Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сүйіспеншілігіңіз суып кетпесін!

Сүйіспеншілігіңіз суып кетпесін!

“Заңсыздық көбейіп кеткендіктен, көпшіліктің сүйіспеншілігі суып кетеді” (МАТАЙ 24:12).

ӘНДЕР: 60, 24

1, 2. а) Матай 24:12-де жазылған Исаның сөздері ең алдымен кімдерге қатысты айтылды? ә) Елшілердің істері кітабынан ертедегі мәсіхшілердің көбісі сүйіспеншіліктерін берік сақтағаны қалай көрінеді? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

ИСА жер бетінде болғанда, “осы заманның аяқталып қалғанын” білдіретін белгіні айтқан болатын. Оны құрайтын біраз жайттарды айта келе, ол: “Заңсыздық көбейіп кеткендіктен, көпшіліктің сүйіспеншілігі суып кетеді”,— деді (Матай 24:3, 12). Бұл сөздер алдымен І ғасырдағы яһудилерге қатысты айтылды. Олар өздерін Құдай халқымыз деп есептегенімен, оған деген сүйіспеншіліктерін суытып алды.

2 Алайда сол уақыттағы мәсіхшілердің басым көпшілігі бұған жол бермеді. Олар “Мәсіх Иса туралы ізгі хабарды” жан сала жариялады және Құдайға, бір сенімдегі бауырластарға, тіпті шындықты әлі естімегендерге де сүйіспеншілік танытты (Елшілердің істері 2:44—47; 5:42). Әйтсе де ертедегі мәсіхшілердің арасында сүйіспеншілігін суытып алғандар да болды. Бұны қайдан білеміз?

3. Кейбір мәсіхшілердің сүйіспеншілігін суытып алуына не себеп болса керек?

3 Көкке қайта тірілген Иса Мәсіх Ефес қаласындағы мәсіхшілерге: “Саған айтар наразылығым бар: сен алғашқы сүйіспеншілігіңді жоғалтып алдың”,— деді (Аян 2:4). Бұл мәсіхшілерге тән қалауын ойлаған айналадағы адамдар ықпал еткен болса керек (Ефестіктерге 2:2, 3). Ефес өте бай қала болған. Жұрттың есіл-дерті үлде мен бүлдеге оранып, шалқып өмір кешу еді. Сондай-ақ көбісі азғындыққа белшеден батып, Құдай заңдарын аяқ асты ететін. Қызық қуудың соңына түскен олар Құдайға және өзгелерге деген риясыз сүйіспеншілікті жиыстырып қойды.

4. а) Бүгінгі таңда адамдардың сүйіспеншілігі жайлы не деуге болады? ә) Қандай үш салада сүйіспеншілігімізді берік сақтауымыз керек?

4 Сүйіспеншіліктің суып кететіні туралы Исаның пайғамбарлығы біздің күнімізге де қатысты. Адамдардың Құдайға деген сүйіспеншілігі барған сайын азаюда. Миллиондаған адам Жаратқаннан теріс айналып, дүниедегі проблемаларды шешу үшін адами ұйымдарға жүгінеді. Сондықтан Ехоба Құдайға ғибадат етпейтін адамдардың сүйіспеншілігі суыған үстіне суып жатыр. Алайда, ежелгі Ефес қауымының жағдайындағыдай, шынайы мәсіхшілер де сүйіспеншілігін салқындатып алуы мүмкін. Ендеше, сүйіспеншілігіміздің отын өшірмей, берік сақтауымыз керек үш салаға тоқталайық: 1) Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз; 2) Киелі кітаптағы шындыққа және 3) бауырластарға деген сүйіспеншілігіміз.

ЕХОБАҒА ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІК

5. Неге Құдайды сүюіміз керек?

5 Біз ең алдымен кімді сүюіміз керек? Иса: “Ехоба Құдайыңды бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!” Бірінші әрі ең басты заң — осы”,— деген (Матай 22:37, 38). Құдайға деген зор сүйіспеншілік бізге оның өсиеттерін орындауға, табанды болуға және жамандықты жек көруге көмектеседі (Зәбүр 97:10 оқыңыз). Алайда Шайтан мен оның дүниесі осы сүйіспеншілігіміздің жалынын сөндіруге тырысып бағады.

6. Адам Құдайға деген сүйіспеншілігін жоғалтса, не болуы мүмкін?

6 Мына дүниедегілердің сүйіспеншілікке деген көзқарасы бұрмаланған. Жаратушыны сүюдің орнына, олар “қара басын ойлап”, өздерін ғана жақсы көреді (Тімөтеге 2-хат 3:2). Олардың бар ойы — “тән құмарлығы, көздің қалауы және дүние-мүлікке мақтану” (Жоханның 1-хаты 2:16). Елші Пауыл өз қалауымызды ғана ойласақ не болуы мүмкін екенін ескертіп: “Тән жөнінде ойлау өлімге ұшыратады”,— деген. Неге? Өйткені “тән жөнінде ойлау Құдайдың жауы етеді” (Римдіктерге 8:6, 7). Ғұмырын мал-мүлік жинауға я нәпсіні қанағаттандыруға сарп ететін адамдар түбінде көңілі күпті болып, қасірет шегіп жатады (Қорынттықтарға 1-хат 6:18; Тімөтеге 1-хат 6:9, 10).

7. Бүгінде қандай қауіпті идеялар мәсіхшілерге ықпал етуі мүмкін?

7 Көптеген атеистер, агностиктер мен эволюционистер Құдайды сүю былай тұрсын, оның бар екеніне деген сенімді шайқалтатын идеяларды алға тартады. Олардың айтуынша, Жаратушыға тек аңғал не надан адамдар ғана сенеді. Оның үстіне, көп адамдар Жаратушыдан гөрі ғалымдарды көбірек қастер тұтады (Римдіктерге 1:25). Осындай ілімдерге құлақ түретін болсақ, Ехобадан біртіндеп алыстап, сүйіспеншілігімізді суытып алуымыз ықтимал (Еврейлерге 3:12).

8. а) Қандай жағдайлар Ехобаның қызметшілерінің ұнжырғасын түсіруі мүмкін? ә) Зәбүрдің 136-тарауында қандай жұбаныш сөздері жазылған?

8 Ұнжырғаның қатты түсуі де сенімімізді әлсіретіп, Құдайға деген сүйіспеншілігімізді суытып жіберуі мүмкін. Шайтанның билігіндегі зұлым дүниеде бәріміз де жігерімізді құм қылатын жағдайларға кезігеміз (Жоханның 1-хаты 5:19). Мысалы, кәрілік, денсаулықтың сыр беруі не қаржы тапшылығы сынды қиындықтар көріп жүрген шығармыз. Я болмаса өз-өзімізге сенімсіз болуымыз, үмітіміздің ақталмауы не жіберген қателіктеріміз көңілімізге қаяу түсіретін шығар. Қандай қиындыққа тап болсақ та, Ехоба бізді тастап кетті деп ешқашан ойламайық. Қайта, оның бізге деген мызғымас сүйіспеншілік танытатыны туралы ой жүгіртейік. Мысалы, Зәбүр 136:23-те келесідей жылы сөздер жазылған: “Масқара күйде жүргенімізде бізді ұмытпады, Өйткені оның айнымас сүйіспеншілігі мәңгі”. Олай болса, біз Ехобаның “жалбарынған үнімізді” еститініне және міндетті түрде жауап беретініне сенімді болсақ болады (Зәбүр 116:1; 136:24—26).

9. Ненің арқасында Пауыл Құдайға деген сүйіспеншілігін берік етіп сақтады?

9 Елші Пауыл Ехобаның өзіне қалай әрдайым сүйеніш болғаны жайлы ойланып-толғанған. Бұл оған мығым болуға көмектесті. Ол: “Ехоба — менің көмекшім. Мен ештеңеден қорықпаймын. Адам баласы маған не істей алады?”— деп жазған (Еврейлерге 13:6). Ехобаның қолдайтынына деген осындай сенімділігі Пауылға өмірдің тауқыметімен күресуге күш берген. Ол жағымсыз жағдайларда еңсесін түсірмеді. Тіпті өзі түрмеде отырса да, қауымдарға жігер беретін хаттар жазды (Ефестіктерге 4:1; Філіпіліктерге 1:7; Філімонға 1). Иә, басына қандай күн тумасын, Пауыл Ехобаға деген сүйіспеншілігін берік етіп сақтады. Ол “жұбаныш атаулының қайнар көзі” әрі “бізді қиындық көрген кездің бәрінде жұбататын” Құдайға арқа сүйеді (Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4). Ал біз Пауылға қалай еліктей аламыз?

Ехобаға деген сүйіспеншілігіңізді көрсетіңіз (10-абзацты қараңыз)

10. Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді берік етіп сақтау үшін не істей аламыз?

10 Құдайға деген сүйіспеншілігімізді берік етіп сақтаудың бір жолын Пауылдың өзі айтқан. Ол Салоникадағы бауырластарға былай деп жазды: “Ұдайы дұға етіңдер”. Дәл осы сөздерді ол кейінірек Римдегі сенушілерге де айтты (Салоникалықтарға 1-хат 5:17; Римдіктерге 12:12). Дұға арқылы Ехобамен сөйлесу — онымен тығыз қарым-қатынаста болудың қазығы (Зәбүр 86:3). Ішіміздегі ой-сезімдерімізді ақтаруға уақыт бөлгенде, біз “дұғаларды тыңдайтын” көктегі Әкемізге жақындай түсеміз (Зәбүр 65:2). Оның дұғаларымызға жауап бергенін көргенде де, Құдайға деген сүйіспеншілігіміз одан сайын артады. Осылай “Ехоба өзін шақыратындардың бәрінің қасында” екеніне көзіміз жете түседі (Зәбүр 145:18). Ехобаның сүйіспеншілігі мен қолдауына деген сенімділігіміз қазір де, болашақ та да кезігетін қиындықтарды жеңуімізге көмектеседі.

КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ ШЫНДЫҚҚА ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІК

11, 12. Киелі кітаптағы шындыққа деген сүйіспеншілігімізді қалай арттыра аламыз?

11 Мәсіхші болғандықтан, біз шындықты жақсы көреміз. Біз үшін шындықтың қайнар көзі — Құдай Сөзі. Иса Әкесіне дұға еткенде: “Сенің сөзің — шындық”,— деген (Жохан 17:17). Сондықтан шындыққа деген сүйіспеншілігіміз Құдай Сөзінде жазылған тура білімнен бастау алады (Қолостықтарға 1:10). Бірақ тура білім алып қана қойғанымыз жеткіліксіз. Зәбүрдің 119-тарауын жазған кісі бізге тағы не қажет екенін көрсеткен (Зәбүр 119:97—100 оқыңыз). Біз де Жазбалардан оқығанымыз жайлы күні бойы терең ой жүгіртеміз бе? Киелі кітапта жазылғандарды өмірімізде қолданудың пайдасы жайлы ойлаған сайын, шындық жанымызға жақын бола түседі.

12 Әрі қарай зәбүр жыршысы былай деп жазған: “Сөздерің қандай дәмді, Тіл үйірген балдан да тәтті!” (Зәбүр 119:103). Біздің Киелі кітапқа негізделген әдебиеттеріміз тіл үйіретін дәмді тағам сияқты. Сүйікті тағамымызды жегенде, біз асықпай рақаттанып жейміз. Тура сол сияқты асықпай зерттеуге уақыт табайық. Сонда шындықтың “жағымды сөздерінен” ләззат аламыз әрі оқығандарымызды оңай есте сақтап, өзгелермен бөлісуге асық боламыз (Уағыздаушы 12:10).

13. Еремияға Құдайдың сөздерін жақсы көруге не көмектесті және бұл оған қалай әсер етті?

13 Еремия пайғамбар Құдайдың сөздерін жақсы көрген. Ол былай деп жазған: “Сөздеріңді қабыл алып, жеп қойдым, Олар мені шат-шадыман етіп, жүрегімді қуанышқа бөледі, Өйткені мен сенің есіміңмен аталдым, уа, Әскербасы Ехоба” (Еремия 15:16, сілтеме). Еремия Құдайдың асыл сөздерін бейнелі түрде жеп, артынан жақсылап қорытқан. Осылай Құдайдың есімімен аталу әрі оның хабарын жариялау мәртебесіне деген зор ризашылық дамытқан. Біз де Киелі кітаптағы шындықты сүйсек, Құдайдың есімін алып жүру және соңғы күндері Патшалық туралы хабарды уағыздау құрметіне ие екенімізді түсінеміз.

Киелі кітаптағы шындыққа деген сүйіспеншілігіңізді көрсетіңіз (14-абзацты қараңыз)

14. Киелі кітаптағы шындыққа деген сүйіспеншілігімізді тағы қалай жалындата аламыз?

14 Киелі кітаптағы шындыққа деген сүйіспеншілігімізді тағы қалай жалындата аламыз? Қауым кездесулеріне үзбей барып тұру арқылы. Біз ол жерде Ехобадан тәлім аламыз. Мұның негізгі жолдарының бірі — “Күзет мұнарасының” көмегімен Киелі кітапты апта сайын зерттеу. Қарастырылатын тақырыпты жақсы ұғу үшін, осы кездесуге алдын ала дайындалуымыз қажет. Бұл үшін, мысалы, келтірілген Киелі кітап тармақтарын ашып көрсек болады. Қазіргі таңда “Күзет мұнарасын” көптеген тілде jw.org сайтынан жүктеп алуға не JW Library қосымшасынан қарауға болады. Кейбір электронды форматтар әрбір мақалада көрсетілген жазба орындарын тез ашуға мүмкіндік береді. Қандай тәсілді қолданбайық, тармақтарды мұқият оқып, ой қозғағанымыз Киелі кітаптағы шындыққа деген сүйіспеншілігімізді молайта түседі (Зәбүр 1:2 оқыңыз).

БАУЫРЛАСТАРҒА ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІК

15, 16. а) Жохан 13:34, 35-ке сай, Иса бізге қандай өсиет қалдырған? ә) Бауырластарға деген сүйіспеншілігіміз қалай Құдайға және Киелі кітапқа деген сүйіспеншілігімізбен байланысты?

15 Жер бетіндегі соңғы түні Иса шәкірттеріне былай деген: “Сендерге жаңа өсиет беріп отырмын: бір-біріңді сүйіңдер. Мен сендерді қалай сүйсем, сендер де бір-біріңді солай сүйіңдер. Менің шәкірттерім екендеріңді жұрттың бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады” (Жохан 13:34, 35).

16 Бауырластарымызды сүю Ехобаны сүюмен тығыз байланысты. Бұл екі сүйіспеншілік бір-бірінен ажырағысыз. Елші Жохан былай деп жазған: “Құдайды сүйемін дей тұра, бауырласын жек көретін әркім — өтірікші. Өйткені көз алдындағы бауырласын сүймейтін кісі көзімен көрмеген Құдайды сүйе алмайды” (Жоханның 1-хаты 4:20). Бұған қоса, Ехобаға және бауырластарға деген сүйіспеншілігіміз Киелі кітапқа деген сүйіспеншілігімізбен астасып жатыр. Неге бұлай дейміз? Себебі Киелі кітапқа деген сүйіспеншілік бізді Құдайды және бауырластарды сүюге қатысты Жазбалардағы өсиеттерді шын жүректен орындауға талпындырады (Петірдің 1-хаты 1:22; Жоханның 1-хаты 4:21).

Бауырластарға деген сүйіспеншілігіңізді көрсетіңіз (17-абзацты қараңыз)

17. Бауырластарға сүйіспеншілік танытудың кей жолдары қандай?

17 Салоникалықтарға 1-хат 4:9, 10 оқыңыз. Қауымдағыларға іс жүзінде сүйіспеншілік танытудың кей жолдары қандай? Егде тартқан бауырластарымызды қауымға апарып-әкеліп тұрсақ болады. Жесір бауырласымызға үйінде бірдеңені жөндеп беру керек болатын шығар (Жақып 1:27). Салы суға кеткен, жаны күйзелген я басқа да қиындыққа кезігіп жүрген бауырластар көңіл бөлгенімізге, демеу беріп, жұбатқанымызға мұқтаж (Нақыл сөздер 12:25; Қолостықтарға 4:11). Иә, сөзімізбен және ісімізбен “сенімі бір бауырластарымызды” жақсы көретінімізді паш етеміз (Ғалаттықтарға 6:10).

18. Бауырластармен арамызда туған келіспеушіліктерді шешуге не көмектеседі?

18 Киелі кітапта осы зұлым дүниенің “соңғы күндерінде” көп адамдар тек қара басын ойлайтын, ашкөз болатыны күні бұрын айтылған (Тімөтеге 2-хат 3:1, 2). Олай болса, мәсіхшілер ретінде, біз Ехобаға, Киелі кітаптағы шындыққа және бір-бірімізге деген сүйіспеншілігімізді арттыра беру үшін алға жан салмауымыз керек. Рас, кейде бір сенімдегілермен арамызда кішігірім түсініспеушіліктер болып тұрады. Алайда бір-бірімізді жақсы көретіндіктен, кез келген келіспеушіліктің тігісін мейіріммен әрі мүмкіндігінше тез арада жатыстыруға тырысамыз (Ефестіктерге 4:32; Қолостықтарға 3:14). Ендеше, сүйіспеншілігімізді суытып алып жүрмейік! Қайта, Ехобаға, оның Сөзіне және бауырластарға деген сүйіспеншілігіміздің жалынын әрі қарай да лаулата берейік!