Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Қарапайым тұрмыс кешу қуанышқа бөлейді

Қарапайым тұрмыс кешу қуанышқа бөлейді

ДЭНИЕЛ МЕН МИРИАМ 2000 жылдың қыркүйегінде отау құрып, Испанияның Барселона қаласында жайлы өмір кешіп жатты. “Жұмысымыз жақсы болғандықтан, қымбат мейрамханалардан тамақтанып, шетелге саяхаттап, қымбат киім киіп өмір кештік. Уағызға да үзбей шығып тұрдық”,— деп ой бөлісті Дэниел. Алайда олардың өмірінде бір өзгеріс болды.

2006 жылы өткен облыстық конгрестегі бір баяндамада “Қырғынға теңселіп бара жатқандарды” мәңгілік өмір жолына бағыттау үшін қолымыздан келгеннің бәрін істеп жүрміз бе?” деген сұрақ қойылды. Бұл сұрақ Дэниелді қатты толғандырып тастады (Нақыл сөздер 24:11). Баяндамада бізге Киелі кітаптағы хабарды адамдарға уағыздау міндеті жүктелгеніне және олардың өмірі осы хабарға байланысты екеніне айрықша назар аударылды (Елшілердің істері 20:26, 27). Дэниел: “Сонда Ехоба мұны тура маған айтып тұрғандай сезіндім”,— деп есіне алды. Баяндамада қызметіміздің аясын кеңейту көбірек қуанышқа бөлейтіні туралы да сөз етілді. Бұның растығын Дэниел жақсы білетін. Себебі біраздан бері ізашар болып жүрген әйелінің бал-бұл жанған жүзін көретін.

Баяндамадан қатты әсерленген Дэниел: “Мен үшін өмірімді 180 градусқа өзгертетін кез келді деп түйдім”,— деді. Ол жұмыс уақытын қысқартып, ізашарлық қызметті бастады. Сонымен қатар Мириам екеуі жариялаушыларға қажеттілік бар жерде қызмет етсе, қуаныштарына қуаныш қосылатыны жайлы ойланды.

БАСЫ ҚАТТЫ, АРТЫ ТӘТТІ

2007 жылдың мамырында Дэниел мен Мириам жұмыстан шығып, бұрын өздері барып келген Панамаға жол тартты. Олардың жаңа аумағы Кариб теңізіндегі Бокас-дель-Торо архепелагын құрайтын бірнеше аралдар болды. Ондағы тұрғындардың басым көпшілігі — нгабилер. Дэниел мен Мириам жинақтаған қаржымызбен Панамада 8 айдай тұра аламыз деп ойлады.

Олар арал-аралдарға қайықпен сапар шегіп, барған жерлерінде велосипедпен жүрді. Бірде күн шыжып тұрғанда велосипедпен жолға шығып, алғаш рет қырға қарай 30 шақырымдай көтерілгендері әлі естерінде. Әбден титықтаған Дэниел есінен танып қала жаздапты. Алайда сол жолдың бойында қоныстанған нгаби отбасылары оларға меймандостық көрсетеді. Олар әсіресе ерлі-зайыптының жергілікті тілде бірнеше сөзді үйреніп алғанына тәнті болады. Көп ұзамай-ақ олар 23 адаммен Киелі кітап зерттеу сабағын өткізеді.

Алайда бар жиған-тергені таусылғанда, олар не істеді? Дэниел былай деп есіне алды: “Испанияға оралатынымызды ойлап, көзіміз жасқа бұланды. Киелі кітапты зерттеп жүрген адамдарды еш қимай, қатты мұңайдық”. Бірақ бір айдан соң олар жүрекжарды хабар естиді. “Бізге арнайы ізашар ретінде қызмет ету ұсынылды. Өз қызметімізді жалғастыра алатынымызға сондай қуандық!”— деді Мириам.

ОЛАРДЫҢ ЕҢ ЗОР ҚУАНЫШЫ

Ұйымда болған өзгерістерге байланысты, Дэниел мен Мириамға 2015 жылы арнайы ізашарлық қызметті тоқтатуға тура келді. Енді олар не істемек? Екеуі Зәбүр 37:5-тегі келесі уәдеге толықтай сенім артты: “Жолыңды Ехобаға тапсыр, Соған арқа сүйе, сонда ол сенің игілігің үшін әрекет етеді”. Олар тұрақты ізашар ретінде қызмет ете алуларына көмек болатын жұмыс тауып алды. Қазіргі таңда екеуі Верагуастағы (Панама) қауымда қызмет етуде.

Дэниел сөзін сабақтап былай деді: “Испаниядан кетпей тұрғанда, қарапайым тұрмыс кеше алатынымызға сенімсіз едік. Міне, қазір солай етіп жүрміз, әрі нағыз құны бар нәрседен тапшылық көріп жатқан жоқпыз”. Олардың ең зор қуанышы неде? “Кішіпейіл жандарға Ехоба туралы білуге көмектесуден асқан қуаныш жоқ!”— дейді олар.