Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жастар, шомылдыру рәсіміне дайынсыңдар ма?

Жастар, шомылдыру рәсіміне дайынсыңдар ма?

“Араларыңдағы біреу мұнара салғысы келсе, құрылысын аяқтауға қаражаты жетер-жетпесін білу үшін, алдымен шығынын есептеп алмай ма?” (ЛҰҚА 14:28).

ӘНДЕР: 120, 64

Осы және келесі мақала шомылдыру рәсімінен өткісі келетін жастарға арналған

1, 2. а) Құдайдың халқын қандай жайт қуантады? ә) Мәсіхші ата-аналар мен ақсақалдар жастарға қалай көмектесе алады?

“СЕНІ туылған кезіңнен бері білемін. Енді, міне, шомылдыру рәсімінен өтейін деп жатқаныңды естіп, қатты қуанып тұрмын,— деді бір ақсақал 12 жасар Кристоферге қарап.— Бірақ саған қояр бір сұрағым бар: мұндай шешім қабылдауға сені не талпындырды?” Ақсақалдың бұл сұрағы өте орынды еді. Әрине, жыл сайын мыңдаған жастардың шомылдыру рәсімінен өтіп жатқаны бәрімізді қуантады (Уағыздаушы 12:1). Алайда мәсіхші ата-аналар мен қауым ақсақалдары мұндай шешімді жастардың өздері қабылдайтынына және шомылдыру рәсімінен өтудің не екенін түсінетіндеріне көз жеткізгісі келеді.

2 Киелі кітаптан білетініміздей, бағышталу мен шомылдыру рәсімінен өту — мәсіхші үшін жаңа өмірдің бастамасы. Осы өмірге аяқ басқан адам Ехобаның мол батасына кенеледі, бірақ Шайтанның тарапынан да қарсылыққа кезігеді (Нақыл сөздер 10:22; Петірдің 1-хаты 5:8). Сондықтан мәсіхші ата-аналар Исаның ізбасары болудың шын мәнінде не екенін балаларына жақсылап түсіндірулері керек. Ал ата-анасы мәсіхші емес жастарға мұны қауымдағы ақсақалдар сүйіспеншілікпен түсіндіріп береді (Лұқа 14:27—30 оқыңыз). Әдетте құрылысты бастап, аяғына дейін жеткізу үшін алдын ала жоспарлап, дайындалу қажет. Сол сияқты, жастар да Ехобаға “соңына дейін” адалдықпен қызмет ету үшін, шомылдыру рәсімінен өтпей тұрып дайындалулары керек (Матай 24:13). Ехобаға мәңгілік бойы қызмет етуге бел байлауға оларға не көмектеседі? Қарастырып көрейік.

3. а) Иса мен Петірдің сөздері шомылдыру рәсімінің маңыздылығын қалай көрсетеді? (Матай 28:19, 20; Петірдің 1-хаты 3:21). ә) Қандай сұрақтарды қарастырамыз және неге?

3 Сен шомылдыру рәсімінен өткісі келетін жастардың қатарынансың ба? Егер солай болса, онда бұл — керемет мақсат! Шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болу, шынында да, зор мәртебе! Оның үстіне, бұл — мәсіхшілерге қойылатын талап әрі зор алапат кезінде құтқарылғысы келетіндер үшін маңызды қадам (Матай 28:19, 20; Петірдің 1-хаты 3:21). Шомылдыру рәсімінен өткенде, сен Ехобаға мәңгі қызмет етемін деп уәде бергеніңді өзгелерге паш етесің. Сондықтан Құдайға мұндай уәде бермес бұрын, шомылдыру рәсімінен өтуге шынымен дайынсың ба, жоқ па — соны келесі сұрақтардың көмегімен тексеріп көр: 1) Мұндай шешім қабылдай алатындай дәрежеде толыстым ба? 2) Бұл менің өз қалауым ба? 3) Ехобаға бағышталудың нені білдіретінін жете түсінемін бе? Кәне, осы сұрақтарға жеке-жеке тоқталып өтейік.

ТОЛЫСУ

4, 5. а) Неліктен шомылдыру рәсімінен тек ересектер ғана өту керек дей алмаймыз? ә) Мәсіхшілер үшін толысу деген нені білдіреді?

4 Киелі кітапта тек ересектер не белгілі бір жасқа толған адамдар ғана шомылдыру рәсімінен өте алады делінбеген. Нақыл сөздер 20:11-де: “Тіпті баланың да ісіне қарап, Жүріс-тұрысының таза да дұрыс екенін білерсің”,— деп жазылған. Демек, тіпті баланың өзі дұрыс нәрсені істеу мен Жаратушысына өмірін бағыштаудың не екенін түсіне алады. Ендеше, шомылдыру рәсімі — өзінің толысқан екенін көрсете білген әрі өмірін Ехобаға бағыштаған жастар үшін орынды да маңызды қадам (Нақыл сөздер 20:7).

5 Толысу деген нені білдіреді? Бұл адамның жасына не өсіп-жетілгеніне ғана нұсқамайды. Киелі кітапта толысқан адам жақсы мен жаманды ажырата алу үшін “түйсіну қабілетін” машықтандыратыны айтылған (Еврейлерге 5:14). Толысқан адам ненің дұрыс екенін біледі әрі жүрегінде соны істеуге бел буады. Сол себептен ол жаман нәрсені істеуге оңайлықпен азғырылмайды. Сондай-ақ ненің дұрыс екенін үнемі айтып отыратын біреуді де қажет етпейді. Сондықтан шомылдыру рәсімінен өтетін жастар қасында ата-аналары не ересек адамдар болмаса да, Ехобаның нормаларын берік ұстанады (Філіпіліктерге 2:12 салыстырыңыз).

6, 7. а) Даниял Бабылда қандай сынақтарға кезікті? ә) Даниял өзінің толысқан екенін қалай көрсетті?

6 Жастар осындай дәрежеде толысқандарын қалай көрсете алады? Даниялдың мысалын көрейік. Ол ата-анасынан ажыратылып, Бабылға әкетілгенде жасөспірім болса керек. Даниял өзі ойламаған жерден Құдайдың жақсы мен жаманға қатысты нормаларын ұстанбайтын адамдардың арасына тап болды. Бабылдағылар оған бір ерекше адамдай қарады. Ол патшаның алдында қызмет етуге таңдалған санаулы бозбалалардың бірі болды (Даниял 1:3—5, 13). Исраилде Даниялдың мұндай мүмкіндіктерге ие болуы екіталай еді.

7 Даниял бұл жағдайда не істеді? Ол Бабылдың жылтыраған дүниесіне елікті ме? Айналасындағы адамдардың өзіне ықпал етіп, сенімін әлсіретуіне жол берді ме? Ешқандай да! Киелі кітапта айтылғандай, Даниял жалған ғибадатқа қатысы бар нәрселерге жоламау үшін “жүрегінде... өзін арамдамаймын деп шешті” (Даниял 1:8). Бұл оның нағыз толысқан адам екенін көрсетті!

Толысқан жас қыз не жігіт Патшалық сарайында өзін Құдайдың досы сияқты ұстап, ал мектепте осы дүниенің досы сияқты жүрмейді (8-абзацты қараңыз)

8. Жастар, Даниялдың мысалынан неге үйрене аласыңдар?

8 Жастар, Даниялдың мысалынан неге үйрене аласыңдар? Толысқан жас қыз не жігіт тіпті қиын жағдайда да ұстанымдарынан таймайды. Ол айналасына бейімделіп, түсін құбылтып тұратын хамелеонға ұқсамайды. Ол өзін Патшалық сарайында Құдайдың досы сияқты ұстап, ал мектепте осы дүниенің досы сияқты жүрмейді. Тіпті сынақ кезінде де ол адал болып қалады (Ефестіктерге 4:14, 15 оқыңыз).

Толысқан жас қыз не жігіт тіпті қиын жағдайда да ұстанымдарынан таймайды

9, 10. а) Неге жастарға соңғы кезіккен сынақтарында қалай әрекет еткендері жайлы ойланғандары пайдалы? ә) Шомылдыру рәсімінің мәні қандай?

9 Әрине, мінсіз ешкім жоқ. Жастар да, үлкендер де қателіктер жіберіп тұрады (Уағыздаушы 7:20). Әйтсе де шомылдыру рәсімінен өткің келсе, Ехобаның талаптарын орындауға қаншалықты бел байлағаныңа көз жеткізіп алғаның абзал. Ол үшін былай деп ойланып көр: “Мен Ехобаның заң-талаптарын ұстанып жүрмін бе?” Соңғы рет сенімің сыналғанда қалай әрекет еткеніңді есіңе түсірші. Сол кезде ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата алдың ба? Даниялдың жағдайындағыдай, сені де қабілет-дарыныңды Шайтанның дүниесінде барынша пайдаланып қалуға талпындырғандар болды ма? Осындай азғырылуларға кезіккенде, Ехобаның еркі қандай екенін көре аласың ба? (Ефестіктерге 5:17).

10 Мұндай сұрақтарға жауап беру неге маңызды? Өйткені олар саған шомылдыру рәсімінің қаншалықты жауапты қадам екенін түсінуге көмектеседі. Жоғарыда атап өткеніміздей, шомылдыру рәсімі сенің Ехобаға ант бергеніңді өзгелерге паш етеді. Сен оны жақсы көретініңді және оған бар жүрегіңмен мәңгілік бойы қызмет ететініңді уәде етесің (Марқа 12:30). Шомылдыру рәсімінен өтетін әрбір адам осы антын орындауға бел бууы тиіс (Уағыздаушы 5:4, 5 оқыңыз).

БҰЛ СЕНІҢ ӨЗ ҚАЛАУЫҢ БА?

11, 12. а) Шомылдыру рәсімінен өткісі келетін адам не нәрсеге сенімді болу керек? ә) Ехобаның осы шарасына дұрыс көзқарас танытуға не көмектеседі?

11 Киелі кітапта Ехобаның барлық қызметшілері, тіпті жастар да, дайындықпен қызмет ететіні айтылған (Зәбүр 110:3). Сондықтан шомылдыру рәсімінен өткісі келетін адам мұны өзі қалайтынына сенімді болу керек. Бұл үшін шомылдыру рәсімінен өтуді неліктен қалайтыныңды жақсылап тексеріп көр, әсіресе шындықта өскен болсаң.

12 Сен кішкентайыңнан көп адамның шомылдыру рәсімінен өткенін көрген шығарсың. Оның ішінде достарың мен бауырларың да бар болар. Бірақ белгілі бір жасқа жеттім не жұрттың бәрі шомылдыру рәсімінен өтіп жатыр, мен де өтуім керек деген ойдан аулақ бол. Ехобаның осы шарасына дұрыс көзқарас танытып жатқаныңа қалай көз жеткізе аласың? Бұл үшін шомылдыру рәсімінен өту неліктен жауапты қадам екені жайлы ой жүгірт. Осы және келесі мақалада мұның көптеген келелі себептерін көресің.

13. Шомылдыру рәсімінен өтуді шын жүректен қалайтыныңды қалай анықтай аласың?

13 Шомылдыру рәсімінен өтуді шын жүректен қалайтыныңды анықтаудың бір жолы — дұғаларыңа мән беру. Ехобаға қаншалықты жиі дұға етесің? Дұғаларың нақты ма? Бұл сұрақтардың жауабы Ехобамен қарым-қатынасыңның қандай екенін көрсетеді (Зәбүр 25:4). Көптеген дұғаларымызға Ехоба Киелі кітап арқылы жауап береді. Сондықтан Ехобаға жақындай түсіп, оған шын жүректен қызмет еткің келетінін анықтаудың тағы бір жолы — Киелі кітапты зерттеуге деген көзқарасың (Ешуа 1:8). Былай деп ойланып көр: “Киелі кітапты жүйелі түрде жеке зерттеймін бе? Отбасылық ғибадатқа қуана қатысамын ба?” Осы сұрақтарға жауап бергенің шомылдыру рәсімінен өту өз қалауың ба, жоқ па — соны түсінуге көмектеседі.

БАҒЫШТАЛУДЫҢ МӘНІ

14. Бағышталу мен шомылдыру рәсімінің айырмашылығын түсіндір.

14 Кейбір жастар бағышталу мен шомылдыру рәсімінің айырмашылығын шын мәнінде түсінбеуі мүмкін. Біреулері “мен өмірімді Ехобаға бағыштап қойғанмын, бірақ шомылдыру рәсімінен өтуге әлі дайын емеспін” дейтін шығар. Бірақ бұлай болуы мүмкін бе? Бағышталу дегеніміз — дұғада Ехобаға мәңгілік бойы қызмет етемін деп ант беру. Ал шомылдыру рәсімінен өткен кезде, сен өзгелерге Ехобаға бағышталғаныңды көрсетесің. Ендеше, шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын, Құдайға бағышталудың не екенін жақсы түсінуің керек.

15. Бағышталудың мәні қандай?

15 Бағышталған кезде, Ехобаға бүкіл өміріңді арнап, сонікі болатыныңды айтасың. Сен Ехобаға бұдан былай бірінші кезекте оның еркін орындайтыныңды уәде етесің (Матай 16:24 оқыңыз). Бұл — үлкен жауапкершілік жүктейтін уәде! (Матай 5:33). Олай болса, енді өзіңе емес, Ехобаға тиесілі екеніңді қалай көрсете аласың? (Римдіктерге 14:8).

16, 17. а) Өзімізден бас тартудың нені білдіретінін мысалмен түсіндір. ә) Адам Ехобаға бағышталғанда, былайша айтқанда, не дейді?

16 Мынадай мысал келтіріп көрейік. Саған досың көлік сыйлады делік. Ол қолыңа көліктің құжаттарын ұстатып: “Мына машина сенікі”,— дейді. Бірақ артынан: “Кілті менде қалады. Оны сен емес, өзім айдаймын”,— дейді. Сонда бұндай сыйлық жайлы не ойлар едің? Ал досың туралы ше?

17 Адам өмірін Ехобаға бағыштағанда, оған: “Өмірімді саған арнаймын. Мен сенікімін”,— деп сөз береді. Сондықтан Ехобаның одан осы уәдесіне сай өмір сүреді деп күткені орынды. Ал егер сол адам екіжақты өмір кешіп, Құдайға қызмет етпейтін біреумен жасырын түрде кездесе бастаса ше? Я болмаса уағызға не қауым кездесулеріне жүйелі түрде баруға кедергі жасайтын жұмысқа тұрса ше? Ол Ехобаға берген уәдесінде тұрды деп айта аламыз ба? Бұл машинаны беріп, бірақ кілтін алып қойғанмен тең емес пе?! Біз Ехобаға бағышталғанда, былайша айтқанда, оған: “Өмірім өзіме емес, саған тиесілі. Менің қалауым басқа болса да, сенің қалауыңды істеймін”,— дейміз. Осылайша: “Мен көктен өзімнің емес, мені жібергеннің еркін орындауға келдім”,— деген Исаға еліктейміз (Жохан 6:38).

Шомылдыру рәсімі—аса жауапты қадам әрі зор мәртебе

18, 19. а) Роуз бен Кристофердің жағдайынан шомылдыру рәсімі зор мәртебе әрі бата екені қалай көрінеді? ә) Шомылдыру рәсімінен өту мәртебесі жайлы не ойлайсың?

18 Рас, Ехобаға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өту — аса жауапты қадам. Дегенмен бұл — зор мәртебе! Ехобаны шын жақсы көретін әрі оған өмірін бағыштаудың не екенін түсінетін жастар шомылдыру рәсімінен өтуден тартынбайды. Олар мұндай шешім қабылдағанына еш өкінбейді. Шомылдыру рәсімінен өткен Роуз есімді жас-өспірім қыз былай дейді: “Мен Ехобаны қатты жақсы көремін, мен үшін оған қызмет етуден артық бақыт жоқ! Шомылдыру рәсімінен өту өмірімдегі ең дұрыс шешім болғанына титтей де күмәнданбаймын”.

19 Мақаланың басында сөз етілген Кристофер ше? 12 жасында шомылдыру рәсімінен өтуді шешкені жайлы ол не ойлайды? Ол кезінде осындай шешім қабылдағанына қатты қуанатынын айтады. Кристофер 17 жасында тұрақты ізашар, ал 18 жасында қызмет көмекшісі болды. Қазір болса Бетелде қызмет етеді. Ол былай дейді: “Шомылдыру рәсімінен өтемін деген шешімім дұрыс болды. Ехоба мен оның ұйымы үшін бел жазбай еңбектеніп жүргенімнің арқасында өмірім қанағатқа толы”. Егер сен шомылдыру рәсімінен өткің келсе, бұған қалай дайындалсаң болады? Бұл жайлы келесі мақалада айтылады.