Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Гауһар тастан да бағалы қасиет

Гауһар тастан да бағалы қасиет

Адамдар гауһар тасты өте құнды тас деп бағалайды. Олардың кейбірі миллиондаған доллар тұрады. Бірақ Құдай алдында гауһар тастан да бағалы нәрсе бар. Ол не?

Арменияда тұратын Хайкануш есімді шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы бірде үйінің жанынан паспорт тауып алады. Паспорттың ішінде бірнеше төлем картасы мен қомақты ақша бар екен. Сөйтіп, ол күйеуіне (ол да шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы) не тауып алғанын айтады.

Сол кездері бұл ерлі-зайыпты қаржы жағынан қысылып жүрген болатын, тіпті қарыздары да бар еді. Соған қарамастан олар паспорттағы мекенжай бойынша ақшаны қайтарып беруді ұйғарады. Паспорттың иесі мен оның жанұясы бұған қатты таңғалады. Хайкануш пен күйеуі Киелі кітаптан білгендерінің арқасында шыншыл екендерін айтады. Сосын мүмкіндікті пайдаланып, Ехоба куәгерлері туралы айтады да, бірнеше әдебиет қалдырып кетеді.

Әлгі отбасы Хайканушке ақшалай сыйақы бермекші болады. Бірақ ол бас тартады. Сонда да келесі күні паспорт иесінің әйелі Хайкануштің үйіне келіп, ризашылық білдіру үшін гауһар тасы бар сақинаны қоярда-қоймай ұстатады.

Бүгінде көп адам Хайкануш пен күйеуінің шыншылдығы жайлы естісе, жаңағы отбасы сияқты қайран болары анық. Бірақ Ехоба бұған таңғалды ма? Олардың адалдығын қалай бағалады? Олардың шыншылдығы соған татыды ма?

БАЙЛЫҚТАН ДА БАҒАЛЫ ҚАСИЕТТЕР

Құдайдың қызметшілері үшін бұл сұрақтардың жауабы қиын емес. Өйткені олар Ехобаға тән қасиеттерді танытса, бұл ол үшін гауһар тас, алтын не басқа да құнды заттардан әлдеқайда бағалы екенін біледі. Расында да, Ехоба бағалы деп санаған нәрселер көп адамға олай болмауы мүмкін (Ишая 55:8, 9). Ал Ехобаның қызметшілері оған ұнамды қасиеттерді таныту үшін күш салғандары аса құнды екенін түсінеді.

Мұны Киелі кітапта парықтылық пен даналық жайлы не айтылғанынан білеміз. Нақыл сөздер 3:13—15 тармақтарда былай делінген: “Қандай бақытты даналықты тапқан адам, Парықтылыққа үйренген жан! Даналықты иемдену күмістен артық, Оның берер пайдасы алтыннан зор. Ол маржаннан да қымбат, Құмартқан еш нәрсең оған тең келмес”. Демек, Ехоба осындай қасиеттерді кез келген қазынадан жоғары қояды.

Ал адалдық, яки шыншылдық, жайлы не деуге болады?

Ехобаның өзі — адал, шыншыл Құдай. Ол “өтірік айта алмайды” (Титке 1:2). Ехоба киелі рухы арқылы елші Пауылға қозғау салып, І ғасырдағы еврей мәсіхшілеріне былай деп жаздырды: “Біз үшін дұға ете беріңдер, өйткені барлық жағдайда адал жүріп-тұрғымыз келетіндіктен, ар-ұжданымыз таза екеніне сенімдіміз” (Еврейлерге 13:18).

Иса Мәсіх те шыншыл болудың үлгісін қалдырған. Мысалы, бас діни қызметкер Қаяпа одан: “Тірі Құдайдың алдында ант етіп, бізге мынаны айт: сен Құдай Ұлы Мәсіхсің бе?”— деп сұрағанда, ол еш бүкпесіз өзінің Мәсіх екенін ашық айтты. Жоғарғы кеңес оны Құдайды қорлаушы деп айыптап, өлімге кесуі мүмкін екенін білсе де, Иса шындықтан жалтармады (Матай 26:63—67).

Ал біз ше? Қандай да бір пайда көрудің орайы келсе, кейбір жайттарды жасырып не шындықты кішкене бұрмалап, адалдықтан тайып кетеміз бе?

АДАЛ БОЛУ ОҢАЙ ЕМЕС

Осы соңғы күндері адал болу оңай емес, өйткені адамдардың көбісі “тек қара басын ойлайтын, ақшақұмар” болып кеткен (Тімөтеге 2-хат 3:2). Қаржы дағдарысы белең алғанда не жұмыс табу қиынға соққанда, басым көпшілік ұрлық-қарлық, алдап-арбау не басқа да арам істерге барудан тайынбайды. Бұндай жайттың кең тарағаны сонша — адалдықтан аттап өтуді жұрт мал-мүлікке қол жеткізудің жалғыз жолы деп біледі. Тіпті кейбір мәсіхшілердің өзі бұрыс шешім қабылдап, “арам олжа” үшін қауымдағы жақсаттарынан айырылып қалған (Тімөтеге 1-хат 3:8; Титке 1:7).

Алайда мәсіхшілердің көбісі Исаға еліктейді. Олар Құдайға ұнамды қасиеттерге ие болудың кез келген байлықтан не пайдадан анағұрлым артық екенін түсінеді. Осы себепті де жас мәсіхшілер мектепте жақсы баға алу үшін қулық-сұмдыққа бармайды (Нақыл сөздер 20:23). Рас, Хайкануш сияқты адалдығымыз үшін әрдайым сыйақы ала бермейтін шығармыз. Дегенмен адал жүріп-тұру Құдайдың көз алдында дұрыс. Осының арқасында таза ар-ұжданға ие боламыз. Ал бұған тең келер ештеңе жоқ!

Мұның растығын Гаджиктің мысалы жақсы көрсетеді. Ол былай дейді: “Мәсіхші болар алдында мен бір үлкен компанияда жұмыс істедім. Сол компанияның бастығы салық төлегісі келмей, түскен кірісті есепте азайтып көрсететін. Салық агенті компаниямыздың алаяқтық істеріне көз жұмып қарау үшін, менен менеджер ретінде оған пара беріп, “келісімге” келу талап етілетін. Содан не керек, мен арам деген атқа қалдым. Ал шындықты білгеннен кейін, айлығым жақсы болса да, жұмыстан бас тартуды жөн көрдім. Сөйтіп, жеке бизнесімді аштым. Ә дегеннен-ақ компаниямды заңды түрде тіркеп алдым, сондай-ақ барлық салықтарды төлеп тұрдым” (Қорынттықтарға 2-хат 8:21).

Гаджик әрі қарай былай дейді: “Менің кірісім екі есе азайғандықтан, отбасымды асырау оңай болмады. Бірақ қазір мен әлдеқайда бақыттымын. Өйткені Ехобаның алдында ар-ұятым таза. Екі балам үшін жақсы үлгімін, қауымда да мәртебелі қызмет атқара аламын. Салық аудиторлары мен іскерлер арасында адал жан ретінде танымалмын”.

ЕХОБА ӨЗ ҚАМҚОРЫНА АЛАДЫ

Ехоба өз ілімін тамаша қасиеттерімен, соның ішіндегі адалдығымен, көркейтіп жүргендерді жақсы көреді (Титке 2:10). Егер солай етсек, ол бізді өз қамқорына аламын деп уәде етеді. Ол киелі рухымен Дәуіт патшаға келесідей сөздерді жазуға қозғау салған: “Кезінде мен жас болдым, енді қартайдым, Бірақ Құдайдың әділді тастап кеткенін не оның балаларының нан сұрап жүргенін еш көрмедім” (Зәбүр 37:25).

Адал Руттың бастан өткергені — осыған дәлел. Ол енесі Нағиманы қартайған шағында тастап кетпей, жанына жалау болды. Сөйтіп, Исраилге көшіп, сол жерде шынайы Құдайға ғибадат етті (Рут 1:16, 17). Мұса Заңындағы кедей-кепшіктер үшін қарастырылған шараға сай, ол бел жазбай масақ теріп, адал еңбек етті. Ехоба Дәуіттің жағдайындағыдай, Рут пен Нағиманы да тастамады (Рут 2:2—18). Ол Рутты тәндік жағынан ғана қамқорлап қойған жоқ. Оны Дәуіт патшаның, тіпті уәде етілген Мәсіхтің арғы әжесі болу үшін таңдап алды! (Рут 4:13—17; Матай 1:5, 16).

Құдайдың кей қызметшілерінің де тапқан табысы күнкөріске әрең жетуі мүмкін. Бірақ олар ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, арам жолмен пайда таппай, қайта, бар ынтасымен аянбай еңбек етеді. Осылайша олар адалдықты қоса алғанда, Құдайдың керемет қасиеттерін таныту өздері үшін дүние-мүліктен әлдеқайда құнды екенін көрсетеді (Нақыл сөздер 12:24; Ефестіктерге 4:28).

Рут іспетті, шартараптағы мәсіхшілер де Ехобаның өздерін қамқорлауға құдіреті жететініне сенім артады. Олар мына сөздерді уәде еткен Құдайға кәміл сенеді: “Мен сені ешқашан қалдырмаймын, ешқашан тастамаймын” (Еврейлерге 13:5). Ехоба әрдайым адал жүріп-тұратындарға көмектесе алатынын әрі көмектесетінін дәлелдеп келеді. Ол өз қызметшілерінің күнделікті қажеттілігін қамтамасыз етемін деген уәдесіне берік (Матай 6:33).

Адамдар гауһар тасты я басқа да бағалы заттарды қымбат тұтатыны рас. Бірақ көктегі Әкеміз үшін бойымыздағы адалдық пен басқа да жақсы қасиеттер кез келген асыл тастан, кез келген байлықтан әлдеқайда артық!

Адал жүріп-тұрсақ, қызметте адамдармен таза ар-ұжданмен сөйлесе аламыз