Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жауыңызды жақсы біліңіз

Жауыңызды жақсы біліңіз

“Біз [Шайтанның] айла-амалдарын жақсы білеміз” (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 2-ХАТ 2:11).

ӘНДЕР: 133, 27

1. Адам мен Хауа күнә жасағаннан кейін, Ехоба біздің дұшпанымыз жайлы қандай жайттарды ашты?

АДАМ АТА жыландар сөйлей алмайтынын жақсы білетін. Сондықтан ол жыланның Хауаға тіл қатқанын білгенде, оған шын мәнінде жылан емес, рухани жаратылыс сөйлегенін түсінген болуы мүмкін (Мұсаның 1-жазбасы 3:1—6). Бірақ Адам мен Хауа бұл рухани жаратылыстың кім екенін білмеді. Соған қарамастан Адам осы бейтаныс біреуге еріп, көктегі сүюші Әкесіне қарсы шықты (Тімөтеге 1-хат 2:14). Ехоба сол мезетте-ақ бұл зұлым дұшпан жайлы кейбір жайттарды аян етіп, оны ақырында жоятынын уәде етті. Бірақ Ехоба сол уақыт келгенше, жылан арқылы сөйлеген бұл рух Құдайды жақсы көретіндердің бәріне қарсы шығатынын ескертті (Мұсаның 1-жазбасы 3:15).

2, 3. Мәсіх келгенге дейін Шайтан жайлы аз айтылуының себебі неде болуы мүмкін?

2 Ехоба өзіне қарсы шыққан періштенің есімі кім екенін бізге ешқашан айтқан емес *. Едемдегі бүліктен кейін 2500 жыл өткен соң ғана Ехоба бұл бүлікші жайлы сөз еткен (Әйүп 1:6). Оған “Қарсылас” дегенді білдіретін “Шайтан” деген ат тағылды. Еврей жазбаларында Шайтан тек Шежірелер 1-жазба, Әйүп және Зәкәрия деген үш кітапта ғана аталған. Неге Мәсіх келгенге дейін бұл дұшпан жайлы өте аз айтылды?

3 Ехоба Еврей жазбаларында Шайтан мен оның істері жайлы көп айтпаған. Бұл Жазбалар адамдарға Мәсіхті танып, соңынан еруге көмектесу мақсатымен жазылған (Лұқа 24:44; Ғалаттықтарға 3:24). Ал Мәсіх келгенде, Ехоба Иса мен оның шәкірттері арқылы Шайтан мен оған ерген періштелер жайлы көбірек мәлім етті *. Ехобаның бұлай еткені өте орынды, өйткені ол Иса мен майланғандар арқылы Шайтан мен оның жақтастарын жояды (Римдіктерге 16:20; Аян 17:14; 20:10).

4. Неге бізге Ібілістен үрейлене қорқудың қажеті жоқ?

4 Елші Петір Шайтан Ібілісті “ақырған арыстанға” теңеген. Ал Жохан оны “жылан” және “айдаһар” деп атаған (Петірдің 1-хаты 5:8; Аян 12:9). Бірақ бізге Ібілістен үрейлене қорқудың қажеті жоқ. Өйткені оның күші шектеулі (Жақып 4:7 оқыңыз). Бұған қоса, бізді Ехоба, Иса мен адал періштелер қорғайды. Олардың көмегімен біз жауымызға қарсы тұра аламыз. Десе де біз маңызды үш сұрақтың жауабын білуіміз керек: Шайтанның ықпалы қаншалықты күшті? Ол адамдарға қандай жолдармен ықпал етуге тырысады? Ол нені істей алмайды? Қазір осы сұрақтарға жауап алайық және қандай сабақ ала алатынымызды қарастырайық.

ШАЙТАННЫҢ ЫҚПАЛЫ ҚАНШАЛЫҚТЫ КҮШТІ?

5, 6. Неге адами билеушілер ең қажетті өзгерістерді жасай алмайды?

5 Көптеген періштелер Шайтанның Құдайға қарсы шығарған бүлігіне қосылды. Топан суға дейін Шайтан солардың кейбірін әйелдермен жыныстық қатынасқа түсуге азғырған. Киелі кітап бұны бейнелі мағынада суреттеп, айдаһардың аспандағы жұлдыздардың үштен бірін жерге тартып әкеткенін айтқан (Мұсаның 1-жазбасы 6:1—4; Яһуда 6; Аян 12:3, 4). Бұл періштелер Құдай отбасын тастап кеткен кезде, өздері барып Шайтанның қол астына өтті. Біз бұл бүлікші періштелердің арасында ешқандай тәртіп жоқ деп ойламауымыз керек. Көзге көрінбейтін рухани әлемде Шайтан Құдай Патшалығына ұқсатып өз үкіметін құрып алған. Ол өзін патша етіп қойған және жындардың арасында белгілі бір тәртіп орнатып, оларды әлемнің үстінен билеуші еткен (Ефестіктерге 6:12).

6 Шайтан өзінің осы ұйымы арқылы адами үкіметтерді басқарады. Біз бұған сенімді бола аламыз. Өйткені ол Исаға “жержүзінің барлық патшалықтарын көрсетіп, былай деді: “Осылардың бүкіл билігі мен сән-салтанатын саған беремін, өйткені ол маған берілген. Оны кімге бергім келсе, соған беремін” (Лұқа 4:5, 6). Әйткенмен де көптеген үкіметтер өз азаматтарының жағдайын жасауға тырысады. Кейбір билеушілер адамдарға шын ниетпен көмектескісі келеді. Бірақ адами билеушілердің ешқайсысы ең қажетті өзгерістерді жасай алмайды (Зәбүр 146:3, 4; Аян 12:12).

7. Адами үкіметтерден бөлек, Шайтан жалған дін мен сауда-саттық әлемін қалай қолданады? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

7 Бұған қоса, Шайтан мен жындар “бүкіл жержүзін адастыру” үшін жалған дін мен сауда-саттық әлемін қолданады (Аян 12:9). Шайтан жалған дін арқылы Ехоба туралы өтірік таратады. Ол тіпті Құдайдың есімін жасырғысы келген (Еремия 23:26, 27). Нәтижесінде Құдайға табынып жүрмін деп ойлайтын кейбір ақжүрек адамдар шындығында жындарға табынып жүр (Қорынттықтарға 1-хат 10:20; Қорынттықтарға 2-хат 11:13—15). Шайтан сауда-саттық әлемін қолданып та адамдарды алдайды. Ол ақша мен дүние-мүлік бақытты етеді деген сияқты өтірікті таратады (Нақыл сөздер 18:11). Бұл өтірікке сенетін адамдар өмір бойы Құдайға емес, “байлыққа” қызмет етіп өтеді (Матай 6:24). Олар бір кездері Құдайды жақсы көрген де шығар. Бірақ дүние-мүлікті қатты жақсы көріп кететіндері сонша — Құдайға деген сүйіспеншіліктері сөніп қалады (Матай 13:22; Жоханның 1-хаты 2:15, 16).

Ехобаның жағында боламыз ба, әлде Шайтанның ба — соны таңдауымыз керек

8, 9. а) Адам мен Хауаның және бүлікшіл періштелердің істегендерінен қандай екі сабақ аламыз? ә) Дүниені Шайтан басқарып отырғанын білгеніміздің қандай пайдасы бар?

8 Адам мен Хауаның және бүлікшіл періштелердің істегендерінен біз екі маңызды сабақ аламыз. Біріншіден, бізде екі ғана таңдау бар, соның біреуін таңдауымыз керек. Біз не Ехобаның жағында боламыз, не Шайтанның жағында боламыз (Матай 7:13). Екіншіден, Шайтанның жағына шыққандардың көретін пайдасы шектеулі. Адам мен Хауа ненің жаман, ненің жақсы екенін өздері шешу мүмкіндігіне ие болды. Ал жындар адами үкіметтерге қандай да бір билік жүргізе алады (Мұсаның 1-жазбасы 3:22). Бірақ Шайтанның жағына шығудың салдары әрқашан да жаман болады. Шын мәнінде бұл ешқандай жақсылыққа апармайды! (Әйүп 21:7—17; Ғалаттықтарға 6:7, 8).

9 Дүниені Шайтан басқарып отырғанын білгеніміздің қандай пайдасы бар? Бұл бізге адами үкіметтерге қатысты дұрыс көзқарас сақтауға көмектеседі және ізгі хабарды уағыздауға талпындырады. Ехоба біздің үкіметті құрметтегенімізді қалайтынын білеміз (Петірдің 1-хаты 2:17). Үкімет заңдары оның талаптарына қайшы келмейтін болса, ол бізден сол заңдарға бағынады деп күтеді (Римдіктерге 13:1—4). Бірақ, бұған қоса, біз бейтараптық сақтауымыз керектігін әрі ешқандай саяси партияға не басшыға қолдау көрсетпеуіміз керектігін де білеміз (Жохан 17:15, 16; 18:36). Шайтанның Ехобаның есімін жасырып, атына кір келтіргісі келетінін түсінгендіктен, біз адамдарға Құдай жайлы шындықты үйрету үшін барымызды саламыз. Біз оның есімімен аталып, оны қолдана алатынымызды мақтан тұтамыз. Құдайға деген сүйіспеншілігіміз біз үшін ақшаға не дүние-мүлікке деген сүйіспеншіліктен әлдеқайда бағалы (Ишая 43:10; Тімөтеге 1-хат 6:6—10).

ШАЙТАН ӨЗГЕЛЕРГЕ ҚАНДАЙ ЖОЛДАРМЕН ЫҚПАЛ ЕТУГЕ ТЫРЫСАДЫ?

10—12. а) Шайтан періштелерді қалай еліктірген болуы мүмкін? ә) Бұл періштелердің істегендерінен қандай сабақ аламыз?

10 Шайтан өзгелерге ықпал ету үшін тиімді тәсілдерді қолданады. Өз дегенін істету үшін ол кейде тұзақ құрып азғырады, ал кейде күш көрсетеді.

11 Көптеген періштелерді азғыру үшін Шайтан оларды еліктірді. Оларды не нәрсе азғыратынын білу үшін ол ұзақ уақыт бойы бақылап жүрген шығар. Кейбір періштелер оның қармағына ілініп, әйелдермен жыныстық қатынасқа түсті. Ал олардан туылған зұлым алыптар айналасындағы адамдарға қатыгездік көрсетті (Мұсаның 1-жазбасы 6:1—4). Азғындықты қолданып еліктіруімен қатар, Шайтан оларға бүкіл адамзатқа үстемдік етіп, билік жүргізетіндерін уәде еткен болуы мүмкін. Осылайша ол “әйелдің ұрпағы” туралы Ехобаның пайғамбарлығының жүзеге асуына кедергі жасағысы келген шығар (Мұсаның 1-жазбасы 3:15). Бірақ Ехоба мұнысына жол берген жоқ. Ол Топан су жібергенде, Шайтан мен жындардың ойластырған жоспарының күлі көкке ұшты.

Шайтан азғындық, атаққұмарлық және тылсым күштер арқылы бізді азғыруға тырысады (12, 13-абзацтарды қараңыз)

12 Бұдан неге үйренеміз? Азғындық пен атаққұмарлық — Шайтанның өте тиімді тұзақтары. Шайтанға еріп кеткен періштелер көкте көп жыл бойы Құдайдың қасында болған! Сонда да олардың көбісі бойларында жаман қалаулардың пайда болуына жол берді. Кейін бұл қалаулары бұрынғыдан бетер өршіп кетті. Ендеше, мынаны ұмытпайық: Ехобаға қаншалықты ұзақ қызмет етпейік, жүрегімізде жаман қалаулар дами бастауы мүмкін (Қорынттықтарға 1-хат 10:12). Сондықтан да үнемі жүрегімізде не барын тексеріп, кез келген өнегесіз ойлар мен өркөкіректіктен арылуымыз керек! (Ғалаттықтарға 5:26; Қолостықтарға 3:5 оқыңыз).

13. Шайтан тағы қандай тұзақты қолданады және одан қалай аулақ бола аламыз?

13 Шайтан қолданатын тағы бір тұзақ — тылсым күштерге деген қызығушылық. Адамдардың жын-перілерге деген қызығушылығын ояту үшін ол жалған дін мен көңіл көтеру түрлерін қолданады. Фильмдер, электрондық ойындар мен басқа да көңіл көтеру түрлері тылсым күштерді қызықты етіп көрсетуі мүмкін. Бұл тұзаққа түсуден қалай аулақ бола аламыз? Құдай ұйымы көңіл көтеру түрлерінің қайсысы жақсы, ал қайсысы жаман екенін тізіп жазып береді деп күтпеуіміз керек. Ехобаның принциптеріне негізделе отырып дұрыс таңдау жасау үшін, ар-ұжданымызды тәрбиелеуіміз қажет (Еврейлерге 5:14). Егер Құдайға деген сүйіспеншілігіміз “екіжүзді болмаса”, біз даналықпен шешім қабылдайтын боламыз (Римдіктерге 12:9, сілтеме). Екіжүзді адамның сөзі басқа, ісі басқа. Ендеше көңіл көтеру түрін таңдағанда былай деп ойланып көрейік: “Өзгелерге үйретіп жүрген принциптерді өзім ұстанып жатырмын ба? Егер зерттеу сабағын өткізіп жүрген немесе қайта барып жүрген адамдарым мен таңдаған көңіл көтеру түрін көрсе, не ойлайды?” Өзгелерге үйрететін принциптерді өзіміз ұстансақ, Шайтанның тұзағынан бас тарту оңайырақ болады (Жоханның 1-хаты 3:18).

Шайтан үкіметтің тыйым салуы, сыныптастардың қысым көрсетуі және отбасының қарсылығы арқылы бізге күш көрсетуге тырысады (14-абзацты қараңыз)

14. Шайтан бізге қалай күш көрсетуі мүмкін және оған қалай тойтарыс бере аламыз?

14 Сондай-ақ Шайтан Ехобаға деген адалдығымыздан тайдыру үшін бізге күш көрсетіп, қорқытқысы келеді. Мысалы, уағыздау ісіне тыйым салу үшін ол үкіметке ықпал етуі мүмкін. Я болмаса әріптестеріміздің не сыныптастарымыздың Киелі кітап талаптарына сай жүріп-тұрғанымызды келеке-мазақ қылуына ықпал етуі мүмкін (Петірдің 1-хаты 4:4). Шайтан тіпті сенбейтін туыстарымызға да ықпал ете алады. Ниеттері жақсы болғанмен, олар біздің қауым кездесулеріне баруымызға бөгет жасауға тырысуы мүмкін (Матай 10:36). Осындай жолдармен күш көрсеткенде, Шайтанға тойтарыс беру үшін не істей аламыз? Шайтанның бізбен соғысып жатқанын білетіндіктен, біз оның мұндай шабуылдарына таңғалмауымыз керек (Аян 2:10; 12:17). Сондай-ақ мәселенің шын мәнінде неде екенін естен шығармауымыз қажет: Шайтан біздің Ехобаға оңай кезде ғана қызмет етіп, жағдайымыз қиындап кетсе, одан теріс айналып кететінімізді айтқан (Әйүп 1:9—11; 2:4, 5). Сонымен қатар біз Ехобадан ұдайы күш сұрап дұға етуіміз керек. Ол бізді ешқашан да тастамайтынын жадымызда ұстайық (Еврейлерге 13:5).

ШАЙТАН НЕ ІСТЕЙ АЛМАЙДЫ?

15. Шайтан бізге өзіміз қаламайтын нәрсені күштеп істете ала ма? Түсіндіріңіз.

15 Адам өзі қаламаса, Шайтан оны күштеп ештеңе істете алмайды (Жақып 1:14). Осы дүниедегі көп адамдар Шайтанның жағында жүргендерін білмейді де. Ал шындықты білген соң, адам не Ехобаның, не Шайтанның жағын таңдауы тиіс (Елшілердің істері 3:17; 17:30). Құдайға мойынсұнуға бекінсек, Шайтан бізді адалдығымыздан тайдыра алмайды! (Әйүп 2:3; 27:5).

16, 17. а) Шайтан мен жындар тағы не істей алмайды? ә) Неге Ехобаға дауыстап дұға етуден қорықпауымыз керек?

16 Шайтан мен жындар істей алмайтын басқа да нәрселер бар. Мысалы, олар біздің жүрегіміз бен ойымызды оқи алатыны Киелі кітаптың еш жерінде айтылмаған. Мұны Ехоба мен Иса ғана істей алады (Самуилдің 1-жазбасы 16:7; Марқа 2:8). Олай болса, дауыстап сөйлесек не дұға етсек, Ібіліс пен жындар бізді естіп қойып, кейін соны өзімізге қарсы қолданады деп қорқуымыз керек пе? Жоқ! Неге? Мысалы, біз Ібіліс көріп қоюы мүмкін деп, Ехобаға деген қызметімізде игі істер жасауға қорықпаймыз ғой. Сол сияқты, Ібіліс естіп қоюы мүмкін деп, дауыстап дұға етуден қорықпауымыз керек. Оның үстіне, Киелі кітаптың көп жерінде Құдай қызметшілерінің дауыстап дұға еткені айтылған. Олардың Ібіліс естіп қояды деп қорыққаны жайлы еш жерде жазылмаған (Патшалар 1-жазба 8:22, 23; Жохан 11:41, 42; Елшілердің істері 4:23, 24). Ехобаға ұнамды түрде сөйлеп, әрекет етуге барынша тырысатын болсақ, ол Ібілістің бізге оңалмастай залал келтіруіне жол бермейді. Бұған кәміл сенсек болады (Зәбүр 34:7 оқыңыз).

17 Біз жауымызды жақсы білуіміз керек. Бірақ бізге одан қорқудың қажеті жоқ. Кемелсіз болсақ та, Ехобаның көмегімен біз Шайтанды жеңе аламыз! (Жоханның 1-хаты 2:14). Оған қарсы тұрсақ, ол бізден қашып кетеді (Жақып 4:7; Петірдің 1-хаты 5:9). Бүгінде Шайтан әсіресе жастарға шабуылдап жатқаны байқалады. Олар Ібілістің шабуылына қалай тойтарыс бере алады? Бұл жайлы келесі мақалада талқылаймыз.

^ 2-абзац Киелі кітапта кейбір періштелердің есімі аталған (Билер 13:18; Даниял 8:16; Лұқа 1:19; Аян 12:7). Онда тағы әр жұлдыздың аты бар екені айтылған (Зәбүр 147:4). Бұдан Ехоба періштелердің бәріне, соның ішінде Шайтанға айналған періштеге де, есім берген деп тұжырымдауға болады.

^ 3-абзац Еврей жазбаларында “Шайтан” деген атау 10-нан аса рет, ал Мәсіхшілердің грек жазбаларында 40-қа жуық рет кездеседі.