Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Өзгелердің қателіктері сүріндірмесін

Өзгелердің қателіктері сүріндірмесін

“Бір-біріңді кеңпейілмен кешіріңдер” (ҚОЛОСТЫҚТАРҒА 3:13).

ӘНДЕР: 121, 75

1, 2. Құдай халқының өсіміне қатысты Киелі кітапта қандай пайғамбарлық жазылған?

ЖЕР БЕТІНДЕ Ехобаны жақсы көретін әрі оған қызмет етуді қатты қалайтын адамдардан тұратын ерекше ұйым бар. Олар Ехоба куәгерлері. Қателіктері мен кемшіліктері болса да, олар Құдайдың киелі рухының арқасында өсіп-өркендеуде. Қазір Ехобаның оларға төгіп жатқан кейбір баталарын көрейік.

2 1914 жылы Ехобаға ғибадат ететін адамдардың саны аз еді. Бірақ Ехоба олардың уағыз ісіне батасын берді. Нәтижесінде, миллиондаған адам Киелі кітаптағы шындықты біліп, оның Куәгері болды. Осы керемет өсім жайлы Ехоба кезінде былай деген: “Азғантай адамнан мың адам, Кішкентай халықтан мықты халық шығады. Мен, Ехоба, өз уақытында мұны тездетемін” (Ишая 60:22). Соңғы күндері осы пайғамбарлықтың орындалып жатқаны анық көрінеді. Бүгінде Ехобаның халқын үлкен бір халық деуге болады. Ехоба куәгерлерінің жалпы саны дүниежүзіндегі көптеген елдің халық санынан көп.

3. Құдайдың қызметшілерінің сүйіспеншілігі неден көрінді?

3 Осы соңғы күндері Ехоба халқына өзара сүйіспеншілік танытуға да көмектесіп отыр. “Құдай — сүйіспеншілік” болғандықтан, қызметшілері оған еліктейді (Жоханның 1-хаты 4:8). Иса шәкірттеріне былай деген: “Сендерге жаңа өсиет беріп отырмын: бір-біріңді сүйіңдер... Менің шәкірттерім екендеріңді жұрттың бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады” (Жохан 13:34, 35). Тарихқа үңілсек, халықтар өзара аяусыз соғысып жатқан уақытта, Ехобаның қызметшілері осындай сүйіспеншілік танытты. Мысалы, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде шамамен 55 миллион адам қаза тапты. Бірақ Ехобаның халқы бұл қиян-кескі соғысқа қатыспады (Миха 4:1, 3 оқыңыз). Осының арқасында олар ешкімнің қанын мойындарына жүктеген жоқ (Елшілердің істері 20:26).

4. Құдай халқының өсіп жатқаны неге таңғаларлық жайт?

4 “Осы дүниенің құдайы” Шайтанның қол астындағы әлемнің өшпенділігіне қарамастан, Құдай халқы көбейген үстіне көбеюде (Қорынттықтарға 2-хат 4:4). Шайтан өз құзырындағы дүниенің саяси ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып, ізгі хабардың таратылуын тоқтатқысы келеді. Бірақ ол бұл іске тосқауыл бола алмайды. Алайда өз уақытының аз қалғанын білгендіктен, Шайтан әртүрлі тәсілді қолданып, бізді шынайы ғибадаттан тайдыруға тырысып бағады (Аян 12:12).

АДАЛДЫҒЫМЫЗ СЫНҒА АЛЫНҒАНДА

5. Неге кейде өзгелер жанымызды жаралауы мүмкін? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

5 Мәсіхшілер Құдайды және өзге адамдарды жақсы көрудің қаншалықты маңызды екенін біледі. Иса былай деген: “Ехоба Құдайыңды бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!” Бірінші әрі ең басты заң — осы. Екіншісі де соған ұқсайды: “Өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй” (Матай 22:35—39). Әйткенмен Киелі кітаптан көрінетіндей, Адам атадан күнә берілгендіктен, бәріміз де кемелсізбіз (Римдіктерге 5:12, 19 оқыңыз). Сондықтан кейде қауымда әлдекім біздің жанымызды жаралайтын бірдеңе айтуы не істеуі мүмкін. Осындай жағдай орын алғанда, не істейміз? Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз шайқала ма? Оған және халқына адал болып қаламыз ба? Тіпті Құдайдың ежелгі адал қызметшілерінің арасында да сөзімен я ісімен өзгелердің көңіліне қаяу түсіргендер болған. Қазір солардың мысалынан неге үйрене алатынымызды көрейік.

Ели мен екі ұлының заманында өмір сүргенде, қалай әрекет етер едіңіз? (6-абзацты қараңыз)

6. Ели қай мағынада өз ұлдарын жөнге салмады?

6 Мысалы, Исраилдің бас діни қызметкері болған Елидің екі ұлы Ехобаның заңдарына мойынсұнбаған. Киелі кітапта олар жайлы: “Елидің ұлдары болса Ехобаны қадір тұтпайтын арсыз адамдар еді”,— делінген (Самуилдің 1-жазбасы 2:12). Әкелері шынайы ғибадатты өркендетуде білдей қызмет атқарса да, ұлдары ауыр күнәлар жасап жүрді. Ели мұны біле тұра, оларды жөнге салмай, босаңдық танытты. Уақыт өте Ехоба Елиді де, екі ұлын да жазалады. Ол бұдан былай Елидің ұрпақтарына бас діни қызметкер болуға жол бермеді (Самуилдің 1-жазбасы 3:10—14). Егер сіз Елидің заманында өмір сүрсеңіз, ол өз ұлдарының сорақы істеріне көз жұмып отырғанын білгенде, не істер едіңіз? Осыған сүрініп, Құдайға қызмет етуді доғарар ма едіңіз?

7. Дәуіт қандай ауыр күнә жасады және бұл жағдайда Ехоба не істеді?

7 Дәуіттің бойында керемет қасиеттер болған, Ехоба сол үшін оны қатты жақсы көрген (Самуилдің 1-жазбасы 13:13, 14; Елшілердің істері 13:22). Бірақ тіпті Дәуіттің өзі ауыр күнә жасаған. Бірде қызметшісі Ұрия шайқас алаңында жүрген кезде, Дәуіт оның әйелі Барсабиямен азғындыққа барады. Содан Барсабия жүкті болып қалады. Өз ісін жасырғысы келген Дәуіт Ұрияны шақыртып алып, үйіне баруға көндірмек болады. Осылайша ол Ұрия Барсабиямен жақындасса, жұрт баланың әкесі сол деп ойлайтынына үміттенеді. Бірақ Ұрия үйіне барғысы келмейді. Сондықтан Дәуіт оның шайқаста өлтірілуін ойластырады. Осындай ауыр қылмысының кесірінен Дәуіттің өзі де, бүкіл отбасы да қасірет шегеді (Самуилдің 2-жазбасы 12:9—12). Әйтсе де Ехоба оған рақымшылық жасап, кешіреді. Өйткені Дәуіттің “жүрегі мінсіз” екенін білетін (Патшалар 1-жазба 9:4). Егер сіз сол уақытта өмір сүрсеңіз, Дәуіт жайында не ойлар едіңіз? Оның осы ісіне сүрініп, Ехобаға қызмет етпей қояр ма едіңіз?

8. а) Елші Петір қалай сөзінде тұрмады? ә) Петір қателік жасағаннан кейін де, неге Ехоба оны қолдана берді?

8 Енді елші Петірдің мысалын алайық. Иса оны өзінің елшісі етіп таңдаған болатын. Сөйткенмен Петір кейде ағаттық жасаған. Мысалы, ол жұрттың бәрі Исаны тастап кетсе де, өзі ешқашан тастамайтынын айтқан (Марқа 14:27—31, 50). Бірақ Иса тұтқынға алынғанда, елшілердің бәрі, соның ішінде Петір де, оны тастап қашып кетеді. Ал кейінірек ол үш рет Исаны танымаймын деп жалтарады (Марқа 14:53, 54, 66—72). Алайда кейін істеген ісіне қатты өкінеді. Сондықтан Ехоба оны кешіріп, әрі қарай да қызметте қолданады. Егер сіз сол кездегі шәкірттердің бірі болып, Петірдің не істегенін білсеңіз, Ехобаға адал болып қалар ма едіңіз?

Ехоба әрқашан дұрыс әрі әділ әрекет ететініне кәміл сенеміз

9. Ехоба әрқашан әділ әрекет ететініне неге сенімдісіз?

9 Осы мысалдардан көргеніміздей, Ехобаның кейбір қызметшілері басқалардың жанына бататын істер жасаған. Мұндай жағдай бүгінде орын алса, сіз не істер едіңіз? Қауымға баруды қойып, тіпті Ехоба мен оның халқын тастап кетер ме едіңіз? Я болмаса Ехобаның рақымды Құдай екенін есте ұстап, оның күнә жасаған адамға өкінуге уақыт беруі мүмкін екенін түсінесіз бе? Кей жағдайда ауыр күнә жасаған адам өз ісіне еш өкінбеуі мүмкін. Ехобаның мұны білетініне және өз уақытында тиісті шара қолданатынына сенесіз бе? Қажет болса, Ехоба ондай адамды қауымнан шеттетуі мүмкін. Ехоба әрқашан дұрыс әрі әділ әрекет ететініне сенімдісіз бе?

АДАЛДЫҚТАН АЙНЫМАЙЫҚ

10. Яһуда Исқариот пен Петірдің қателіктеріне қатысты Иса нені түсінді?

10 Киелі кітаптан өзгелердің үлкен қателіктеріне қарамастан, Ехоба мен оның халқына адал болып қалған қызметшілер жайлы да білеміз. Олардың ең озық үлгісі — Иса. Ол түні бойы Ехобаға дұға етіп, 12 елшісін таңдайды. Бірақ кейінірек араларындағы Яһуда Исқариот есімді елшісі оны сатып кетеді. Ал елші Петір болса Исадан танып шыға келеді (Лұқа 6:12—16; 22:2—6, 31, 32). Иса олардың бұл істері үшін Ехобаның да, оның халқының да кінәлі еместігін білді. Ізбасарларының кейбірі көңілін қалдырса да, ол Әкесімен жақын қарым-қатынасын жоғалтпай, адалдықпен қызмет ете берді. Ехоба болса оны жарылқап, қайта тірілтті, ал кейінірек көктегі Патшалықтың Патшасы етті (Матай 28:7, 18—20).

11. Ехобаның бүгіндегі қызметшілері жайлы Киелі кітапта не айтылып кеткен?

11 Исаның үлгісінен Ехоба мен халқына адалдық сақтауды үйренеміз. Бұлай етуге бізде келелі себептер бар. Мысалы, осы соңғы күндерде Ехоба өз қызметшілерін қалай жетелеп келе жатқанын көріп отырмыз. Ол өз халқына шындықты дүниежүзі бойынша уағыздауға көмектесуде. Бұл істі атқарып жүрген олардан басқа ешкім жоқ. Сондай-ақ Ехобаның керемет тәлімінің арқасында олар өзара ынтымақта болып, қуанышқа кенелуде. Құдай халқының арасындағы бұл жағдай Ишая 65:14-те: “Менің қызметшілерім жүректерін қуаныш кернеп, ән салады”,— деп сипатталған.

12. Өзгелердің қателіктерін көргенде, не істегеніміз жөн?

12 Ехобаның өзі бізді жетелеп келе жатқандықтан, көптеген игі іс жасай алатынымызға қуанамыз. Ал Шайтанның ықпалындағы дүние нашарлап бара жатқандықтан, адамдардың еңсесін уайым-қайғы басқан. Ендеше, қауымда біреудің бұрыс қылығына не сөзіне бола, Ехобадан және оның ұйымынан кетіп қалу даналыққа да, әділеттілікке де жатпас еді! Қайта, біз әрі қарай да Ехобаға адалдық сақтап, жетекшілігіне бойсұнғанымыз жөн. Сонымен қатар басқалардың қателігіне қалай қарау керектігін үйренуіміз қажет.

ҚАЛАЙ ӘРЕКЕТ ЕТУІМІЗ КЕРЕК?

13, 14. а) Неге өзара төзімді болуымыз керек? ә) Қандай уәдені есте сақтағанымыз абзал?

13 Егер бауырласымыз сөзімен я ісімен жанымызды жараласа, не істегеніміз дұрыс? Киелі кітап мынадай кеңес береді: “Ренжуге асықпа, себебі реніш ақымақтың көкейіне ұялайды” (Уағыздаушы 7:9). Адам баласының кемелділіктен қол үзгеніне, қанша дегенмен, 6000 жылдай болды ғой. Ал кемелсіз пенде қателесуге бейім. Сондықтан бауырластарымыз үнемі дұрыс сөйлеп, дұрыс әрекет етеді деп күтпеуіміз керек. Олардың қателіктері жайлы ойлай бергеніміз де жөн болмас еді. Егер сол жайлы ойлай берсек, Ехобаға қуанышпен қызмет етуден қаламыз. Ал бұдан да сорақысы, сеніміміз әлсіреп, Ехобаның ұйымынан кетіп қалуымыз да ғажап емес. Ондай жағдайда Ехобаның еркін орындай алмаймыз және жаңа дүниеде өмір сүру үмітінен құралақан қаламыз.

14 Қызметтегі қуанышымызды және үкілі үмітімізді берік сақтау үшін, Ехобаның көңілге жұбаныш беретін мына уәдесін ұмытпағанымыз абзал: “Міне, мен жаңа аспан мен жаңа жер жаратып жатырмын, Бұрынғы жайттар еске алынбайды, Жүрекке қаяу да түсірмейді” (Ишая 65:17; Петірдің 2-хаты 3:13). Олай болса, басқалардың олқылықтары осы баталарға кенелуіңізге кедергі етпесін.

15. Басқалар қателік жасағанда, Иса қалай әрекет етуіміз керектігін айтқан?

15 Бірақ біз әзірге жаңа дүниеде өмір сүріп жатқан жоқпыз. Сондықтан әлдекім көңілімізге қаяу салғанда, Ехоба біздің қалай әрекет еткенімізді қалайтыны жөнінде ойлануымыз керек. Иса келесі принципті айтқан: “Егер адамдардың күнәларын кешірсеңдер, көктегі Әкелерің де сендерді кешіреді. Ал басқалардың күнәларын кешірмесеңдер, Әкелерің де сендердің күнәларыңды кешірмейді”. Сондай-ақ Петір Исадан: “Жеті ретке дейін кешіруім керек пе?”— деп сұрағанда, Иса: “Саған айтамын, жеті емес, жетпіс жеті ретке дейін”,— деп жауап берген. Мұнысымен Иса әрдайым өзгелерді кешіруге дайын тұруымыз керектігін айтқысы келген (Матай 6:14, 15; 18:21, 22).

16. Жүсіп қандай үлгі қалдырды?

16 Басқалар көңілімізді қалдырғанда не істеу керектігіне қатысты Жүсіп жақсы үлгі болып табылады. Ол Жақыптың Рахиладан туылған екі ұлының тұңғышы еді. Жақыптың тағы он баласы болды, бірақ ол Жүсіпті бәрінен де қатты жақсы көрді. Сол үшін бауырлары оны көре алмады. Сөйтіп, Жүсіпті Мысыр еліне құлдыққа сатып жіберді. Арада көп жыл өткен соң, жақсы еңбегіне риза болған Мысыр патшасы оны өзінен кейінгі екінші адам етіп қойды. Ал кейінірек Жүсіптің бауырлары елдерінде аштық жайлағандықтан, Мысырға тамақ сатып алуға келеді. Олар Жүсіпті танымағанмен, Жүсіп олардың кім екенін білді. Бірақ ол қолындағы билікті пайдаланып, кезінде жасаған опасыздықтары үшін кек алуды ойлаған жоқ. Қайта, олар өзгерді ме, жоқ па — соны тексерді. Ағаларының шынымен өзгергенін көргенде, өзінің кім екенін айтты. Кейінірек оларды жұбатып, көңілдерін орнықтыру үшін: “Қорықпаңдар, мен сендерді де, бала-шағаларыңды да азық-түлікпен қамтамасыз етемін”,— деді (Мұсаның 1-жазбасы 50:21).

17. Басқалар ағаттық жіберіп жатса, қалай әрекет етесіз?

17 Кем-кетіксіз адам жоқ болғандықтан, өзіміз де басқаларды ренжітіп жатамыз. Сондықтан әлдекімнің көңіліне тигенімізді аңғарсақ, Киелі кітаптағы кеңеске сай, оған барып кешірім сұрап, татуласуға тырысайық (Матай 5:23, 24 оқыңыз). Басқалардың бізге реніш сақтамағанын қалаймыз ғой, сондықтан өзіміз де солай етейік. Қолостықтарға 3:13 бізді мынаған шақырады: “Егер әлдекімнің біреуге ренжуге себебі болса да, өзара төзімді болып, бір-біріңді кеңпейілмен кешіріңдер. Ехобаның өздеріңді кеңпейілмен кешіргеніндей, сендер де солай етіңдер”. Бауырластарды шынымен жақсы көрсек, өткен-кеткен қателіктерін көңіл түбінде сақтап жүрмейміз (Қорынттықтарға 1-хат 13:5). Өзгелерді кешіре білсек, Ехоба бізді де кешіреді. Ендеше, басқалар ағаттық жіберіп жатса, Ехоба Әкеміз бізге мейірім танытқандай, біз де оларға мейірім танытайық (Зәбүр 103:12—14 оқыңыз).