Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба “төзімділікпен өнім беретіндерді” жақсы көреді

Ехоба “төзімділікпен өнім беретіндерді” жақсы көреді

“Жақсы топыраққа түскендері... төзімділікпен өнім береді” (ЛҰҚА 8:15).

ӘНДЕР: 98, 101

1, 2. а) Бауырластардың адамдар тыңдай бермейтін аумақта қызмет етіп жүргендері неге бізді жігерлендіреді? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.) ә) Иса “өз елінде” уағыздауға қатысты не айтқан? (Сілтемені қараңыз.)

СЕРДЖО МЕН ОЛИНДА есімді ерлі-зайыпты Құрама Штаттарда ізашар болып қызмет етеді. Екеуінің де жасы 80-нен асқан. Аяқтары ауыратындықтан, жүріп-тұрулары қиын. Сонда да олар жылдар бойғы әдеттерінен айнымай, таңғы жетіде адамдар көп жүретін қала алаңына қарай шығады. Олар аялдаманың қасына орналасып, өткен-кеткендерге әдебиеттерімізді ұсынады. Көбісі оларға назар аудара бермейді. Сөйтсе де Серджо мен Олинда орындарынан тапжылмай, өздеріне көзі түскен адамдарға күлімсіреп қарайды. Ал түсте жайлап үйлеріне қайтады. Келесі күні таңғы жетіде екеуі аялдамаға қайтып келеді. Осылай олар қысы-жазы аптасына алты күн уағыздайды.

2 Серджо мен Олинда сияқты адал бауырластарымыз аз емес. Олар көп адам тыңдамайтынына қарамастан, өз елдерінде жылдар бойы уағыздап келеді. Бәлкім, сіз де сондай аумақта қызмет ететін шығарсыз. Қиын болғанына қарамай, табандылықпен уағыздап жүргеніңіз үшін жарайсыз *! Сіздің үлгіңіз көп бауырласты, тіпті тәжірибесі мол бауырластардың өзін жігерлендіреді. Кейбір аудандық бақылаушылар былай дейді: “Осындай адал бауырластармен қызметтескенде, олардың үлгісі ынта-жігерімді тасытып жібереді”. “Олардың адалдығы қызметімді табандылықпен, батылдықпен атқара беруге талпындырады”. “Мұндай үлгілі бауырластар жүрегімді жылытады”.

3. Қандай үш сұрақты қарастырамыз және неге?

3 Осы мақалада біз келесі үш сұрақты қарастырамыз: Неге кейде біздің ұнжырғамыз түсуі мүмкін? Өнім беру деген нені білдіреді? Бізге төзімділікпен өнім бере беруге не көмектеседі? Бұл сұрақтардың жауабын білгеніміз Иса тапсырған уағыз ісін жалғастыра беруге талпындырады.

НЕГЕ ҰНЖЫРҒАМЫЗ ТҮСУІ МҮМКІН?

4. а) Яһудилердің тарапынан қарсылық көргенде, Пауыл өзін қалай сезінген? ә) Пауыл неге бұндай күй кешкен?

4 Аумағыңыздағы адамдар Патшалық жайлы хабарға құлақ аспағанда, ұнжырғаңыз түскен кез болған ба? Болған болса, елші Пауылдың сезімдерін түсінерсіз. Ол шамамен 30 жыл бойы уағыздап, көп адамға мәсіхші болуға көмектескен (Елшілердің істері 14:21; Қорынттықтарға 2-хат 3:2, 3). Десе де олардың ішінде яһудилер аз еді. Яһудилердің көбісі Пауылды тыңдаудан бас тартты, кейбірі тіпті қудалады (Елшілердің істері 14:19; 17:1, 4, 5, 13). Осындай қарсылықтар көргенде, Пауыл өзін қалай сезінген? “Қасіретім зор, жүрегім сыздап қоймайды”,— деген ол (Римдіктерге 9:1—3). Пауыл неге бұндай күй кешкен? Өйткені ол уағыздауды және адамдарды қатты жақсы көрген. Ол яһудилердің қамын шынымен ойлаған. Сондықтан олардың Құдай рақымынан бас тартқанына қатты көңілі түскен.

5. а) Бізді уағыздауға не талпындырады? ә) Кейде ұнжырғамыздың түсетіні неге түсінікті жағдай?

5 Пауыл сияқты, біз де адамдарды жақсы көргендіктен әрі оларға көмектескіміз келгендіктен уағыздаймыз (Матай 22:39; Қорынттықтарға 1-хат 11:1). Біз Ехобаға қызмет ету ең жақсы өмір жолы екенін өз тәжірибемізден көріп жүрміз. Басқалар да өз өмірлерін жақсарта алатындарын білсе екен дейміз! Сол себептен біз оларды Ехоба жайлы шындықты және оның адамзатқа қатысты ниетін білуге талмай шақырамыз. Мұндайда біз оларға әдемі сыйлық ұсынып: “Мынаны алыңызшы”,— деп өтінгендей боламыз. Сондықтан олар бұл сыйлықтан бас тартқанда, Пауыл сияқты, біздің де “жүрегіміз сыздайтыны” түсінікті жағдай. Жүрегіміз сеніміміз әлсіз болғандықтан емес, адамдарды шын жақсы көргендіктен сыздайды. Сондықтан кейде ұнжырғамыз түссе де, әрі қарай уағыздай береміз. 25 жылдан аса уақыт ізашар болып жүрген Еленаның мына сөздерімен келісетін шығармыз: “Уағыздау маған қиынға соғады. Бірақ мен үшін бұдан артық іс жоқ”.

ӨНІМ БЕРУ ДЕГЕН НЕНІ БІЛДІРЕДІ?

6. Қазір қай сұрақты қарастырамыз?

6 Қай жерде уағыздасақ та, қызметте жемісті бола аламыз. Бұған неге сенімді болсақ болады? Бұл сұрақтың жауабын алу үшін, Исаның “өнім беру” туралы екі мысалын қарастырайық (Матай 13:23). Біріншісі — жүзім бұтасы жайлы мысал.

7. а) Исаның мысалындағы “жүзімші”, “жүзім бұтасы”, “сабақтар” кімдерді бейнелейді? ә) Біз әлі қай сұрақтың жауабын білуіміз қажет?

7 Жохан 15:1—5, 8 оқыңыз. Иса түсіндіргендей, бұл мысалда “жүзімші” Ехобаны, “жүзім бұтасы” Исаның өзін, ал “сабақтар” шәкірттерін бейнелейді *. Сосын Иса елшілеріне былай деді: “Мол жеміс беріп, әрі менің шәкірттерім екендеріңді дәлелдесеңдер, Әкем мадақталады”. Сонда өнім немесе жеміс беру деген нені білдіреді? Осы мысалда Иса өнімнің нақты не екенін айтпаған, бірақ оны анықтауға көмектесетін бір жайтты келтірген.

8. а) Исаның мысалындағы “жеміс беру” деген сөз неге шәкірт дайындауды білдіруі мүмкін емес? ә) Ехобаның бізге қоятын талаптарының бәрі қандай?

8 Иса Әкесі жайлы: “Ол мендегі жеміс бермейтін әрбір сабақты кесіп тастайды”,— деген. Басқаша айтқанда, біз жеміс берсек қана, Ехобаның қызметшісі бола аламыз (Матай 13:23; 21:43). Демек, бұл мысалда жеміс беру деген шәкірт дайындауды білдіруі мүмкін емес (Матай 28:19). Егер соны білдірсе, ешкімді Исаның шәкірті ете алмаған адал бауырластар жеміс бермейтін сабақтар тәрізді болар еді. Бірақ бұл олай емес! Неге? Өйткені біз адамдарды мәжбүрлеп шәкірт ете алмаймыз. Ехоба — сүйіспеншілігі мол Құдай. Ол қолымыздан келмейтін нәрсені бізден ешқашан талап етпейді. Ол біз орындай алатын нәрсені ғана талап етеді (Мұсаның 5-жазбасы 30:11—14).

9. а) Жеміс беру деген нені білдіреді? ә) Қазір қандай мысалды қарастырамыз?

9 Сонымен, жеміс беру деген нені білдіреді? Бұл бәріміздің қолымыздан келетін іс болуы тиіс. Ехоба барша қызметшілеріне қандай іс тапсырған? Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабарды уағыздау * (Матай 24:14). Исаның диқан туралы мысалынан бұл анық көрінеді. Қазір сол мысалды қарастырайық.

10. а) Исаның мысалындағы тұқым мен топырақ нені білдіреді? ә) Бидай сабағы қандай өнім береді?

10 Лұқа 8:5—8, 11—15 оқыңыз. Диқан туралы мысалында Иса тұқымның “Құдай сөзін”, яғни Құдай Патшалығы туралы хабарды білдіретінін айтқан. Ал топырақ адамның жүрегін білдіреді. Жақсы топыраққа түскен тұқым тамыр жайып, көктеп шығады. Кейін ол “жүз еседен өнім береді”. Егер тұқымнан бидай сабағы көктеп шықса, ол қандай өнім береді? Кішкентай бидай сабақтарын ба? Жоқ, ол көп дән, яғни тұқым береді. Кейін сол тұқымдардан да бидай сабақтары өсіп шығады. Аталмыш мысалда бір тұқым 100 тұқымнан өнім берді. Бұдан қызметімізге қатысты не білуге болады?

Қалай біз “төзімділікпен өнім бере” аламыз? (11-абзацты қараңыз)

11. а) Диқан жайлы мысалдан қызметімізге қатысты не білеміз? ә) Біз қалай жаңа тұқым береміз?

11 Мәсіхші ата-анамыз не басқа Куәгерлер алғаш рет бізге Құдай Патшалығы туралы үйреткенде, жақсы топыраққа тұқым сепкендей болды. Олар біздің хабарға құлақ асқанымызға қатты қуанды. Сол тұқым өсіп-жетіліп, түбінде өнім беруге дайын болды. Жоғарыда айтылып кеткен бидай сабағы өнім ретінде жаңа сабақтар емес, тұқым береді. Сол сияқты, біз беретін өнім — жаңа шәкірттер емес, жаңа тұқым *. Бұл қалай болады? Адамдарға Құдай Патшалығы туралы айтқан сайын, біз жүрегімізге егілген тұқымды көбейтіп, сеуіп жатқандай боламыз (Лұқа 6:45; 8:1). Демек, Құдай Патшалығы жайлы хабарды уағыздай берер болсақ, “төзімділікпен өнім бергеніміз”.

12. а) Исаның жүзім бұтасы мен диқан жайлы мысалдарынан неге үйренеміз? ә) Осыны білгеніңіз сізді қандай сезімге бөлейді?

12 Исаның жүзім бұтасы мен диқан жайлы мысалдарынан неге үйренеміз? “Өнім беру” деген адам ізгі хабарға құлақ аса ма, аспай ма — оған байланысты емес. Бұл біз әрі қарай да уағыздай береміз бе, жоқ па — соған байланысты. Пауыл да осыған ұқсас ой айтып: “Әрқайсысы еңбегіне қарай өз сыйын алады”,— деген (Қорынттықтарға 1-хат 3:8). Ехоба еңбегіміздің нәтижесі үшін емес, еңбегіміздің өзі үшін сый береді. 20 жылдан бері ізашар болып келе жатқан Матильда былай дейді: “Ехобаның бізді атқарған жұмысымыз үшін жарылқайтынына қуанамын”.

ТӨЗІМДІЛІКПЕН ӨНІМ БЕРУ ҮШІН НЕ ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК?

13, 14. Римдіктерге 10:1, 2-ге сай, Пауыл қандай себептермен уағыздауды еш доғармаған?

13 “Төзімділікпен өнім беруге” бізге не көмектеседі? Пауылдың жағдайын тереңірек қарастырып көрейік. Білгеніміздей, яһудилердің Патшалық жайлы хабарға құлақ аспағандарына Пауылдың көңілі түскен еді. Бірақ бұл халыққа уағыздауды ол ешқашан тоқтатпаған. Оларға деген көзқарасын Пауыл былай деп білдірді: “Жүрек қалауым да, Құдайдан жалбарынып сұрайтыным да — исраилдіктердің құтқарылуы. Мен олардың Құдайға құлшына қызмет етіп жүргендерін растай аламын, бірақ бұлары тура білімге негізделмеген” (Римдіктерге 10:1, 2). Демек, Пауыл уағыздауын не себепті доғармаған?

14 Біріншіден, Пауыл яһудилерге уағыздауға “жүрек қалауы” талпындырғанын айтқан. Олардың құтқарылғанын ол жан-тәнімен қалаған (Римдіктерге 11:13, 14). Екіншіден, Пауыл олар үшін “Құдайдан жалбарынып сұраған”. Ол яһудилердің кейбірі болса да Патшалық жайлы хабарды қабыл алса екен деп Ехобаға жалынған. Үшіншіден, Пауыл олардың “Құдайға құлшына қызмет етіп жүргендерін” айтқан. Ол адамдардың жақсы жақтарын байқап, оларды Ехобаның болашақ қызметшісі ретінде көрген. Пауыл олардың да, өзі сияқты, Мәсіхтің құлшынысты шәкірттері бола алатынын білген.

15. Біз Пауылға қалай еліктей аламыз? Мысалдар келтіріңіз.

15 Біз Пауылға қалай еліктей аламыз? Біріншіден, біздің “мәңгі өмірге ыңғай танытқандарды” табуға деген ыстық ықыласымыз болу керек. Екіншіден, ақжүректі адамдар уағызымызды тыңдаса екен деп Ехобаға жалбарынамыз (Елшілердің істері 13:48; 16:14). Шамамен 30 жыл ізашар болып жүрген Сильвана солай етеді. Ол: “Учаскемде әр үйге кірмес бұрын Ехобаға дұға етіп, оң көзқарас сақтауға көмектесуін сұраймын”,— дейді. Сондай-ақ біз періштелер уағызымызға құлақ асуға дайын адамдарды табуға көмектессінші деп дұға етеміз (Матай 10:11—13; Аян 14:6). 30 жылдан аса уақыт бойы ізашар болып жүрген Роберт есімді бауырлас былай дейді: “Тұрғындардың өмірінде не болып жатқанын жақсы білетін періштелермен қызметтесу ерекше сезімге бөлейді”. Үшіншіден, біз адамдардың жақсы жақтарын байқап, оларды Ехобаның болашақ қызметшісі ретінде көруге тырысамыз. Шомылдыру рәсімінен өткеніне 50 жылдан асқан Карл есімді ақсақал былай дейді: “Адамның ақжүректі екендігінің кішкентай да болса нышанын, мысалы күлімдегенін, жылы жүзін не шын жүректен сұрақ қойғанын байқауға тырысамын”. Осылай етсек, Пауыл сияқты, біз де “төзімділікпен өнім бере” аламыз.

“ҚОЛЫҢЫЗ ТЫНЫМ ТАППАСЫН”

16, 17. а) Уағыздаушы 11:6-дағы сөздерден қандай сабақ аламыз? ә) Бізді көріп жүрген адамдарға уағыздап жүргеніміз қалай әсер етуі мүмкін?

16 Адамдар бізді тыңдамайтындай көрінсе де, уағыздап жүргеніміз оларға қаншалықты әсер етуі мүмкін екенін ешқашан естен шығармауымыз керек (Уағыздаушы 11:6 оқыңыз). Біз жұрттың назарындамыз. Олар біздің ұқыпты сырт көрінісімізді, сыпайылығымыз бен достық пейілімізді байқайды. Уақыт өте бұл оларға қатты әсер етуі мүмкін. Тіпті біз жайлы жағымсыз пікірде болған адамдардың көзқарасы жақсы жаққа өзгере бастауы да ғажап емес. Серджо мен Олинда мұның растығына көз жеткізген.

17 Серджо былай дейді: “Ауырып қалғандықтан, біраз уақыт қала алаңына шыға алмадық. Кейін қайтып келгенімізде, әрі-бері өткендер: “Неге көрінбей кеттіңдер? Сағынып қалдық қой”,— деп жатты”. Ал Олинда күлімдеп былай деді: “Автобус жүргізушілері қол бұлғап, кейбірі: “Жарайсыңдар!”— деп айғайлады. Олар тіпті журналдарымызды сұрады”. Бір кісі әдебиет арбасының қасына келіп, гүл шоғын сыйлап, атқарып жатқан істері үшін рақмет айтқанда, Серджо мен Олинда қатты таңғалған.

18. Неге сіз “төзімділікпен өнім беруге” бел будыңыз?

18 Құдай Патшалығы жайлы өзгелерге уағыздаудан “қолыңыз тыным таппаса”, “барлық халықтарға” уағыздау ісіне зор үлесіңізді қосасыз (Матай 24:14). Ең маңыздысы, Ехобаның жүрегін қуантасыз, ал бұл сізді зор шаттыққа бөлейді. Ол “төзімділікпен өнім беретіндердің” бәрін де қатты жақсы көреді!

^ 2-абзац Тіпті Иса да “өз елінде” уағыздаудың қиын болғанын айтқан. Бұл оның қызметі жайлы төрт кітапта да жазылып кеткен (Матай 13:57; Марқа 6:4; Лұқа 4:24; Жохан 4:44).

^ 7-абзац Осы мысалдағы “сабақтар” көкте өмір сүруге үміттенетін мәсіхшілерді білдіргенімен, барлық Құдай қызметшілерінің бұл мысалдан үйренері бар.

^ 9-абзац “Жеміс беру” деген тіркес “киелі рухтың жемісіне” де нұсқауы мүмкін. Бірақ осы және келесі мақалада біз Ехобаны мадақтап, Патшалық хабарын уағыздау арқылы жеміс беруге назар аударамыз (Ғалаттықтарға 5:22, 23; Еврейлерге 13:15).

^ 11-абзац Басқа кездері Иса егін егу мен жинау жайлы мысалдарын шәкірт дайындауға қатысты айтқан (Матай 9:37; Жохан 4:35—38).