Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобаны Құмырашымыз ретінде бағалайық

Ехобаны Құмырашымыз ретінде бағалайық

“Уа, Ехоба,.. сен Құмырашысың. Бәріміз де сенің қолыңнан шыққан бұйымбыз” (ИШАЯ 64:8).

ӘНДЕР: 89, 26

1. Неліктен Ехоба ең ұлы Құмырашы?

АНГЛИЯДА 2010 жылдың қарашасында қытайдың ХVIII ғасырда жасалған бір қыш құмырасы шамамен 70 миллион долларға бағаланды. Құмырашының кәдімгі арзан сазбалшықтан сондай әдемі әрі өте қымбат дүние жасап шығаратыны бір ғанибет емес пе?! Ехоба — біздің Құмырашымыз, ол кез келген құмырашыдан әлдеқайда асып түседі. Киелі кітапта айтылғандай, Ехоба “жердің топырағынан”, яғни саздан, кемелді адамды жаратты (Мұсаның 1-жазбасы 2:7). Адам ата “Құдайдың ұлы” деп аталды, әрі Жаратушысының қасиеттерін таныта алатын қабілетпен жаратылды (Лұқа 3:38).

2, 3. Біз күнәсіна өкінген исраилдіктерге қалай еліктей аламыз?

2 Адам ата Жаратушысына қарсы шыққанда, Құдайдың ұлы болу мәртебесінен айырылды. Алайда оның ұрпағынан тараған “бұлт іспетті” көп адам Ехобаны өз Билеушісі ретінде таңдады (Еврейлерге 12:1). Жаратушыларына кішіпейілділікпен мойынсұну арқылы олар өздерінің Әкесі әрі Құмырашысы Шайтан емес, Ехоба болғанын қалайтындарын көрсетті (Жохан 8:44). Олардың Құдайға деген адалдығы күнәсіна өкінген исраилдіктердің келесі сөздерін есімізге салады: “Уа, Ехоба, біздің Әкемізсің. Біз сазбалшықпыз, ал сен Құмырашысың. Бәріміз де сенің қолыңнан шыққан бұйымбыз” (Ишая 64:8).

3 Бүгінде Ехобаның шынайы қызметшілері де кішіпейіл әрі мойынсұнғыш болуға барынша тырысады. Олар Ехобаны Әкеміз деп атап, оған өздерінің Құмырашысы ретінде бағынуды зор мәртебе көреді. Құдай бізден бағалы ыдыс жасап шығара алу үшін, оның қолында жұмсақ сазбалшық болуға дайынбыз ба? Бауырластарымыздың әрқайсысына Құдайдың қолында әлі де қалыптасып жатқан бұйымдай қараймыз ба? Осы орайда бізге дұрыс көзқарас танытуға көмектесетін келесі үш жайтты қарастырайық: 1) Ехоба қалыптастырғысы келетін адамдарды қалай таңдайды? 2) Неге оларды қалыптастырады және 3) ол мұны қалай істейді?

ЕХОБА ҚАЛЫПТАСТЫРҒЫСЫ КЕЛЕТІН АДАМДАРДЫ ҚАЛАЙ ТАҢДАЙДЫ?

4. Ехоба өзіне жақындатып тартқысы келетін адамдарды қалай таңдайды? Мысал келтіріңіз.

4 Пенде адамның сырт келбетіне қарайды. Ал Ехоба адамның жүрегін, яғни шынайы болмысын көреді (Самуилдің 1-жазбасы 16:7ә оқыңыз). Бұл жайт Құдай мәсіхшілер қауымын құрған кезде анық көрінді. Өзгелер жаман деп есептеген көптеген адамдарды ол өзіне және Ұлына жақындатып тартты (Жохан 6:44). Мысалы, сондай адамдардың бірі Саул есімді парызшыл еді. Ол “Құдайға тіл тигізуші, қудалаушы, арсыз” болған (Тімөтеге 1-хат 1:13). Бірақ жүректі тексеретін Ехоба Саулды жарамсыз сазбалшық деп санамады (Нақыл сөздер 17:3). Қайта, одан бағалы ыдыс жасауға болатынын көріп, оны “өз атын басқа халықтарға, патшаларға және Исраил ұлдарына жариялау үшін таңдап алды” (Елшілердің істері 9:15). Сонымен қатар Ехоба “қадірмен тұтынуға” арналған ыдыс жасауға жарайтын басқа да адамдарды, мысалы маскүнемдерді, азғындар мен ұрыларды, таңдады (Римдіктерге 9:21; Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11). Олар Жазбаларды зерттей келе, сенімдерін нығайтып, Ехобаға өздерін қалыптастыруға жол берді.

5, 6. Ехобаға Құмырашы ретінде сенім артқанымыз а) аумағымыздағы адамдарға деген көзқарасымызға; ә) бауырластарымызға деген көзқарасымызға қалай әсер етеді?

5 Біз Ехобаның жүректі оқи алатын қабілетіне және өзі таңдаған адамды жақындатып тартатынына кәміл сенеміз. Сондықтан да аумағымыздағы не қауымымыздағы адамдарды соттамауымыз керек. Майкл деген кісінің мысалын көрейік. Ол былай дейді: “Үйіме Ехоба куәгерлері келгенде, мен есікті тарс етіп жауып қоятынмын. Мен өте дөрекі болдым! Кейінірек бір отбасымен таныстым, олардың жүріс-тұрысы мені сондай тәнті етті. Бір күні олардың Ехоба куәгерлері екенін білгенімде, төбеме жай түскендей болды! Осы отбасының жүріс-тұрысына қарап, Ехоба куәгерлерін жақтырмауыма не себеп болғаны жайлы ойлана бастадым. Көп ұзамай, оларға деген көзқарасым нақты деректерге емес, білместік пен ұзынқұлақтан естігендеріме негізделгенін түсіндім”. Майкл Ехоба куәгерлері жайлы көбірек білгісі келіп, Киелі кітапты зерттеу сабағын бастайды. Уақыт өте келе ол шомылдыру рәсімінен өтіп, толық уақытты қызметке кіріседі.

6 Ехобаны Құмырашымыз ретінде мойындасақ, бауырластарымызға деген көзқарасымыз да өзгереді. Олардың әрқайсысына жасалып біткен емес, әлі жасалып жатқан бұйым деп қараймыз. Ехоба оларға осылай қарайды. Олардың жан дүниесін көреді, әрі кемелсіздіктерінің уақытша екенін түсінеді. Сондай-ақ өзінің шебер қолынан олардың қандай адам болып шығатынын да біледі (Зәбүр 130:3). Біз де бауырластарға осындай оң көзқарас танытсақ, Ехобаға еліктейміз. Олардың рухани алға басуына көмектесуімізбен тіпті Құмырашымыз Ехобамен бірге еңбектенеміз (Салоникалықтарға 1-хат 5:14, 15). Қауым ақсақалдары бұл жағынан жақсы үлгі көрсетулері қажет (Ефестіктерге 4:8, 11—13).

НЕГЕ ЕХОБА БІЗДІ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ?

7. Неге сіз Ехобаның жөнге салуын бағалайсыз?

7 “Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің” демекші, кейде әке-шешеміздің берген тәрбиесі мен түзетуін есейе келе бағалап, мұнысын бізді жақсы көргендіктен істегендерін түсініп жатамыз (Еврейлерге 12:5, 6, 11 оқыңыз). Ехоба да бізді балалары ретінде жақсы көреді, сондықтан шыдаммен жөнге салады, яки қалыптастырады. Ол біздің дана әрі бақытты болғанымызды және өзін Әкеміздей жақсы көргенімізді қалайды (Нақыл сөздер 23:15). Ол біздің қасірет шеккенімізді, сондай-ақ өзінің “қаһарына ұшырайтындардың”, яғни күнәсіна өкінбейтіндердің қатарынан болып, өлім құшқанымызды қаламайды (Ефестіктерге 2:2, 3).

8, 9. Бүгінде Ехоба бізді не нәрсеге үйретуде және бұл тәлім болашақта қалай жалғаса бермек?

8 Ехобаны танып-білгенге дейін бойымызда оған ұнамайтын, тіпті хайуанға тән мінез-құлық болған шығар. Алайда Ехоба бізді қалыптастырып, өзгеруге көмектесті, осының арқасында керемет қасиеттер дамытып, қойдан жуас болдық (Ишая 11:6—8; Қолостықтарға 3:9, 10). Ехоба біздерді қалыптастыру үшін арнайы орта — рухани жұмақ жасауда. Ол жерде біз өзімізді айналамыздағы зұлым дүниеге қарамастан қауіпсіз сезінеміз. Отбасында сүйіспеншілік көрмей өскендер осы рухани жұмақта бауырластардың нағыз сүйіспеншілігіне бөленуде (Жохан 13:35). Біз сондай-ақ өзгелерді жақсы көруді үйрендік. Ал, ең бастысы, Ехобаны біліп, оның әкелік махаббатын сезінудеміз (Жақып 4:8).

9 Жаңа дүниеде біз рухани жұмақтың игілігін толықтай көретін боламыз. Бұған қоса, Құдай Патшалығының қол астында орнайтын тура мағынадағы жұмақта өмір сүреміз. Сол кезде де Ехоба бізге білім беріп, қалыптастыра береді, оның қаншалықты деңгейде білім беретінін қазір елестету қиын (Ишая 11:9). Ехоба сондай-ақ ой-санамыз бен тәнімізді кемелді етеді. Сонда Құдайдың нұсқауларын жете түсініп, оның еркін мүлтіксіз орындай алатын боламыз. Ендеше, Ехобаның бізді қалыптастыруына әрі қарай да жол беріп, мұны оның сүйіспеншілігінің дәлелі деп білетінімізді көрсетейік (Нақыл сөздер 3:11, 12).

ЕХОБА БІЗДІ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ?

10. Қалайша Иса Ұлы Құмырашының шыдамдылығы мен шеберлігін паш етті?

10 Қандай сазбен жұмыс істейін деп жатқанын білетін шебер құмырашы сияқты, Ехоба да бізді өте жақсы біледі. Ол әлсіздіктерімізді, мүмкіндіктеріміздің шегін және рухани деңгейімізді білетіндіктен, әрбірімізді осы жағдайларды ескере отырып қалыптастырады (Зәбүр 103:10—14 оқыңыз). Ехобаның өз қызметшілерінің кемелсіздігіне деген көзқарасын Иса жақсы көрсеткен. Ол елшілерінің кемшіліктеріне қалай қарағанын қарастырып көрейік. Кейде олар араларында ең ұлысы кім екені жөнінде дауласып қалатын. Егер сіз сол жерде болсаңыз, елшілердің мұнысына қалай қарар едіңіз? Оларды қалыптасуы қиын қатты саз деп ойлар ма едіңіз? Иса олай ойламаған. Егер елшілері өзінің мейіріммен әрі шыдаммен берген кеңесіне құлақ асса және өзінің кішіпейілділігіне еліктейтін болса, оларды қалыптастыруға болатынын білген (Марқа 9:33—37; 10:37, 41—45; Лұқа 22:24—27). Иса қайта тірілгеннен кейін, елшілерге Құдайдың рухы төгіліп, олар бұдан былай назарын араларында кім ұлы екеніне емес, Ұстаздары тапсырған іске аударды (Елшілердің істері 5:42).

11. Дәуіт өзінің жұмсақ сазбалшық екенін қалай көрсетті және оған қалай еліктей аламыз?

11 Бүгінде Ехоба бізді Киелі кітап, киелі рух және қауым кездесулері арқылы қалыптастырады. Бізді Киелі кітап қалай қалыптастырады? Бұл үшін оны оқып, оқығанымыз жайлы ой жүгіртуіміз керек және білгенімізді өмірде қолдану үшін Ехобадан көмек сұрауымыз қажет. Дәуіт патша былай деген: “Төсегімде жатып сені еске аламын, Түн ортасында өзің жайлы ойланамын” (Зәбүр 63:6). Ол тағы: “Маған ақыл-кеңес айтқан Ехобаны мадақтаймын, Тіпті түнде де көңіл түбіндегі ойларым мені түзетеді”,— деп жазған (Зәбүр 16:7). Дәуіт Ехобаның кеңесі жайлы терең ойланып, көңіл түбіндегі ойлары мен сезімдерін қалыптастыруына жол берген. Тіпті қатаң кеңес естігенде де осылай еткен (Самуилдің 2-жазбасы 12:1—13). Ол кішіпейілділік пен мойынсұнушылықтың тамаша үлгісін қалдырды. Олай болса, былай деп ойланып көріңіз: “Киелі кітапты оқығанда, ой жүгіртіп, Құдай кеңесіне көңіл түбіндегі ойларым мен сезімдеріме әсер етуіне жол беремін бе? Бұл жағынан әлі де жақсара аламын ба?” (Зәбүр 1:2, 3).

12, 13. Ехоба бізді киелі рух пен қауым арқылы қалай қалыптастырады?

12 Киелі рух бізді бірнеше жолмен қалыптастыра алады. Мысалы, ол Мәсіхтің болмысына еліктеуге және киелі рух жемісінің әртүрлі қырын танытуға көмектеседі (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Солардың бірі — сүйіспеншілік. Біз Құдайды сүйеміз, әрі оған мойынсұнуды және оның қолында қалыптасуды қалаймыз, өйткені өсиеттері өзіміздің игілігіміз үшін екенін білеміз. Бұған қоса, осы зұлым дүниенің қалыптастыратын ықпалына қарсы тұру үшін, киелі рух бізге күш береді (Ефестіктерге 2:2). Елші Пауылды алсақ, жас кезінде ол кеуде керген яһуди дінбасыларының ықпалында болған. Бірақ киелі рух оған өзгеруге көмектесті. Сондықтан ол кейінірек: “Маған күш-қуат берушінің арқасында бәрін де істей аламын”,— деп жазған (Філіпіліктерге 4:13). Біз де Ехобадан киелі рух сұрай берейік. Шын жүректен айтылған дұғаларды ол жауапсыз қалдырмайды (Зәбүр 10:17).

Ехоба бізді ақсақалдар арқылы қалыптастырады, сондықтан олардың кеңесіне құлақ асуымыз қажет (12, 13-абзацты қараңыз)

13 Ехоба әрбірімізді қалыптастыру үшін қауым мен ақсақалдарды да қолданады. Мысалы, ақсақалдар бір әлсіздігімізді байқаса, бізге көмектесу мақсатымен кеңес беруге тырысады. Бірақ оны өз ойларына негіздемейді (Ғалаттықтарға 6:1). Қайта, олар кішіпейілділікпен Ехобаға дұға етіп, түсінік пен даналық сұрайды. Сосын біздің жағдайымызды ескере отырып, Киелі кітап пен басылымдарымызды қолданып ізденіс жүргізеді. Егер ақсақалдар сізге келіп, мейіріммен және сүйіспеншілікпен, мысалы киіміңізге қатысты кеңес берсе, мұны Құдайдың өзіңізге деген сүйіспеншілігі деп біліңіз. Егер кеңеске құлақ ассаңыз, Ехобаның қолында қалыптасуға дайын жұмсақ сазбалшықтай болып, мұның пайдасын көресіз.

14. Сазбалшыққа билігі жүрсе де, қалай Ехоба біздің таңдау еркімізді құрметтейді?

14 Ехобаның бізді қалай қалыптастыратынын түсінгеніміз бауырластармен жақсы қарым-қатынаста болуға көмектеседі. Сонымен қатар аумағымыздағы адамдарға, соның ішінде Киелі кітапты зерттеп жүргендерге де оң көзқарас танытуға септігін тигізеді. Киелі кітап заманында құмырашы сазбалшықты илемес бұрын, әдетте оны тастардан және басқа да қоспалардан ажыратып тазалаған. Бүгінде Ұлы Құмырашымыз Ехоба қалыптасуды қалайтын адамдарға көмектеседі. Оларды өзгеруге мәжбүрлемейді, тек өмірлерін тазарта алуы үшін өзінің әділ талаптарын көрсетеді. Сол талаптарға сай өзгере ме, жоқ па — мұны өздері шешеді.

15, 16. Киелі кітапты зерттейтіндер Ехобаның қолында қалыптасқысы келетіндерін қалай көрсете алады? Мысал келтіріңіз.

15 Австралияда тұратын Тэси есімді әйел бауырластың мысалын көрейік. Онымен Киелі кітапты зерттеген бауырлас былай дейді: “Тэси Киелі кітап шындықтарын оңай қабылдады. Бірақ рухани өспеді, қауым кездесулеріне де келмейтін. Мен көп рет дұға етіп, ойланған соң, зерттеу сабағын тоқтатуды шештім. Бірақ күтпеген жағдай болды. Соңғы рет зерттеу сабағын өткізейін деп барғанымда, ол жүрегіндегісін ақтарып салды. Сөйтсем, Тэси құмар ойындарға құныққандықтан, өзін екіжүзді санап жүріпті. Бірақ енді бұл әдетінен арылуды нақты шешкен екен”.

16 Содан, көп ұзамай Тэси қауым кездесулеріне келіп жүрді және мәсіхшілерге тән қасиеттер дамыта бастады. Ол бұрынғы достарының келеке-мазағына да қараған жоқ. Онымен зерттеген бауырлас тағы былай дейді: “Уақыт өте келе, Тэси шомылдыру рәсімінен өтті, ал кейін, кішкентай балалары болса да, ізашарлық қызметті бастады”. Расында да, Киелі кітапты зерттейтін адамдар Құдайға ұнамды болғысы келіп өмірін “тазарта” бастағанда, Құдай оларға жақындап, құнды бұйым жасау үшін оларды қалыптастырады.

17. а) Ехобаның Құмырашыңыз болғаны сізге несімен ұнайды? ә) Келесі мақалада қалыптасуға қатысты тағы қандай жайттарды қарастырамыз?

17 Әлі күнге дейін кейбір құмырашылар сазбалшықты абайлап қолданып, өз қолдарымен әдемі ыдыстар жасайды. Тап солай, Ехоба да бізді абайлап және шыдаммен қалыптастырады. Мұны ол кеңес бере отырып әрі оны қалай қабылдайтынымызды бақылай отырып істейді (Зәбүр 32:8 оқыңыз). Ехоба өзіңізге жеке көңіл бөлетінін сезесіз бе? Ал оның өзіңізді абайлап қалыптастырып жатқанын ше? Егер сезіп жатсаңыз, Ехобаның қолында жұмсақ саз болып қала беруіңізге қандай қасиеттер көмектеседі? Икемсіз, қатты саз болып кетпеу үшін неден аулақ болу керек? Сондай-ақ ата-аналар балаларын қалыптастыру үшін қалай Ехобамен бірге еңбектене алады? Келесі мақалада осы сұрақтарға жауап беріледі.