Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Неге әрі қарай да “мол жеміс бере” беруіміз керек?

Неге әрі қарай да “мол жеміс бере” беруіміз керек?

“Мол жеміс беріп, әрі менің шәкірттерім екендеріңді дәлелдесеңдер, Әкем мадақталады” (ЖОХАН 15:8).

ӘНДЕР: 145, 144

1, 2. а) Өлер алдындағы түні Иса шәкірттерімен не жайлы сөйлесті? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.) ә) Не үшін уағыздайтынымызды ұмытпау неге маңызды? б) Осы мақалада нені талқылайтын боламыз?

ИСА өлер алдындағы түні елшілерімен ұзақ сөйлесті. Сол кезде оларды қатты жақсы көретінін айтты. Сондай-ақ алдыңғы мақалада айтылып кеткен жүзім бұтасы туралы мысалын келтірді. Осылай Иса шәкірттерін “мол жеміс беруге” талпындырғысы келді. Грек тілінде бұл тіркес Исаның оларды әрі қарай да мол жеміс бере беруге, яғни Патшалық туралы хабарды табандылықпен уағыздай беруге шақырғанын білдіреді (Жохан 15:8).

2 Бірақ Иса шәкірттеріне не істеу керектігін ғана емес, неліктен істеу керектігін де түсіндірді. Оларға әрі қарай да уағыздай берудің бірнеше себебін келтірді. Біздің де не үшін уағыздай беруіміз керектігін ұмытпағанымыз маңызды. Осы жайлы ойланғанымыз бізге “барлық халықтарға” табандылықпен уағыздай беруге көмектеседі (Матай 24:13, 14). Біз бұл мақалада уағыздауымыздың Жазбаларға негізделген төрт себебін қарастырамыз. Бұған қоса, табандылықпен өнім беруге көмектесетін Ехобаның төрт сыйын да талқылап өтеміз.

ЕХОБАНЫ МАДАҚТАЙМЫЗ

3. а) Жохан 15:8-ге сай, уағыздауымыздың ең басты себебі қандай? ә) Исаның мысалындағы жүзімдер нені білдіреді және бұл неге орынды теңеу?

3 Уағыздайтынымыздың ең басты себебі — біз Ехобаны мадақтап, оның есімінің киелі тұтылуына үлес қосқымыз келеді (Жохан 15:1, 8 оқыңыз). Жүзім бұтасы туралы мысалында Иса Ехобаны жүзімшіге, өзін жүзім бұтасына, ал шәкірттерін сабақтарға теңеген (Жохан 15:5). Демек, бұл мысалдағы жүзімдер Исаның шәкірттері беретін өнімді, яғни олар атқаратын уағыз ісін білдіреді. Иса елшілеріне: “Мол жеміс берсеңдер,.. Әкем мадақталады”,— деген. Жүзім бұтасы жақсы жүзім берсе, бұл жүзімшіге абырой-атақ әкеледі. Сол іспетті, біз Патшалық хабарын уағыздау үшін барымызды салсақ, Ехобаны атақ-даңққа бөлейміз (Матай 25:20—23).

4. а) Құдай есімінің киелі тұтылуына үлес қосу нені білдіреді? ә) Құдай есімінің киелі тұтылуына үлес қосу мәртебесіне ие болғаныңыз сізді қандай сезімге бөлейді?

4 Құдайдың есімі киелі. Оны одан сайын киелі ете түсу мүмкін емес. Ендеше, қалай біз уағыздау арқылы оның есімін киелі тұтылуына үлес қосамыз? Ишая пайғамбардың сөздеріне назар аударайықшы. Ол былай деген: “Тек Әскербасы Ехобаны киелі деп санаңдар!” (Ишая 8:13). Біз Ехобаның есімін барлық есімдердің ішіндегі ең ұлысы деп санау арқылы және адамдарға оның киелілігін түсінуге көмектесу арқылы бұл есімді киелі тұтатынымызды көрсетеміз (Матай 6:9). Мысалы, адамдарға Ехобаның керемет қасиеттері мен адамзат жұмақта мәңгі өмір сүрсін деген ниеті жайлы үйреткенде, Шайтанның Ехобаға жапқан жаласының бәрі де өтірік екенін түсінуге көмектесеміз (Мұсаның 1-жазбасы 3:1—5). Оларға Ехобаның “даңққа, құрмет пен күш-құдіретке ие болуға лайық” екенін білуге көмектесу арқылы да оның есімінің киелі тұтылуына үлес қосамыз (Аян 4:11). 16 жылдан бері ізашарлық қызметті атқарып келе жатқан Рун бауырлас былай дейді: “Маған бүкіл ғаламның Жаратушысының куәгері болу мәртебесі берілгеніне шексіз ризамын. Бұл әрі қарай да уағыздай беруге деген ықыласымды арттырады”.

ЕХОБА МЕН ИСАНЫ ЖАҚСЫ КӨРЕМІЗ

5. а) Жохан 15:9, 10-да уағыздауымыздың қандай себебі жазылған? ә) Иса шәкірттеріне табандылық қажет болатынын түсінуге қалай көмектесті?

5 Жохан 15:9, 10 оқыңыз. Патшалық хабарын уағыздайтынымыздың екінші себебі — біз Ехоба мен Исаны жақсы көреміз (Марқа 12:30; Жохан 14:15). Иса шәкірттеріне: “Менің сүйіспеншілігімнен айырылмаңдар”,— деген. Ол неге бұлай деді? Өйткені ізбасарларына шынайы мәсіхші ретінде өмір сүру үшін табандылық қажет болатынын білген. Жохан 15:4—10 тармақтардан көрінетіндей, шәкірттеріне осыны түсінуге көмектесу үшін Иса өзімен бірлікте бола беруді және сүйіспеншілігінен айырылмауды қайта-қайта айтқан.

6. Мәсіхтің сүйіспеншілігінен айырылғымыз келмейтінін қалай көрсетеміз?

6 Мәсіхтің сүйіспеншілігі мен қолдауынан айырылғымыз келмейтінін қалай көрсете аламыз? Оған мойынсұну арқылы. Иса бізден өзі істеген нәрседен артық нәрсе істеуді өтініп жатқан жоқ. “Мен Әкемнің өсиеттерін орындап, оның сүйіспеншілігінен айырылмаймын”,— деді ол (Жохан 15:10). Иса бізге жақсы үлгі қалдырған (Жохан 13:15).

7. Қалайша мойынсұнушылық пен сүйіспеншілік өзара байланысты?

7 “Кім менің өсиеттерімді қабылдап, орындаса, соның мені сүйгені”,— деген кезде, Иса мойынсұнушылықтың сүйіспеншілікпен тығыз байланысты екенін анық көрсетті (Жохан 14:21). Исаның айтқан бұйрығы оның Әкесінің де бұйрығы болып табылады. Демек, Исаның уағыздаңдар деген бұйрығына мойынсұну арқылы біз Ехобаны да жақсы көретінімізді паш етеміз (Матай 17:5; Жохан 8:28). Ал Ехоба мен Исаға деген сүйіспеншілігімізді көрсететін болсақ, олардың сүйіспеншілігінен де айырылмаймыз.

АДАМДАРДЫ ЕСКЕРТЕМІЗ

8, 9. а) Уағыздауымыздың тағы бір себебі қандай? ә) Езекиел 3:18, 19 бен 18:23-тегі Ехобаның сөздері бізді әрі қарай да уағыздай беруге қалай талпындырады?

8 Уағыздауымыздың үшінші себебі — біз Ехобаның келе жатқан күні жайлы басқаларға ескерткіміз келеді. Нұх Киелі кітапта “уағыздаушы” деп аталған (Петірдің 2-хаты 2:5 оқыңыз). Топан судың қарсаңында Нұх адамдарға төніп тұрған апат жайлы ескерткен болса керек. Неге олай деуге болады? Өйткені Иса былай деп айтқан: “Топан судан бұрын, Нұх кемеге кірген күнге дейін, адамдар ішіп-жеп, әйел алып, қыз ұзатып өмір кешіп жатты. Топан су басып, бәрін алып кеткенше, олар еш ойланбады. Адам Ұлы осында болған кезде де солай болады” (Матай 24:38, 39). Жұрт хабарына құлақ қоймаса да, Нұх Ехобаның ескерту хабарын адалдықпен айта берді.

9 Бүгінде біз Құдайдың болашақта адамзат үшін не істейтінін басқалар да білу үшін Патшалық хабарын уағыздаймыз. Ехоба сияқты, біз де адамдардың хабарымызға құлақ асып, мәңгі өмір сүргендерін қатты қалаймыз (Езекиел 18:23). Үйден-үйге және көпшілік орындарда уағыздаған кезде, біз мүмкіндігінше көп адамға Құдай Патшалығы орнап, осы зұлым дүниені жоятынын ескертуге тырысамыз (Езекиел 3:18, 19; Даниял 2:44; Аян 14:6, 7).

АДАМДАРДЫ ЖАҚСЫ КӨРЕМІЗ

10. а) Матай 22:39-да уағыздаудың қандай себебі жазылған? ә) Пауыл мен Сыйлас Філіпідегі түрме бастығына қалай көмектесті?

10 Уағыздауды доғармайтынымыздың төртінші себебі — біз адамдарды жақсы көреміз (Матай 22:39). Осы сүйіспеншілік бізді әрі қарай да уағыздай беруге талпындырады, өйткені жағдайлары өзгергенде, адамдардың көзқарасы да өзгеруі мүмкін екенін білеміз. Мысалы, бірде Філіпі қаласында қарсыластары Пауыл мен Сыйласты түрмеге қамап тастайды. Бірақ түн ортасында жер сілкініп, түрменің іргетасы шайқалады да, есіктер ашылып кетеді. Сонда тұтқындар қашып кетті деп қорыққан түрме бастығы өзін өлтірмек болады. Бірақ Пауыл оны тоқтатып: “Өзіңе қол жұмсама!”— деп айқайлайды. Кейін түрме бастығы одан: “Құтқарылуым үшін не істеуім керек?”— деп сұрайды. Пауыл мен Сыйлас оған: “Иеміз Исаға сен. Сонда... құтқарыласың”,— дейді (Елшілердің істері 16:25—34).

Біз Ехобаны, Исаны және адамдарды жақсы көргендіктен уағыздаймыз (5, 10-абзацтарды қараңыз)

11, 12. а) Түрме бастығымен болған оқиғадан уағыз ісіне қатысты неге үйренеміз? ә) Неге біз әрі қарай да уағыздай беруді қалаймыз?

11 Түрме бастығымен болған оқиғадан уағыз ісіне қатысты неге үйренеміз? Байқасақ, жер сілкінісінен кейін ғана түрме бастығының көзқарасы өзгеріп, ол көмек сұрады. Сол сияқты, Киелі кітаптағы хабарды тыңдағысы келмейтіндердің кейбірі қайғылы жағдайға ұшыраған кезде көзқарастары өзгеріп, көмек іздей бастауы мүмкін. Мысалы, кейбіреулер жұмыстан шығарылғанда не жұбайымен ажырасқанда, төбелерінен жай түскендей күй кешетін шығар. Басқалары болса, ауыр дертке шалдыққанын білгенде, я болмаса жақын адамы қайтыс болғанда, қатты жабырқауы мүмкін. Осындай кездері адамдар өмір жайлы бұрын ойланбаған сұрақтарды қоя бастауы ықтимал. Олар тіпті: “Құтқарылуым үшін не істеуім керек?”— деп толғанатын да шығар. Осылай адамдар өмірлерінде бірінші рет біздің үміт беретін хабарымызды тыңдауға ықылас білдіруі мүмкін.

12 Ендеше, әрі қарай да адалдықпен уағыздай беретін болсақ, адамдар хабарымыздан жұбаныш табуға дайын болғанда, алдарынан шығамыз (Ишая 61:1). 38 жыл бойы ізашар болып келе жатқан Шарлотта былай дейді: “Бүгінде адамдар өмірдің мәнін жоғалтқан. Олар қуанышты хабарды естуі қажет”. Ал ізашар болғанына 34 жыл болған Эйвор былай дейді: “Қазір адамдардың көбісі бұрынғыға қарағанда қатты күйзеліп жүр. Мен оларға көмектескім келеді, сондықтан уағыздаймын”. Расында да, адамдарға деген сүйіспеншілік — уағыздауды доғармауға келелі себеп!

ТАБАНДЫ БОЛУҒА КӨМЕКТЕСЕТІН СЫЙЛАР

13, 14. а) Жохан 15:11-де қандай сый туралы айтылған? ә) Исаның қуанышы бізде де болу үшін не істеуіміз керек? б) Қуаныш сезімі бізге қызметімізді атқаруға қалай көмектеседі?

13 Иса өлер алдындағы түні елшілерге мол жеміс бере беруге көмектесетін сыйлар жөнінде де айтқан. Бұл қандай сыйлар? Бүгінде олар бізге қалай көмектесе алады?

14 Қуаныш сезінеміз. Уағыздау біз үшін ауыртпалық па? Мүлдем олай емес. Иса жүзім бұтасы туралы мысалын келтіргеннен кейін, уағыздаған кезімізде оның қуанышы бізде де болатынын айтқан (Жохан 15:11 оқыңыз). Сонда бұл нені білдіреді? Есімізде болса, мысалында Иса өзін жүзім бұтасына, ал шәкірттерін сабақтарға теңеген. Сабақтар жүзім бұтасынан ажырамай тұрған жағдайда ғана қажетті су мен нәрді ала алады. Сол іспетті, біз де Исамен бірлікте болып, ізімен тура жүрсек қана, ол сияқты, Құдайдың еркін орындаудан келетін қуанышқа кенелеміз (Жохан 4:34; 17:13; Петірдің 1-хаты 2:21). 40 жылдан аса ізашар болып қызмет етіп жүрген Ханни былай дейді: “Уағыздан кейін бойымды үнемі қуаныш кернейді. Бұл мені Ехобаға деген қызметімді әрі қарай да жалғастыра беруге талпындырады”. Қуаныш сезімі бізге адамдардың көбісі тыңдамаған кезде де, уағыздай беруге күш береді (Матай 5:10—12).

15. а) Жохан 14:27-де қандай сый жайлы айтылған? ә) Тыныштық бізге уағыздауды доғармауға қалай көмектеседі?

15 Тыныштыққа ие боламыз (Жохан 14:27 оқыңыз). Өлер алдындағы кеште Иса елшілеріне: “Мен өздеріңе берген тыныштықты араларыңда қалдырамын”,— деген. Исаның тыныштығы бізге уағыздауды доғармауға қалай көмектеседі? Біз табандылықпен уағыздауымызбен Ехоба мен Исаны қуантатынымызды білеміз. Ал бұл жүрегімізге тыныштық ұялатады (Зәбүр 149:4; Римдіктерге 5:3, 4; Қолостықтарға 3:15). 45 жыл ізашар болып қызмет етіп жүрген Ульф былай дейді: “Шаршайтыным рас, бірақ уағыздау ісі маған нағыз қанағат сыйлап, өміріме мән-мағына береді”. Сарқылмайтын тыныштыққа ие болғанымызға біз шексіз ризамыз!

16. а) Жохан 15:15-те қандай сый жайлы айтылған? ә) Исамен дос болып қалу үшін елшілер не істеу керек еді?

16 Исамен дос боламыз. Иса елшілерінің қуанышты болғандарын қалайтынын айтқаннан кейін, оларға риясыз сүйіспеншілік танытудың неге маңызды екенін түсіндірді (Жохан 15:11—13). Сосын ол елшілеріне: “Мен сендерді достарым деп атаймын”,— деген. Исамен дос болу неткен керемет сый десеңізші! Бірақ елшілер бұл достықты қалай сақтамақ еді? Иса оларға: “Үнемі мол жеміс беріңдер”,— деді (Жохан 15:14—16 оқыңыз). Басқаша айтқанда, олар уағыздай беру керек еді. Бұдан екі жыл бұрын Иса елшілеріне былай деген болатын: “Көк Патшалығы таяп қалды!”— деп уағыздаңдар” (Матай 10:7). Сол себепті өлер алдындағы түні Иса шәкірттерін табандылықпен уағыздауға талпындырды (Матай 24:13; Марқа 3:14). Әрине, бұл тапсырмасын орындау оңай болмайтынын Иса білген. Десе де бұл олардың қолынан келетін, осылайша онымен дос болып қала алатын. Бұл ретте оларға келесі бір сыйдың көмегі тимек еді.

17, 18. а) Жохан 15:7-де қандай сый туралы айтылған? ә) Бұл сый Исаның шәкірттеріне қалай көмектесті? б) Бүгінде қандай сыйлар бізге табанды болуға көмектеседі?

17 Дұғаларымызға жауап аламыз. Иса: “Қалағандарыңды сұраңдар, сонда сендерге беріледі”,— деді (Жохан 15:7, 16). Бұл уәдесі елшілерге күш бітіргені сөзсіз *! Олар Исаның көп ұзамай қайтыс болатынын толық түсінген жоқ еді. Сондықтан ол қайтыс болған кезде, олар өздері ғана қалып қойғандай сезінген шығар. Бірақ елшілер жалғыз емес-тін, өйткені Ехоба олардың дұғаларын тыңдап, уағыз ісін атқаруға көмектесуге әзір еді. Ол шынында да оларға қолғабыс етті. Исаның өлімінен кейін көп ұзамай елшілер Ехобадан батылдық сұрап жалбарынғанда, Ехоба бұл тілектерін орындады (Елшілердің істері 4:29, 31).

Ехоба көмек сұраған дұғаларымызға жауап беретініне сенімді болсақ болады (18-абзацты қараңыз)

18 Бүгінгі күні де солай. Уағыз ісін табандылықпен атқара берер болсақ, Исаның досы болып қаламыз. Сондай-ақ уағыздау қиын болған кезде көмек сұрап дұға етсек, Ехоба тілегімізді орындайтынына сенімді болсақ болады (Філіпіліктерге 4:13). Біз Ехоба дұғаларымызға жауап беретініне және Иса сияқты досымыздың барына өте ризамыз. Ехобаның бұл сыйлары бізге әрі қарай да мол жеміс беруге күш дарытады (Жақып 1:17).

19. а) Неге біз әрі қарай да уағыздай береміз? ә) Құдай тапсырған істі ақырына дейін жеткізуімізге не көмектеседі?

19 Бұл мақаладан біз әрі қарай да уағыздай беруіміздің келесідей төрт себебін білдік: Ехобаны мадақтап, есімінің киелі тұтылуына үлес қосамыз, Ехоба мен Исаға деген сүйіспеншілігімізді көрсетеміз, адамдарды ескертеміз және оларды жақсы көретінімізді көрсетеміз. Бұдан бөлек, төрт сыйымызды да қарастырдық. Олар: қуаныш, тыныштық, Исамен дос болу және дұғаларымызға жауап алу. Бұл сыйлар бізге Құдай тапсырған істі ақырына дейін жеткізуге күш береді. Ехоба біздің әрі қарай да “мол жеміс бере” беруге күш салып жатқанымызды көргенде, шат-шадыман болады!

^ 17-абзац Иса елшілерімен әңгімелесу барысында Ехоба олардың дұғасына жауап беретінін бірнеше рет естеріне салды (Жохан 14:13; 15:7, 16; 16:23).