өмірімде тұңғыш рет естіп жатқандарымның шындық екенін түсіндім! Өмірімде тағы бір елеулі өзгеріс болған кез — мектеп тілінде дұға ете бастағаным кезім. Мен Ехобамен шын жүректен сөйлесе алдым!” (Елшілердің істері 2:11, 41). 18 жасқа толғанда, Кристина ата-анасымен ақылдасып, жергілікті тілдегі қауымға ауысуды ұйғарды. Ол: “Мектеп тілінде Ехоба жайлы білгенім мені іс-әрекетке талпындырды”,— деді. Араға көп уақыт салмай-ақ, Кристина тұрақты ізашар болды. Қазір ол қуана қызмет етіп жүр.

16. Неге Надя шет тілді қауымда қалғанына қуанышты?

16 Жастар, жергілікті тілдегі қауымда болуды көбірек қалайсыңдар ма? Онда не үшін екенін өз-өздеріңнен сұрап көріңдер. Осындай қауымға ауысқандарың Ехобаға жақындай түсулеріңе ықпал ететіндіктен бе? (Жақып 4:8). Әлде не істеп, не қойғандарыңды ата-аналарың қадағалап отырғанын қаламағандықтан, я болмаса еш күш салғыларың келмегендіктен бе? “Мен де, туған бауырларым да жеткіншектік шаққа аяқ басқанда, жергілікті тілдегі қауымға кетіп қалғымыз келді”,— дейді қазір Бетелде қызмет етіп жүрген Надя. Бірақ оның ата-анасы балаларының басқа қауымға ауысқаны рухани күйлеріне жақсы әсер етпейтінін білді. “Сол кезде ата-анамыз өз тілдерін үйрету үшін аянбай күш салып, бізді шет тілді қауымнан жібермегендеріне қазір өте ризамыз. Бұл өмірімізге мән-мағына қосып, өзгелерге Ехоба туралы айтуымызға көптеген мүмкіндіктер ашты”.

ӨЗГЕЛЕР ҚАЛАЙ ҚОЛ ҰШЫН БЕРЕ АЛАДЫ?

17. а) Бала тәрбиелеу міндетін Ехоба кімге жүктеген? ә) Балаларына шындықты үйретуде ата-аналар қайдан көмек алса болады?

17 Ехоба балаларды шындық жолында тәрбиелеу міндетін ата-әжелерге не тағы басқаларға емес, ата-аналарға жүктеген (Нақыл сөздер 1:8; 31:10, 27, 28 оқыңыз). Әйткенмен де жергілікті тілді білмейтін ата-аналар балаларының жүрегіне жол табу үшін көмекті қажет етуі мүмкін. Олар көмек қолын сұрап жатса, бұл бала тәрбиелеу жауапкершілігінен қашып жатыр дегенді білдірмейді. Керісінше, бұл балаларын “Ехоба айтқандай тәрбиелеп, оның ақыл-кеңесін беріп өсірудің” бір бөлігі болып табылады (Ефестіктерге 6:4). Мысалы, ата-аналар қауым ақсақалдарынан отбасылық ғибадатты өткізуге қатысты кеңестер және балаларына жақсы достар табуға көмек сұрауы мүмкін.

Қауыммен араласу балаларға да, ата-аналарға да пайдасын тигізеді (18, 19-абзацты қараңыз)

18, 19. а) Басқа мәсіхшілер жастарға қалай қол ұшын бере алады? ә) Ата-ана нені істей берулері керек?

18 Балаларына көмектесу үшін ата-аналар арагідік отбасылық ғибадаттарына басқа отбасыларын шақырса болады. Сондай-ақ көптеген жастар басқа мәсіхшілермен қызметке шыққанда не олармен бірге қандай да бір іспен шұғылданғанда, мұның көп пайдасын көреді (Нақыл сөздер 27:17). “Мені өз қанатының астына алған ер бауырластар жақсы есімде,— дейді жоғарыда есімі аталған Шан.— Олар қауым кездесуіндегі тапсырмаларымды орындауға жәрдемдескенде, ылғи бір нәрсеге үйренетінмін. Бірге жиналып, көңіл көтергеніміз де қатты ұнайтын”.

19 Әрине, ата-аналар балаларына қол ұшын берсін деп таңдаған бауырластар жастарды ата-аналарын сыйлауға талпындыруы керек. Бұл үшін олар туралы жағымды сөздер айтып, олардың ата-аналық міндетіне қол сұқпағаны дұрыс. Оның үстіне, көмектесіп жүргендер қауымдағы не сырттағы адамдарда өнегелік тұрғыдан күмән туғызатындай жүріс-тұрыстан аулақ болулары қажет (Петірдің 1-хаты 2:12). Ата-аналар басқалардан көмек сұрағанмен, балаларының рухани тәрбиесін олардың иығына артып қоя салмаулары керек. Олар басқа мәсіхшілердің беріп жатқан көмегін қадағалап, балаларын өздері үйрете берулері тиіс.

20. Ата-аналар балаларына Ехобаның адал қызметшісі болуға қалай көмектесе алады?

20 Ата-аналар, Ехобадан көмек сұраңыздар, әрі барынша тырысыңыздар (Шежірелер 2-жазба 15:7 оқыңыз). Балаңыздың Ехобамен достығын өз мүдделеріңізден де жоғары қойыңыздар. Құдай Сөзі баланың жүрегіне жету үшін қолдан келгенді істеңіздер. Балаңыз Ехобаның жақсы қызметшісі болатынынан еш күдер үзбеңіздер. Балаларыңыз Құдай Сөзінде айтылғанды істегенде және сіздің жақсы үлгіңізге ергенде, сіз де елші Жоханның сезіміне ортақтасасыз. Ол рухани балалары жөнінде былай деген: “Мен үшін балаларымның шындық жолында жүргенін естуден артық қуаныш жоқ!” (Жоханның 3-хаты 4).

^ 7-абзац “Ояныңдар!” (ор.) журналынан “Жаңа тілді меңгеру қолыңыздан келеді!” деген мақаланы қараңыз: 2007 жыл, наурыз, 10—12 беттер.