Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ұлы Құмырашының қалыптастыруына жол бересіз бе?

Ұлы Құмырашының қалыптастыруына жол бересіз бе?

“Құмырашының қолындағы сазбалшықтай, сендер де... менің қолымдасыңдар” (ЕРЕМИЯ 18:6).

ӘНДЕР: 60, 22

1, 2. Неге Құдай Даниялға “аса бағалы жан” деп қараған және Құмырашымыздың бізді қалыптастыруына қалай қарауымыз керек?

БАБЫЛҒА жер аударылған яһудилер іші пұттарға толы, тұрғындары зұлым рухтарға табынатын қалаға кірді. Алайда Даниял мен үш жолдасы сияқты адал яһудилер Бабыл халқына өздерін қалыптастыруға жол бермеді (Даниял 1:6, 8, 12; 3:16—18). Даниял мен жолдастары Ехобаны өздерінің Құмырашысы ретінде мойындап, тек соған ғана ғибадат ете берді. Ғұмырының басым бөлігін Даниял Бабылда өткізді. Сондай жаман ортада өмір сүрсе де, Құдайдың періштесі оны “аса бағалы жан” деп атаған (Даниял 10:11, 19).

2 Киелі кітап заманында құмырашы сазбалшықты белгілі бір пішінге келтіру үшін қалыпқа салуы мүмкін еді. Бүгінде Құдайдың шынайы қызметшілері Ехобаны халықтарды қалыптастыруға құқы бар Әлемнің Әміршісі ретінде мойындайды (Еремия 18:6 оқыңыз). Құдайдың жеке әрқайсысымызды да қалыптастыруға құқы бар. Алайда ол ешкімді өзгеруге мәжбүрлемейді. Қайта, оның қалыптастыруына өз еркімізбен жол бергенімізді қалайды. Осы мақаладан Құдайдың қолында қалайша жұмсақ сазбалшық болып қала алатынымызды білеміз. Бұл үшін келесі үш сұрақты қарастырамыз: 1) Ехобаның кеңесінен бас тартып, қатты сазбалшыққа айналып кетпеу үшін неден аулақ болуымыз керек? 2) Жұмсақ әрі икемді сазбалшықтай болып қала беру үшін қандай қасиеттерді дамытуымыз қажет? 3) Мәсіхші ата-аналар балаларын қалыптастыру барысында қалай Құдаймен бірге еңбектене алады?

ЖҮРЕКТІ ҚАТАЙТЫП ЖІБЕРЕТІН НӘРСЕЛЕРДЕН АУЛАҚ БОЛАЙЫҚ

3. Нендей нәрселер жүрегімізді қатайтып жіберуі мүмкін? Мысал келтіріңіз.

3 “Бәрінен де бұрын сақта жүрегіңді, Өйткені ол — өмірдің қайнар көзі”,— делінген Нақыл сөздер 4:23-те. Жүрегімізді қатайып кетуден сақтау үшін, өркөкіректік, күнә жасай беру, сенімнің жоқтығы сияқты нәрселерден аулақ болуымыз керек. Өйткені бұлар бойымызда тілазарлық пен бүлікшіл рух дамытады (Даниял 5:1, 20; Еврейлерге 3:13, 18, 19). Яһуда патшасы Ұзияхпен осылай болған (Шежірелер 2-жазба 26:3—5, 16—21 оқыңыз). Бастапқыда ол мойынсұнғыш болып, Ехобамен қарым-қатынасы жақсы еді. Сондықтан Құдай оны күшейтіп-нығайтты. “Бірақ әбден күшейіп алған соң, Ұзиях өз сорына тәкаппарланып кетті”. Оның кеуде көтеріп кеткені сонша — ғибадатханада хош иісті зат түтетпек болды. Ал бұл тек діни қызметкерлердің міндеті еді. Олар қарсылық білдіргенде, Ұзиях ашу шақырды! Ехоба оның өркөкірек кеудесін басып, алапес ауруына ұшыратты. Содан патша өле-өлгенше бұл ауруынан айықпады (Нақыл сөздер 16:18).

4, 5. Өркөкіректіктен сақтанбасақ, не болуы мүмкін? Мысал келтіріңіз.

4 Өркөкіректіктен сақ болмасақ, біз де өзімізді өзгелерден артық санап, тіпті Киелі кітаптағы кеңестерге құлақ аспай кетуіміз мүмкін (Нақыл сөздер 29:1; Римдіктерге 12:3). Мысалы, Джим деген ақсақалмен болған жағдайды алайық. Қауымда бір мәселе көтерілгенде, ол өзге ақсақалдармен келіспей қояды. Сөйтіп, оларға сүйіспеншіліктен жұрдай екендерін айтып, кездесуден кетіп қалады. Алты айдан кейін ол басқа қауымға ауысады, бірақ онда ақсақал болып тағайындалмайды. “Менің жігерім құм болды. Өзімнің дұрыстығыма сенімді болғаным сонша — шындықтан кетіп қалдым”,— дейді Джим. Содан ол он жыл бойы қауымға оралмай қояды. Ол: “Көкірегімді намыс тырнап, болған жайттың бәріне Ехобаны кінәлай бастадым. Жылдар бойы маған бауырластар келіп, ақылға шақыруға тырысты. Бірақ олардың көмегін қабылдамай қойдым”,— деп мойындады.

5 Осы бауырластың жағдайынан көрінетіндей, өркөкіректік бізді бұрыс іс-әрекетімізді ақтауға итермелеуі мүмкін. Ал ондай кезде біз жұмсақ сазбалшық болудан қаламыз (Еремия 17:9). “Мен өзгелердің дұрыс емес көрінген әрекеттерінен басқа ештеңені ойлай алмадым”,— дейді Джим. Сіздің де бауырластарға ренжіген кезіңіз болған ба? Қандай да бір жауапкершіліктен айырылып, қатты мұңайған кезіңіз ше? Сондай кездерде қалай әрекет еттіңіз? Өркөкіректікке бой алдырдыңыз ба? Әлде, ең бастысы, бауырластармен тату болуды және Ехобаға адалдық сақтауды ойладыңыз ба? (Зәбүр 119:165; Қолостықтарға 3:13 оқыңыз).

6. Адам күнә жасай берсе, нәтижесі не болады?

6 Егер адам күнә жасай берсе, әрі мұнысын жасырын істеп жүрсе, жүрегі қатайып, Құдайдың кеңесін құлағына ілмей қоюы мүмкін. Содан күнә жасау оп-оңай болып кетеді. Мысалы, бір ер бауырлас уақыт өте келе лайықсыз жүріс-тұрысы үшін мазалануды қойып, еті үйреніп кеткенін айтады (Уағыздаушы 8:11). Бұрын біраз уақытқа дейін порнографияға әуестенген басқа бір ер бауырлас: “Мен ақсақалдарға сын көзбен қарай бастағанымды байқадым”,— деді. Бұл әдеті оны рухани құлдыратып, Ехобамен қарым-қатынасын бұзды. Оның осы қылығы мәлім болғанда, ол ақсақалдардың көмегін қабыл алды. Бәріміздің де кемелсіз екеніміз рас. Бірақ бізге кеңес берген адамдарды сынап-міней бастасақ, я болмаса бұрыс әрекеттеріміз үшін Құдайдан кешірім мен көмек сұраудың орнына өзімізді ақтауға тырыссақ, онда жүрегіміздің қатайып бара жатқаны.

7, 8. а) Сенімнің жоқтығы жүректі қатайтып жіберетіні исраилдіктердің жағдайынан қалай көрінеді? ә) Өзімізге қандай сабақ аламыз?

7 Сенімнің жоқтығы да жүрегімізді қатайтып жіберуі мүмкін. Исраилдіктер Мысыр құлдығынан босағанда, Ехобаның көптеген таңғажайып кереметтерін көрді. Соған қарамастан Уәде етілген жерге таяп қалған кезде, олар сенімдерінің жоқтығын көрсетті. Ехобаға сенім артудың орнына, қорқынышқа бой алдырып, Мұсаға күңкілдеді. Олар тіпті өздерін құл еткен Мысырға қайтып оралуды көкседі! Бұл Ехобаның жүрегін қатты ауыртты. Ол: “Мына халық қашанға дейін мені құрметтемейді?”— деді (Мұсаның 4-жазбасы 14:1—4, 11; Зәбүр 78:40, 41). Сенімнен ада болып, жүректері қатайып кеткендіктен, сол исраилдіктер шөл далада өлім құшты.

8 Бүгінде жаңа дүниенің табалдырығында тұрған біздің де сеніміміз сыналуда. Сондықтан сеніміміздің сапасын тексергеніміз абзал. Оның қаншалықты мықты екенін қалай біле аламыз? Мысалы, Исаның Матай 6:33-тегі сөздерінің көмегімен өз-өзімізді былай тексеріп көрсек болады: “Мақсаттарым мен шешімдерімнен Исаның осы сөздеріне шын сенетінім көріне ме? Көбірек ақша табамын деп қауым кездесулеріне не қызметке бармай қоя саламын ба? Жұмысым бұрынғыдан да көп уақыт пен күшті талап ететін болса, не істеймін? Осы дүниенің мені қалыптастыруына, тіпті Ехобаға қызмет еткізбей тастауына жол беремін бе?”

9. Неге “сенім жолындамыз ба, жоқ па — соны тексеріп тұруымыз” қажет және мұны қалай істеуге болады?

9 Тағы бір мысал: қандай да бір бауырлас Киелі кітаптың принциптеріне, бәлкім, жаман ортаға, қауымнан шығарылғандарға не көңіл көтеруге қатысты ескертулерге, онша құлақ аспай жүр делік. “Мен де сөйтіп жүрген жоқпын ба?”— деп ойланып көріңіз. Осы ретте жүрегіңіздің қатая бастағанын байқасаңыз, тез арада сеніміңізді тексеріңіз! Киелі кітапта: “Сенім жолындасыңдар ма, жоқ па — соны тексеріп тұрыңдар, әрі кім екендеріңе көз жеткізу үшін өздеріңді үнемі тексеріп отырыңдар”,— делінген (Қорынттықтарға 2-хат 13:5). Олай болса, өзіңізге шын баға беріп, Құдай Сөзінің көмегімен үнемі ойыңызды түзетіп отырыңыз.

ЖҰМСАҚ САЗБАЛШЫҚ БОЛЫП ҚАЛА БЕРІҢІЗ

10. Бізге Ехобаның қолында жұмсақ сазбалшық болуға не көмектеседі?

10 Жұмсақ сазбалшық болып қала беруге көмектесу үшін Құдай бізге өз Сөзі мен мәсіхшілер қауымын берген және уағыз қызметін тапсырған. Су сазды жұмсартатынындай, Киелі кітапты күнде оқып, ой жүгірту де бізді Ехобаның қолында жұмсақ қылып, қалыптасуға икемді етеді. Ол Исраил патшаларына Құдай Заңының көшірмесін жасап, оны күнде оқуды бұйырған (Мұсаның 5-жазбасы 17:18, 19). Елшілер де Жазбаларды оқып, ой жүгіртудің қызметтері үшін аса маңызды екенін жақсы білген. Олар жазған кітаптарында жүздеген рет Еврей жазбаларынан үзінді келтірген. Уағыздаған кезде де, адамдарды Жазбаларды қолдануға талпындырған (Елшілердің істері 17:11). Біз де Құдай Сөзін күнделікті оқып, ой қозғаудың маңыздылығын түсінеміз (Тімөтеге 1-хат 4:15). Бұл бізге кішіпейіл болып қалуға көмектеседі, сонда Ехоба бізді оңай қалыптастыра алады.

Жұмсақ сазбалшық болып қала беру үшін Құдайдың шараларын пайдаланыңыз (10—13 абзацтарды қараңыз)

11, 12. Ехоба бізді қажеттілігімізге қарай қалыптастыру үшін мәсіхшілер қауымын қалай қолданады? Мысал келтіріңіз.

11 Ехоба мәсіхшілер қауымы арқылы әрқайсысымызды қажеттілігімізге қарай қалыптастырады. Жоғарыда аталып өткен Джим өзіне бір ақсақал көңіл бөлгенде, көзқарасын өзгерте бастаған. Ол былай дейді: “Әлгі ақсақал болған жағдай үшін мені кінәлаған да, сынап-мінеген де жоқ. Қайта, жігерлендіріп, маған шын жүректен көмектескісі келетінін айтты”. Арада үш айдай уақыт өткен соң, әлгі ақсақал Джимді қауым кездесуіне шақырады. “Қауымдағылар мені жылы қарсы алды. Олардың сүйіспеншілігі мені күрт өзгертті,— дейді Джим.— Мен сезімдерімнің басты орынға шығып кеткенін түсіндім. Бауырластардың және рухани жағынан еш шайқалмаған аяулы жарымның көмегімен біртіндеп рухани сауыға бастадым. Сондай-ақ 1992 жылдың 15 қарашасындағы “Күзет мұнарасынан” оқыған “Ехоба кінәлі емес”, “Ехобаға адал қызмет ет” деген мақалалар да бойыма қайрат-жігер бітірді”.

12 Уақыт өте Джим қайтадан ақсақал болды. Содан бері ол өзінікіндей жағдайға кезіккен бауырластарға көмектесіп, сенімдерін нығайтып келеді. Ол түйген ойын айтып былай дейді: “Бұрын Ехобамен қарым-қатынасым мықты деп ойлағанмын, сөйтсем, қайдағы?! Көкіректіктен соқыр болып, әлдеқайда маңызды нәрселерді көрмей, басқалардың қателігіне кенедей жабысып қалғаныма қатты өкінемін” (Қорынттықтарға 1-хат 10:12).

13. Уағыздау қызметі бізге қандай қасиеттер дамытуға көмектеседі, әрі мұның қандай пайдасы бар?

13 Уағыздау қызметіміз де бізді қалыптастырып, жақсара түсуімізге көмектеседі. Қалайша? Ізгі хабарды жариялағанда, біз кішіпейілділікті және киелі рухтың жемісіне жататын басқа да қасиеттерді дамытамыз (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Уағыз ісі сізге де жақсы қасиеттер дамытуға көмектескен болар. Оның үстіне, Мәсіхке тән қасиеттерді танытқанда, хабарымыз өзгелерге тартымды бола түсіп, кейбіреулердің бізге деген көзқарасы өзгеруі мүмкін. Мысалы, Австралияда екі Куәгер бір әйелге уағыздағанда, ол қатты ашуланып, дөрекілік көрсетеді. Алайда Куәгерлер оны құрметпен тыңдайды. Кейінірек әлгі әйел өз ісіне өкініп, филиалға хат жазады. Хатында ол былай дейді: “Маған келген өте сабырлы әрі кішіпейіл екі адамнан кешірім сұрайын деп едім. Мен оларды менсінбей, кеудемсоқтық таныттым. Құдай Сөзін айтып жүрген адамдарды қуып жібермек болып, ақымақтық жасадым”. Егер жариялаушылар ашудың сәл де болса ұшқынын көрсеткенде, бұл кісі осылай жазар ма еді? Екіталай. Расында да, біздің қызметіміз өзімізге де, өзгелерге де қаншалықты пайдалы десеңізші!

БАЛАҢЫЗДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРҒАНДА, ҚҰДАЙМЕН БІРГЕ ЕҢБЕКТЕНІҢІЗ

14. Балаларын жақсылап қалыптастырғысы келсе, ата-аналар не істеуі керек?

14 Балалардың көбісі кішіпейіл, үйренуге зерек келеді (Матай 18:1—4). Сондықтан ата-аналар балалары әлі кішкентай болып тұрған кезде шындықты жүректеріне ұялатып, оны жақсы көруге көмектескендері жөн (Тімөтеге 2-хат 3:14, 15). Бұл үшін ата-аналар шындықты өздері жақсы көріп, Киелі кітапта айтылғандарға сай өмір сүрулері қажет. Сонда балаларға да шындықты жақсы көру оңай болады. Сондай-ақ олар ата-анасы жөнге салғанда, мұны олардың және Ехобаның сүйіспеншілігі екенін түсінеді.

15, 16. Баласы қауымнан шығарылғанда, ата-ана Құдайға сенім артатынын қалай көрсете алады?

15 Ата-анасы шындыққа баулып өсірсе де, кейбір балалар шындықтан кетіп не қауымнан шығарылып жатады. Бұндай жағдай үй ішіндегілердің қабырғасын қаусатады. Оңтүстік Африкада тұратын бір қыз бауырлас былай дейді: “Ағам қауымнан шығарылғанда, біз үшін ол өліп қалғандай болды. Бұл жанымызға қатты батты!” Осы бауырлас пен ата-анасы қалай әрекет етті? Олар Құдай Сөзіндегі нұсқауларға құлақ асты (Қорынттықтарға 1-хат 5:11, 13 оқыңыз). Оның ата-анасы былай дейді: “Біз Киелі кітапқа сай әрекет етуді шештік. Өйткені бәрін Құдай айтқандай істесек, арты жақсы болатынын түсіндік. Біз қауымнан шығарылуды Құдайдың жөнге салуы деп қарастырдық. Ол мұны сүйіспеншілікпен істеп жатқанына әрі тиісінше жөнге салатынына сенімді едік. Біз ұлымызбен отбасылық мәселеге қажетті болған кезде ғана сөйлесетінбіз”.

16 Ал олардың ұлы өзін қалай сезінді екен? Ол кейін былай деді: “Отбасымның мені жек көрмейтінін білетінмін. Олар бар болғаны Ехобаға және оның ұйымына мойынсұнды”. Ол сөзін былай деп жалғады: “Барар жер, басар тауың қалмағанда, Ехобадан көмек пен кешірім сұрауға мәжбүр болады екенсің, сонда оны қаншалықты керек ететініңді түсінесің”. Бұл жігіт Ехобаға қайтып оралған кезде, отбасының қалай қуанғанын елестетіп көріңізші! Расында да, Ехобаға әрдайым мойынсұнатын болсақ, оң нәтижеге қол жеткізіп, қуанышқа кенелеміз (Нақыл сөздер 3:5, 6; 28:26).

17. Неге Ехобаға әрқашан мойынсұнып өмір сүруіміз керек және мұның қандай пайдасын көреміз?

17 Ишая пайғамбар Бабылдағы яһудилердің тұтқындықтан босап, күнәларына өкініп, былай дейтін кезі туралы пайғамбарлық еткен: “Уа, Ехоба, біздің Әкемізсің. Біз сазбалшықпыз, ал сен Құмырашысың. Бәріміз де сенің қолыңнан шыққан бұйымбыз”. Сондай-ақ олар Ехобаға былай деп жалбарынбақ еді: “Күнәларымызды мәңгі есіңде сақтап жүре бермеші. Жалбарынамыз, өз халқың екенімізді ұмытпашы” (Ишая 64:8, 9). Біз де кішіпейіл болып, Ехобаға әрқашан мойынсұнып өмір сүрсек, ол бізге Даниял сияқты “аса бағалы жан” деп қарайды. Ол бізді әрі қарай да өзінің Сөзі, рухы мен ұйымы арқылы қалыптастыра береді. Осылайша күндердің күнінде Құдайдың кемелді балалары бола аламыз (Римдіктерге 8:21).