ӨМІРБАЯН
“Кедейшілікте өссем де, зор байлыққа ие болдым”
Мен Либерти (Индиана, АҚШ) деген кішкентай қалашықта, ағаштан жасалған бір бөлмелі үйде дүниеге келдім. Мен туылғанға дейін әке-шешемнің бір ұлы мен екі қызы бар болатын. Анам менен кейін де екі ұл мен бір қызды дүниеге әкелді.
МЕН мектепте оқыған жылдары қалашығымызда аса өзгеріс болған жоқ. Бірінші сыныпта кімдермен бірге оқысаң, мектеп бітіргенге дейін солармен бірге оқитынсың. Қалашығымыз кішкентай болғандықтан, адамдар бір-бірін жақсы танитын.
Либерти қалашығының айналасында шағын фермалар болатын. Ол жерде негізінен жүгері егетін. Мен туылғанда әкем жергілікті бір фермердің қолында жұмыс істеді. Сондықтан жасөспірім кезімде трактор айдауды үйреніп алдым және фермадағы басқа да жұмыстарды істедім.
Мен әкемнің жастау кезін ешқашан көрмегенмін. Туылғанымда әкемнің жасы 56-да еді, ал анамның жасы 35-те болатын. Десе де әкем мықты еді, денсаулығы да жақсы болатын. Ауыр еңбекті жақсы көрген ол балаларының бәрін де соған үйретті. Көп ақша таппаса да, біздің баспанамыз, киер киіміміз бен жеткілікті ішер асымыз болды. Ол үнемі бізбен уақыт өткізетін. Әкем 93 жасында, ал анам 86 жасында көз жұмды. Екеуі де Ехобаға қызмет еткен жоқ. Бауырларымның біреуі ғана 1972 жылдан бері ақсақал болып адал қызмет етіп келеді.
ЖАСТЫҚ ШАҒЫМ
Анам өте діншіл кісі еді. Әр жексенбі күні бізді баптистердің шіркеуіне апаратын. Жасым 12-де болғанда алғаш рет үштік ілімі жайлы естідім. Сонда анамнан: “Иса Ұл бола тұра, қалайша Әке де бола алады?”— деп сұрадым. Анамның жауабы әлі есімде: “Балам, бұл — құпия. Бұны түсіну бізге бұйырмаған”. Бұл мен үшін шынында да құпия еді. Дегенмен шамамен 14 жасымда жақын жердегі өзенде шомылдыру рәсімінен өттім. Олар мені суға үш рет батырды: бір рет Әке үшін, бір рет Ұл үшін және бір рет киелі рух үшін.
Жоғары сыныптарда оқып жүрген кезде боксшы бір досым бар еді, ол мені боксқа қатысуға көндірді. Содан жаттыға бастап, “Алтын қолғап” атты бокс ұйымының мүшесі болдым. Боксқа аса икемім болмағандықтан, бірнеше жекпе-жектен кейін боксты тастап кеттім. Кейінірек Құрама Штаттардың әскеріне шақырылдым. Мені Германияға жіберді. Сол жақта жүргенде, әскери басшыларым менен күшті көшбасшы шығады деп үміттеніп, әскери академияға жіберді. Олар әскери іс менің өмірлік мансабым болса екен деді. Бірақ әскерде қалғым келмегендіктен, екі жылдық мерзімім аяқталған соң, 1956 жылы үйге қайттым. Көп ұзамай мен мүлдем басқа әскерге қосылдым.
ӨМІРІМНІҢ ЖАҢА ПАРАҒЫ
Шындықты білмей тұрып, мен нағыз ер адамның қандай болуы керектігіне қатысты жаңсақ пікірде болдым. Бұған ықпал еткен фильмдер мен айналамдағы адамдар еді. Киелі кітап жайлы әңгімелесу ер адамға жараспайды деп ойлайтынмын. Бірақ кейіннен білген нәрселерім өмірімді өзгертті. Бір күні әдемі қызыл көлігіммен қаланы аралап жүргенде, екі қыз қол бұлғап мені шақырып алды. Бұл екі қыз жездемнің қарындастары болатын. Олар Ехоба куәгерлері еді. Мен бұрындары олардан “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдарын алып тұратынмын, бірақ “Күзет мұнарасын” түсіну тым қиын деп ойлайтынмын. Алайда бұл жолы олар мені өз үйлерінде өтетін Қауымның кітап зерттеу тобына шақырды, бұл кездесуде олар Киелі кітапты зерттеп, талқылайтын. Мен ойланып көремін деп айттым. Олар жымиып: “Уәде бересің бе?”— дегенде, мен: “Уәде беремін”,— дедім.
Бұлай дегеніме өкініп қалдым, бірақ сөзімде тұруым керек деп есептедім. Сөйтіп, сол күні кешқұрым кездесуге бардым. Ондағы кішкентай балалар мені қатты таңғалдырды! Олардың Киелі кітап жайлы көп білетініне қайран қалдым. Кезінде анаммен жексенбі сайын шіркеуге барып тұрсам да, Киелі кітап жайлы білетінім шамалы еді. Бұл жиыннан кейін көбірек білгім келіп, Киелі кітапты зерттеуге келістім. Алдымен Құдіреті шексіз Құдайдың есімі Ехоба екенін білдім. Бұдан бірнеше жылдар бұрын анамнан Ехоба куәгерлері жайлы сұрағанымда, ол қысқа қайырып: “Ой, олар бір Ехоба деген қарт кісіге сиынады”,— деген еді. Ал енді көзім ашылғандай болды!
Мен тез рухани өстім, өйткені шындықты тапқанымды түсіндім. Зерттеу сабағын бастағаннан небәрі 9 ай өткен соң, 1957 жылдың наурызында шомылдыру рәсімінен өттім. Менің ой-көзқарасым өзгерді. Нағыз ер адамның қандай болуы керектігіне қатысты Киелі кітапта не делінгенін білгеніме қатты қуанамын. Иса кемелді ер адам болған. Ол кез келген адамнан мықты болса да, ешқашан төбелеске қатыспаған. Қайта, пайғамбарлықта айтылғандай, “жапа шегуден де бас тартпады” (Ишая 53:2, 7). Исаның шынайы ізбасары “бәріне мейірбан” болу керектігін түсіндім (Тімөтеге 2-хат 2:24).
Келесі жылы — 1958 жылы — ізашарлық қызметті бастадым. Бірақ көп ұзамай аз уақытқа тоқтатуға тура келді. Неге дейсіз ғой? Кезінде мені кітап зерттеу тобына шақырған қыздардың бірі Глориямен отау құруды ұйғардым. Мен сол шешіміме ешқашан өкінбеймін. Глория сол кезде асыл тастай еді, ол күні бүгінге дейін сондай. Мен үшін ол әлемдегі ең қымбат гауһар тастан да бағалы. Онымен отау құрғаныма қатты қуанамын! Ол өзі жайлы кішкене айтып берсін:
“Отбасымызда 17 бала болдық. Анам адал Куәгер болатын. 14 жасымда ол көз жұмды. Бұдан кейін әкем Киелі кітапты зерттей бастады. Енді анамыз болмағандықтан, үйде біреуіміз болу үшін әкем мектеп директорымен сөйлесті. Ол әпкем екеуміздің мектепке кезектесіп баруымызға рұқсат сұрады. Сол жылы әпкем мектепте соңғы сыныпта оқып жатқан еді. Мектеп директоры рұқсатын берді. Осылайша кішкентай бауырларымызға қарау үшін үйде бір күні мен, бір күні әпкем қалатын. Әкеміз жұмыстан келгенше, бүкіл отбасымызға тамақ та дайындап қоятынбыз. Әпкем мектеп бітіргенше, біз осылай істеп келдік. Екі Куәгер отбасы бізбен зерттеу сабағын өткізді, сөйтіп, балалардың ішінде 11-іміз Ехоба куәгері болдық. Өте ұялшақ болсам да, уағыздауды жақсы көретінмін. Күйеуім Сэм ұялшақтықты жеңуге жылдар бойы көмектесті”.
Глориямен 1959 жылдың ақпанында шаңырақ көтердік. Ізашар болып бірге қызмет ету бізге ұнайтын. Сол жылдың шілдесінде бетелдік қызметке өтініш жаздық. Өйткені дүниежүзілік бас басқармада қатты қызмет еткіміз келетін. Саймон Крейкер есімді бауырласымыз бізбен сөйлесіп, Бетелге ерлі-зайыптыларды әзірше шақырмайтынын айтты. Соған қарамастан Бетелде қызмет етуге деген ықыласымыз сөнбеді, бірақ мақсатымызға қол жеткізгенге дейін арада бірталай жыл өтті.
Біз дүниежүзілік бас басқармаға хат жазып, жариялаушылар қажет жерге жіберуін сұрадық. Олардың бір ғана ұсынысы болды: Пайн-Блафф (Арканзас). Сол кездері Пайн-Блаффта екі қауым болды. Олардың бірі ақ нәсілді жариялаушылардан, ал екіншісі қара нәсілді жариялаушылардан тұрды. Бізді қара нәсілді қауымға жіберді, онда небәрі 14 жариялаушы бар еді.
НӘСІЛШІЛДІКТІҢ КЕСІРІНЕН ТУЫНДАҒАН ҚИЫНДЫҚТАР
Сіз, бәлкім, Ехоба куәгерлері неге ақ және қара нәсілді жариялаушылар болып бөлінген деп сұрайтын шығарсыз. Мұның себебі — бізде басқа амал болған жоқ. Ол кездері ақ және қара нәсілді адамдардың бірге жиналуы заңға қайшы болатын. Қала берсе, қатыгездік те белең алған кез еді. Көп жерлерде бауырластарымыз Патшалық сарайына екі нәсілдің адамдары бірге жиналса, жұрт ғимаратты қиратып тастайды деп қорқатын. Мұндай жағдайлар шынымен болып тұратын. Егер қара нәсілді Куәгерлер ақ нәсілді адамдар тұратын аумақта үйме-үй уағыздайтын болса, оларды тұтқындап, тіпті ұрып-соғуы да мүмкін еді. Сондықтан заңға бағына жүріп уағыздайтынбыз, әрі жағдай жақсаратын шығар деп үміттенетінбіз.
Кейде қызмет ету оңайға соқпайтын. Қара нәсілді аумақта уағыздап жүргенде, кейде есікті күтпеген жерден ақ нәсілді адамдар ашатын. Сол кезде қысқаша ғана ұсыныс айтамыз ба, жоқ әлде кешірім сұрап, келесі үйге барамыз ба — соны дереу шешу керек болатын. Міне, сол кездегі жағдай осындай еді.
Әрине, ізашар болып қызмет ете алу үшін жұмыс істейтінбіз. Бір күндік жұмысымызға әдетте 3 доллар ғана төлейтін. Глория бірнеше жерде үй тазалаушы болып істейтін. Солардың бірінде маған көмектесуге рұқсат етілді, соның арқасында Глория жұмысын түске дейін бітіретін. Ол үйде бізге тамақ беретін, оны біз кетер алдында ішіп алатынбыз. Глория басқа бір отбасына аптасына бір рет киім үтіктеуге баратын. Ал мен болсам сол үйдің бағына қарайтынмын, терезе жуатынмын және басқа да жұмыс істейтінмін. Ақ нәсілді тағы бір отбасының үйінде терезе жуатынбыз. Глория үйдің ішінен жуса, мен сыртынан жуатынмын. Бұл жұмысқа бір күн кететін, сондықтан олар бізге түскі ас беретін. Глория үйдің ішінде тамақтанатын, бірақ әлгі отбасынан бөлек ішетін. Ал маған гаражда тамақтану керек болды, бұған еш қарсылығым болмады. Берген тамағы өте дәмді еді. Бұл отбасы жап-жақсы адамдар болатын, десе де олар
сол кездегі қоғамның ықпалында еді. Әлі есімде, бірде жанармай құю бекетіне тоқтап, көлігімізге жанармай толтырып алдық. Сосын сондағы жұмысшыдан Глорияның әжетханаға кіруіне бола ма деп сұрадым. Ол маған жаман көзбен қарап: “Әжетхана жабық!”— деп жауап қайырды.БАУЫРЛАСТАРДЫҢ ЕСТЕН КЕТПЕС ЖАҚСЫЛЫҚТАРЫ
Әйтсе де бауырластармен бірге талай қызықты көрдік. Қызметімізді қатты ұнататынбыз! Пайн-Блаффқа енді келгенімізде, сол кездері қауым қызметшісі болған бауырластың үйінде тұрақтадық. Оның әйелі әлі шындықта емес еді, сөйтіп, Глория онымен зерттеу сабағын бастады. Ал мен олардың қызымен және күйеубаласымен зерттеу сабағын бастадым. Кейін анасы да, қызы да Ехобаға қызмет етуді шешіп, шомылдыру рәсімінен өтті.
Ақ нәсілді қауымнан керемет достар таптық. Олар бізді үйіне қонаққа шақыратын, бірақ ешкім көріп қоймау үшін біз оларға қараңғы түскенде ғана баратынбыз. Нәсілшілдік пен зорлық-зомбылықты насихаттаған Ку-клукс-клан деген ұйым сол кездері өте белсенді болды. Бірде Хэллоуин түні бір кісінің Ку-клукс-клан ұйымының мүшесі ретінде үстіне ақ жамылғы, басына ақ қалпақ киіп алып, үйінің алдында еш шімірікпей отырғанын көрдім. Бірақ мұндай жаман ықпал бауырластар үшін жақсылық жасауға кедергі болмады. Бірде жаз мезгілінде облыстық конгреске бару үшін ақша қажет болды. Сонда бір бауырлас біздің 1950 жылғы “Форд” көлігімізді сатып алуға келісті, осылай конгреске баруға ақша табылды. Арада бір ай өтті. Бірде ыстық күннің астында үйме-үй уағыздап, көп зерттеу сабағын жүргізіп, үйге шаршап қайтқан едік. Келген бойда таң-тамаша болдық. Өйткені үйіміздің алдында сол баяғы көлігіміз тұрды! Көліктің әйнегінде қысқаша хат бар екен: “Көліктеріңді менен сыйлық ретінде қабыл алыңдар. Бауырластарың”.
Тағы бір бауырластың мейірімділігі жүрегімді қатты тебіренткені есімде. 1962 жылы мен Нью-Йорктегі Саут-Лансинг қаласында өткелі жатқан Патшалық қызмет мектебіне шақырылдым. Ол жерде бір ай бойы қауымның, ауданның және облыстың бақылаушылары оқу керек еді. Сол кезде мен жұмыссыз жүрдім, ақшамыз да өте аз болатын. Бірақ Пайн-Блаффтағы бір телефон компаниясы мені жұмысқа алу үшін сұхбаттасты. Егер бұл жұмысқа тұрсам, сол компаниядағы ең алғашқы қара нәсілді жұмысшы болмақ едім. Кейін олар мені жұмысқа алғысы келетінін айтты. Енді не істемекпін? Нью-Йоркке баратын көк тиыным да жоқ еді. Табылған жұмысқа тұрып, бауырластарға мектепке бара алмайтынымды айтсам ба екен деп ойладым. Енді болмағанда, Бетелге хат жазайын деп жатқанымда, естен кетпес бір жайт болды.
Қауымымызда күйеуі шындықта емес бір әйел бауырлас бар еді. Ол бір күні таңертең үйімізге келіп, маған хатқалта ұстатты. Іші толған ақша екен. Сөйтсем, ол бірнеше баласын ертіп алып, таң атпай мақта егістігіне барып, арамшөп жұлып жұмыс істеген екен. Олар бұны менің Нью-Йоркке баратын жолыма қажетті қаражат табу үшін істепті. Ол маған: “Мектепке барып, жақсылап оқып
қайт. Сосын келіп, бізді үйретесің!”— деді. Содан соң мен әлгі телефон компаниясына хабарласып, жұмысқа бес аптадан кейін кіріссем бола ма деп сұрадым. Олар маған “Болмайды!” деп кесіп айтты. Бірақ бұған көңілім түспеді. Қабылдайтын шешімді қабылдап қойған едім. Сол жұмысқа тұрмағаным қандай жақсы болған!Пайн-Блаффтағы қызметіміз жайлы Глорияның не дейтінін білейік: “Мен ол жерді қатты ұнатып қалдым! 15-20 шақты зерттеу сабағым бар еді. Сол үшін таңертең алдымен үйден үйге уағыздап, қалған уақытта зерттеу сабақтарын өткізетінбіз. Кейде олар түнгі он бірге дейін созылатын. Қызметіміз сондай қызық еді! Онда қуана-қуана қала берер едім. Шынымды айтсам, басқа қызмет түрін бастап, аудандық қызметті атқаруға онша зауқым соқпады. Бірақ Ехобаның ойы басқа еді”. Иә, оның шынында да бір көздегені бар еді.
АРАЛАУШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕГІ ӨМІРІМІЗ
Пайн-Блаффта жүргенде арнайы ізашарлық қызметке өтініш толтырған болатынбыз. Тағайындалатынымызға сенімді едік. Өйткені біздің облыстық бақылаушымыз Техастағы қауымға көмектесіп, сонда арнайы ізашар болып қызмет еткенімізді қалады. Бұнысы бізге ұнады. Содан қашан жауап келеді екен деп күтумен болдық. Бірақ хаттың келетін түрі жоқ еді. Ақыры, бір хат келді. Сөйтсек, біз аралаушылық қызметке тағайындалыппыз! Бұл 1965 жылдың қаңтары еді. Қазір Құрама Штаттардағы филиал комитетінің үйлестірушісі болып қызмет ететін Лион Уивер бауырлас та сол кезде аудандық бақылаушы болып тағайындалған еді.
Аудандық бақылаушы ретіндегі қызметімді ойлап біраз қобалжыдым. Бұдан бір жылдай бұрын Джеймс Томпсон есімді облыстық бақылаушы жақсы аудандық бақылаушы болу үшін қандай қасиеттер керек екенін атап өткен еді. Жақсаратын жақтарымды да жұмсақтықпен айтты. Содан көп ұзамай аудандық қызметке кіріскенде, оның кеңесіне қаншалықты мұқтаж болғанымды түсіндім. Тағайындалғаннан кейін қызметтес болған алғашқы облыстық бақылаушы сол Джеймс Томпсон бауырлас болды. Осы адал бауырластан үйренгенім өте көп.
Ол кездері аудандық бақылаушыларды үйретуге аз уақыт берілетін. Мен бір аудандық бақылаушының қауымға жасаған сапарын бір апта бойы бақыладым. Кейін ол менің басқа бір қауымға жасаған сапарымды бір апта бойы бақылады. Ол маған кеңестер мен нұсқаулар берді. Кейін екеуміз екі жаққа кеттік. Сол кезде Глорияға: “Ол кішкене қала тұрса қайтеді?!”— дегенім есімде. Бірақ уақыт өте келе мен бір маңызды жайтты түсіндім. Саған көмектесе алатын жақсы бауырластар әрқашан да болады, бірақ сен өзің олардың көмегін қабылдауға дайын болуың керек екен. Сол кезде аралаушы бақылаушы болған Дж. Р. Браун және Бетелде қызмет еткен Фред Раск іспетті тәжірибелі бауырластардың көмегін қатты бағалаймын.
Ол күндері нәсілшілдік кең етек алған еді. Мысалы, бірде біз Теннесси штатындағы бір қалашыққа сапармен барған кезде, Ку-клукс-клан ұйымы ереуілге шыққанын көрдік. Басқа бір жолы қызметте жүргенде, қысқа үзіліс жасап, дәмханаға кірдік. Сондағы әжетханаға кіргенімде, артымнан нәсілшілдердің татуировкасы бар бір ашулы кісі кірді. Бірақ сол мезетте одан да ірі денелі ақ нәсілді бауырлас кіріп келді де: “Хёрд бауырлас, бәрі жақсы ма?”— деп сұрады. Сонда әлгі кісі әжетхананы қолданбастан дереу шығып кетті. Көп жыл бойы мынаған көзім жетті: нәсілшілдіктің түпкі себебі — адамның нәсілі емес, барлығымыздың тұла бойымыздағы күнә. Сондай-ақ бауырласыңның нәсілі қандай болмасын, ол бәрібір сенің бауырласың болып қала беретінін, қажет болса, сен үшін тіпті жанын қиюға дайын екенін көрдім.
ҚОЛ ЖЕТКІЗГЕН ЗОР БАЙЛЫҚ
Біз аудандық қызметті 12 жыл, облыстық қызметті 21 жыл атқардық. Бұл жылдар жігерлендірерлік оқиғаларға бай болды, әрі зор қанағат сыйлады. Алда біз тағы бір батаға кенелмек едік. 1997 жылдың тамызында сонша жыл аңсаған арманымыз орындалды: Құрама Штаттардағы Бетелге шақырылдық. Біз алғаш рет өтініш қағазын толтырған кезден бері 38 жыл өтіп кеткен еді. Сөйтіп, келесі айда бетелдік қызметті бастадық. Бетелдегі жауапты бауырластар мені уақытша көмекке шақырған шығар деп ойлап едім, олай болмай шықты.
Алғашында мен қызмет бөліміне тағайындалдым. Ол жақта көп нәрсеге үйрендім! Бауырластарға елдегі ақсақалдар кеңестерінен және аудандық бақылаушылардан қиын да күрделі көп сұрақ келетін. Мені үйреткен бауырластардың шыдамды болып, қолғабыс еткендеріне ризашылығым шексіз. Егер сол бөлімге қайтадан тағайындалсам, ондағы бауырластардан әлі де көп нәрсе үйренер едім.
Глория екеуміз бетелдік өмірді жақсы көреміз. Біз бұрыннан ерте тұруды ұнатамыз, ал Бетелде бұл әдетіміздің пайдасы көп. Мұнда келгенімізге бір жылдай уақыт өткен соң, маған Басқарушы кеңестің Қызмет комитетіне көмекші болу тапсырылды. Ал 1999 жылы Басқарушы кеңестің мүшесі болып тағайындалдым. Бұл қызметте мен көп нәрсеге үйрендім. Солардың ең маңыздысы — мәсіхшілер қауымының басы адам емес, Иса Мәсіх екендігі.
Өмірім жайлы ойланғанда, кейде өзімді Амос пайғамбар сияқты сезінемін. Тек кедейлер жеген сикомор ағашының жемісін тілумен айналысқан сол бір қарапайым малшыға Ехоба назарын салды. Сөйтіп, оны пайғамбар етіп тағайындап, мол батасын жаудырды (Амос 7:14 сілтеме, 15). Ехоба маған да, Либертидегі кедей фермердің баласына назарын түсірді. Көл-көсір батасын төкті. Олардың бәрін жазып жатуға орын жетпейді (Нақыл сөздер 10:22). Материалдық тұрғыдан қарағанда, кедейшілікте өскенім рас, бірақ кейіннен еш ойламаған зор байлыққа ие болдым!