Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Құдайымыз Ехоба — жалғыз Ехоба”

“Құдайымыз Ехоба — жалғыз Ехоба”

“Тыңда, уа, Исраил, Құдайымыз Ехоба — жалғыз Ехоба” (МҰСАНЫҢ 5-ЖАЗБАСЫ 6:4).

ӘНДЕР: 138, 112

1, 2. а) Мұсаның 5-жазбасы 6:4-тегі сөздерді неге танымал деуге болады? ә) Мұса бұл сөздерді не үшін айтқан?

ЖҮЗДЕГЕН жыл бойы еврей халқы Мұсаның 5-жазбасы 6:4-тегі сөздерді өздерінің арнайы дұғаларына қосып келеді. Бұл дұға “Шма” деп аталады, өйткені еврей тілінде аталмыш тармақ осы сөзбен басталған. Көптеген еврейлер осы дұғаны күн сайын таңертең және кешке айтады. Осылайша өздерінің Құдайға қалтқысыз берілгендіктерін көрсеткісі келеді.

2 Аталмыш сөздерді Мұса б. з. б. 1473 жылы Моаб жерінде жиналған Исраил халқына арнаған соңғы сөзінде айтқан болатын. Олар Уәде етілген жерді жаулап алу үшін Иордан өзенінен өткелі тұр еді (Мұсаның 5-жазбасы 6:1). Күллі халықты 40 жыл бойы жетелеп келген Мұса олардың батыл болып, алдағы қиындықтарға төтеп бергендерін қалады. Олар Құдайлары Ехобаға арқа сүйеп, адал болулары қажет еді. Мұсаның соңғы сөздері исраилдіктерді солай етуге талпындырды. Ехоба берген Он заң мен басқа да заңдарды айтып өткен соң, Мұса халыққа Мұсаның 5-жазбасы 6:4, 5-тегі (оқыңыз) пәрменді ескертуді айтты.

3. Осы мақалада қандай сұрақтарға жауап аламыз?

3 Исраил халқы Құдайлары Ехобаның “жалғыз Ехоба” екенін білмеген бе еді? Әрине, білген. Олар бір ғана Құдайға, ата-бабалары Ыбырайым, Ысқақ пен Жақыптың Құдайына сиынып келген. Онда неге Мұса Құдайлары Ехобаның “жалғыз Ехоба” екенін естеріне салған? Ехобаның жалғыз екендігі мен оны бар жүрекпен, бүкіл жан-тәнмен және бар күш-қуатпен сүюдің қандай байланысы бар? Бүгінде Мұсаның 5-жазбасы 6:4, 5-тегі сөздердің бізге қандай қатысы бар?

ҚҰДАЙЫМЫЗ — “ЖАЛҒЫЗ ЕХОБА”

4, 5. а) “Жалғыз Ехоба” деген тіркестің бір мағынасы қандай? ә) Ехобаның басқа халықтардың құдайларынан ерекшелігі неде?

4 Дара Құдай. “Жалғыз Ехоба” деген тіркес Ехобаның дара екенін әрі оған тең келетін не ұқсайтын ешкімнің жоқ екенін білдіреді. Неге Мұса бұл тіркесті қолданған? Ол мұны үштік ілімін жоққа шығару үшін айтпағанға ұқсайды. Ехоба — көк пен жердің Жаратушысы әрі Әлемнің Әміршісі. Ол — жалғыз шынайы Құдай, ешбір құдай оған тең келмейді (Самуилдің 2-жазбасы 7:22). Демек, Мұса исраилдіктерге тек Ехобаға ғана ғибадат етулері керектігін естеріне салған. Олар айналасында тұратын халықтарға ұқсап, көптеген жалған құдайлар мен әйел тәңірлерге табынып кетпеулері керек-тін. Сол халықтар өз құдайлары табиғаттың қандай да бір бөліктерін басқарады деп сенген.

5 Мәселен, мысырлықтар күн құдайы Ра, аспанның әйел тәңірі Нут, жер құдайы Геб, Ніл құдайы Хапиге және көптеген жануарларға табынатын. Алайда он апатты жіберген кезде Ехоба бұл жалған құдайлардан үстем екенін паш етті. Ал қанахандықтардың басты құдайы Бағал болған, ол бүкіл тіршілікке бастама берген деп есептелген. Бұған қоса, ол аспанның, жаңбыр мен дауылдың да құдайы саналған. Сондай-ақ көптеген жерлерде адамдар Бағалға желеп-жебеуші тәңір деп сенген (Мұсаның 4-жазбасы 25:3). Исраилдіктер болса өз Құдайларының “шынайы Құдай”, дара Құдай екенін көңілдерінде берік сақтаулары керек еді. Ол — “жалғыз Ехоба” (Мұсаның 5-жазбасы 4:35, 39).

Ехоба — ниетінен айнып қалатын, құбылмалы Құдай емес. Ол әрқашан сенімді, тұрақты, адал және шыншыл

6, 7. “Жалғыз Ехоба” деген тіркестің тағы бір мағынасы қандай және Ехоба қалай осы мағынаға сай әрекет етті?

6 Еш өзгермейтін, адал Құдай. “Жалғыз Ехоба” деген тіркес оған әрдайым сенім артуға болатынын және ол өз уәдесінде нық тұратынын да білдіреді. Ехоба — ниетінен айнып қалатын, құбылмалы Құдай емес. Ол әрқашан сенімді, тұрақты, адал да шыншыл. Мысалы, ол Ыбырайымға ұрпақтары Уәде етілген жерді иемденеді деп сөз берді. Сол уәдесінде тұру үшін Ехоба көптеген құдіретті істер жасады. Бұл уәдені берген соң 430 жыл өтсе де, Ехоба сол ниетінен айнымады (Мұсаның 1-жазбасы 12:1, 2, 7; Мұсаның 2-жазбасы 12:40, 41).

7 Бірнеше ғасыр өте, Ехоба исраилдіктерді өзінің куәгерлері деп атағанда, оларға: “Сендерді... ешқашан өзгермейтінімді түсінсін деп таңдап алдым. Маған дейін ешқандай Құдай болмаған, Менен кейін де болған жоқ”,— деді. Сондай-ақ өз ниетінен еш таймайтынына баса назар аударып: “Мен ешқашан өзгермеймін”,— деп қайталады (Ишая 43:10, 13; 44:6; 48:12). Осындай өзгермейтін әрі әрқашан адал Құдайға қызмет ету исраилдіктер үшін неткен зор мәртебе еді! Бүгінде біз де осындай мәртебеге иеміз (Малахи 3:6; Жақып 1:17).

8, 9. а) Ехоба өз қызметшілерінен нені талап етеді? ә) Мұса айтқан сөздердің маңыздылығын Иса қалай көрсеткен?

8 Иә, Мұса Ехобаның өз халқына деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы ешқашан өзгермейтінін исраилдіктердің есіне салды. Ал Ехоба олардан өзіне қалтқысыз берілгендікті талап етті, сондай-ақ өзін бар жүректерімен, бүкіл жан-тәндерімен және бар күш-қуаттарымен сүйеді деп күтті. Ата-аналар болса әрбір мүмкіндікті пайдаланып, балаларына да тек Ехобаға ғибадат етуді үйретулері керек еді (Мұсаның 5-жазбасы 6:6—9).

9 Ехоба өз ниетінен еш айнымайтындықтан, оның шынайы қызметшілеріне қоятын негізгі талаптары да өзгермейді. Ехоба ғибадатымызды қабыл алсын десек, оған қалтқысыз берілгендік танытып, оны бар жүрегімізбен, барлық ақыл-ойымызбен және бар күш-қуатымызбен сүюіміз қажет. Иса мұның ең басты заң екенін айтқан (Марқа 12:28—31 оқыңыз). Ендеше, қазір “Құдайымыз Ехоба — жалғыз Ехоба” екеніне сенетінімізді іс-әрекетімізбен қалай көрсете алатынымызды қарастырайық.

ЕХОБАҒА ҚАЛТҚЫСЫЗ БЕРІЛГЕНДІК ТАНЫТАЙЫҚ

10, 11. а) Қалайша біз Ехобаға қалтқысыз берілгендік танытамыз? ә) Бабылдағы төрт еврей жігіті Ехобаға қалтқысыз берілгендерін қалай көрсетті?

10 Ехоба біз үшін бір ғана, жалғыз Құдай болғандықтан, оған қалтқысыз берілгендік танытуымыз керек. Біз басқа құдайларға табынбаймыз немесе Ехобаға деген ғибадатымызға басқа діндердің әдет-ғұрпы мен ұғымдарын араластырмаймыз. Ехоба жай ғана басқа құдайлардың ішіндегі ең жоғарғы не ең құдіретті құдай емес, ол — шынайы Құдай. Сондықтан ол ғана ғибадатымызға лайық (Аян 4:11 оқыңыз).

11 Даниял кітабынан төрт еврей жігіті — Даниял, Хананиях, Мишаел мен Азариях жайлы оқимыз. Олар Құдайдың қызметшілері үшін арам болып табылатын тағамдарды жеуден бас тартуымен Ехобаға қалтқысыз берілгендік танытты. Сондай-ақ Даниялдың үш жолдасы Навуходоносор жасаған алтын мүсінге табынудан бас тартты. Олардың өмірінде Ехоба басты орында тұрды. Осылайша Ехобаға толықтай адалдық танытты (Даниял 1:1—3:30).

12. Ехобаға қалтқысыз берілгендік танытқымыз келсе, неден сақ болуымыз керек?

12 Ехоба біздің де өміріміздің төрінен орын алу керек. Оған қалтқысыз берілгендік танытқымыз келсе, сол орынды басқа нәрселердің басып алуына, не тіпті бөлісуіне, жол бермеуіміз қажет. Бұларға не жатуы мүмкін? Он заңда Ехоба өз халқына басқа құдайларға құлшылық етуге тыйым салған. Сонымен қатар пұтқа табынушылықтың кез келген түрінен аулақ болу керектігін айтқан (Мұсаның 5-жазбасы 5:6—10). Бүгінде пұтқа табынушылықтың неше түрі бар, тіпті кейбірін бірден аңғармауымыз мүмкін. Бірақ Ехобаның талаптары өзгерген жоқ, ол әлі де “жалғыз Ехоба”. Олай болса, пұтқа табынушылықтан бүгінде қалай аулақ бола аламыз?

13. Ехобадан гөрі нені көбірек жақсы көріп кетуіміз мүмкін?

13 Қолостықтарға 3:5-те (оқыңыз) Ехобамен теңдессіз достығымызға сызат түсіруі мүмкін нәрселер жайлы оқимыз. Онда ашкөздік пұтқа табынушылықпен байланыстырылған. Өйткені бірдеңені қатты қалау, мысалы қыруар ақшаны я шалқып өмір кешуді көксеу, бізді құдіретті құдайдай билеп-төстеуі мүмкін. Осы тармақта атап өтілген басқа да күнәкар істердің ашкөздікпен байланысы бар, демек, олар пұтқа табынушылықпен де байланысты. Сондықтан сол нәрселерді қатты қаласақ, Құдайдан гөрі соларды көбірек жақсы көріп кетуіміз ықтимал. Мұндай жағдайда Ехоба біз үшін “жалғыз Ехоба” болудан қалады. Әрине, бұған жол бергіміз келмес еді.

14. Құдайға деген сүйіспеншілігімізге қатысты елші Жохан қандай ескерту айтқан?

14 Елші Жохан да осыған ұқсас жайтқа назар аударған. Ол кімде-кім осы дүниедегі нәрселерді — “тән құмарлығы, көздің қалауы және дүние-мүлікке мақтануды” — жақсы көрсе, онда “оның Әкеге деген сүйіспеншілігі жоқ” екенін айтқан (Жоханның 1-хаты 2:15, 16). Олай болса, осы дүниені жақсы көреміз бе, жоқ па — соны ұдайы тексеріп отыруымыз қажет. Бәлкім, осы дүниелік қандай да бір көңіл көтеру түріне, араласатын ортаға, киім үлгісіне я әрленіп-сәнденуге қызығып жүргенімізді байқайтын шығармыз. Не болмаса жоғары білімге ұмтылу арқылы “ұлы нәрселерге” қол жеткізгіміз келетін шығар (Еремия 45:4, 5). Біз жаңа дүниенің табалдырығында тұрмыз. Сондықтан Мұсаның пәрменді сөздерін көңілімізге бекітейік! “Құдайымыз Ехоба — жалғыз Ехоба” екенін жете түсініп, осыған кәміл сенетін болсақ, оған ұнамды түрде қызмет етіп, қалтқысыз берілгендік танытуға барынша тырысамыз (Еврейлерге 12:28, 29).

МӘСІХШІЛІК БІРЛІГІМІЗДІ САҚТАЙЫҚ

15. Неге Пауыл Құдайдың “жалғыз Ехоба” екенін мәсіхшілердің есіне салды?

15 “Жалғыз Ехоба” деген тіркес Ехоба өз қызметшілерінің бірлікте болып, өмірде бір мақсатты көздегенін қалайтынына да нұсқайды. І ғасырдағы мәсіхшілер қауымы яһудилер, гректер, римдіктер мен басқа да ұлт адамдарынан құралды. Олардың шыққан ортасы, әдет-ғұрыптары мен қалаулары әртүрлі болған. Сол себепті кейбіріне жаңа ғибадатты қабыл алу не бұрынғы істерінен арылу қиынға соққан. Міне, сондықтан Пауыл мәсіхшілер үшін жалғыз Құдай бар екенін олардың есіне салуды жөн көрді (Қорынттықтарға 1-хат 8:5, 6 оқыңыз).

Ехоба Құдай өз қызметшілерінің бірлікте болып, өмірде бір мақсатты көздегенін қалайды

16, 17. а) Бүгінде қандай пайғамбарлық орындалып жатыр және нәтижесі қандай болуда? ә) Бірлігімізге не нұқсан келтіруі мүмкін?

16 Бүгіндегі мәсіхшілер қауымы жайлы не деуге болады? Ишая пайғамбар “соңғы күндерде” “барлық халықтардың” Ехобаға ғибадат етуге ағылатынын айтқан. Олар: “[Ехоба] бізді өз жолдарына үйретеді, Сонда біз оның жолдарымен жүреміз”,— дейтін болады (Ишая 2:2, 3). Осы пайғамбарлықтың дәл көз алдымызда орындалып жатқанын көру неткен ғанибет! Нәтижесінде, әртүрлі жерден шыққан, тілі мен мәдениеті сан қилы бауырластар Ехобаны бірлесе мадақтап жүр. Дегенмен әртүрлі болғандықтан кейде арамызда қиындықтар туындап тұрады.

Мәсіхшілер қауымында бірліктің болуына барынша күш саласыз ба? (16—19 абзацтарды қараңыз)

17 Мысалы, мәдениеті басқа бауырластарға қалай қарайсыз? Олардың тілі, киімі, өздерін ұстау мәнері және тағамы сіздікінен мүлдем өзгеше болуы мүмкін. Сіз олардан қашқақтап, көбінесе бірдей ортадан шыққан бауырластармен ғана араласасыз ба? Аумағыңыздағы өзіңізден жас немесе өзге ұлттан я мәдениеттен шыққан ақсақалдарға қалай қарайсыз? Егер сақ болмасақ, осындай өзгешеліктердің бірлігімізге нұқсан келтіруіне жол беріп қоюымыз мүмкін.

18, 19. а) Ефестіктерге 4:1—3 тармақтарда қандай кеңес жазылған? ә) Қауымның бірлігін сақтау үшін не істей аламыз?

18 Қалайша осындай қиындықтардың алдын алуға болады? Осы ретте Пауыл Ефес қаласында тұрып жатқан мәсіхшілерге тиімді кеңес берген. Бұл бай қалада әртүрлі ортадан шыққан адамдар тұрған (Ефестіктерге 4:1—3 оқыңыз). Байқасаңыз, Пауыл алдымен кішіпейілділік, жұмсақтық, шыдамдылық пен сүйіспеншілік қасиеттерін атап өткен. Бұл қасиеттер үйді ұстап тұратын берік тіректер іспетті. Бірақ бұнымен қоса, үй жақсы күйде болу үшін оны үнемі күтіп-баптау қажет, ал бұл күш салып отыруды талап етеді. Сол сияқты, Пауыл да Ефестегі мәсіхшілерді “киелі рух арқылы иемденген бірліктерін сақтап қалу” үшін аянбай күш салуға талпындырған.

19 Қауымның бірлігін сақтауға әрқайсысымыз өз үлесімізді қосуымыз қажет. Бұл үшін, біріншіден, Пауыл атап өткен қасиеттерді — кішіпейілділік, жұмсақтық, шыдамдылық пен сүйіспеншілікті — дамытып, іс жүзінде көрсетуіміз керек. Екіншіден, “өзара тату болуға” барынша тырысуымыз қажет. Түсініспеушіліктер бірлігімізге түскен сызат іспетті. Сондықтан сол түсініспеушіліктерді шешу үшін қолдан келгеннің бәрін істеуіміз керек. Сонда арамыздағы ынтымақ-бірлікті сақтай аламыз.

20. “Ехоба Құдайымыз — жалғыз Ехоба” деген сөздердің мәнін жете түсінетінімізді қалай көрсете аламыз?

20 “Құдайымыз Ехоба — жалғыз Ехоба”. Неткен мән-маңызы терең сөздер! Бұл ескерту исраилдіктерге Уәде етілген жерге кіріп, оны басып алған кезде туындаған қиындықтарға төзуге күш берді. Бұл сөздер бізге де зор алапат кезіндегі қиындықтарға төтеп беруге күш береді, сондай-ақ болашақтағы жұмақта да ынтымақ-бірлікке үлес қосуымызға көмектеседі. Ендеше, әрі қарай да Ехобаға қалтқысыз берілгендік танытайық. Бұл үшін Ехобаны бар жүрегімізбен, барлық ақыл-ойымызбен және бар күш-қуатымызбен жақсы көріп, бауырластармен ынтымақ-бірлікте болуға мейлінше ұмтылайық. Осылай ете берер болсақ, Иса бізді қойлардың қатарына жатқызып, оның келесі сөздерінің орындалғанына куә боламыз: “Әкем жарылқағандар, келіңдер! Дүниенің негізі қаланғаннан бері сендер үшін Әкем даярлаған Патшалықты мұра етіңдер” (Матай 25:34).