Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Мені мыналарға қарағанда көбірек жақсы көресің бе?

“Мені мыналарға қарағанда көбірек жақсы көресің бе?

“Жохан ұлы Шимон, мені мыналарға қарағанда көбірек жақсы көресің бе?” (ЖОХАН 21:15).

ӘНДЕР: 32, 45

1, 2. Балық аулауға шыққан түннің ертесіне Петір өзіне қандай ой түйіп алды?

ИСАНЫҢ жеті шәкірті түнімен Ғалилея теңізінде балық аулап, бірақ ештеңе ұстай алмады. Ал таң атқанда, қайта тірілген Иса жағадан оларды бақылап тұрды. Содан соң оларға: “Ауды қайықтың оң жағына салыңдар, сонда ұстайсыңдар”,— деді. Олар ау салған соң, түскен балықтың көптігінен оны тартып шығара алмады” (Жохан 21:1—6).

2 Оларды нанмен және балықпен тамақтандырған соң, Иса Шимон Петірге бұрылып: “Жохан ұлы Шимон, мені мыналарға қарағанда көбірек жақсы көресің бе?”— деп сұрады. Иса неге нұсқап тұрған еді? Петірдің балық аулауды жақсы көретінін ол білетін. Сондықтан Петірден өзін және тәлімдерін балық аулау кәсібінен де көбірек жақсы көре ме, соны сұраған көрінеді. Петір Исаға: “Иә, Ием, сізді жақсы көретінімді білесіз ғой”,— деп жауап берді (Жохан 21:15). Сол кезде Петір мынаны түйіп алды: оның Мәсіхке деген сүйіспеншілігі бәрінен де маңызды болу керек. Сол күннен бастап ол уағыздау ісінде бел жазбай еңбектенуімен және І ғасырдағы мәсіхшілер қауымының тірегі болуымен Мәсіхке деген сүйіспеншілігін дәлелдеді.

3. Мәсіхшілер неден сақ болулары керек?

3 Исаның Петірге айтқан сөздерінен біз қандай тағылым аламыз? Біз Мәсіхке деген сүйіспеншілігімізді суытып алудан сақ болуымыз керек. Иса осы өмір стреске толы болып, уайым-қайғы мен тауқымет көретінімізді білген. Диқан туралы мысалында ол баз біреулердің Патшалық туралы сөзді қабылдап, бастапқыда құлшыныс танытатынын айтқан. Бірақ кейінірек “осы заманның уайым-қайғысы және алдамшы байлық бойларындағы сөзді тұншықтырып”, олар құлшынысын жоғалтып алады (Матай 13:19—22; Марқа 4:19). Расында да, ықтият болмасақ, күнделікті күйкі-күйбеңнің уайымы жүрегімізді жаулап алып, рухани қарқынымызды бәсеңдетіп жіберуі мүмкін. Сол себептен Иса шәкірттеріне: “Өздеріңе сақ болыңдар! Мешкейлік, ішімдікке салыну және күнделікті тұрмыс уайымы жүректеріңді жаулап алмасын”,— деп ескерткен (Лұқа 21:34).

4. Мәсіхті қаншалықты жақсы көретінімізді қалай тексерсек болады? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

4 Петірге ұқсап, біз де Мәсіхті қаншалықты жақсы көретінімізді уағыз ісіне өміріміздің төрінен орын беру арқылы көрсетеміз. Осылай етіп жүргенімізге қалай көз жеткізе аламыз? Бұл үшін арагідік былай деп ойланғанымыз жөн: өмірде нені қатты жақсы көремін? Неден көбірек қуаныш табамын: рухани істерден бе, әлде басқа істерден бе? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін, Мәсіхке деген сүйіспеншілігімізді салқындатып жіберуі мүмкін үш салаға тоқталып өтейік. Бұлар: жұмыс, көңіл-көтеру және дүние-мүлік.

ЖҰМЫСТЫҢ ӨЗ ОРНЫ БОЛСЫН

5. Отағалардың мойнына қандай міндет жүктелген?

5 Петір үшін балық аулау жай ғана әуестенетін іс емес, отбасын асырайтын күнкөріс көзі еді. Бүгінгі таңда да Ехоба отағаларына үй ішін асырау міндетін жүктеген (Тімөтеге 1-хат 5:8). Бұл міндетін атқару үшін олар аянбай тер төгулері қажет. Алайда осы соңғы күндері жұмысқа бола адамдар жиі әбігерге түсіп жатады.

6. Жұмыс орнында адамдар неге стресс сезінуі мүмкін?

6 Бүгінде жұмыстан гөрі жұмысшылар көп. Сондықтан жұрт екі қолға бір жұмыс табу үшін жанталасып бағады. Көп адамға жиі мардымсыз ақыға артығымен еңбек етуге тура келеді. Кәсіпкерлер аз адамның қолымен көп өнім өндіруге тырысады. Осының салдарынан адамдар стресс сезініп, қажып-қалжырап, ауруға шалдығып жатады. Жұмыстан айырылып қалам деп қорыққандықтан олар бастықтарының кез келген талабына көнуге мәжбүр.

Мәсіхшілер бірінші кезекте жұмыс берушіге емес, Ехобаға адалдық танытады

7, 8. а) Біз бірінші кезекте кімге адал болуымыз керек? ә) Тайландтағы бауырлас жұмысына қатысты қандай маңызды жайтты түсінді?

7 Мәсіхші болғандықтан біз бірінші кезекте жұмыс берушіге емес, Ехобаға адал болғымыз келеді (Лұқа 10:27). Осы дүниедегі жұмыс бізге күнделікті керек-жарағымыз бен қызметімізді атқара алуымыз үшін қажет. Бірақ абайламасақ, жұмыс қолымызды байлап, ғибадатымызға бөгет жасауы мүмкін. Мысалы, Тайландтағы бір ер бауырлас былай деді: “Мен компьютер жөндеумен айналысатынмын. Жұмысым өзіме қатты ұнайтын, бірақ көп уақытты алатын. Сондықтан рухани істерге мүлдем уақытым қалмайтын. Ақырында мен Патшалықтың мүддесін басты орынға қойғым келсе, жұмысымды өзгертуім керектігін түсіндім”. Бұл бауырлас не істеді?

8 Ол сөзін жалғап былай деді: “Бір жылдай немен айналысатынымды ойластырып, қаржы жинап алған соң, көшеде балмұздақ сатамын деп шештім. Басында қаржы жағынан қиналып, көңілім жабырқады. Бұрынғы әріптестерімді кездестіргенде, олар мені күлкі қылатын. “Кондиционердің астында компьютермен жұмыс істеуден гөрі балмұздақ сатудың несі артық” деп те тиісетін. Ехобаға дұға етіп, сағым сынбасыншы, мақсатыма жетуіме — рухани істерге көбірек уақыт бөле алуыма — көмектесші деп сұрадым. Содан көп ұзамай ісім оңға басты. Тұтынушыларымның талғамын жақсырақ біліп алып, балмұздақ жасаудың майталманы болып алдым. Содан күнде балмұздағымның бірде-бірі қалмай, сатылып кетіп жүрді. Шынымды айтсам, компьютермен айналысқан кездегіден гөрі сол жұмысымда қалтам әлдеқайда қалың болды. Алдыңғы жұмыстағыдай уайым, стресс сезінбейтіндіктен, қуанышым да артты. Ал ең маңыздысы, Ехобаға жақындай түстім” (Матай 5:3, 6 оқыңыз).

Рухани істерден гөрі жұмысымды қызықты көремін бе?

9. Қалай жұмысқа қатысты байсалдылық таныта аламыз?

9 Ехоба еңбекқорлықты жақсы көреді. Бейнет түбі — зейнет (Нақыл сөздер 12:14). Әйтсе де жұмысымыз Ехобаға деген қызметімізден маңызды болып кетпей, өз орнында тұру керек. Біздің негізгі материалдық қажеттілігіміз туралы Иса былай деген: “Ендеше, Құдай Патшалығы мен оның әділдігін әрдайым бірінші орынға қойыңдар, сонда сендерге мұның бәрі қосылып беріледі” (Матай 6:33). Бірақ осы дүниелік жұмысымызға қатысты байсалдылық танытамыз ба? Мұны анықтау үшін “мен жұмысымды қызықты әрі көңілді, ал рухани істерді күнделікті қайталанатын не ішпыстырарлық іс деп есептеймін бе?” деп ойланып көрсек болады. Осылай салыстырып көргеніміз жүрегімізге шынымен не жақын екенін көруге көмектеседі.

10. Иса қандай құнды тәлім берді?

10 Иса өмірімізде нені басты орынға қоюымыз керектігіне қатысты керемет тәлім берген. Бірде ол апалы-сіңлілі Мәриям мен Мартаның үйіне барады. Марта ас қамдауға кірісіп, күйбеңдеп жүреді. Ал Мәриям Исаның аяқ жағында отырып, тәлімін ұйып тыңдайды. Марта сіңлісі өзіне көмектеспеді деп наразылық білдіргенде, Иса оған: “Мәриям дұрыс нәрсені таңдады, одан оны ешкім де айыра алмайды”,— деді (Лұқа 10:38—42). Осылай Иса өте құнды тәлім берді. Біз қара басымыздың қажеттіліктеріне алаңдамай, Мәсіхті жақсы көретінімізді дәлелдеу үшін, “дұрыс нәрсені” таңдауымыз керек, яғни біз үшін өмірде ең маңыздысы рухани нәрселер болу қажет.

ДЕМАЛЫС ПЕН КӨҢІЛ КӨТЕРУГЕ ДЕГЕН КӨЗҚАРАС

11. Демалу мен бой жазуға қатысты Құдай Сөзінде не делінген?

11 Өміріміз қарбаласқа толы болғандықтан, демалып, бой жазып алуға уақыт бөлуіміз қажет. Құдай Сөзінде: “Адам баласы үшін ішіп-жеп, бейнетінің зейнетін көріп, рақаттанудан артық ештеңе жоқ”,— делінген (Уағыздаушы 2:24). Иса ара-тұра адамға тынығып тұру керектігін түсінген. Мысалы, бірде шәкірттері қызу уағыз науқанына қатысқан соң, оларға: “Жүріңдер, менімен бірге оңаша жерге барып, аздап тынығып алыңдар”,— деген (Марқа 6:31, 32).

12. Демалыс пен көңіл көтеруге келгенде, неге сақ болуымыз керек? Мысал келтіріңіз.

12 Расында да, демалып, көңіл көтеру бізге қажет-ақ. Алайда сақ болмасақ, бар ойымыз көңілді уақыт өткізуге ауып, сауық-сайран өмірімізде басты орынға шығып кетуі мүмкін. Бірінші ғасырда жұрттың көбі “бүгін ішіп-жеп қалайық, ертең бәрібір өлеміз ғой” деген қағидамен өмір кешкен (Қорынттықтарға 1-хат 15:32). Қазіргі таңда да осындай көзқарас белең алған. Мысалы, біраз жылдар бұрын батыс Еуропада бір жас жігіт мәсіхшілер кездесулеріне келе бастайды. Бірақ көңіл көтеруге құмар болғаны сонша — ол Ехоба куәгерлерімен араласуды қояды. Алайда, араға уақыт салып, ол сауыққойлыққа салыну түбінде талай пәлеге ұшырататынын түсінеді. Содан Киелі кітапты зерттеуді қайтадан қолға алып, жариялаушы болады. Шомылдыру рәсімінен өткен соң, ол былай деді: “Мен тек бір нәрсеге ғана өкінемін: Ехобаға қызмет ету осы дүниенің қызық-думанына берілуден әлдеқайда зор қуаныш сыйлайтынын түсінгенше, қаншама алтын уақытымды текке жоғалтыппын”.

13. а) Демалыс пен көңіл көтеруге тым көп уақыт бөлу неге қауіпті екенін мысалмен түсіндіріңіз. ә) Бой жазуға қатысты байсалдылық танытуға не көмектеседі?

13 Демалудың мақсаты — бой сергітіп, күш-қуат жинау. Бұл үшін қанша уақыт жұмсауымыз керек? Мұның жауабын білу үшін мынадай салыстыру келтірейік: көпшілігіміз тәттіні ұнатамыз. Бірақ тек тәттіні жей берсек, онда денсаулығымызға зақым келеді. Егер деніміз сау болсын десек, нәрлі тағамдарды жегеніміз дұрыс. Тура солай, демалу мен көңіл-көтеруге тым көп уақыт бөлсек, рухани денсаулығымызға зиян келеді. Бұған жол бермеу үшін Патшалықтың ісіне жүйелі түрде қатысып тұруымыз қажет. Бой жазуға қатысты байсалдылық сақтайтын-сақтамайтынымызды қалай білсек болады? Мұның бір жолы — бір аптаның ішінде қауым кездесулері, уағыз, жеке не отбасылық ғибадат сияқты рухани істерге қанша сағат жұмсайтынымызды жазып қойсақ болады. Сосын сол аптаның ішінде бой сергітетін істерге, мысалы спорт, хобби, теледидар не бейнеойындарға қанша уақыт кетіретінімізді есептейік. Сөйтіп, екі санды салыстырып көрейік. “Тәттіні” қысқартуымыз керек емес пе екен? (Ефестіктерге 5:15, 16 оқыңыз).

14. Демалыс пен көңіл көтеру түрін таңдағанда, не нәрсеге жүгінуіміз қажет?

14 Әркім өзі үшін, ал отағалары отбасы үшін қандай көңіл көтеру түрін таңдайтынын шеше алады. Тек талғамымыз Ехобаның Киелі кітапта жазылған принциптерінің аясынан шықпаса болғаны *. Жақсы демалу — “Құдайдың сыйы” (Уағыздаушы 3:12, 13). Әрине, әркімнің бой жазуға деген талғамы әртүрлі (Ғалаттықтарға 6:4, 5). Ойын-сауықтың қайсысын таңдамайық, абай болуымыз керек. Иса: “Қазыналарың қайда болса, жүректерің де сонда болады”,— деген (Матай 6:21). Мәсіхке деген шынайы сүйіспеншілігіміз ойымызды, сөзіміз бен ісімізді күнделікті тіршіліктің қам-қарекетіне емес, Патшалықтың істеріне бағыттауға талпындырады (Філіпіліктерге 1:9, 10).

ДҮНИЕҚОҢЫЗДЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕСЕЙІК

15, 16. а) Дүниеқоңыздық қалайша мәсіхшіге тұзақ болуы мүмкін? ә) Иса мал-мүлікке қатысты қандай дана кеңес берді?

15 Бүгінде көп адамның аңсары соңғы үлгідегі киімдерге, электронды құрылғылар мен басқа да заттарға ауған. Былайша айтқанда, олар дүниеқұмарлық дертіне шалдыққан. Сондықтан әрбір мәсіхші келесі сұрақтардың көмегімен өзінің тілек-қалауын тексеріп отырса болады: “Уақытымды қауым кездесулеріне дайындалудан гөрі, соңғы үлгідегі көліктер я сән үлгілері туралы біліп, солар жайлы ойлауға жұмсаймын ба? Күнделікті шаруаға басыммен кіріп кеткенім сонша — дұға етуге, Киелі кітапты оқуға аз уақыт бөліп жүрген жоқпын ба?” Егер дүние-мүлікке деген құмарлығымыз Мәсіхке деген сүйіспеншілігімізді көлегейлеп жатқанын байқасақ, онда Исаның келесі сөздері жөнінде ойланып-толғанайық: “Ашкөздік атаулыдан аулақ болыңдар” (Лұқа 12:15). Иса бұл ескертуді не үшін айтқан?

16 Иса “ешкім екі қожайынға құл бола алмайтынын” айтқан. Сосын: “Сендер Құдайға және байлыққа бірдей қызмет ете алмайсыңдар”,— деді. Себебі екі “қожайын” да өзіне қалтқысыз берілгендікті талап етеді. Иса біз оның “біреуін жек көріп, екіншісін жақсы көретінімізді” немесе “біріне адал болып, екіншісіне немкетті қарайтынымызды” айтқан (Матай 6:24). Күнәкар пенде болғандықтан, бәріміз де “тән құмарлықтарымызбен”, оның ішінде дүниеқоңыздықпен де, күресуді тоқтатпауымыз керек (Ефестіктерге 2:3).

17. а) Неге кейбіреулерге дүние-мүлікке байсалды көзқарас таныту қиын? ә) Бізге дүниеқоңыздықпен күресуге не көмектеседі?

17 Тек өз қалауы мен рақат өмірді ойлайтындарға дүние-мүлікке байсалды көзқарас таныту қиынға соғады (Қорынттықтарға 1-хат 2:14 оқыңыз). Түйсіну қабілеттері мұқалып қалғандықтан, оларға дұрыс пен бұрысты ажырату қиындай түсуі мүмкін (Еврейлерге 5:11—14). Содан мал-мүлікке деген құмарлықтары барған сайын күшейіп, тойымсыздықпен алған үстіне ала берсем дейді (Уағыздаушы 5:10). Бақытымызға орай, дүниеқоңыздықтың уын қайтаратын “ем” бар. Бұл үшін жүйелі түрде әрі жеткілікті мөлшерде Құдай Сөзінің “емін қабылдап” отыруымыз керек (Петірдің 1-хаты 2:2). Ехобаның даналығы турасында ой жүгірткені Исаға азғыруларға қарсы тұруға күш берген (Матай 4:8—10). Бүгінде біз де дүниеқоңыздыққа қарсы күрескіміз келсе, Ехобаның дана кеңестерін өмірде қолдануымыз керек. Осылай етсек, мал-мүліктен гөрі Исаны көбірек жақсы көретінімізді көрсетеміз.

Өміріңізде не басты орында тұр? (18-абзацты қараңыз)

18. Не істеуге бекіндіңіз?

18 Иса Петірден: “Мені мыналарға қарағанда көбірек жақсы көресің бе?”— деп сұрағанда, оған рухани істер өмірде жоғары тұру керектігін үйреткен болатын. Бір қызығы, Петірдің есімі “тас” дегенді білдіреді. Атына заты сай болып, Петір жартастай мықты қасиеттер танытты (Елшілердің істері 4:5—20). Біз де Мәсіхке деген сүйіспеншілігіміздің мызғымастай берік болғанын қалаймыз. Сол себептен жұмысымызды, көңіл-көтеру мен дүние-мүлікті өмірімізде өзінің тиесілі орнына қоюымыз қажет. Сонда біз де Петір сияқты: “Ием, сізді жақсы көретінімді білесіз ғой”,— дегендей боламыз.

^ 14-абзац “Күзет мұнарасының” мына санынан “Пайдалы болатындай көңіл көтересің бе?” деген мақаланы қараңыз: 2011 жыл, 15 қазан, 9—12 беттер.