Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Менің Патшалығым осы дүниелік емес”

“Менің Патшалығым осы дүниелік емес”

“Мен шындық туралы куәлік ету үшін... осы дүниеге келдім” (ЖОХАН 18:37).

ӘНДЕР: 15, 74

1, 2. а) Қалай дүние барған сайын жікке бөлінуде? ә) Бұл мақалада қандай сұрақтарға жауап аламыз?

ОҢТҮСТІК ЕУРОПАДАҒЫ бір әйел бауырлас өткен өмірі жайында былай дейді: “Жас кезімнен бастап әділетсіздіктен көз ашпадым. Сондықтан мен елімдегі саясатқа қарсы болып, көтерілістерге барып жүрдім. Тіпті көп жыл бойы бір террорист жігітпен жүрдім”. Ал оңтүстік Африкада тұратын бір ер бауырлас неге бұрын қатыгез болғанын былай деп түсіндірді: “Мен өз тайпамды басқа тайпалардың бәрінен жоғары деп есептейтінмін. Сөйтіп, бір саяси партияның мүшесі болдым. Бізге қарсыластарымызды, тіпті басқа партияға жақтасатын өз тайпамыздың адамдарын да, найзамен өлтіру керек деп үйретті”. Орталық Еуропада тұратын бір әйел бауырлас болса былай деді: “Мен адамдарды қатты алалайтынмын. Басқа ұлттан шыққан не басқа дінді ұстанатын адамдарды жек көретінмін”.

2 Осы үш бауырлас ұстанған көзқарастар бүгінде адамдар арасында кең етек алуда. Көптеген саяси топтар тәуелсіздік алу үшін қатыгездікке барып жатады. Саясат төңірегіндегі талас-тартыстар кәдімгі жайтқа айналды. Көп елдерде адамдар шетелдіктерге барған сайын жеккөрушілік танытуда. Киелі кітапта дәл айтылып кеткендей, осы соңғы күндері адамдар ешқандай “ымыраға келмейді” (Тімөтеге 2-хат 3:1, 3). Барған сайын жікке бөлініп жатқан дүниеде мәсіхшілер бірліктерін қалай сақтай алады? Бұл жағынан Исадан үлгі ала аламыз. Оның күндерінде де адамдар саяси көзқарастары бойынша жік-жікке бөлінген. Бұл мақалада біз келесі үш сұраққа жауап аламыз: Иса саяси топтардың ісіне араласудан неге бас тартқан? Құдайдың халқы саяси мәселелерде ешкімге жақтаспау керектігін Иса қалай көрсетті? Ол ешқашан қатыгездікке бармауымыз керектігін қалай үйретті?

ИСА ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ҰМТЫЛҒАНДАРДЫ ҚОЛДАДЫ  МА?

3, 4. а) Исаның күндерінде яһудилердің көбісі нені аңсаған? ә) Халықтың қалауы Исаның шәкірттеріне қалай әсер еткен?

3 Иса уағыздаған көптеген яһудилер римдіктердің қол астынан азат болуды аңсаған. Яһудилік зелоттар, яғни саяси фанатиктер тобы, халықтың осы қалауын одан сайын өршіту үшін барын салған. Зелоттардың көбісі ғалилеялық Яһуда деген кісінің соңынан ерген. Исаның заманында өмір сүрген бұл кісі жалған мәсіх болып, көпшілікті адастырған. Яһуди тарихшысы Иосифтің айтуынша, Яһуда халықты Римге қарсы шығуға үгіттеген және римдіктерге салық төлеуге келіскен адамдарды “қорқақтар” деп атаған. Ақырында римдіктер Яһуданы өлімге кескен (Елшілердің істері 5:37). Зелоттардың кейбірі өз мақсаттарына жету үшін тіпті қатыгездікке де барған.

4 Яһудилердің көбісі Мәсіхтің келуін тағатсыздана күтіп жүрген еді. Олар Мәсіх келгенде халықты римдіктердің қолынан азат етіп, Исраилді қайтадан ұлы халық етеді деп ойлаған (Лұқа 2:38; 3:15). Көбісі Мәсіх өзінің патшалығын жер бетінде, яғни Исраилде орнатады деп сенген. Сонда барлық яһудилер жер-жерлерден жиналып, Исраилге қайта оралады деп күткен. Бірде шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияның өзі Исадан: “Келеді деген Кісі сіз бе, әлде басқа біреуді күтуіміз керек пе?”— деп сұраған (Матай 11:2, 3). Бәлкім, Жақия яһуди халқын азат ететін тағы біреу келе ме деп ойлаған шығар. Кейін екі шәкірт Еммаусқа барар жолда қайта тірілген Исаны көрді. Сонда олар оған Исраилді құтқаратын кісі Иса болады деп үміттенгендерін айтты (Лұқа 24:21 оқыңыз). Осыдан кейін көп ұзамай елшілер Исадан: “Ием, Исраилге патшалықты қазір қайта орнатасыз ба?”— деп сұраған (Елшілердің істері 1:6).

5. а) Ғалилеялықтар Исаны неге патша еткісі келген? ә) Иса олардың ой қалпын қалай түзетті?

5 Яһудилер Мәсіх келіп, барлық қиындықтарын шешіп береді деп күткен. Ғалилеялықтар Исаны сол себептен де патша еткісі келген шығар. Олар Иса ең жақсы басшы болады деп ойласа керек. Өйткені ол тамаша сөйлеген, ауруларды сауықтыра алған, тіпті аш адамдарды тамақпен қамтамасыз ете алған. Ол 5000-дай ер адамды тамақтандырған кезде, халық аң-таң болды. Иса сол кезде халықтың не істемек ойы бар екенін білді. Киелі кітапта былай делінген: “Олардың өзін ұстап алып, патша етпекші болғанын білген Иса тағы да тауға жалғыз кетіп қалды” (Жохан 6:10—15). Келесі күні халық сәл басылған болса керек. Сонда Иса адамдарды тәндік қажеттіліктерімен қамтамасыз ету үшін емес, Құдай Патшалығы жайлы тәлім беруге келгенін айтып түсіндірді. Ол былай деді: “Бұзылатын тамақ үшін емес, мәңгілік өмір беретін бұзылмайтын тамақ үшін еңбек етіңдер” (Жохан 6:25—27).

6. Жерде саяси билікке ұмтылмайтынын Иса қалай анық көрсетті? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

6 Өлеріне аз уақыт қалғанда, Иса бір жайтты түсінді. Кейбір ізбасарлары ол Иерусалимде патша болады деп сенетін. Бұлай болмайтынын түсіндіру үшін Иса оларға мина туралы мысалды келтірді. Бұл мысал ұзақ уақытқа кеткелі жатқан “ақсүйек”, яғни Исаның өзі туралы еді (Лұқа 19:11—13, 15). Сондай-ақ Иса Рим билеушісі Понти Пилатқа өзінің осы дүниедегі саясатқа ешқандай қатысы жоқ екенін анық айтқан. Пилат Исадан: “Сен яһудилердің патшасысың ба?”— деп сұраған (Жохан 18:33). Ол Иса халықты римдіктерге қарсы айдап салады деп қорыққан шығар. Бірақ Иса оған: “Менің Патшалығым осы дүниелік емес”,— деп жауап берді (Жохан 18:36). Патшалығы көкте орнайтындықтан, Иса саясатқа араласудан бас тартқан. Ал жерге ол “шындық туралы куәлік ету үшін” келгенін айтқан (Жохан 18:37 оқыңыз).

Сіз назарыңызды осы дүниедегі қиындықтарға аударасыз ба, әлде Құдай Патшалығына ма? (7-абзацты қараңыз)

7. Неге біз саяси топтарға тіпті іштей жақтасудан да аулақ болуымыз керек?

7 Иса өзінің тапсырмасы қандай екенін жақсы түсінген. Біз де өзімізге не тапсырылғанын түсінсек, саяси топтарға тіпті іштей жақтасудан да аулақ боламыз. Бірақ бұл үнемі оңай бола бермейді. Бір аралаушы бақылаушының айтуынша, оның аумағындағы адамдар әбден шектен шыққан. Олар өз ұлттарын қатты асқақ тұтады және үстерінен өз адамдары билік етсе, жағдайлары жақсарады деп сенеді. Ол тағы былай деп қосты: “Қуанышқа орай, бауырластар бар назарларын Патшалық жайлы ізгі хабарды уағыздауға аударуда. Осылайша мәсіхшілік бірліктерін сақтап келеді. Олар Құдайдың әділетсіздікті жойып, қиындықтарды шешетін уақытын күтуде”.

ИСА САЯСИ МӘСЕЛЕЛЕРДЕ ҚАЛАЙ БЕЙТАРАПТЫҚ САҚТАҒАН?

8. Исаның күндерінде яһудилердің көбісі қандай әділетсіздік көрген?

8 Адамдар көп әділетсіздік көргенде, жиі саясатқа араласа бастайды. Исаның күндерінде салық төлеу мәселесі адамдардың саяси жағынан жікке бөлінуіне себеп болды. Негізінен, ғалилеялық Яһуданың Римге қарсы бүлік көтерген себебі — римдіктер салық төленіп жатқанына көз жеткізу үшін адамдарды тіркеуден өткізетін. Төленетін салықтың түрлері көп болған. Мысалы, мүлікке, жерге және үйге салық салынған. Бұған қоса, салық жинаушылар жемқор еді. Бұл жағдайды одан сайын ушықтырды. Олардың кейбірі дәрежелі қызметке ие болу үшін үкімет басындағыларға пара беріп, кейін биліктерін қыруар ақша табу үшін қолданатын. Иерихондағы салықшылардың басшысы Зақай да жұртты көп ақша төлеуге мәжбүрлеп, байып алған еді (Лұқа 19:2, 8).

9, 10. а) Жаулары Исаны саяси мәселеге араластыруға қалай тырысып-бақты? ә) Исаның берген жауабынан не үйренеміз? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

9 Жаулары Исаны салық төлеу мәселесіне араластыруға тырысып бақты. Олар Исадан “алым-салық” жайлы, яғни барлық яһудилер төлеуге міндетті болған бір динарлық салық туралы сұрады (Матай 22:16—18 оқыңыз). Яһудилер әсіресе осы салық түрін жек көретін. Өйткені бұл олардың Рим үкіметінің қол астында екенін еске салып тұратын. “Иродтың жақтастары”, яғни Иродтың саяси идеяларын қолдайтындар, Иса салық төлемеу керек деп жауап береді деп үміттенді. Сонда олар оны Рим империясына қарсы шықты деп айыптар еді. Ал егер Иса төлеу керек деп жауап берсе, халық оған ермей қоюы мүмкін еді. Иса бұл жағдайда не істеді?

10 Иса бұл мәселеде өте мұқият болып, бейтараптық сақтаған. Ол: “Патшанікін патшаға, ал Құдайдікін Құдайға беріңдер!”— деп жауап берген (Матай 22:21). Иса салық жинаушылардың көбісі парақор екенін білетін. Бірақ ол бұған назар аударып жатпады. Оның орнына, ол бар назарын адамзаттың қиындықтарын шынымен шешетін Құдай Патшалығына аударды. Иса бізге жақсы үлгі қалдырды. Бізге бірінші жаққа қарағанда, екінші жақ дұрыс әрі әділ көрінсе де, саяси мәселелерге еш араласпауымыз керек. Мәсіхшілер бар назарын Құдай Патшалығына және Құдайдың әділдігіне аударады. Сол себептен біз әділетсіздікке қатысты қатаң көзқарас ұстанбаймыз немесе соған қарсы ештеңе айтпаймыз (Матай 6:33).

11. Адамдарға нағыз әділдікті табуға қалай көмектесе аламыз?

11 Саясатқа қатысты ұстанған қатаң көзқарастарынан түбегейлі арылған Ехоба куәгерлері көптеп табылады. Мысалы, Ұлыбританиядағы бір қыз бауырлас шындықты білгенге дейін университетте әлеуметтану сабағын өткен. Содан оның бойында саясатқа қатысты қатаң көзқарас қалыптасқан. Ол былай дейді: “Мен қара нәсілді адамдардың құқығын қорғағым келді. Өйткені біз өте көп әділетсіздік көретінбіз. Мен қызу пікірталастарда оңай жеңіп шығатынмын. Бірақ ондай кезде де іштей көңілім көншімейтін. Сол кезде нәсілдік әділетсіздікті тоқтату үшін адамдардың жүрегін өзгерту керектігін мен түсінбеппін. Киелі кітапты зерттей бастағанымда, алдымен өз жүрегімді өзгертуім керектігін түсіндім”. Оған жағымсыз сезімдерден арылуға көмектескен ақ нәсілді қыз бауырлас еді. Ол тағы былай деді: “Қазір мен ым тілі қауымында тұрақты ізашар болып қызмет етемін әрі әртүрлі адамдардың жүрегіне жол табуды үйреніп жатырмын”.

“СЕМСЕРІҢДІ ҚЫНАБЫНА САЛ!”

12. Иса шәкірттеріне қандай “ашытқыдан” аулақ болуды айтқан?

12 Исаның күндерінде діни басшылар жиі саяси топтарға жақтасатын. Бір еңбекке сай, яһудилер саяси партияларға ұқсаған діни топтарға бөлінетін (“Daily Life in Palestine at the Time of Christ”). Сондықтан Иса өзінің шәкірттерін ескертіп: “Байқаңдар, парызшылдардың ашытқысы мен Иродтың ашытқысынан сақ болыңдар!”— деген (Марқа 8:15). Иса Иродтың атын атағанда, Иродтың жақтастарына нұсқаса керек. Ал парызшылдардан құралған топ яһудилердің Рим империясынан тәуелсіз болғанын қалады. Матай кітабына сай, Иса шәкірттеріне саддукейлерден де сақ болуды ескерткен. Саддукейлер Рим үкіметінің билік ете бергенін қалады, себебі бұл оларға дәрежелі қызмет атқаруға мүмкіндік берді. Иса шәкірттерін осы үш топтың “ашытқысынан”, яғни ілімдерінен аулақ болуға шақырған (Матай 16:6, 12). Бір қызығы, Иса бұл ескертуін адамдар оны патша еткісі келгеннен кейін көп ұзамай айтқан.

Иса шәкірттерін толықтай бейтарап болуға үйреткен

13, 14. а) Саяси және діни мәселелер қалай қатыгездік пен әділетсіздікке ұласқан? ә) Неге ешқашан, тіпті әділетсіздікке кезіккенде де, қатыгездік танытпаған дұрыс? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

13 Діндер саяси мәселелерге араласқан кезде, жиі мұның арты қатыгездікке ұласып жатады. Иса өзінің шәкірттерін толықтай бейтарап болуға үйреткен. Жоғарғы діни қызметкерлер мен парызшылдардың Исаны өлтіргісі келгенінің бір себебі де осы еді. Олар халық Исаның сөзіне құлақ асып, енді соңдарынан ермей қояды деп қорыққан. Бұл солай болса, олар өздерінің діни және саяси биліктерінен айырылып қалмақ еді. Олар: “Оны осылай қалдырсақ, бәрі оған сенетін болады. Сонда римдіктер келіп, ғибадатханамыз бен халқымызға иелік етіп жүрер”,— деген (Жохан 11:48). Содан бас діни қызметкер Қаяпа Исаны өлтірудің жолын ойластырды (Жохан 11:49—53; 18:14).

14 Қаяпа түн болғанын күтіп, кейін Исаны тұтқынға алу үшін сарбаздарды жіберді. Бірақ Иса Қаяпаның жоспарын білетін. Ол елшілерімен соңғы рет тамақ ішкен түні оларға семсер алып шығуды айтты. Оларға маңызды бір жайтты үйрету үшін екі семсер жеткілікті еді (Лұқа 22:36—38). Кейінірек сол түні бір топ сарбаз Исаны тұтқындауға келді. Мұндай әділетсіздікке қатты ашуы келген Петір семсерін суырып алып, сол жердегі бір адамға тап берді (Жохан 18:10). Сонда Иса Петірге: “Семсеріңді қынабына сал! Қолына семсер алғандардың бәрі семсерден өледі”,— деді (Матай 26:52, 53). Иса шәкірттеріне қандай маңызды жайтты үйретті? Олар осы дүниелік болмауы тиіс еді. Бұның алдында Иса осы жайлы дұға еткен болатын (Жохан 17:16 оқыңыз). Әділетсіздікпен күресуге тек Құдайдың ғана құқы бар.

15, 16. а) Құдай Сөзі мәсіхшілерге араздасудан аулақ болуға қалай көмектеседі? ә) Қазіргі дүниеге көз салғанда Ехоба қандай айырмашылықты көреді?

15 Мақаланың басында аталып кеткен оңтүстік Еуропадағы әйел бауырлас та тура осындай сабақ алған. Ол былай дейді: “Мен қатыгездікпен әділеттік орнату мүмкін емес екеніне көзім жетті. Қатыгездікке жүгінудің арты жиі өлімге апарады. Ал қалғандарының көбісі тас жүрек болып кетеді. Киелі кітаптан жер бетінде нағыз әділдікті тек Құдай орнататынын білгенде, қатты қуанып кеттім. Мен соңғы 25 жыл бойы осы хабарды адамдарға уағыздап жүрмін”. Ал оңтүстік Африкадағы ер бауырлас найзасын тастап, қолына “рухтың семсері” Құдай Сөзін алған (Ефестіктерге 6:17). Ол қазір татулық хабарын адамдардың бәріне, қай тайпадан шықса да, уағыздап жүр. Орталық Еуропада тұратын бауырлас болса Ехоба куәгері болғаннан кейін, өзге нәсілді ер бауырласқа тұрмысқа шыққан. Бұрын ол бұл нәсілді жек көретін. Осы үш бауырлас мұндай өзгерістерді Мәсіхке ұқсағысы келгендіктен жасаған.

16 Осындай өзгерістерді жасау аса маңызды! Киелі кітапта адамзаттың буырқанған теңізге ұқсайтыны және оның ешқашан тыншымайтыны айтылған (Ишая 17:12; 57:20, 21; Аян 13:1). Саяси мәселелер адамдардың ашуын келтіреді, жікке бөледі және қатыгездікке итермелейді. Ал біздің арамызда бейбітшілік пен бірлік орнаған. Ехоба осы дүниедегі жікке бөлінген адамдар мен бірлігі жарасқан өз халқының арасындағы айырмашылықты көріп, қалайша қуанады десеңізші! (Софония 3:17 оқыңыз).

17. а) Бізге бірлік сақтауға көмектесетін үш жайт қандай? ә) Келесі мақалада не қарастырамыз?

17 Бұл мақаладан білгеніміздей, бізге бірлік сақтауға мына үш жайт көмектеседі: 1) Біз Құдай Патшалығы барлық әділетсіздікті жоятынына сенеміз, 2) саяси мәселелерге ешқашан араласпаймыз және 3) қатыгездікке бармаймыз. Бірақ біздің ынтымағымызды бұзатын тағы бір нәрсе бар. Ол — алалаушылық. Келесі мақаладан біз ертедегі мәсіхшілер сияқты, алалаушылықты қалай жеңе алатынымызды білеміз.