Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба мен Исаның бірлікте екеніндей, барлығымыз да бірлікте болайық

Ехоба мен Исаның бірлікте екеніндей, барлығымыз да бірлікте болайық

“Олар үшін... өтінемін: барлығы бірлікте болсын” (ЖОХАН 17:20, 21).

ӘНДЕР: 24, 99

1, 2. а) Елшілерімен айтқан соңғы дұғасында Иса не жайлы сұрады? ә) Иса шәкірттерінің арасындағы бірлік жайлы неге уайымдаған болуы мүмкін?

ИСА елшілерімен соңғы рет ас ішкен кезде, олардың бірлігі жайлы уайымдады. Олармен бірге айтқан дұғасында өзі мен Әкесінің бірлікте болғанындай, шәкірттерінің де бірлікте болуын сұрады (Жохан 17:20, 21 оқыңыз). Шәкірттерінің арасында бірлік болса, бұл Ехобаның Исаны жерге жібергенін өзгелерге дәлелдемек еді. Адамдар Исаның шынайы шәкірттерін өзара сүйіспеншіліктерінен тани алмақ-тын. Ал мұндай сүйіспеншілік олардың бірлігін нығайта түспек еді (Жохан 13:34, 35).

2 Сол кеште Иса бірлік жайлы неге көп айтқанын түсінуге болады. Ол елшілерінің толықтай бірлікте емес екенін байқаған. Олар сол кеште “араларында ең ұлысы кім екеніне қатысты” тағы да дауласты (Лұқа 22:24—27; Марқа 9:33, 34). Басқа бір жолы, Жақып пен Жохан Исадан көктегі Патшалықта өздерін маңызды орындарға, яғни дәл өзінің жанына отырғызуды сұраған болатын (Марқа 10:35—40).

3. Исаның шәкірттеріне бірлікте болуға не кедергі еткен болуы мүмкін? Біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?

3 Исаның шәкірттерінің ынтымағын бұзуы мүмкін нәрсе тек билікке деген құштарлық қана емес еді. Исаның күндеріндегі адамдар алалаушылық пен жеккөрушіліктің кесірінен жікке бөлінетін. Оның шәкірттері болса мұндай сезімдермен күресу керек-тін. Осы мақалада біз келесідей сұрақтарды қарастырамыз: Иса алалаушылыққа кезіккенде не істеген? Ол ізбасарларына өзгелерді бөліп-жармай, қайта, бірлікте болуды қалай үйретті? Исаның үлгісі мен тәлімі бізге бірлігімізді сақтауға қалай көмектеседі?

ИСАҒА ЖӘНЕ ШӘКІРТТЕРІНЕ ДЕГЕН АЛАЛАУШЫЛЫҚ

4. Иса қандай алалаушылық көрген? Мысалдар келтіріңіз.

4 Исаның өзі де алалаушылық көрген. Філіп Натанайылға Мәсіхті тапқанын айтқанда, ол: “Сол Назареттен не жақсылық шығар дейсің?”— деген (Жохан 1:46). Натанайыл Миха 5:2-дегі пайғамбарлықта айтылғандай, Мәсіхтің Бетлехемде туылатынын білсе керек. Ол “Мәсіхтің өскен жері болатындай, Назарет қаласы тым қарапайым ғой” деп ойлаған шығар. Бұған қоса, Яһудея жерінен шыққан жоғары дәрежелі кейбір кісілер Исаны Ғалилеядан шыққаны үшін кемсіткен (Жохан 7:52). Яһудеялықтардың көбісі Ғалилея жерінен шыққан адамдарды өздерінен төмен санайтын. Басқа яһудилер Исаны қорлағысы келіп, оны “самариялық” деп атаған (Жохан 8:48). Самариялықтардың ұлты басқа еді, әрі олар яһудилердікінен өзге дінді ұстанатын. Яһудеялықтар да, ғалилеялықтар да самариялықтарды менсінбей, оларға жоламайтын (Жохан 4:9).

5. Исаның шәкірттері қандай алалаушылық көрген?

5 Яһудилердің діни жетекшілері Исаның шәкірттерін де менсінбеген. Парызшылдар оларды “қарғыс атқан” адамдар деп атаған (Жохан 7:47—49). Олар яһудилердің діни мектебінен білім алмаған, олардың дәстүрлерін ұстанбаған кез келген адамға қарапайым, түкке тұрғысыз деп қарайтын (Елшілердің істері 4:13, сілтеме). Иса мен шәкірттерінің алалаушылық көрген себебі — сол заманның адамдары өздерінің дінін, қоғамдағы беделі мен нәсілін қатты мақтан тұтатын. Мұндай алалаушылық шәкірттерге және олардың өзге адамдарға деген көзқарасына ықпал еткен. Сондықтан араларындағы бірлікті сақтау үшін олар ой қалыптарын өзгерту қажет еді.

6. Мысалдарды қолданып, алалаушылық бізге қалай ықпал етуі мүмкін екенін түсіндіріңіз.

6 Бүгінде бізді қоршаған әлемде алалаушылық кең тараған. Мысалы, адамдар бізді алалауы мүмкін не өзіміз өзгелерді қандай да бір шамада алалайтын шығармыз. Қазір ізашар болып қызмет ететін австралиялық бір әйел бауырлас былай дейді: “Австралияның байырғы тұрғындарына бұрын жасалған және қазір де жасалып жатқан әділетсіздікті ойлай бергендіктен, ақ нәсілді адамдарды барған сайын жек көре бердім”. Кейбір ақ нәсілді адамдардан жәбір көргені де оның жеккөрінішін өршіте түскен. Канадалық ер бауырлас болса бұрын не сезінгенін айтып: “Французша сөйлейтіндерді басқалардан жоғары санайтынмын”,— деп мойындайды. Осының салдарынан ол ағылшынша сөйлейтін адамдарды жақтырмағанын айтады.

7. Алалаушылыққа кезіккенде Иса не істеген?

7 Исаның күндеріндегідей, қазіргі таңда да көбісінде алалаушылық сезімі қатты өршіген, әрі одан арылу өте қиын. Ал Иса алалаушылыққа кезіккенде не істеген? Біріншіден, ол ешқашан алалаушылықтың ықпалына берілмеген. Ол ешкімді де бөліп-жармаған. Ол байларға да, кедейлерге де, парызшылдарға да, самариялықтарға да, тіпті салық жинаушылар мен күнәкарларға да уағыздаған. Екіншіден, Иса шәкірттеріне өзгелерге күдікпен қарамау не алаламау керектігін үйреткен, әрі мұны өз үлгісімен де көрсеткен.

АЛАЛАУШЫЛЫҚТЫ СҮЙІСПЕНШІЛІКПЕН ЖӘНЕ КІШІПЕЙІЛДІЛІКПЕН ЖЕҢУ

8. Бірлігіміздің негізі болып табылатын маңызды принцип қандай? Түсіндіріңіз.

8 Иса бірлігіміздің негізі болып табылатын маңызды принципті үйреткен. Ол шәкірттеріне: “Сендер өзара бауырлассыңдар”,— деген (Матай 23:8, 9 оқыңыз). Бір жағынан, бәріміз Адам атадан тарағандықтан, бір-бірімізге бауырмыз (Елшілердің істері 17:26). Иса шәкірттерінің бәрі Ехобаны көктегі Әке деп мойындайтындықтан да өзара бауырлас болатындарын айтқан (Матай 12:50). Сондай-ақ олардың бәрі де Құдай отбасының мүшесі болған және оларды сүйіспеншіліктері мен сенімдері біріктірген. Сондықтан да елшілер қауымдарға жазған хаттарында мәсіхшілерді бауырластар деп атаған (Римдіктерге 1:13; Петірдің 1-хаты 2:17; Жоханның 1-хаты 3:13).

9, 10. а) Яһудилерге өз ұлтын басқалардікінен артық санауға неге еш себеп жоқ еді? ә) Өзге ұлт адамын төмен санау дұрыс емес екенін Иса қалай үйретті? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

9 Шәкірттер бір-біріне бауырлардай қарау керектігін айтқаннан кейін, Иса оларға кішіпейіл болу қажет екенін ерекше атап өткен (Матай 23:11, 12 оқыңыз). Жоғарыда айтып кеткеніміздей, кейде орынсыз мақтаныш елшілердің арасына іріткі салған. Исаның күндерінде адамдар өз ұлтын қатты мақтан тұтатын. Көптеген яһудилер өздерін Ыбырайымның ұрпағы болғаны үшін басқалардан артық санайтын. Бірақ шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия оларға: “Құдай мына тастардан да Ыбырайымға ұрпақ жасап бере алады”,— деген (Лұқа 3:8).

10 Иса адамның өз ұлтымен мақтанғаны дұрыс емес деп үйреткен. Бұл оның Мұса Заңын жетік білетін кісіге айтқан жауабынан анық көрінеді. Ол Исадан: “Мен нақты кімді сүюім керек?”— деп сұрады. Сонда Иса оған мынадай әңгіме айтып берді: ұрылар жолда бір яһудиді ұрып-соғып, шала-жансар етіп тастап кетеді. Оның қасынан бірнеше яһуди өтсе де, ешқайсысы оны елемейді. Бірақ бір самариялық кісінің оған жаны ашып, көмектеседі. Әңгімесінің соңында Иса Заңды жетік білетін әлгі кісіге осы самариялық сияқты болу керектігін айтады (Лұқа 10:25—37). Осылай Иса яһудилер өзге адамды жақсы көрудің не екенін самариялық кісіден үйрене алатындарын көрсетті.

11. Исаның шәкірттері неге ешкімді бөліп-жармау керек еді және Иса оларға мұны түсінуге қалай көмектесті?

11 Иса көкке кетпес бұрын шәкірттеріне “бүкіл Яһудея мен Самарияда және жердің қиыр шетіне дейін” уағыздауды тапсырды (Елшілердің істері 1:8). Бұл тапсырманы орындау үшін шәкірттер орынсыз мақтаныш пен алалаушылық сезімінен арылу керек-тін. Иса өзге ұлт адамдарының жақсы қасиеттерін жиі айтып отыратын. Осының арқасында шәкірттері барлық халықтарға уағыздауға дайын болды. Мысалы, Иса өзге ұлттан шыққан жүзбасын тамаша сенімі үшін мақтаған (Матай 8:5—10). Ал өскен қаласы Назаретте ол Ехобаның жатжерліктерге, мысалы Сарептадағы финикиялық әйелге және алапеспен ауырған сириялық Нағыманға, қалай көмектескенін айтып берген (Лұқа 4:25—27). Бұған қоса, Иса самариялық әйелге уағыздаған. Ол тіпті самариялықтардың қаласында екі күнге тоқтаған, өйткені олар оның хабарын ұйып тыңдаған (Жохан 4:21—24, 40).

АЛҒАШҚЫ МӘСІХШІЛЕР АЛАЛАУШЫЛЫҚПЕН КҮРЕСКЕН

12, 13. а) Исаның самариялық әйелге уағыздағаны елшілерге қалай әсер етті? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.) ә) Жақып пен Жохан Исаның үйреткісі келген маңызды сабағын толық түсінбегені неден көрінеді?

12 Елшілерге алалаушылық сезімінен арылу оңай болған жоқ. Олар Исаның самариялық әйелге тәлім бергісі келетінін көргенде, қатты таңғалған (Жохан 4:9, 27). Яһуди діни жетекшілері жұрттың көзінше әйелдермен, әсіресе жаман аты шыққан самариялық әйелмен сөйлеспес еді. Бәлкім, олар осы себепті де таңғалған шығар. Сосын елшілер Исадан тамақтанып алуды өтінді. Бірақ оның самариялық әйелмен жақсы әңгімелескені сонша — ол тамаққа да қарамады. Құдай Исаның уағыздағанын қалады. Сондықтан Иса үшін Әкесінің еркін орындау, тіпті самариялық әйелге уағыздау да, тамақ жегенмен бірдей болды (Жохан 4:31—34).

13 Жақып пен Жохан Исаның үйреткісі келген маңызды сабағын түсінбеді. Бірде шәкірттер Исамен Самария арқылы жүріп бара жатқанда, олардың ауылынан түнеп шығатын орын іздеді. Бірақ самариялықтар түнеуге рұқсат етпеді. Сонда ашуға булыққан Жақып пен Жохан Исадан: “Көктен от түсіп, оларды жойсын деп бұйырғанымызды қалайсыз ба?”— деп сұрады. Иса оларға қатаң тыйым салды (Лұқа 9:51—56). Егер бұл жағдай өз жерлері Ғалилеяда болса, бәлкім, олар мұншалықты ашуланбас па еді. Олардың ашулануына алалаушылық сезімі түрткі болған шығар. Кейін Жохан самариялықтарға уағыздаған кезде, көпшілігі оған құлақ асқан. Сол кезде ол бұрынғы танытқан көзқарасы үшін ұялған шығар (Елшілердің істері 8:14, 25).

14. Алалаушылық мәселесі қалай шешілді?

14 33 жылғы Елуінші күн мейрамынан кейін көп ұзамай қауымда алалаушылық орын алды. Бауырластар мұқтаж жесірлерге ас үлестірген кезде, грекше сөйлейтін жесірлерді елеусіз қалдырып жүрді (Елшілердің істері 6:1). Бұл жағдай тілге қатысты алалаушылықтың салдарынан орын алған болуы мүмкін. Елшілер бұл мәселені тез арада шешті. Олар асты әділ үлестіру үшін лайықты жеті ер бауырласты тағайындады. Олардың барлығының есімдері грекше еді. Бұл наразы болған жесірлердің көңілін орнықтырса керек.

15. Петір ешкімді алаламауды қалай үйренді? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

15 36 жылы Исаның шәкірттері барлық ұлттың адамдарына уағыздай бастады. Бұған дейін елші Петір әдетте яһудилермен ғана араласатын. Кейін Құдай оған мәсіхшілер ешкімді бөліп-жармау керектігін анық көрсетті. Сөйтіп, Петір римдік жүзбасы Корнелге уағыздады (Елшілердің істері 10:28, 34, 35 оқыңыз). Содан кейін Петір яһуди емес мәсіхшілермен араласып, бірге тамақтанып жүрді. Бірақ бірнеше жылдан кейін, ол Антиохия қаласында яһуди емес мәсіхшілермен бірге тамақтануын қойды (Ғалаттықтарға 2:11—14). Пауыл осы үшін Петірді түзеткенде, ол түзетуді қабыл алды. Біз мұны қайдан білеміз? Петір Кіші Азиядағы яһуди және яһуди емес мәсіхшілерге бірінші хатын жазғанда, барлық бауырластарды жақсы көрудің қаншалықты маңызды екеніне назар аударған (Петірдің 1-хаты 1:1; 2:17).

16. Алғашқы мәсіхшілер несімен танылған?

16 Елшілер “әртүрлі адамдарды” жақсы көруді Исадан үйренгені анық (Жохан 12:32; Тімөтеге 1-хат 4:10). Біраз уақытты талап етсе де, олар өздерінің адамдарға деген көзқарастарын өзгерткен. Алғашқы мәсіхшілер тіпті бір-бірін жақсы көретіндерімен танымал болған. Шамамен 200 жылы Тертуллиан есімді жазушы адамдардың мәсіхшілер жайлы айтқан келесі сөздерін келтірген: “Олар бір-бірін жақсы көреді”. “Олар бір-бірі үшін өлуге де дайын”. Бұл мәсіхшілер “жаңа болмысқа ие болғандықтан”, Құдайға еліктеп, адамдардың бәріне бірдей қарауды үйренді (Қолостықтарға 3:10, 11).

17. Кез келген алалаушылық сезімінен қалай арыла аламыз? Мысалдар келтіріңіз.

17 Бүгінде бізге де қандай да бір алалаушылық сезімінен арылу үшін уақыт қажет болуы мүмкін. Франциядағы бір әйел бауырлас мұның қаншалықты қиынға соққанын айтып, былай деді: “Ехоба маған сүюдің, бөлісудің, әртүрлі адамдарды жақсы көрудің не екенін үйретті. Бірақ мен өзгелерді алаламауды әлі де үйреніп жатырмын. Бұл үнемі оңай бола бермейді. Сол үшін осы жайлы дұға ете беремін”. Испанияда тұратын бір әйел бауырлас болса кейде белгілі бір нәсілге деген жағымсыз сезімімен күресетінін айтты. Ол былай дейді: “Көп жағдайда бұл сезімімді жеңемін. Бірақ онымен әрі қарай да күресе беруім керектігін түсінемін. Ехобаның арқасында бірлігі жарасқан отбасының бір мүшесі болғаным үшін шексіз ризамын”. Бәріміз де ішкі сезімдерімізді мұқият тексеруіміз керек. Бізге де қандай да бір алалаушылық сезімінен арылу қажет емес пе екен?

СҮЙІСПЕНШІЛІК АРТСА, АЛАЛАУШЫЛЫҚ ЖОҒАЛАДЫ

18, 19. а) Адамдардың барлығын қабылдауға бізде қандай себептер бар? ә) Бұны қалай істей аламыз?

18 Мынаны естен шығармайық: кезінде бәріміз Құдайдан алыс болдық (Ефестіктерге 2:12). Бірақ Ехоба сүйіспеншілігімен бізді өзіне жақындатып тартты (Ошия 11:4; Жохан 6:44). Мәсіх те бізді қуана қабылдады. Ол біздің Құдай отбасының мүшесі болуымызға жол ашты (Римдіктерге 15:7 оқыңыз). Кемелсіз пенде болғанымызға қарамастан, Иса бізді мейіріммен қабылдады. Сондықтан біз өзгелердің кеудесінен итеруді тіпті ойға да алмауымыз керек!

Көктен келген даналыққа” ұмтылатындықтан, арамызда сүйіспеншілік пен бірлік орнаған (19-абзацты қараңыз)

19 Осы зұлым дүниенің ақыры жақындаған сайын, адамдар арасында жікке бөлінушілік, алалаушылық пен жеккөрушілік өрши бермек (Ғалаттықтарға 5:19—21; Тімөтеге 2-хат 3:13). Бірақ Құдайдың халқы ретінде біз “көктен келген даналыққа” ұмтыламыз. Өйткені бұл даналық бізге ешкімді алаламай, тату болуға көмектеседі (Жақып 3:17, 18). Біз әртүрлі елдің адамдарымен дос болуға, әдет-ғұрыптарын құрметтеуге, кейде тіпті тілдерін үйренуге қуаныштымыз. Солай етсек, “өзендей” тыныштықтың және “теңіз толқындарындай” әділдіктің игілігін көреміз (Ишая 48:17, 18).

20. Сүйіспеншілік ойымыз бен сезімдерімізді өзгерткенде, нәтижесі қандай болады?

20 Австралиядағы әйел бауырлас Киелі кітапты зерттегенінің арқасында жүрегінде өршіген алалаушылық пен жеккөрініш сезімінен бірте-бірте арылды. Сүйіспеншілік оның ойы мен сезімдерін өзгертті. Ал Канададағы французша сөйлейтін ер бауырлас болса қазір мына жайтты жақсы түсінетінін айтады: “Адамдардың өзгелерді жек көруінің себебі — олар бар-жоғы өзгелерді жақсы білмейді”. Сондай-ақ ол адамның бойындағы қасиеттер оның қай жерде туылғанына байланысты емес екенін түсінген. Ол тіпті ағылшынша сөйлейтін бауырласқа үйленген! Осы бауырластардың үлгісі сүйіспеншілік алалаушылықты жеңіп шығатынын дәлелдейді. Сүйіспеншілік бізді толықтай біріктіреді және мұндай бірлікті ешкім де, ештеңе де бұза алмайды! (Қолостықтарға 3:14).