Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Хатшының сиясауыты бар кісі Иса Мәсіхті бейнелейді. Ол құтқарылатындарға таңба салады

Оқырман сауалдары

Оқырман сауалдары

Езекиелдің аянындағы хатшының сиясауыты бар адам мен шоқпар ұстаған алты кісі кімдерді бейнелейді?

Олар Иерусалимнің жойылуына қатысқан және Армагеддонда Шайтанның зұлым дүниесін жоюға қатысатын көктегі күштерді бейнелейді. Бұл — өзгерген түсінік. Бұл өзгерістің себебі неде?

Иерусалим б. з. б. 607 жылы жойылмас бұрын, Ехоба Езекиелге аян беріп, онда қандай жайттар орын алатынын көрсетті. Ол алдымен сол жерде жасалып жатқан көптеген зұлым істерді көрді. Сосын “қолдарына бір-бір шоқпар ұстаған алты кісіні” көрді. Олармен бірге “үстіне зығыр киім киген”, “хатшының сиясауыты” бар тағы біреу болды (Езекиел 8:6—12; 9:2, 3). Бұл адамға Иерусалимді аралап шығып, “қалада жасалып жатқан жеркенішті істерді көріп, аһ ұрып күрсініп жүргендердің маңдайларына таңба қойып шығу” тапсырылды. Бұдан кейін қолдарына шоқпар ұстаған алты кісіге маңдайларына таңба салынбағандардың бәрін қырып салу бұйырылды (Езекиел 9:4—7). Бұл аяннан не үйренеміз және хатшының сиясауыты бар адам кім?

Езекиел бұл аянды б. з. б. 612 жылы алды. Бұл пайғамбарлық алғаш рет бес жылдан кейін, Ехоба Бабыл әскеріне Иерусалимді жоюға жол бергенде орындалды. Осылайша Ехоба бабылдықтарды өзінің жолдан тайған халқын жазалау үшін қолданды (Еремия 25:9, 15—18). Бірақ қалада орын алып жатқан зұлым істерді құптамаған әділ яһудилермен не болды? Олар зұлымдармен бірге жойылып кеткен жоқ. Ехоба олардың құтқарылуы үшін қам жасады.

Аянда Езекиелдің өзі ешкімнің маңдайына таңба салған жоқ, қаланың жойылуына да қатысқан жоқ. Иерусалимнің жойылуы періштелердің басқаруымен жүзеге асты. Олай болса, осы пайғамбарлық арқылы біз көктегі жайтқа көз тастай аламыз. Ехоба өз періштелеріне зұлымдардың жойылуын ұйымдастыруды ғана емес, әділдерді аман алып қалуды да тапсырды *.

Бұл аян болашақта да орындалады. Біз бұрындары хатшының сиясауыты бар адам жердегі майланғандар тамтығын бейнелейді деп есептегенбіз. Сондай-ақ адамдар уағызымызға құлақ асып, қабылдаған кезде, оларға құтқарылу үшін таңба салынады деп түсінгенбіз. Алайда соңғы уақытта осы түсінікке өзгеріс енгізу керектігі анық болды. Матай 25:31—33 тармақтарға сай, біз адамдарды соттайтын Иса екенін білдік. Ол мұны алдағы зор алапат кезінде істейді. Сол кезде қой деп табылғандар аман қалып, ал серке деп табылғандар жойылады.

Ендеше Езекиелдің аянынан не білеміз? Төменде бес жайт келтіріледі:

  1. Езекиел Иерусалим жойылардың алдында Еремия сияқты күзетші ретінде қызмет етіп, адамдарды ескерткен. Бұрын Ишая да дәл осылай қызмет еткен болатын. Бүгінде Ехоба өз халқына рухани ас-су беру үшін және басқаларды зор алапат келмей тұрып ескерту үшін, майланғандардың шағын тобын қолдануда. Сайып келгенде, Құдай халқының бәрі, яғни Мәсіхтің “үйіндегі басқа құлдардың” бәрі, осы ескерту ісіне қатысуда (Матай 24:45—47).

  2. Езекиел аман қалатындарға тура мағынада таңба салмаған. Бүгінде Құдай халқы да олай етпейді. Олар жай ғана адамдарға уағыздап, болашақта не болатынын ескертеді. Бұл дүниежүзілік іс періштелердің көмегімен жүргізілуде (Аян 14:6).

  3. Езекиелдің заманында аман қалғандардың маңдайында тура мағынада таңба болмаған. Болашақта құтқарылатындардың маңдайында да тура мағынада таңба болмайды. Олар зор алапаттан аман өту үшін не істеу керек? Олар ізгі хабарға құлақ асып, Мәсіхке еліктеуді үйренулері, өздерін Құдайға бағыштаулары және ізгі хабарды уағыздау ісінде Мәсіхтің бауырларына қолдау көрсетулері қажет (Матай 25:35—40). Оларға зор алапат кезінде таңба салынады, яғни құтқарылу үшін таңдап алынады.

  4. Сиясауыты бар кісі Исаны бейнелейді. Зор алапат кезінде Иса ұлы жамағатты қойлар деп тапқанда, оларға таңба салады. Бұдан кейін олардың жер бетінде мәңгі өмір сүруге мүмкіндігі болады (Матай 25:34, 46) *.

  5. Бүгінде шоқпар ұстаған алты адам Иса бастаған көктегі әскерді бейнелейді. Олар жуырда халықтарды жояды және зұлымдық атаулының түбіне балта шабады (Езекиел 10:2, 6, 7; Аян 19:11—21).

Осы аяннан білген жайттар бізге Ехоба әділдерді зұлымдармен бірге жойып жібермейтініне сенімділік береді (Петірдің 2-хаты 2:9; 3:9). Бұдан бөлек, біздің күнімізде жүріп жатқан уағыз ісінің қаншалықты маңызды екенін есімізге салады. Заманның соңы келмей тұрып, осы ескертуді әрбір адам естуі керек! (Матай 24:14).

^ 6-абзац Барух (Еремияның хатшысы), эфиопиялық Әбдімәлік, Рехабтың әулеті сияқты құтқарылған адамдардың маңдайында тура мағынада таңба болмаған (Еремия 35:1—19; 39:15—18; 45:1—5). Оларға құтқарылуды білдіретін бейнелі мағынадағы таңба салынған.

^ 12-абзац Адал майланған мәсіхшілер құтқарылу үшін бұл таңбаны қажет етпейді. Оларға өлерінің алдында не зор алапат басталмас бұрын шешуші белгі қойылады (Аян 7:1, 3).