Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Бірлігіміздің жарасуына үлес қосайық!

Бірлігіміздің жарасуына үлес қосайық!

“Мәсіх арқылы дененің барлық мүшесі өзара үйлесе бірігіп,.. бірлесе әрекет етеді” (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 4:16).

ӘНДЕР: 53, 107

1. Құдайдың істері о бастан несімен ерекшеленді?

ЕХОБА мен Иса о бастан бірлікте болған. Ехоба бәрінен бұрын Исаны жаратты. Сосын Иса онымен бірге еңбектеніп, “қасында шебер жұмысшы” болды (Нақыл сөздер 8:30). Ехобаның қызметшілері де өздеріне тапсырылған істі бірлесе атқарған. Мысалы, Нұх пен оның жанұясы бір адамдай жұмылып кеме соққан. Ғасырлар өте исраилдіктер де бірге киелі шатырды тұрғызды, көшер кезде оны бірге жинап, бірге тасып жүрді. Ал ғибадатханада олар бірге ән айтып, музыкалық аспаптарда Ехобаны әсем әуенмен мадақтады. Осының бәрін Ехобаның халқы бір-бірімен үйлесе қызметтескеннің арқасында істей алды (Мұсаның 1-жазбасы 6:14—16, 22; Мұсаның 4-жазбасы 4:4—32; Шежірелер 1-жазба 25:1—8).

2. а) Ертедегі мәсіхшілер қауымы несімен айрықшаланды? ә) Бұл мақалада не қарастырамыз?

2 Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер де бір-бірімен қызметтескен. Олардың бәрі Көсемдері Иса Мәсіхтің соңынан ерген. Міндеттері мен қабілеттері әртүрлі болса да, олар өзара бірлікте тұрған. Пауыл бұл мәсіхшілерді бірлесе әрекет ететін әртүрлі мүшесі бар денемен салыстырды (Қорынттықтарға 1-хат 12:4—6, 12 оқыңыз). Ал бүгінде ше? Біз уағыз ісінде, қауым мен отбасында қалайша бірлесе әрекет ете аламыз?

УАҒЫЗ ІСІНДЕ

3. Елші Жохан қандай аян көрген?

3 Бірінші ғасырда елші Жохан аянда кернейлетіп тұрған жеті періштені көрген. Бесінші періште кернейлеткенде, көктен жерге бір жұлдыз құлады. Осы жұлдыз кілтпен тұңғиықтың есігін ашты. Сонда тұңғиықтан қою түтін, ал түтіннің ішінен шегірткелер қаптап шықты. Олар ағаштар мен өсімдіктерге тиместен, “маңдайларына Құдайдың белгісі қойылмағандарға” шабуыл жасады (Аян 9:1—4). Қаптаған шегірткелердің көп залал әкелетінін Жохан жақсы білген. Мұсаның заманында бұл жәндіктер Мысыр елін тып-типыл еткен болатын (Мұсаның 2-жазбасы 10:12—15). Жохан көрген шегірткелер жалған дінге қарсы пәрменді хабар айтып жүрген майланған мәсіхшілерді бейнелейді. Оларға жерде мәңгі өмір сүруге үміттенетін миллиондаған адам қосылды. Осылай олар уағыз ісін бірлесе атқаруда. Осы істің арқасында көп адам жалған дінді тастап, Шайтанның құрсауынан босауда.

Дүниежүзілік уағыз ісін бір-бірімізбен қызметтескеніміздің арқасында атқарудамыз

4. Бүгінде Құдайдың халқына қандай іс тапсырылған және бұл істі олар қандай жағдайда ғана атқара алады?

4 Бізге осы заманның соңы келгенге дейін дүниежүзі бойынша “ізгі хабарды” уағыздау ісі тапсырылған. Бұл өте ауқымды жұмыс! (Матай 24:14; 28:19, 20). “Шөлдегендердің” бәрін “өмір суын” ішуге шақыруымыз керек, яғни білгісі келгендерге Киелі кітаптағы шындықты үйретуіміз қажет (Аян 22:17). Бұл істі біз қауымда “өзара үйлесе бірігіп”, бір-бірімізбен қызметтес болсақ қана атқара аламыз (Ефестіктерге 4:16).

5, 6. Қалай біз ізгі хабарды бірлесе уағыздаймыз?

5 Мейлінше көп адамға уағыздау үшін бізге бұл істі ұйымдасқан түрде атқару қажет. Бұл үшін қауымда арнайы нұсқаулар беріледі. Уағыздауға арналған кездесуден кейін біз адамдарға Патшалық жайлы ізгі хабарды айтуға барамыз. Сондай-ақ оларға Киелі кітапқа негізделген басылымдарды ұсынамыз. Дүниежүзі бойынша бұл басылымдардың миллиондаған данасы таратылады. Арагідік арнайы уағыз науқандары ұйымдастырылып тұрады. Біз соларға қатысамыз ба? Егер қатыссақ, шартарапта бірдей хабарды уағыздап жатқан миллиондаған жариялаушылармен бірлесе қызметтесеміз! Бұған қоса, Құдай халқына ізгі хабарды жариялауда қолғабыс етіп жүрген періштелермен де қызметтес боламыз! (Аян 14:6).

6 Төрткіл дүниеде жүріп жатқан уағыз ісінің нәтижесі жайлы “Жылнамадан” оқығанда, бойымызды зор қуаныш кернейді емес пе?! Конгрестерге дүйім жұртты жұмыла шақыратын кезімізді айтсаңызшы! Сол жиындарда бәріміз бірдей мәлімет естиміз. Баяндамалар, драмалар мен көріністер Ехобаға қолымызда барды беруге талпындырады. Жыл сайынғы Еске алу кеші де бізді аяулы бауырластарымызбен біріктіреді (Қорынттықтарға 1-хат 11:23—26). Бәріміз осы кешке бір күнде, 14 нисанда, күн батқаннан кейін жиналамыз. Осылайша Ехобаның адамзат үшін жасағандарына ризашылығымызды білдіреміз әрі Исаның нұсқауын орындаймыз. Ал сол кешке бірнеше апта қалғанда, біз жұдырықтай жұмылып, бізбен бірге осы маңызды кешті атап өтуге мейлінше көп адамды шақырамыз.

7. Бірлесе еңбектенгеніміздің арқасында не нәрсе мүмкін болуда?

7 Жалғыз шегіртке не бітіреді дейсіз?! Сол сияқты, біз де жалғыз жүріп бүкіл адамзатқа ізгі хабарды жеткізе алмаймыз. Ал бірлесе еңбектенгеніміздің арқасында миллиондаған адамға Ехоба жайлы білуге, оны мадақтап-дәріптеуге көмектесе алудамыз.

ҚАУЫМДА

8, 9. а) Мәсіхшілерге бірлік сақтаудың маңызды екенін Пауыл қандай мысалмен түсіндірген? ә) Қауымда қалай бірлік сақтай аламыз?

8 Пауыл ефестіктерге қауымның қалай ұйымдасқаны туралы және қауымдағының бәрі “жан-жақты өсіп жетілу” керектігі жайлы айтқан (Ефестіктерге 4:15, 16 оқыңыз). Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін әрқайсысымыз не істей аламыз? Пауыл қауымды денемен салыстырған. Осы мысалмен ол қауымның басы Иса Мәсіхтің басшылығымен болатын бірлікке баса назар аударды. Ол дененің барлық мүшесі “әртүрлі қажетті буындар” арқылы бірлесе әрекет ететінін айтқан. Олай болса қарт не жас болайық, денсаулығымыз мықты не әлсіз болсын, әрқайсысымыз қауымның бірлігіне қалай үлес қоса аламыз?

Қауымның бірлікте болуына қалай өз үлесіңізді қоса аласыз?

9 Иса қауымда жетекшілік етсін деп ақсақалдарды тағайындаған. Ол біздің сол кісілерді құрметтегенімізді әрі олардың нұсқауларына мойынсұнғанымызды қалайды (Еврейлерге 13:7, 17). Рас, бұлай ету әрдайым оңай бола бермейді. Бірақ мұндай кезде Ехобадан көмек сұрай аламыз. Оның киелі рухы ақсақалдардың кез келген басшылығына мойынсұнуымызға көмектеседі. Кішіпейілділік танытып, ақсақалдармен қызметтесер болсақ, мұның қауымға қандай пайдасы тиетінін ойланып көрейікші: қауымымыздың бірлігі жарасады, бір-бірімізге деген сүйіспеншілігіміз де нығая түседі.

10. Қызмет көмекшілері қауымның бірлігіне қалай өз септігін тигізе алады? (Мақаланың басындағы сүретті қараңыз.)

10 Қызмет көмекшілері де қауымда бірліктің болуына өз септігін тигізе алады. Олар барын салып ақсақалдарға көмектеседі. Біз олардың осындай еңбектері үшін ризамыз. Мысалы, қызмет көмекшілері уағызға қажетті әдебиеттердің жеткілікті болуын қадағалайды. Қауымға келгендерді жылы қарсы алады. Сондай-ақ Патшалық сарайларын жөндеу мен тазалау жұмыстарына білек сыбана қатысады. Осы бауырластармен қызметтесер болсақ, бірлігіміз нығаяды әрі Ехобаға ұйымдасқан түрде қызмет етеміз (Елшілердің істері 6:3—6).

11. Қауымда бірліктің болуына жас бауырластар қалай өз үлесін қоса алады?

11 Кейбір ақсақалдар қауымға жылдар бойы ерен еңбек сіңірген. Бірақ жасы келгендіктен, бұл бауырластар бұрынғыдай көп істей алмайтын шығар. Осындай кезде жас бауырластар қол ұшын соза алады. Егер оларды үйретсе, қауымда көбірек міндеттер атқарады. Қызмет көмекшілері аянбай еңбектенсе, болашақта ақсақал болып қызмет ете алады (Тімөтеге 1-хат 3:1, 10). Кейбір жас ақсақалдар алға басып, қазір аудандық бақылаушы ретінде көптеген қауымдарға көмектесіп жүр. Бауырластарға қызмет етуге дайын тұрған мұндай жастарға дән ризамыз! (Зәбүр 110:3; Уағыздаушы 12:1 оқыңыз).

ОТБАСЫНДА

12, 13. Отбасында бірлік болу үшін үй ішіндегілердің бәрі не істей алады?

12 Отбасында бірлік болу үшін үй ішіндегілер не істей алады? Бұл ретте апта сайынғы отбасылық ғибадаттың маңызы зор. Ата-аналар мен балалар бірге отырып, Ехоба жайлы білгенде, бір-біріне деген сүйіспеншіліктері арта түседі. Отбасылық ғибадат кезінде ұсыныстар айтып жаттыққаны оларға қызметке дайын болуға көмектеседі. Ал бір-бірінің шындық жайлы айтқандарын естігенде және үй ішінің бәрі Ехобаны жақсы көретінін әрі оған ұнамды болғысы келетінін көргенде, отбасы мүшелері бір-біріне бұрынғыдан да жақындай түседі.

Ерлі-зайыптылар Ехобаны жақсы көріп, оған бірге қызмет етсе, некелері бақытты, ұйыған айрандай болады

13 Ерлі-зайыптылар қалай ауызбірлікте болып, бір-біріне қолдау көрсете алады? (Матай 19:6). Екеуі де Ехобаны жақсы көріп, оған бірге қызмет етсе, некелері бақытты, ұйыған айрандай болады. Сондай-ақ олар Ыбырайым мен Сара, Ысқақ пен Рабиға, Елқана мен Ханна сияқты бір-біріне деген сүйіспеншіліктерін көрсетулері қажет (Мұсаның 1-жазбасы 26:8; Самуилдің 1-жазбасы 1:5, 8; Петірдің 1-хаты 3:5, 6). Сонда олар ынтымағы жарасқан жұп болады, әрі Ехобаға жақындай түседі (Уағыздаушы 4:12 оқыңыз).

Отбасылық ғибадат жастар мен жасы үлкендерге бір-біріне жақындай түсуге көмектеседі (12, 15-абзацты қараңыз)

14. Жұбайыңыз Ехобаға қызмет етпейтін болса, шаңырағыңыз шайқалмау үшін не істей аласыз?

14 Киелі кітапта Ехобаға қызмет етпейтін адаммен неке құрмауымыз керектігі анық айтылған (Қорынттықтарға 2-хат 6:14). Әйткенмен арамызда жұбайы Ехоба куәгері емес бауырластар бар. Олардың кейбірі шындықты некеде болған кезінде білген, ал жұбайлары шындықты қабылдамаған. Тағы біреулері Ехоба куәгеріне үйленгенмен, кейін жұбайы қауымнан кетіп қалған. Мұндай жағдайларда мәсіхшілер Киелі кітаптағы кеңестерге құлақ асып, шаңырақтарын шайқалтпау үшін қолдан келгенін істейді. Әрине, бұл кейде оңай емес. Мысалы, Мэри бауырластың жағдайын алайық. Ол күйеуі Дэйвидпен бірге Ехобаға қызмет еткен. Кейін Дэйвид қауымға бармай қояды. Соған қарамастан Мэри бұрынғысынша жақсы әйел болып, мәсіхшілерге тән қасиеттерді танытуға тырысады. Ол алты баласын Ехобаның жолында тәрбиелеп, қауым кездесулері мен конгрестерден қалмай жүреді. Жылдар өте, балалары есейіп, үйден кеткенде, Мэри жалғыздық сезініп жүрсе де, Ехобаға қызмет ете береді. Кейінірек Дэйвид Мэридің әдейі қалдырып кеткен журналдарын оқи бастайды. Уақыт өте келе ол кейбір кездесулерге барады. Оның алты жасар немересі үнемі оған орын алып қоятын. Ал атасы келмей қалған кезде, ол: “Ата, бүгін қауымда сізді сағындым”,— дейтін. Дэйвид 25 жылдан соң Ехобаға оралды. Қазір әйелі екеуі Ехобаға қайтадан бірге қызмет етіп жүргендеріне өте қуанышты.

15. Жасы үлкен ерлі-зайыптылар жас отауларға қалай көмектесе алады?

15 Бүгінде Шайтан отбасыларды нысанаға алған. Міне, сондықтан да Ехобаға қызмет ететін ерлі-зайыптылар ауызбірлікте болып, бір-біріне қолдау көрсетулері керек. Неке құрғаныңызға қанша болмасын, отбасыңыздың іргесін берік ету үшін не айтып, не істеуге болатыны жайлы ойланыңыз. Осы орайда үлкен жастағы ерлі-зайыптылар жас отауларға көмектесе алады. Мысалы, оларды өздерінің отбасылық ғибадатына шақырса болады. Сонда олар ерлі-зайыптылар некеде қанша жыл тұрмасын, бір-біріне жылы сезімдерін білдіріп, ынтымақта тұрулары керектігін көреді (Титке 2:3—7).

“ЕХОБАНЫҢ ТАУЫНА КӨТЕРІЛЕЙІК”

16, 17. Бірліктері жарасқан Құдайдың қызметшілерін қандай болашақ күтіп тұр?

16 Бұрын исраилдіктер мейрамдарды тойлау үшін Иерусалимге барғанда, ұйымшылдықпен әрекет еткен. Олар жолға керек-жарақтың бәрін дайындаған. Бірге сапар шегіп, жол-жөнекей бір-біріне қол ұшын берген. Ал ғибадатханаға келгенде, бәрі бірауыздан Ехобаны мадақтап, оған ғибадат еткен (Лұқа 2:41—44). Біз де қазір жаңа дүниеге дайындалып жатырмыз. Сондықтан тонның ішкі бауындай болып, бірлесе әрекет етуіміз қажет. Осы жағынан әлі де жақсара түсетін тұстарымыз бар ма?

17 Мына дүниедегі адамдар ымыраға келмей, қырық пышақ болып жатады. Осындай заманда Ехобаның бізге ынтымақ сыйлап, шындықты түсінуге көмектескені үшін алғысымыз шексіз! Дүниенің төрт бұрышында Құдайдың халқы оған ұнамды жолмен ғибадат етуде. Әсіресе осы соңғы күндері қаймағы бұзылмаған Құдайдың халқы ерекше бірлік-ынтымақта. Ишая мен Миха пайғамбар айтып кеткендей, бәріміз бірге “Ехобаның тауына көтеріліп” келеміз (Ишая 2:2—4; Миха 4:2—4 оқыңыз). Болашақта жер бетіндегі адамдардың бәрі “өзара үйлесе бірігіп”, Ехобаға бірлесе ғибадат ететіні неткен ғанибет!