Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Тыныштық. Оған қалай қол жеткізуге болады?

Тыныштық. Оған қалай қол жеткізуге болады?

ҚИЫНДЫҚҚА толы мына дүниеде тыныштыққа * қол жеткізу өте қиын. Тыныштық тапқан күнде де, одан тез айырылып қаламыз. Киелі кітапта бізге нағыз әрі сарқылмайтын тыныштыққа ие болуға көмектесетін қандай сөздер бар? Өзгелерге де осындай тыныштыққа ие болуға қалай көмектесе аламыз?

ОҒАН ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ҮШІН НЕ ІСТЕУІМІЗ ҚАЖЕТ?

Нағыз тыныштыққа ие болу үшін өзімізді қауіпсіз сезінгеніміз маңызды. Тағы жақсы достарымыз болу керек, ең бастысы, Құдаймен тығыз қарым-қатынасымыз болуы қажет. Ол үшін не істей аламыз?

Ехобаның заңдары мен принциптері біз үшін қашанда пайдалы. Оларға мойынсұнған кезде, Ехобаға сенім артатынымызды және онымен тату қарым-қатынаста болғымыз келетінін көрсетеміз (Еремия 17:7, 8; Жақып 2:22, 23). Сонда Ехоба да бізге жақындай түседі, әрі бізге жантыныштығын сыйлайды. Ишая 32:17-де былай делінген: “Шынайы туралықтың нәтижесі тыныштық, Шынайы туралықтың жемісі мәңгі жайбарақаттық пен қауіпсіздік болады”. Ехобаға шын жүректен мойынсұнатын болсақ, шынайы тыныштыққа қол жеткізе аламыз (Ишая 48:18, 19).

Уайым тыныштықтан айырады

Сондай-ақ Ехоба бізге таусылмайтын тыныштыққа ие болуға көмектесетін тамаша бір сый берген. Бұл — оның киелі рухы (Елшілердің істері 9:31).

ҚҰДАЙ РУХЫ ТЫНЫШТЫҚҚА ИЕ БОЛУҒА КӨМЕКТЕСЕДІ

Елші Пауыл тыныштық “киелі рухтың жемісіне” жататынын айтқан (Ғалаттықтарға 5:22, 23, сілтеме). Сондықтан тыныштыққа ие болғымыз келсе, киелі рухтың бізді жетелеуіне жол беруіміз керек. Бұл үшін не істей аламыз?

Біріншіден, Құдай Сөзін жүйелі түрде оқуымыз қажет (Зәбүр 1:2, 3). Оқығандарымыз жайлы терең ой жүгірткенде, киелі рух бізге Ехобаның әртүрлі жайттарға қатысты не ойлайтынын түсінуге көмектеседі. Мысалы, Құдайдың қалай тыныштық пен татулық сақтайтынын және мұның ол үшін неге маңызды екенін көреміз. Киелі кітаптан білгендерімізді өмірімізде қолданған кезде, көбірек тыныштыққа ие боламыз (Нақыл сөздер 3:1, 2).

Екіншіден, Құдайдан киелі рухын сұрап дұға етуіміз керек (Лұқа 11:13). Өзінен көмек іздейтіндерге Ехоба былай деп уәде етеді: “Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы жүректерің мен ой-саналарыңды Мәсіх Иса арқылы сақтайды” (Філіпіліктерге 4:6, 7). Ехобамен тығыз қарым-қатынас сақтасақ және рухына сенім артсақ, ол бізге нағыз жантыныштығын сыйлайды (Римдіктерге 15:13).

Киелі кітап көптеген адамдарға өмірлерін өзгертуге көмектескен. Қазір бұл адамдар Ехобамен және өзгелермен тату қарым-қатынаста, әрі жантыныштығына кенелген. Олар қалай өзгерді?

НАҒЫЗ ТЫНЫШТЫҚҚА ҚОЛ ЖЕТКІЗГЕНДЕР

Кейбір бауырластарымыз шындыққа келгенге дейін ашушаң, тіпті қатыгез болған. Бірақ олар өзгеру үшін көп күш салған. Соның арқасында қазір олар бұрынғыға қарағанда мейірімді, шыдамды және өзгелермен тату * (Нақыл сөздер 29:22). Қазір осындай өзгерістер жасаған Дэйвид және Рейчел есімді бауырластардың оқиғаларын көрейік.

Киелі кітап принциптерін қолданып, Құдайдан рухын сұрап дұға етсек, тыныштыққа қол жеткізе аламыз

Дэйвид шындыққа келмес бұрын жиі өзгелерге мін тағатын, үй ішіндегілермен де дөрекі сөйлесетін. Бірақ кейін ол өзін өзгерту керектігін түсінген. Ол тыныштыққа қалай қол жеткізді? Дэйвид былай дейді: “Мен Киелі кітаптағы принциптерді өмірімде қолдана бастадым. Соның арқасында отбасымызда сыйластық пайда болды”.

Рейчелге өскен ортасы қатты әсер еткен. Ол былай дейді: “Ашушаң отбасында өскендіктен, мен әлі күнге дейін ашумен күресіп келемін”. Рейчелге тыныштыққа қол жеткізуге не көмектесті? “Дұға етіп, Ехобаға арқа сүйегенім”,— дейді ол.

Дэйвид пен Рейчел сияқты көптеген адамдар Киелі кітап принциптерін қолданып, киелі рухқа арқа сүйеу арқылы тыныштыққа кенелуде. Ызалы дүниеде өмір сүріп жатсақ та, біз жантыныштығына ие бола аламыз. Нәтижесінде үй ішіндегілермен және қауымдағы бауырластармен тіл табысу оңайырақ болады. Бірақ Ехоба біздің “барлық адамдармен тату болғанымызды” қалайды (Римдіктерге 12:18). Бұл шынымен қолымыздан келе ме? Біз неге өзгелермен тату болуға тырысуымыз керек?

ӨЗГЕЛЕРМЕН ТАТУ БОЛУ ҮШІН КҮШ САЛЫҢЫЗ

Уағызда біз адамдарға Құдай Патшалығы жайлы тыныштық сыйлайтын хабарды жариялаймыз (Ишая 9:6, 7; Матай 24:14). Көп адам бұл хабарды ұнатып, құлақ асады. Нәтижесінде олар бұдан былай дүниеде болып жатқан жағдайларға ашуланып, шарасыз күй кешпейді. Қазір олар болашаққа зор үмітпен қарайды, әрі бұл оларды “татулық жолын іздеуге” талпындырады (Зәбүр 34:14).

Әйтсе де адамдардың бәрі бірдей хабарымызды, әсіресе алғашында, онша ұната бермейді (Жохан 3:19). Адамдар хабарымызды қалай қабылдамасын, Құдай бізге өзінің рухын береді. Бұл бізге уағыз кезінде тату болуға және құрмет танытуға көмектеседі. Осылай біз Исаның келесі бір кеңесіне сай әрекет етеміз: “Үйге кіргенде, ондағылармен амандасып, татулық тілеңдер. Егер сол үй лайық болса, оған тілегендерің орындалсын, ал лайық болмаса, өздеріңе қайтсын” (Матай 10:11—13). Көзқарасымыз осындай болса, өзгелердің не айтып, не істегеніне қарамастан, жантыныштығы мен татулықты сақтай аламыз. Сондай-ақ сол адамдар болашақта ізгі хабарға құлақ асып қалуы мүмкін екенін есте ұстаймыз.

Біз үкімет басындағыларға да құрмет танытсақ, тіпті олар ісімізге қарсы болған күнде де солай етсек, татулыққа ұмтылатынымызды көрсетеміз. Мысалы, Африканың бір елінде үкімет Патшалық сарайын соғуға рұқсат бермеген. Бауырластарымыз бұл мәселені тату жолмен шешуге тырысу керектігін түсінген. Содан олар бұрын осы елде миссионер болып қызмет еткен ер бауырласты Лондондағы (Англия) осы елдің өкіліне жіберіп, оған Ехоба куәгерлерінің адамдарды татулыққа шақыратын іспен айналысатыны туралы айтып беруді тапсырған.

Ер бауырласымыз былай деді: “Қабылдау бөлмесіне келгенде, сонда отырған әйелдің киіміне қарап, оның мен үйренген тілде сөйлейтін тайпадан шыққанын түсіндім. Сөйтіп, мен онымен ана тілінде амандастым. Қатты таңғалған ол: “Мұнда қандай мәселемен келдіңіз?”— деп сұрады. Мен өкілмен сөйлескім келетінін ілтипатпен айттым. Ол өкілге хабарласқанда, өкіл мені қарсы алып, менімен жергілікті тілде амандасты. Содан кейін мен оған Куәгерлер адамдарды татулыққа шақыратын істермен айналысатынын түсіндіргенде, ол мені мұқият тыңдады”.

Ер бауырласты тыңдап болғаннан кейін, өкіл айналысатын ісімізді жақсырақ түсініп, бізге бұрынғыдай алалаушылықпен қарамады. Көп ұзамай үкімет өз шешімін өзгертіп, Ехоба куәгерлеріне Патшалық сарайын соғуға рұқсат етті. Бауырластардың қуанышында шек болмады! Шынында да, өзгелерге құрметпен қарасақ, татулық орнатамыз.

МӘҢГІЛІК БОЙЫ ТЫНЫШТЫҚТЫҢ РАҚАТЫН КӨРІҢІЗ

Бүгінде Ехобаның халқы тыныш ортада ғибадат етіп, рухани жұмақта жүр. Осы ортадағы тыныштыққа үлес қоса алу үшін, әрқайсысымыз жеке өмірімізде тыныштыққа ие болуға тырысуымыз керек. Сонда Ехобаның көңілінен шығып жатқанымызға сенімді бола аламыз. Ал жаңа өмірде ол бізді мәңгілікке ұласатын тыныштыққа кенелтеді (Петірдің 2-хаты 3:13, 14).

^ 2-абзац “Тыныштық” деп аударылған сөз түпнұсқа тілде “жантыныштығына”, “бейбітшілікке”, “татулыққа” нұсқайды. Осы мақалада жантыныштығы мен татулық жайлы қарастырылады.

^ 13-абзац Киелі рухтың жемісі тақырыбындағы бірқатар мақалалардың бірінде мейірімділік қасиетін қарастыратын боламыз.