Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ар-ұжданыңызды Құдай заңдары мен принциптеріне сай тәрбиелеңіз

Ар-ұжданыңызды Құдай заңдары мен принциптеріне сай тәрбиелеңіз

“Сенің ескертулерің жайлы ой жүгіртемін” (ЗӘБҮР 119:99).

ӘНДЕР: 127, 88

1. Бізді жануарлардан жоғары ететін бір ерекшелігіміз қандай?

ЕХОБА адамдарға бір ерекше сый берген. Бұл — біздің ар-ұжданымыз. Осы ерекшеліктің арқасында біз жануарлардан жоғары тұрмыз. Адам мен Хауаның да ар-ұжданы болғанын қайдан білеміз? Құдайдың айтқанына мойынсұнбаған кезде, олар жасырынып қалды. Өйткені ар-ұждандары мазалады.

2. Ар-ұжданымыз қай жағынан компасқа ұқсайды? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

2 Ар-ұждан — дұрыс пен бұрысты ажырата білу сезімі. Ол біздің өмірімізге бағыт бере алады. Ар-ұжданы жақсы тәрбиеленбеген адам компасы бұзылып қалған кемеге ұқсайды. Жел мен мұхит ағыстары мұндай кемені бұрыс бағытқа алып кетуі мүмкін. Ал жақсы істеп тұрған компас теңізшіге кемені дұрыс бағытта жүргізуге көмектеседі. Тура сол сияқты, ар-ұжданымызды жақсы тәрбиелесек, ол бізді дұрыс жолға бағыттайды.

3. Ар-ұжданымызды дұрыс тәрбиелемесек, нәтижесі қандай болуы мүмкін?

3 Ар-ұжданымыз дұрыс тәрбиеленбеген болса, ол бізді ескертіп, бұрыс әрекеттен сақтай алмайды (Тімөтеге 1-хат 4:1, 2). Ол тіпті “жаманды жақсы” деп сендіруі мүмкін (Ишая 5:20). Иса ізбасарларына: “Сендерді өлтіретін әркім Құдайға қасиетті қызмет атқарып жатырмын деп ойлайтын уақыт келеді”,— деген (Жохан 16:2). Степан деген шәкіртті өлтірген кісілер де солай ойлаған (Елшілердің істері 6:8, 12; 7:54—60). Тарих бойы көптеген діндар адамдар кісі өлтіру сияқты ауыр қылмыс жасап, оны Құдай үшін істедік деп санаған. Бірақ, шын мәнінде, олардың жасағаны Құдай заңына қайшы еді (Мұсаның 2-жазбасы 20:13). Ар-ұждандары оларға дұрыс бағыт бермегені айдан анық!

4. Ар-ұжданымыз дұрыс бағыт беру үшін не істеуіміз керек?

4 Ар-ұжданымыз дұрыс бағыт беру үшін не істеуіміз керек? Киелі кітаптағы заңдар мен принциптер “тәлім беруге, әшкерелеуге, түзетуге, әділ талаптарға сай тәрбиелеуге тиімді” (Тімөтеге 2-хат 3:16). Демек, бізге Киелі кітапты жүйелі түрде зерттеу, оқығандарымыз жайлы ой жүгірту және оны өмірде қолдану қажет. Соның арқасында барған сайын Ехоба сияқты ойлануды үйренеміз. Сонда ар-ұжданымыз бізді дұрыс бағытта жетелейтініне сенімді бола аламыз. Қазір ар-ұжданымызды тәрбиелеу үшін Ехобаның заңдары мен принциптерін қалай қолдана алатынымызды қарастырайық.

АР-ҰЖДАНЫМЫЗДЫ ҚҰДАЙ ЗАҢДАРЫ ТӘРБИЕЛЕСІН

5, 6. Құдай заңдары бізге қалай көмектеседі?

5 Құдай заңдары бізге бағыт берсін десек, оларды жай ғана оқып не біліп қана қою жеткіліксіз. Оларды жақсы көріп, құрметтеуіміз керек. Киелі кітапта: “Жамандықты жек көріп, жақсылықты сүйіңдер”,— делінген (Амос 5:15). Бұл үшін не істеу қажет? Біз Ехобанікіндей көзқарас танытуды үйренуіміз қажет. Бұған мынадай мысал келтірсек болады. Сіздің ұйқыңыз нашарлап кетті делік. Дәрігер сізге пайдалы тағам жеп, көбірек дене шынықтыруға және өмір салтыңызда басқа да өзгерістер жасауға нұсқау береді. Сіз оның ақыл-кеңесін қолданып, көп пайдасын көресіз! Сол кезде сіз дәрігердің берген нұсқаулары жайында қандай тұжырымға келесіз?

6 Тура сол сияқты, Жаратушымыз бізді күнәнің жаман салдарынан сақтап, өмірімізді жақсарту үшін заңдар берген. Мысалы, Құдай Сөзінен біз өтірік айтпауды, алдамауды, ұрламауды, азғындық жасамауды, қатыгездік танытпауды және жындармен ешқандай байланыста болмауды үйренеміз (Нақыл сөздер 6:16—19 оқыңыз; Аян 21:8). Ехобаға мойынсұнудың жақсы нәтижесін көрген кезде, біздің оған және оның заңдарына деген сүйіспеншілігіміз артады.

7. Киелі кітаптағы оқиғалардың бізге қандай көмегі бар?

7 Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білу үшін бізге Құдай заңын бұзып, соның зардабын тартудың қажеті жоқ. Біз өзгелердің бұрын жасаған қателіктерінен сабақ ала аламыз. Бұл оқиғалар Киелі кітапта жазылған. Нақыл сөздер 1:5-те былай делінген: “Дана адам тыңдап, ақылына ақыл қосады, Түсінігі бар адам дұрыс басшылыққа құлақ асады”. Бұл басшылық Құдайдан келеді, әрі ол — әлемдегі ең жақсы басшылық! Мысалы, Дәуіт Ехобаға мойынсұнбай, Барсабиямен азғындық жасағанда, мұның қандай зардабын тартқанын еске алайықшы (Самуилдің 2-жазбасы 12:7—14). Осы үзіндіні оқығанда, былай деп ойланып көріңіз: “Дәуіттің қалай бұл қиындықтардың алдын алуына болар еді? Осыған ұқсас жағдайда мен не істер едім? Азғындық жасауға азғырылсам, Дәуіт сияқты әрекет етемін бе, әлде Жүсіп сияқты ма?” (Мұсаның 1-жазбасы 39:11—15). Күнәнің салдары қаншалықты жаман екені жайлы жақсылап ойлансақ, одан бетер “жамандықты жек көре” түсеміз.

8, 9. а) Ар-ұжданымыз бізге қалай көмектеседі? ә) Ехобаның принциптері ар-ұжданымызға қалай бағыт береді?

8 Біз Құдай жек көретін нәрселерден аулақ жүреміз. Ал егер біздің жағдайымызға қатысты Киелі кітапта нақты ешқандай заң болмаса ше? Құдай біздің не істегенімізді қалайтынын қайдан білеміз? Егер біз ар-ұжданымызды Киелі кітапқа сай тәрбиелеген болсақ, мұндай жағдайда дана шешім қабылдаймыз.

9 Ехоба бізді сүйетіндіктен, ар-ұжданымызды бағыттайтын принциптер берген. “Мен Құдайларың Ехобамын. Мен сендерге пайдалыны үйретемін, Жүрулерің тиіс жолмен жетелеймін”,— дейді ол (Ишая 48:17, 18). Егер біз Киелі кітаптағы принциптер жайлы тереңінен ой жүгіртіп, жүрегімізге әсер етуіне жол берсек, ар-ұжданымызды түзетіп, дұрыстай аламыз. Ал нәтижесінде дана шешімдер қабылдайтын боламыз.

ҚҰДАЙ ПРИНЦИПТЕРІ СІЗГЕ БАҒЫТ БЕРСІН

10. Принцип дегеніміз не? Иса тәлім бергенде, принциптерді қалай қолданған?

10 Принцип дегеніміз — ой-санамызды бағыттап, дұрыс шешім қабылдауға көмектесетін негізгі шындық. Ехобаның принциптерін білсек, бұл бізге оның ой қалпын түсінуге және кейбір заңдарды не үшін бергенін ұғынуға көмектеседі. Иса принциптерді қолданып, шәкірттеріне қандай да бір көзқарастың не әрекеттің өз салдары болатынын үйреткен. Мәселен, ол ашудың қатыгездікке, ал азғын ойлардың неке адалдығын бұзуға әкеп соғатынын айтқан (Матай 5:21, 22, 27, 28). Егер Ехобаның принциптеріне бізді бағыттауға жол берсек, ар-ұжданымыз жақсы тәрбиеленеді, әрі біз Құдайға даңқ әкелетін шешімдер қабылдайтын боламыз (Қорынттықтарға 1-хат 10:31).

Толысқан мәсіхші өзгелердің ар-ұжданын құрметтейді (11, 12-абзацты қараңыз)

11. Қалай біреудің ар-ұжданы басқанікінен өзгеше болуы мүмкін?

11 Мәсіхшілер ар-ұждандарын Киелі кітапқа сай тәрбиелесе де, кейбір жайттарға әртүрлі қарауы мүмкін. Мысалы, ішімдік ішуді алайық. Киелі кітапта ішімдік ішу дұрыс емес деп айтылмаған. Алайда онда шектен тыс ішпеу не мас болмау керектігі ескертіледі (Нақыл сөздер 20:1; Тімөтеге 1-хат 3:8). Сонда мәсіхші ішімдік ішуді не ішпеуді шешкенде, “тым көп ішпесем болды, қалғаны маңызды емес” деп ойлауы керек пе? Жоқ. Өзінің ар-ұжданы ішімдік ішуге жол беріп тұрса да, ол басқалардың ар-ұжданын ескеруі керек.

12. Римдіктерге 14:21-дегі сөздер өзгелердің ар-ұжданын құрметтеуге қалай көмектеседі?

12 Пауыл өзгелердің ар-ұжданын құрметтеуіміз керектігін көрсетіп: “Ендеше ет жемегенің, не шарап ішпегенің, не бауырласыңды сүріндіретін басқа да нәрселерді істемегенің жақсы”,— деген (Римдіктерге 14:21). Ішімдік ішуге құқымыз бар екені рас. Бірақ ішімдік ішу басқа бауырластың ар-ұжданын мазалайтынын білсек, бұл құқымыздан бас тартуға дайын боламыз. Бәлкім, бір ер бауырлас шындықты білгенге дейін ішімдікке тәуелді болып, енді оны аузына алмауды шешкен шығар. Біз оның ескі әдетіне қайта оралуына түрткі болатындай ештеңе жасағымыз келмес еді (Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10). Сол бауырлас бізге қонаққа келсе, бас тартқанына қарамай, оны ішкізуге тырысамыз ба? Жоқ, әрине!

13. Ізгі хабарды қабылдауға көмектесу үшін Тімөте адамдардың ар-ұжданына қалай құрмет танытты?

13 Жас жігіт болған Тімөте, қатты ауыратынын білсе де, сүндеттелуге келіскен. Ол өзі уағыздайын деп жатқан яһудилер үшін бұл рәсімнің маңызды екенін білген. Пауыл сияқты, ол да басқалардың сезімін ескеруге тырысқан (Елшілердің істері 16:3; Қорынттықтарға 1-хат 9:19—23). Басқаларға көмектесу үшін сіз де құрбандыққа баруға дайынсыз ба?

“РУХАНИ ТОЛЫСА БЕРЕЙІК”

14, 15. а) Рухани толысу үшін не істеуіміз керек? ә) Толысқан мәсіхші өзгелерге қалай қарайды?

14 Бәріміз де “Мәсіх жайында бастапқы ілімдерді ғана біліп қоймай, алға жылжып, рухани толыса беруді” мақсат етуіміз керек (Еврейлерге 6:1). Біз шындықта көп жыл жүргендіктен ғана толысқан мәсіхші болып кетпейміз. Рухани толысу күш салуды талап етеді. Біз біліміміз бен түсінігімізді арттыра беруіміз керек. Ол үшін Киелі кітапты күнделікті оқуымыз қажет (Зәбүр 1:1—3). Киелі кітапты күнде оқыған сайын, Ехобаның заңдары мен принциптерін жақсырақ түсінеміз.

15 Мәсіхшілер үшін ең басты заң қандай? Бұл — сүйіспеншілік заңы. Иса өзінің шәкірттеріне: “Менің шәкірттерім екендеріңді жұрттың бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”,— деген (Жохан 13:35). Киелі кітапта сүйіспеншілік “патша заңы” деп аталған және “заңды орындау” болып табылатыны айтылған (Жақып 2:8; Римдіктерге 13:10). Сүйіспеншілік қасиетінің неге соншалықты маңызды екені бізді таңғалдырмайды. Өйткені Киелі кітапта: “Құдай — сүйіспеншілік”,— делінген (Жоханның 1-хаты 4:8). Сүйіспеншілік Құдай үшін жай ғана сезім емес. Ол өзінің сүйіспеншілігін іс жүзінде көрсетеді. Жохан былай деп жазған: “Құдай бізге деген сүйіспеншілігін былай көрсетті: жалғыз Ұлын осы дүниеге жіберді. Осылайша сол арқылы өмірге ие болуымызға жол ашты” (Жоханның 1-хаты 4:9). Біз Ехобаға, Исаға, бауырластарға және басқа да адамдарға сүйіспеншілік танытқан кезде, өзіміздің толысқан мәсіхші екенімізді көрсетеміз (Матай 22:37—39).

Киелі кітап принциптері жайлы ой жүгіртсек, ар-ұжданымызға сенім арта аламыз (16-абзацты қараңыз)

16. Рухани толысқан сайын, принциптерді неге көбірек бағалай түсеміз?

16 Рухани толысқан сайын, біз принциптерді көбірек бағалай түсеміз. Заңдар әдетте нақты бір жағдайға қатысты қолданылады. Ал принциптерді әртүрлі жағдайларға қатысты қолдануға болады. Мысалы, кішкентай бала жаман адамдармен дос болудың неге қауіпті екенін түсінбейтіндіктен, ата-анасына оны қорғау үшін ережелер орнату қажет болады (Қорынттықтарға 1-хат 15:33). Бірақ бала толыса түскенде, Киелі кітап принциптері туралы ой жүгіртуді үйренеді. Бұл принциптер оған достарды дұрыс таңдауға көмектеседі (Қорынттықтарға 1-хат 13:11; 14:20 оқыңыз). Киелі кітап принциптері жайлы неғұрлым көп ой жүгіртсек, ар-ұжданымызға соғұрлым көбірек сенім арта аламыз. Сонда кез келген жағдайда Құдай қалай әрекет еткенімізді қалайтынын жақсырақ түсінетін боламыз.

17. Неге дана шешімдер қабылдау үшін бізде қажеттінің бәрі бар дей аламыз?

17 Бізде Ехобаға ұнайтын шешімдер қабылдауға қажеттінің бәрі бар. Киелі кітаптағы заңдар мен принциптер бізге “барынша жарамды, яғни кез келген игі іске толықтай даяр болуға” көмектеседі (Тімөтеге 2-хат 3:16, 17). Киелі кітап принциптерінен Құдайдың қалай ойланатынын түсінуге болады. Бірақ мұндай принциптерді табу үшін күш салу қажет (Ефестіктерге 5:17). Мұндайда бізге көмек болатын келесідей құралдар бар: “Ехоба куәгерлерінің ізденіс құралы”, “Күзет мұнарасының кітапханасы”, “Күзет мұнарасының онлайн кітапханасы” және JW Library қосымшасы. Осы құралдарды қолданар болсақ, жеке зерттеу мен отбасылық зерттеуіміздің көп пайдасын көреміз.

КИЕЛІ КІТАПҚА САЙ ТӘРБИЕЛЕНГЕН АР-ҰЖДАН БАТАЛАРҒА КЕНЕЛТЕДІ

18. Құдайдың заңдары мен принциптерін өмірде қолдансақ, нәтижесі қандай болады?

18 Ехобаның заңдары мен принциптерін қолданғанда, өміріміз қаншалықты жақсарады десеңізші! Зәбүр 119:97—100 тармақтарда былай делінген: “Сенің заңыңды сондай қатты сүйемін, Күні бойы сол жайлы ойға шомып жүремін. Өсиетің мені жауларымнан да дана етеді, Өйткені мені әрдайым жетелеп жүреді. Сенің ескертулерің жайлы ой жүгіртемін, Сондықтан барлық ұстаздарымдікінен де мол түсінікке иемін. Жасы үлкендерге қарағанда ақылмен әрекет етемін, Өйткені нұсқауларыңды ұстанып келемін”. Уақыт бөліп, Құдайдың заңдары мен принциптері жайлы терең ой жүгіртсек, мейлінше ақылмен және түсінікпен әрекет ететін боламыз. Сондай-ақ ар-ұжданымызды Құдайдың заңдары мен принциптеріне сай тәрбиелегенде, “Мәсіхтің кемеліне сай келетін толысқан адам боламыз” (Ефестіктерге 4:13).