Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ол Құдайдың ықыласына бөлене алар еді

Ол Құдайдың ықыласына бөлене алар еді

ЕХОБАҒА қызмет ете жүріп, біз оның ықыласы мен батасына кенелгіміз келеді. Бірақ оның ықыласына қалай бөлене аламыз? Ежелде ауыр күнә жасаған кей адамдар Құдайдың ықыласына яки мақұлдауына қайта ие бола алған. Ал басқа біреулерінің бойында ізгі қасиеттер бар болғанмен, кейіннен Құдайдың ықыласынан айырылып қалған. Осы орайда сіз: “Ехоба әрқайсысымыздың бойымыздан нені көргісі келеді?”— деп сұрарсыз. Бұл сұрақтың жауабын табуға Яһуда патшасы Робоғамның мысалы көмектеседі.

ЖАМАН БАСТАМА

Робоғамның әкесі Сүлеймен Исраилде 40 жыл патша болды (Патшалар 1-жазба 11:42). Әкесі қайтыс болған соң, Робоғам патша болу үшін Иерусалимнен шығып, Сихемге барды (Шежірелер 2-жазба 10:1). Ол әкесінен кейінгі патша болатынын ойлап уайымдады ма? Сүлеймен жұртқа өзінің асқан даналығымен танымал еді. Көп ұзамай Робоғамның даналығын сынға алған бір күрделі мәселе туындады.

Өздерін езгіде жүргендей сезінген исраилдіктер Робоғамға өкілдерін жіберіп, мынадай өтініш білдірді: “Әкеңіздің бізге артқан жүгі тым ауыр. Егер оның мойнымызға артқан ауыр жұмысы мен зілдей жүгін жеңілдетсеңіз, сізге қызмет етеміз” (Шежірелер 2-жазба 10:3, 4).

Робоғам қиын шешім алдында тұрды. Егер халықтың тілегін орындаса, өзі мен отбасы және сарайындағы адамдар бұрынғыдай шалқып өмір сүре алмас еді. Ал егер халықтың айтқанын орындамаса, олар қарсы шығуы әбден мүмкін еді. Сонда ол не істеді? Алдымен ол әкесінің кеңесшілері болған ақсақалдармен ақылдасты. Олар жұрттың үніне құлақ асуға шақырды. Бірақ сосын Робоғам өзінің құрдастарымен ақылдасты да, халықпен қатаң болуды шешті. Ол халыққа: “Мен сендердің жүктеріңді одан бетер ауырлатамын. Әкем сендерді жай қамшымен сабаған болса, мен дойыр қамшымен сабаймын!”— деді (Шежірелер 2-жазба 10:6—14).

Байқасаңыз, бұл оқиғадан біз сабақ ала аламыз. Арамызда Ехобаға талай жыл қызмет етіп келе жатқан үлкен кісілер баршылық. Олар бізге дұрыс шешім қабылдауға көмектесе алады. Дана болып, солардың айтқанына құлақ түрейік! (Әйүп 12:12).

“ОЛАР ЕХОБАНЫҢ СӨЗІНЕ ҚҰЛАҚ АСТЫ”

Бұдан кейін Робоғам әскерін жинап, бүлік шығарған рулармен шайқаспақшы болды. Бірақ Ехоба Шемаях пайғамбарын жіберіп былай деді: “Исраилдік бауырларыңмен соғысуға бармаңдар. Барлығың үйді-үйлеріңе қайтыңдар. Себебі бұл менің еркіммен болды” (Патшалар 1-жазба 12:21—24) *.

Ехобаның тілін алу Робоғам үшін оңай болды ма? Халық енді жаңа патшасы жайлы не ойлап қалады? “Дойыр қамшымен сабаймын!” деген патшаның осындай сұмдық бүлік шығарған халыққа ешқандай шара қолданбағаны қалай?! (Шежірелер 2-жазба 13:7 салыстырыңыз). Алайда халық өзі жайлы не ойламасын, Робоғам әскерімен бірге “Ехобаның сөзіне құлақ асып, Ехобаның айтуы бойынша үйлеріне тарасты”.

Бұдан қандай сабақ ала аламыз? Құдайдың тілін алу әрқашан да, тіпті адамдар сол үшін күлкі етсе де, даналықтың белгісі болып қала бермек. Тілалғыш болып жүрсек, Құдай әрқашан батасын береді (Мұсаның 5-жазбасы 28:2).

Мойынсұнғаны үшін Робоғам жарылқанды ма? Ол Яһуда мен Бениямин руларына әрі қарай да билік ете берді және сол аймақта жаңа қалалар тұрғызуды шешті. Ал кейбір қалаларды күшейтіп, “барынша бекітті” (Шежірелер 2-жазба 11:5—12). Бұдан да маңызды бір жайт бар: Робоғам біршама уақытқа Ехобаның заңдарымен жүрді. Он рулы патшалық пұттарға табына бастағандықтан, көп адам Робоғам мен шынайы ғибадатты қолдау үшін Иерусалимге келді (Шежірелер 2-жазба 11:16, 17). Сонымен, Робоғам Ехобаның тілін алғандықтан, оның патшалығы күшейе түсті.

РОБОҒАМНЫҢ КҮНӘ ЖАСАУЫ МЕН ӨКІНУІ

Патшалығы нығайған соң, Робоғам оғаш бір нәрсе істеді. Ол Ехобаның заңдарымен жүруді қойып, жалған тәңірлерге құлшылық ете бастады. Не себепті? Аммондық болған анасы оған теріс ықпал етті ме? (Патшалар 1-жазба 14:21). Біз білмейміз, бірақ халық оның жаман үлгісіне еліктеп кетті. Сондықтан Ехоба Мысыр патшасы Шұшақтың Яһуда патшалығындағы көп қаланы басып алуына жол берді. Робоғамның бұл қалаларды жақсылап бекіткені де көмектеспеді (Патшалар 1-жазба 14:22—24; Шежірелер 2-жазба 12:1—4).

Шұшақ әскерімен бірге Иерусалимге қарай ат басын бұрғанда, жағдай одан бетер ушыға түсті. Сол кезде Шемаях пайғамбар Робоғам мен бекзадаларға: “Сендер мені тастап кеттіңдер, сондықтан мен де сендерден бас тартып, Шұшақтың қолына тапсырамын”,— деген Құдайдың хабарын жеткізді. Робоғам бұл түзетуді өте жақсы қабылдады! Киелі кітапта былай делінген: “Мұны естіген Исраил бекзадалары мен патша: “Ехоба әділ!”— деп, кішіпейілділікпен күнәларын мойындады”. Сондықтан Ехоба Робоғамды құтқарып, Иерусалим жойылған жоқ (Шежірелер 2-жазба 12:5—7, 12).

Бұдан кейін Робоғамның Яһуда патшалығындағы билігі жалғаса берді. Өлер алдында ол балаларына көп сыйлықтар жасады. Бәлкім, бұны өзінен кейін патша етіп қалдырғысы келген Әбияхқа бауырлары қарсы бүлік шығармасын деп істеген шығар (Шежірелер 2-жазба 11:21—23). Осылайша ол жас кезіне қарағанда ақылдылықпен әрекет етті.

РОБОҒАМ ЖАҚСЫ БОЛҒАН БА, ЖАМАН БА?

Робоғамның жасаған кейбір жақсы істеріне қарамастан, Киелі кітапта оның қалай билік еткені жайлы: “Робоғам жаман істер жасады”,— делінген. Неге? “Өйткені ол Ехобаны іздеу үшін жүрегінде берік шешім қабылдамаған еді”. Сондықтан ол Ехобаның алдында ұнамсыз болды (Шежірелер 2-жазба 12:14).

Робоғам Ехобамен Дәуіт сияқты тығыз қарым-қатынаста болған жоқ

Сонымен, Робоғамның өмірінен не білеміз? Ол кейде Құдайдың тілін алған. Ехобаның халқына жасаған кейбір жақсы істері де бар. Бірақ ол Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болған жоқ, Құдайға ұнауға деген ыстық ықыласы да болмады. Сондықтан дұрыс нәрсені істеуді доғарып, жалған тәңірлерге табынып кетті. Бәлкім, сіз: “Робоғам Ехобаның түзетуін қабыл алғанда, ол мұны қателігіне қатты өкініп, Құдайға ұнауға тырысқандықтан жасады ма? Жоқ әлде басқалар “солай істеу керек” дегендіктен ғана ма?”— деп ойланатын шығарсыз (Шежірелер 2-жазба 11:3, 4; 12:6). Кейін ол тағы да жаман іс істеді. Ол арғы атасы Дәуіт патшаға мүлдем ұқсамады! Рас, Дәуіт те шалыс қадам басқан. Бірақ ол жасаған ауыр күнәсіна шын өкінді. Сондай-ақ Ехобаны және шынайы ғибадатты өмір бақи жақсы көріп өтті (Патшалар 1-жазба 14:8; Зәбүр 51:1, 17; 63:1).

Киелі кітаптың осы кейіпкерінен көп сабақ аламыз. Адамдардың өз отбасыларының қажеттілігін қамтамасыз етіп, басқаларға жақсылық жасағаны өте жақсы. Бірақ Ехобаның ықыласына бөлену үшін, оған ұнамды түрде ғибадат етіп, онымен мықты қарым-қатынас дамытуымыз керек.

Бұл үшін біз Ехобаны қатты жақсы көруіміз қажет. От сөнбеу үшін отын салып отыратынымыздай, Құдайға деген сүйіспеншілігіміз жалындап тұру үшін оның Сөзін жүйелі түрде зерттеп, сол жайлы ой жүгіртуіміз және ұдайы дұға етуіміз керек (Зәбүр 1:2; Римдіктерге 12:12). Сонда осындай сүйіспеншілігіміз әрбір істе Ехобаға ұнамды болуға талпындырады. Сондай-ақ қателік жасап қойған кездері шын өкініп, Ехобадан кешірім сұрауға талпынамыз. Сонда Робоғам сияқты болмай, шынайы ғибадатта адал болып қаламыз (Яһуда 20, 21).

^ 9-абзац Сүлеймен адалдығын сақтамағандықтан, Құдай оның патшалығын екіге бөліп тастайтынын айтып қойған болатын (Патшалар 1-жазба 11:31).