Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

Құлағымның мүкістігі өзгелерге тәлім беруіме тосқауыл болмады

Құлағымның мүкістігі өзгелерге тәлім беруіме тосқауыл болмады

Мен 1941 жылы 12 жасымда шомылдыру рәсімінен өттім. Бірақ 1946 жылға дейін Киелі кітаптағы шындықты дұрыстап түсінбедім. Неге? Бұл үшін сіздерге өмірімді баяндап берейін.

1910 жылдары ата-анам Грузияның Тбилиси қаласынан Канадаға көшті. Олар Пелли қалашығына (батыс Канада, Саскачеван) жақын орналасқан кішігірім фермада тұрып жатты. Мен 1928 жылы дүние келдім, үйдегі алты баланың ең кенжесімін. Әкем мен туылмай тұрып алты ай бұрын қайтыс болып кетті. Ал анам болса әлі нәресте кезімде дүниеден озды. Көп ұзамай-ақ ең үлкен әпкем Люси де 17 жасында көз жұмды. Сондықтан нағашы ағамыз Ник барлығымызды өз қамқорлығына алды.

Бір күні, тәй-тәй басып жүрген кезімде, үйдегілер менің аттың құйрығынан тартып ойнап тұрғанымды көріп қалды. Ат теуіп жібере ме деп қорыққан олар бар дауыспен “Қой!” деп айқайлады. Бірақ мен оларға теріс қараған күйі тұра бердім, себебі олардың дауысын мүлдем естімедім. Қуанышқа орай, ешқандай жарақат алмадым. Бірақ сол күні үйдегілер менің құлағым естімейтінін аңғарды.

Отбасымыздың бір досы менің керең балаларға арналған мектепке барғаным дұрыс болатынын айтты. Содан нағашым Ник мені Саскачеванның Саскатун қаласындағы керең балаларға арналған мектеп-интернатқа жіберді. Бұл мектеп үйімізден шалғайда орналасқан еді. Небәрі бес жаста болғандықтан мен қатты қорықтым. Бауырларымды көруге тек мейрам күндері және жазда ғана келе алатынмын. Уақыт өте ым тілін үйреніп алып, басқа балалармен ойнап-күліп жүрдім.

ШЫНДЫҚТЫ БІЛУІМ

1939 жылы Марион есімді әпкем Билл Данилчукке тұрмысқа шығып, күйеуі екеуі мені және әпкем Франсисті қамқорлығына алды. Отбасымызда Ехоба куәгерлерімен Киелі кітап зерттеу сабағын ең бірінші бастаған — солар. Жазғы демалысымда олар Киелі кітаптан білгендерін маған айтып түсіндіруге тырысып бағатын. Сөйлесуіміз оңайға соқпайтын, себебі олар ым тілін білмейтін. Бірақ олар Ехоба жайлы біліп жатқандарым көңіліме қатты ұнайтынын байқайтын. Мен айналысып жүргендері Киелі кітаппен байланысты болса керек деген оймен олармен бірге уағызға шықтым. Ал көп ұзамай шомылдыру рәсімінен өткім келді. Содан 1941 жылы 5 қыркүйекте Билл құдықтың суымен темір бөшкені толтырып, шомылдыру рәсімінен өткізді. Су мұп-мұздай еді!

Құлағы естімейтін бір топ адаммен Кливлендте өткен облыстық конгресте (Огайо штаты, 1946 жыл)

1946 жылдың жазында үйге оралғанымда, біз Кливлендте (АҚШ, Огайо штаты) өткен облыстық конгреске қатыстық. Бірінші күні әпкелерім баяндамаларды параққа жазып беріп отырды, осылай мен бағдарламаға ілесе алдым. Ал екінші күні конгресте құлағы естімейтін бір топ адам бар екенін және бір бауырластың оларға бағдарламаны ым тіліне аударып беріп жатқанын естіп, қуанып кеттім. Осылай бағдарламаны рақаттана “тыңдап”, ақыры Киелі кітаптың не нәрсеге үйрететінін анық түсіндім-ау. Бұл бір ғанибет еді!

ШЫНДЫҚТЫ ӨЗГЕЛЕРГЕ ҮЙРЕТУІМ

Сол кездері Екінші дүниежүзілік соғыс енді аяқталып, ұлтжандылық белең алып жатты. Бірақ мен облыстық конгрестен Ехобаға адал болып қаламын деген шешіммен оралдым. Сөйтіп, мектепте туды дәріптеуді, әнұран айтуды, мейрамдарды тойлауды доғардым. Басқа сыныптастарыммен бірге шіркеуге де баруды қойдым. Бұл мектеп мұғалімдеріне ұнамады, сондықтан олар маған сес көрсететін, ойымды өзгерту үшін неше түрлі өтірік те айтатын. Оқушылар не болып жатқанның бәрін байқайтын, сондықтан оларға куәлік берудің талай сәті түсті. Сол оқушылардың кейбірі, Ларри Андрософф, Норман Диттрик және Эмиль Шнайдерді қоса алғанда, шындыққа келіп, әлі күнге дейін Ехобаға адал қызмет етіп жүр.

Мен өзге қалаларға сапар шеккенде, құлағы естімейтіндерге уағыздауға әсіресе көңіл бөлетінмін. Мысалы, Монреальда болғанда құлағы мүкіс кісілер топ болып жиналатын орынға бардым. Онда бұзақылар тобының мүшесі болған Эдди Тагер деген жігітке уағыздадым. Былтыр қайтыс болған ол Квебектің Лавал қаласында ым тіліндегі қауымда қызмет етті. Сонымен қатар Хуан Арданез деген жігітті де кездестірдім. Ол ежелдегі береялықтар сияқты зерттеу жүргізіп, біліп жатқандары Киелі кітапқа негізделгеніне көз жеткізіп отыратын (Елшілердің істері 17:10, 11). Ол да шындыққа келіп, өмірінің соңына дейін Оттава қаласында (Онтарио штаты) ақсақал болып қызмет етті.

1950 жылдары көшеде куәлік етуім

1950 жылы мен Ванкуверге көштім. Саңырау адамдарға уағыздауды жақсы көрсем де, бірде көшеде келе жатып, Крис Спайсер деген құлағы еститін әйелге қалай уағыздағаным ешқашан есімнен кетпес. Ол журналға жазылып, күйеуі Гаримен әңгімелескенімді қалады. Содан мен олардың үйлеріне бардым. Біз бір-бірімізге сөздерді параққа жазып беріп отырып, ұзақ әңгімелестік. Бұдан кейін оларды біраз уақыт көрмедім. Бірақ бірнеше жылдан соң олар мені Торонтода (Онтарио штаты) өтіп жатқан конгресте тауып алғанда, аң-таң болдым. Дәл сол күні Гари шомылдыру рәсімінен өткелі жатқан екен. Сол оқиға уағыздауды еш доғармау қаншалықты маңызды екенін есіме салды. Себебі шындықтың дәні қашан, қай жерде өсіп шығатынын ешқашан білмейміз ғой.

Кейінірек Саскатунға қайта оралдым. Ол жақта бір әйел менен құлағы естімейтін егіз қыздарымен зерттеу сабағын өткізуді өтінді. Қыздардың аты-жөні Джин мен Джоан Ротенбергерлер еді. Олар бұрын мен оқыған мектепке барып жүрген болатын. Көп ұзамай екеуі де біліп жатқан шындықтары жайлы сыныптастарына айта бастады. Нәтижесінде сыныптарынан бесеуі Ехоба куәгері болды. Юнес Колин деген қыз солардың бірі еді. Алғаш рет мен оны керең балаларға арналған мектептегі соңғы жылымда кездестіргенмін. Сол кезде Юнес маған кәмпит беріп, дос болуды ұсынған еді. Ал уақыт өте өміріме енген көктем болды. Иә, ол менің асыл жарыма айналды!

Юнеспен бірге (1960 және 1989 жылы)

Анасы Юнестің Киелі кітапты зерттеп жүргенін білгенде, мектеп директорынан оның ойын өзгертуді өтінді. Бірақ директор зерттеуге арналған құралдарын алып қойса да, Юнес Ехобаға адал болып қалуға бекінген еді. Ал шомылдыру рәсімінен өтуге ықылас білдіргенде, ата-анасы оған: “Осыдан Ехоба куәгері болсаң, үйден кетесің!”— деді. Содан, Юнес 17 жасында үйінен кетіп, бір Куәгер отбасынан пана тапты. Ол Киелі кітапты әрі қарай да зерттеп, шомылдыру рәсімінен өтті. 1960 жылы отау тіккенімізде, оның ата-анасы тойымызға келмеді. Алайда жылдар өте ұстанатын нанымдарымызды, балаларды қалай тәрбиелейтінімізді көріп, бізге құрметпен қарай бастады.

ЕХОБА ҚАМЫМДЫ ОЙЛАДЫ

Ұлым Николас пен әйелі Дебора Лондон Бетелінде қызмет етуде

Құлағымыз естімейтіндіктен, бізге құлағы еститін 7 ұл баланы тәрбиелеу оңайға соқпады. Десе де олармен сөйлесе алу үшін, шындықты жүректеріне ұялата алу үшін олардың ым тілін үйренуіне қам жасадық. Қауымдағы бауырластардың да көп көмегі тиді. Мысалы, бір ата-ана балаларымыздың бірі Патшалық сарайында жаман сөздер айтып жүргенін бізге жазып берді. Осының арқасында бұл мәселені дереу қолға алдық. Қазір төрт ұлым Джеймс, Джерри, Николас және Стивен отбасыларымен Ехобаға адал қызмет етуде, төртеуі де ақсақал. Николас әйелі Деборамен Британия Бетелінде әдебиеттерді ым тіліне аударуға көмектесіп жатыр. Ал Стивен болса әйелі Шаннанмен бірге АҚШ Бетелінде ым тіліндегі аударма тобында қызмет етуде.

Ұлдарым Джеймс, Джерри және Стивен әйелдерімен бірге түрлі жолдармен ым тіліндегі уағыз ісін қолдап жүр

Өкінішке қарай, 40 жылдық мерейтойымызға бір ай қалғанда, қатерлі ісікпен күрескен әйелім одан жеңілді. Сол бір ауыр кезеңде қайта тірілуге деген сенімі оған медет болды. Мен оны қайта көретін күнді асыға күтудемін.

Фэй мен Джеймс; Джерри мен Эвелин; Шаннан мен Стивен

2012 жылдың ақпанында оқыс құлап, жамбасымды сындырып алдым. Сонда өзіме қарайласатын адам керек екенін түсініп, бір ұлым мен келінімнің қолына көшіп бардым. Қазір біз ым тілінде өтетін Калгари қауымының мүшесіміз, мен онда ақсақал болып қызмет етіп келемін. Қарап отырсам, бұл менің ым тіліндегі қауымда алғаш рет қызмет етуім екен! Онда қалайша мен 1946 жылдан бері ағылшын тіліндегі қауымда жүріп, Ехобамен қарым-қатынасымды берік етіп сақтай алдым? Ехобаның көмегімен. Ол жетім баланы қамқорлаймын деген уәдесін орындады (Зәбүр 10:14). Сөздерді қағазға түсіруге, ым тілін үйренуге және қолдарынан келгенше аударып беруге дайын болғандардың бәріне алғысымды білдіргім келеді.

79 жасымда ым тілінде өткен ізашарлық мектепке баруым

Шынымды айтсам, адамдардың сөзін түсіне алмай, іштен тынған саңырау адамды ешкім түсінбейтіндей боп көрінген кездер болған. Алайда осындай сәттерде мен Петірдің Исаға айтқан келесі сөздерін еске алатынмын: “Ием, біз кімге бармақпыз? Мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер сізде ғой” (Жохан 6:66—68). Мен шындық жолында ұзақ жылдар бойы жүрген өзге де саңырау бауырластар сияқты шыдамды болуды үйрендім. Ехоба мен оның ұйымына арқа сүйеудің де сырын біліп алдым, әрі бұның тамаша жемісін көрдім. Қазір өз тілімде неше түрлі әдебиеттер қолжетімді болғанына және америкалық ым тілінде өтетін қауым кездесулері мен аймақтық конгрестерге бара алатыныма қатты қуанамын. Расында да, мен ұлы Құдайымыз Ехобаға қызмет ете жүріп, бақытты да мәнді өмір кештім.