Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Сендердегі жарық” жарқырап, Ехобаны мадақтасын

“Сендердегі жарық” жарқырап, Ехобаны мадақтасын

“Сендердегі жарық адамдар алдында жарқырап тұрсын. Осылайша олар... Әкелеріңді мадақтасын” (МАТАЙ 5:16).

ӘНДЕР: 77, 59

1. Қандай ерекше жайт бізді қуанышқа бөлейді?

ҚҰДАЙ ҚЫЗМЕТШІЛЕРІНІҢ өздеріндегі жарықты жарқыратып жүргендерін есту бір ғанибет! Ехобаның халқы былтыр 10 000 000-нан аса Киелі кітап зерттеу сабағын жүргізді. Сондай-ақ Еске алу кешіне миллиондаған қызығушылық танытқан адамдар келіп, Ехобаның сүйіспеншілікпен берген сыйы, төлем құрбандығы, жайлы білді (Жоханның 1-хаты 4:9).

2, 3. а) Бізге “шырақтай нұр шашуға” не кедергі жасамайды? ә) Бұл мақалада біз не қарастырамыз?

2 Әлем бойынша Ехоба куәгерлері әртүрлі тілдерде сөйлейді. Бірақ бұл бізге бірлігі жарасқан отбасындай Ехобаны мадақтауға еш кедергі жасамайды (Аян 7:9). Қай тілде сөйлемейік, қай жерде тұрмайық, “осы дүниеде шырақтай нұр шаша” аламыз (Філіпіліктерге 2:15).

3 Қызметіміз, мәсіхшілік бірлігіміз, сергектік сақтағанымыз — осының бәрі Ехобаға мадақ әкеледі. Біздегі жарық осы үш салада жарқырап тұру үшін не істей аламыз? (Матай 5:14—16 оқыңыз).

ӨЗГЕЛЕРГЕ ЕХОБАҒА ҒИБАДАТ ЕТУГЕ КӨМЕКТЕСІҢІЗ

4, 5. а) Уағыздаумен қатар, біз өзіміздегі жарықты қалай жарқырата аламыз? ә) Жылы шырай таныту қандай жақсы нәтиже әкеледі? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

4 Біздегі жарықты жарқыратудың бір маңызды жолы — уағыздау мен шәкірт дайындау (Матай 28:19, 20). 1925 жылы шыққан “Түнектегі жарық” деп аталатын мақалада заманның ақырында “өзіндегі жарықты жарқыратудың мүмкіндігін пайдаланбайтын” адамды Иемізге адал деуге болмайтыны айтылған. Онда тағы былай делінді: “Ол өзіндегі жарықты жарқырату үшін жердегі адамзатқа ізгі хабарды жариялап, Ехобаның әділ талаптарына сай өмір сүруі тиіс” (“Күзет мұнарасы”, 1 маусым, 1925 жыл). Уағыздаумен қатар, біздің жүріс-тұрысымыз да Ехобаға мадақ әкеледі. Уағыздап жүргенімізде, көп адамдар бізге назар аударады. Сондай кездері оларға күлімсіреп, жылы амандассақ, олар біз жайлы және ғибадат ететін Құдайымыз жайлы жақсы ойда болады.

5 Иса шәкірттеріне: “Үйге кіргенде, ондағылармен амандасып, татулық тілеңдер”,— деген (Матай 10:12). Иса уағыздаған аумақта үйге келген бейтаныс адамды дәстүр бойынша ішке кіргізетін болған. Біздің күнімізде көп жерлерде мұндай дәстүр сақталмаған. Адамдар есігінің алдында бөтен біреуді көрсе, жиі уайымдап не ашуланып жатады. Ал егер біз достық пейіл мен жылы шырай танытатын болсақ, олар өздерін жайлы сезінуі мүмкін. Сіз көпшілік орындарда әдебиет арбасымен уағыздағанда, адамдарға күлімдеп, жылы жүзбен амандассаңыз, олар арбаға еркін жақындап, әдебиет алуға қысылмайтынын байқағансыз ба? Олар тіпті әңгіме бастауға ықылас білдіруі мүмкін!

6. Бір қарт ерлі-зайыптыға қызметтен қол үзбеуге не көмектеседі?

6 Англияда тұратын бір қарт ерлі-зайыпты денсаулықтары нашарлағандықтан, бұрынғыдай үйме-үй көп уағыздай алмайды. Сондықтан олар тура үйлерінің алдына үстел қойып, әдебиеттерді жайып қояды. Үйлері мектептің жанында болғандықтан, олар балаларын алып кетуге келген ата-аналар үшін қызықты болатын әдебиеттерді шығарып қояды екен. Кейбір ата-аналар сол әдебиеттерді, соның ішінде “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” кітабының 1, 2-томын алып кетеді. Жиі бұл қарт ерлі-зайыптымен бірге ізашар әйел бауырлас тұрады. Ата-аналар оның жылы шырайлы екенін және қарт ерлі-зайыптының өзгелерге шынымен көмектескісі келетінін байқайды. Ата-аналардың бірі тіпті Киелі кітапты зерттеуді бастаған.

7. Сіз аумағыңызда тұратын босқындарға қалай көмектесе аласыз?

7 Жақында көптеген адамдар туған жерлерін тастап, өзге елдерден пана іздеуге мәжбүр болды. Сіз тұратын жерде де осындай босқындар болса, оларға Ехоба туралы білуге қалай көмектесе аласыз? Алдымен, олардың тілінде амандасуды үйреніп алсаңыз болады. Сондай-ақ JW Language қосымшасынан бірнеше сөздерді жаттап алып айтсаңыз, олар сәл кідіріп, сізбен әңгімелесуге ықылас білдіруі мүмкін. Сосын jw.org сайтынан олардың тіліндегі бейнероликтер мен басылымдарды көрсетсеңіз болады (Мұсаның 5-жазбасы 10:19).

8, 9. а) Апта ішіндегі кездесулердің бізге қандай көмегі бар? ә) Ата-аналар балаларына қауымда айтатын түсініктемелерін жақсартуға қалай көмектесе алады?

8 Ехоба уағызда жемісті болуымызға көмектесетін барлық нәрсені беріп жатыр. Мысалы, “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” кездесуінде білгендеріміз бізге қайта баруға, Киелі кітап зерттеу сабағын бастауға көбірек сенімділік береді.

9 Кездесулерімізге жаңа адамдар келгенде, олар көбінесе балалардың айтқан түсініктемелеріне қайран қалып жатады. Сіз балаларыңызды өз сөзімен жауап беруге үйрете аласыз. Балалардың өз сенімдерін қарапайым сөздермен әрі шын жүректен жеткізгенін естіп, кейбіреулер шындыққа қызығушылық танытқан (Қорынттықтарға 1-хат 14:25).

БІРЛІКТІ НЫҒАЙТЫҢЫЗ

10. Отбасылық ғибадат жанұяның бірлігін қалай нығайта алады?

10 Отбасымызға өзара бірлік пен татулық сақтауды үйрету үшін барынша күш салсақ, Ехобаға мадақ әкелеміз. Мысалы, ата-ана болсаңыз, отбасылық ғибадат кешінің жүйелі түрде өтуіне қам жасаңыз. Көптеген отбасылар JW Broadcasting бағдарламасын көріп, артынан білгендерін өмірде қалай қолданатындарын талқылайды. Кішкентай балаға және жасөспірімге берілетін тәлім-тәрбие екі бөлек болу керектігін ұмытпаңыз. Жанұяңыздың әрбір мүшесіне отбасылық ғибадаттың мейлінше пайдасын көруге көмектесу үшін барыңызды салыңыз (Зәбүр 148:12, 13).

Үлкен жастағы бауырластарға уақыт бөлудің пайдасы көп (11-абзацты қараңыз)

11—13. Қауымымыздың бірлігін нығайтуға қалай атсалыса аламыз?

11 Әлі жас болсаң, сен де қауымдағы барлық бауырластардың өздерін бағалы сезінуіне үлес қоса аласың. Мұның бір жолы — үлкен жастағы бауырластармен достасу. Олардан Ехобаға көп жыл бойы табандылықпен қызмет етуге не көмектескенін сұрап көр. Олар сені көптеген құнды нәрселерге үйрете алады. Бұл сені де, оларды да жігерлендіреді! Кіші не үлкен болайық, бәріміз де Патшалық сарайына келген қонақтарды құшақ жая қарсы ала аламыз. Бұл үшін сәлемдесіп, күлімдеп, орын табуға көмектесіп, басқалармен таныстыруға болады. Олардың өздерін еркін сезінуіне жағдай жасайық.

12 Егер сіз уағызға арналған кездесуді жүргізуге тағайындалған болсаңыз, егде бауырластарға өздеріндегі жарықты жарқырата беруге көмектесе аласыз. Қалай? Учаскелерінің оларға ыңғайлы болуын қадағалаңыз. Оларды уағызға жастау бауырластармен жіберуге тырысыңыз. Егде жастағы немесе денсаулығы нашар бауырластар бұрынғыдай көп уағыздай алмайтындарына жиі көңілдері түседі. Ал егер олардың қамын ойлайтыныңызды, жағдайларына түсінікпен қарайтыныңызды білсе, олар өздерін әлдеқайда жақсы сезініп қалады. Жастары нешеде болмасын, шындықта қанша жүрмесін, сіздің мейірімділігіңіз оларды құлшыныспен уағыздай беруге талпындыра алады (Мұсаның 3-жазбасы 19:32).

Қауымыңыздағы бауырластармен жақынырақ таныса аласыз ба?

13 Исраилдіктерге Ехобаға бірге ғибадат ету қуаныш сыйлаған. Зәбүр жыршысы былай деп жазған: “Бауырлардың бірлікте тұрғандары қандай игі, қандай жағымды!” (Зәбүр 133:1, 2 оқыңыз). Ол бірлікті майлау рәсіміне арналған майға теңеген. Бұл май теріні балғын еткен, әрі жұпар иісті болған. Сол іспетті, біз жылы жүзді де мейірімді болу арқылы бауырластарымызды сергіте аламыз. Сонда қауымның бірлігі нығая түседі. Қауымыңыздағы бауырластармен жақынырақ таныса аласыз ба? (Қорынттықтарға 2-хат 6:11—13).

14. Тұрғылықты жеріңізде өзіңіздегі жарықты қалай жарқырата аласыз?

14 Қай жерде болсақ та, біз өзіміздегі жарықты жарқырата аламыз. Сіздің мейірбандылығыңызды көріп, көршілеріңіз Ехоба жайлы көбірек білгісі келуі мүмкін. Былайша ойланып көрсеңіз болады: “Көршілерім мен туралы қандай пікірде? Үйім ұқыпты әрі таза ма? Біздің үй айналаның сәнін келтіріп тұр ма? Көршілеріме көмектесіп тұрамын ба?” Басқа бауырластардан олардың мейірбандылығы мен жақсы үлгісі туыстарына, көршілеріне, әріптестеріне не сыныптастарына қалай ықпал еткені жайлы сұрап көріңіз (Ефестіктерге 5:9).

СЕРГЕК БОЛЫҢЫЗ

15. Неге сергек болуымыз қажет?

15 Жарығымыздың жарқырай бергенін қаласақ, қай уақытта өмір сүріп жатқанымызды естен шығармауымыз қажет. Иса шәкірттеріне бірнеше рет: “Сергек болыңдар!”— деген (Матай 24:42; 25:13; 26:41). “Зор алапат” жуық арада келмейді деп ойласақ, адамдарға Ехоба жайлы үйретудің әрбір мүмкіндігін қолдануға күш салмаймыз (Матай 24:21). Сонда біздегі жарық жарқырап тұрудың орнына, бірте-бірте әлсіреп, тіпті сөніп қалуы мүмкін.

16, 17. Сергектік сақтау үшін не істей аласыз?

16 Қазір біз үшін бұрынғыдан бетер сергек болатын уақыт. Мына дүниедегі ахуал барған сайын нашарлап барады. Бірақ біз дүниенің соңы дәл Ехоба белгілеген уақытта келетінін білеміз (Матай 24:42—44). Ал сол уақыт келгенше, біз шыдамды болып, болашаққа көз тігуіміз керек. Киелі кітапты күн сайын оқыңыз. Ехобаға дұға етуді еш доғармаңыз (Петірдің 1-хаты 4:7). Жылдар бойы Ехобаға қызмет етіп келе жатқан бауырластардан үлгі-өнеге алыңыз. Мысалы, олардың өмірбаяндарын оқып көріңіз. Солардың бірі — “Жетпіс жыл бойы яһудалық адамның етегіне жармасып келемін” деген өмірбаян (“Күзет мұнарасы”, 2012 жыл, 15 сәуір, 18—21 беттер).

17 Ехобаға деген қызметте көп еңбектене беріңіз. Өзгелерге жақсылық жасаңыз, бауырластармен бірге уақыт өткізіңіз. Сонда қуанышқа кенеліп, уақыттың қалай тез өткенін байқамай қаласыз (Ефестіктерге 5:16). Соңғы жүз жылда Ехобаның қызметшілері өте көп жұмыс атқарды. Қазір біз бұрын-соңды болмағандай көп іс атқарудамыз. Ехобаның ісі біз еш ойламаған деңгейде алға басты. Біздің жарығымыз күндей жарқырауда!

Бақташылық сапар кезінде біз Құдай даналығының игілігін көре аламыз (18, 19-абзацтарды қараңыз)

18, 19. Ақсақалдар бізге Ехобаға құлшыныспен қызмет етуге қалай көмектесе алады? Мысал келтіріңіз.

18 Көп қателік жасасақ та, Ехоба бізге өзіне қызмет етуге мүмкіндік беріп отыр. Бізге көмектесу үшін ол “сый ретінде адамдарды”, яғни ақсақалдарды берген (Ефестіктерге 4:8, 11, 12 оқыңыз). Сондықтан сізге ақсақалдар келгенде, мүмкіндікті пайдаланып, олардың даналығы мен ақыл-кеңесінен үйреніңіз.

19 Англияда тұратын бір ерлі-зайыптының некесінде қиындықтар туындап, олар екі ақсақалдан көмек сұраған. Әйелінің ойынша, күйеуі Ехобаға қызмет етуде жетекшілікті қолға алмаған. Ал күйеуі тәлім беру қолымнан келмейді деп ойлап, отбасылық ғибадатты жүйелі түрде өткізбейтінін мойындаған. Ақсақалдар олардың назарын Исаның үлгісіне аударды. Олар күйеуін Исаның шәкірттеріне қалай қамқорлық еткенінен үлгі алуға талпындырды. Ал әйелін күйеуіне шыдаммен қарауға шақырды. Сондай-ақ оларға екі баласымен отбасылық ғибадатты қалай өткізе алатындарына қатысты біраз кеңестер берді (Ефестіктерге 5:21—29). Содан күйеуі отағасы ретіндегі міндетін жақсырақ атқаруға көп күш салды. Ақсақалдар оны еш берілмей, Ехобаның рухына арқа сүйей беруге талпындырды. Ақсақалдардың сүйіспеншілігі мен мейірімділігі бұл отбасына қатты көмектесті!

20. Өзіңіздегі жарықты жарқырата түссеңіз, нәтижесі қандай болады?

20 “Ехобадан қорқатын, Оның жолдарымен жүретін адам бақытты” (Зәбүр 128:1). Өзіңіздегі жарықты жарқырата түссеңіз, бақытты боласыз. Сондықтан өзгелерге Құдай туралы тәлім беріңіз, отбасыңыз бен қауымыңызға бірлікте болуға барынша көмектесіңіз және сергек болыңыз. Сонда сіздің игі істеріңізді көріп, өзгелер де Әкеміз Ехобаны мадақтағысы келеді (Матай 5:16).