Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдаңыз!
“Құдайымыз Ехоба, сен даңққа, құрмет пен күш-құдіретке ие болуға лайықсың! Өйткені бәрін жаратқан — өзіңсің” (АЯН 4:11).
ӘНДЕР: 112, 49
1, 2. Әрқайсысымыз не нәрсеге көз жеткізуге тиіспіз? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)
АЛДЫҢҒЫ мақалада талдағанымыздай, Ібіліс Ехоба адамзатқа билік етуге лайықты емес дегенге меңзеді. Оның айтуынша, Құдай әділдікпен билік етпейді және адамдар өз-өздеріне би болса, жағдайлары анағұрлым жақсы болар еді. Оның айтқаны рас па? Айталық, адамдар өз-өздеріне билік етіп, мәңгі өмір сүре алатын болды. Олар Құдайдың билігінсіз бақыттырақ болар ма еді? Егер сіз Құдайдан толықтай тәуелсіз болып, мәңгі өмір сүрсеңіз, әлдеқайда бақытты болар ма едіңіз?
2 Әрине, бұл сұрақтарға сіз үшін ешкім жауап бере алмайды. Мұны әркім өзі жақсылап ой елегінен өткізгені абзал. Сонда Құдайдың бүкіләлемдік билігінің дұрыс екені анық болса керек. Оның билігі — ең жақсы билік, әрі біздің шын жүректен қолдауымызға лайық. Бұған Киелі кітап көзімізді жеткізеді. Ендеше, Ехобаның ғаламды билеуге құқы бар екеніне қатысты Киелі кітапта не делінгенін көрелік.
ЕХОБАНЫҢ БИЛІК ЕТУГЕ ҚҰҚЫ БАР
3. Неге Ехоба Әлемнің Әміршісі болуға құқылы?
3 Ехоба ғана — Әлемнің Әміршісі, өйткені ол Құдіреті шексіз Құдай әрі Жаратушы (Шежірелер 1-жазба 29:11; Елшілердің істері 4:24). Көктегі аянда Мәсіхпен бірге билік ететін 144 000 патшаның былай деп жатқаны суреттелген: “Құдайымыз Ехоба, сен даңққа, құрмет пен күш-құдіретке ие болуға лайықсың! Өйткені бәрін жаратқан — өзіңсің, бәрі де сенің еркіңмен бар болды әрі жаратылды” (Аян 4:11). Иә, Ехоба бәрін жаратқандықтан, адамдарға және рухани жаратылыстарға билік етуге толық құқылы.
4. Неге ерік бостандығы Құдайға қарсы шығуға құқық бермейді?
4 Шайтан ештеңе де жаратпаған. Сондықтан әлемді билеуге оның еш хақы жоқ. Ехобаның бүкіләлемдік билігіне қарсы бүлік шығаруымен ол да, алғашқы адам жұбы да менменсіп әрекет етті (Еремия 10:23). Рас, ерік бостандығы болғандықтан, олар Құдайдан тәуелсіз болуды шеше алар еді. Бірақ бұл бостандық оларға осылай істеуге құқық берді ме? Жоқ. Ерік бостандығы адамдарға күнделікті өмірде көптеген шешімдер қабылдауға құқық бергенмен, Жаратушыларына қарсы шығуға құқық бермейді. Демек, Құдайға қарсы келу — ерік бостандығын теріс пайдалану. Адам баласы ретінде біздің орнымыз Ехобаның әділ билігінің қол астында.
Ехобаның заңдары, принциптері мен шешімдерінің бәрі әділ де игі
5. Неге Құдайдың шешімдері әрдайым әділ екеніне сенімді бола аламыз?
5 Ехобаның билік етуге құқылы екендігіне тағы бір себеп бар. Ол билігін кемелді әділеттілікпен жүргізеді. “Мен Ехобамын, жер бетінде айнымас сүйіспеншілік, Әділет пен әділдік танытамын, Өйткені осылар менің көңіліме жағады”,— дейді ол (Еремия 9:24). Ехобаға ненің дұрыс әрі әділ екенін шешу үшін кемелсіз адамдар шығарған заңдарға жүгінудің қажеті жоқ. Қайта, ненің әділ екеніне қатысты нормаларды оның өзі орнатады. Кемелді әділдігін негіз ете отырып Құдай адамдарға заңдар берген. Зәбүр жыршысы: “Тағыңның негізі — әділдік пен әділеттілік”,— деп жырлаған. Олай болса, оның заңдары, принциптері мен шешімдерінің бәрі әділ екеніне кәміл сенсек болады (Зәбүр 89:14; 119:128). Ал Шайтан Ехобаның бүкіләлемдік билігінің міні бар деп жала жапқанымен, өзі әділдік орнаған дүниені жасай алмай отыр.
6. Ехобаның билік етуге құқы бар екендігінің тағы бір себебі қандай?
6 Ехобаның әлемді билеуге құқы бар екендігінің басқа бір себебі — оның бүкіл ғаламның қамын жасауға білімі мен даналығы жетеді. Мысалы, ол өзінің Ұлына ешбір дәрігер емдей алмайтын ауруларды жазатын қабілет дарытты (Матай 4:23, 24; Марқа 5:25—29). Біз үшін бұл керемет болғанмен, Ехоба үшін керемет емес еді. Ол адам ағзасының қалай жұмыс жасайтынын жақсы біледі, әрі оған келген зақымды қалпына келтіруге құдіреті жетеді. Сонымен қатар ол марқұмдарды қайта тірілтіп, табиғи апаттардың бетін қайтара алады.
7. Қалайша Ехобаның даналығы Шайтанның қол астындағы дүниенің даналығынан асып түседі?
7 Шайтанның ықпалындағы мына дүние азаматтық және ұлтаралық қақтығыстарды шешудің жолын іздеумен әлек. Алайда дүниежүзілік бейбітшілікті орнатуға тек Ехобаның ғана даналығы жетеді (Ишая 2:3, 4; 54:13). Оның білімі мен даналығы жайлы білген сайын, елші Пауылдың мына сөздеріне қосылмай тұра алмаймыз: “О, неткен зор Құдайдың баталары! Неткен мол даналығы мен білімі! Шешімдеріне адам ақылы жетпес, жолдарын оның ешкім зерттеп бітпес!” (Римдіктерге 11:33).
ЕХОБАНЫҢ БИЛІГІ — ЕҢ ЖАҚСЫ БИЛІК
8. Ехобаның билік ету жолы сізді қандай сезімге бөлейді?
8 Киелі кітап Ехобаның билік етуге деген құқын бекітіп қана қоймай, оның бүкіләлемдік билігі неге бәрінікінен асып түсетінін көрсетеді. Бұның бір себебі — ол сүйіспеншілікпен билік жүргізеді. Шынында да, оның билік жүргізу жолын көргенде, жүрегіміз тебіренбей қоймайды. Ол — “мейірімді де жанашыр, ашулануға асықпайтын, айнымас сүйіспеншілігі мол және әрдайым сөзіне адал Құдай” (Мұсаның 2-жазбасы 34:6). Құдай біздің қадір-қасиетімізді сыйлап, құрмет танытады. Ол қамымызды өзімізден де жақсы ойлайды. Ібіліс айтқандай емес, керісінше, ол адал қызметшілерінен бар жақсыны аямайды. Ол тіпті мәңгі өмірге үмітті болуымыз үшін өзінің қымбатты Ұлын қиды! (Зәбүр 84:11; Римдіктерге 8:32 оқыңыз).
Ехоба қамымызды өзімізден де жақсы ойлайды
9. Ехоба әрбірімізге жеке көңіл бөлетінін қайдан білеміз?
9 Ехоба топ ретінде бүкіл халқын жақсы көреді. Мұнымен ғана шектелмей, ол әрбір адамға жеке көңіл бөледі. Ежелгі уақытты еске түсірейікші. Үш жүз жылға таяу уақыт бойы Ехоба Исраил халқын жауларының езгісінен құтқару үшін билерді тағайындап отырды. Сондай аумалы-төкпелі заманның өзінде Рут деген жатжерлік әйел оның көзінен таса қалмады. Шынайы ғибадатқа бет бұру үшін бұл әйел көп нәрседен бас тартты. Ехоба оған өмірлік жар мен ұл сыйлап жарылқады. Бұдан да зор бата — оның ұрпағынан түбінде Мәсіх шықты. Ехоба Руттың өмірбаянын оның өз атымен аталатын кітапқа жаздырып, Киелі кітапқа ендірді. Ол қайта тіріліп, осының бәрін білгенде қандай сезімде болатынын елестетіп көріңізші! (Рут 4:13; Матай 1:5, 16).
10. Неліктен Ехобаның билігі қатаң емес дей аламыз?
10 Ехоба қатал билік етпейді. Оның қол астында азаттық пен қуаныш сезіне аламыз (Қорынттықтарға 2-хат ). Бұған қатысты Дәуіт: “Ұлылық пен салтанат [Құдайдың] алдында, Күш пен шаттық киелі тұрағында”,— деген ( 3:17Шежірелер 1-жазба 16:7, 27). Зәбүр жыршысы Етан да былай жырлаған: “Шаттық үніне қосылатындар бақытты. Уа, Ехоба, олар жүзіңнің нұрында жүреді. Күні бойы есіміңе қуанады, Әділдігің арқылы асқақтайды” (Зәбүр 89:15, 16).
11. Ең жақсы билік Ехобанікі екеніне сенімділігімізді қалай арттыра аламыз?
11 Ехобаның ізгілігі туралы жиі-жиі ойланып тұрсақ, оның билігі ең керемет екеніне сенімділігіміз артады. Сонда біз: “Аулаларыңда өткізген бір күн басқа жерде өткізген мың күннен артық!”— деп жырлаған зәбүр жыршысы сияқты сезімде боламыз (Зәбүр 84:10). Бұлай болмағанда ше?! Жасаған Иеміз болғандықтан, бізді нағыз бақытқа не кенелтетінін ол жақсы біледі әрі сол қажетімізді молынан қамдайды. Ол бізден не талап етпесін, бәрі біздің пайдамыз үшін. Кейбір құрбандықтарға баруға тура келсе де, Ехобаның айтқанына мойынсұнсақ, әрқашан да қуанышты боламыз (Ишая 48:17 оқыңыз).
12. Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдауымыздың басты себебі қандай?
12 Киелі кітаптан Мәсіхтің мыңжылдық патшалығынан соң, кейбіреулер Ехобаның бүкіләлемдік билігіне қарсы шығатынын білеміз (Аян 20:7, 8). Оларға не түрткі болады? Түрмеден босап, адамдарды адастыруды көздеген Ібіліс сол кезде олардың өзімшілдігін қоздырады. Ол қашанда солай етіп келген. Ол адамдарды Ехобаға бағынбай-ақ мәңгі өмір сүруге болады дегенге иландырып бағатын шығар. Әрине, бұл шындыққа еш жанаспайды. Бірақ мынаны ойлап көрейікші: сол кезде осындай өтірікке құлағымыз елеңдей ме? Егер Ехобаны сүйсек, оның ізгілігіне және Әлемнің құқылы Әміршісі екеніне көзіміз жеткен болса, бұндай өтірік біз үшін жиренішті болады. Біз тек қана Ехобаның заңды да сүйіспеншілікке толы билігінің қол астында өмір сүруді қалайтын боламыз.
ҚҰДАЙДЫҢ БҮКІЛӘЛЕМДІК БИЛІГІН АДАЛДЫҚПЕН ҚОЛДАҢЫЗ
13. Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдайтынымызды қалай көрсетеміз?
13 Иә, Ехобаның бүкіләлемдік билігі шын жүректен қолдауымызға лайық. Жоғарыдан көргеніміздей, ол билік етуге толықтай құқылы және оның билігі ең керемет. Егер мінсіздігімізді сақтасақ, Құдайға адал қызмет етсек, оның бүкіләлемдік билігін қолдай аламыз. Мұны тағы қалай көрсетуге болады? Іс-әрекетімізде Ехобаға еліктеу арқылы. Ехоба қалай әрекет етер еді, солай істеуге барымызды салсақ, оның билігі бізге ұнайтынын және соны жақтағымыз келетінін көрсетеміз (Ефестіктерге 5:1, 2 оқыңыз).
14. Отағалары мен ақсақалдар Ехобаға қалай еліктейді?
14 Біз Құдай Сөзінен Ехобаның билікті сүйіспеншілікпен жүргізетінін білеміз. Оның бүкіләлемдік билігін жақсы көретін отағалары мен ақсақалдар да оған еліктеп, қатал не талапшыл болудан аулақ. Елші Пауыл Құдайға және оның Ұлына еліктеуде алдына жан салмаған (Қорынттықтарға 1-хат 11:1). Ол басқаларды дұрыс нәрсені істету үшін ұялтып, мәжбүрлемеген. Қайта, олардан өтініп, мейіріммен талпындырған (Римдіктерге 12:1; Ефестіктерге 4:1; Філімонға 8—10). Ехоба әдетте осылай істейді. Сондықтан оның билігін жақсы көретін және қолдайтындардың барлығы да осындай жолмен әрекет етулері керек.
15. Ехобаның билігіне деген сүйіспеншілігімізді қалай көрсетеміз?
15 Ал Құдай уәкілдік берген теократиялық басшылыққа қалай қараймыз? Оларға құрмет көрсетіп, қызметтес болуымызбен Ехобаның бүкіләлемдік билігіне қолдау көрсетеміз. Кейбір шешімдерін толықтай түсінбеген не олармен келіспеген күнде де, бәрібір теократиялық тәртіпті қолдаймыз. Мына әлемде адамдар мүлде басқаша әрекет етеді, бірақ Ехобаны Әміршім деп мойындайтындар осылай істейді (Ефестіктерге 5:22, 23; 6:1—3; Еврейлерге 13:17). Бұлай ету өзімізге жақсы, өйткені Құдай біздің игілігімізді ойлайды.
16. Құдайдың бүкіләлемдік билігін жақтайтынымыз шешімдерімізден қалай көрінеді?
16 Жеке шешімдерімізбен де Құдайдың бүкіләлемдік билігін жақтайтынымызды көрсете аламыз. Ехоба өмірдегі әрбір жағдайға қатысты нақты заң бермейді. Мұның орнына, бізге бағыт-бағдар бергенде, өзінің ой қалпын ашады. Мәселен, ол мәсіхшілерге киімге қатысты егжей-тегжейлі ережелер бермеген. Қайта, қарапайым әрі Тімөтеге 1-хат 2:9, 10). Сондай-ақ ол қабылдаған шешімдеріміздің өзгелерді сүріндіргенін қаламайды (Қорынттықтарға 1-хат 10:31—33). Шешімді тек өз қалауымызға емес, Ехобаның ой қалпына сүйеніп қабылдасақ, оның билігін жақсы көретінімізді әрі қолдайтынымызды паш етеміз.
оның Куәгерлеріне лайықты киінгенімізді қалайтынын аян етеді (17, 18. Ерлі-зайыптылар Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдайтынын қандай жолдармен көрсете алады?
17 Неке құрған мәсіхшілер қалай Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдай алатынын қарастырайық. Мысалы, ерлі-зайыптының отбасылық өмірі өздері ойлағандай болып шықпады делік. Тіпті некелерінің іргесі шайқала бастаған шығар. Олай болса, бір сәтке кідіріп, Ехобаның ежелдегі Исраил халқына қалай қарағанына ой тастайық. Ол өзін сол ежелгі халқының күйеуі іспетті сипаттаған (Ишая 54:5; 62:4). Бұл қандай қиын “неке” болды десеңізші! Алайда Ехоба олардан бірден күдер үзбеді. Ол халқына қайта-қайта мейірімділік көрсетті, жасасқан келісіміне адал болды (Зәбүр 106:43—45 оқыңыз). Осындай айнымас сүйіспеншілігі үшін Ехобаны жақсы көріп кетеді емеспіз бе?
18 Ехобаны сүйетін ерлі-зайыптылар оған еліктеуге талпынады. Некеде қиындықтар туса да, олар Жазбаларға негізделмеген себеппен некені ойран етудің жолын іздемейді. Олар Ехобаның неке антына өте маңызды деп қарайтынын және олардың бір-біріне “қатты жабысқанын” қалайтынын біледі. Жазбаларға сай, жарының көзіне шөп салу — біреудің ажырасып, қайтадан некеге тұруына негіз беретін жалғыз себеп (Матай 19:5 сілтеме, 6, 9). Мәсіхші жұбайлардың өз отауының түтінін түзу, іргесін берік етуге барынша тырысқаны — Ехобаның әділ билігін қолдағаны.
19. Қателік жасасақ, не істеуіміз керек?
19 Пендешіліктен бәріміз де Ехобаны қапаландыратын істер жасап қоямыз. Ол мұны біледі, сол себептен де біз үшін Мәсіхтің төлем құрбандығын берді. Ендеше, егер қандай да бір қателік жасасақ, Ехобадан кешірім сұрауымыз қажет (Жоханның 1-хаты 2:1, 2). Мұндайда жанымызды жегідей жей бергенше, қателігімізден сабақ алуға тырысайық. Егер Ехобадан бір елі ажырамасақ, ол бізді кешіреді, жан жарамызды сауықтырады және келесі жолы соған ұқсас жағдайлармен күресе білуге көмектеседі (Зәбүр 103:3).
20. Неге Ехобаның бүкіләлемдік билігін қазір қолдауымыз керек?
20 Жаңа дүниеде бәрі Ехобаның бүкіләлемдік билігіне бағынып, оның әділ жолдары туралы білетін болады (Ишая 11:9). Алайда сол білімнің көп бөлігін қазірдің өзінде алып жатырмыз. Бүкіләлемдік билікке қатысты даудың шешілуіне жақын қалды. Олай болса, дәл қазір мінсіздік сақтау, адалдықпен қызмет ету және Құдайға барынша еліктеу арқылы оның бүкіләлемдік билігін қолдайтын уақыт!