Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Іс жүзінде я эмоциялық жағынан көмекке не Киелі кітаптағы жігер беретін сөздерге мұқтаж бауырластарды байқауға тырысасыз ба?

Өз қауымыңызға көмектесе аласыз ба?

Өз қауымыңызға көмектесе аласыз ба?

КӨККЕ көтерілмес бұрын Иса шәкірттеріне: “Жердің қиыр шетіне дейін мен жайлы куәлік етесіңдер”,— деді (Елшілердің істері 1:8). Қалайша олар жердің шетіне дейін куәлік етпек еді?

Оксфорд университетінің профессоры Мартин Гудманның айтуынша, уағыз ісін “өздерінің міндеті деп санауымен ежелгі Рим империясындағы мәсіхшілер басқа діни ағымдардан, соның ішінде иудаизмнен, айрықшаланатын”. Иса уағыз айту үшін жер-жерді аралаған. Шынайы мәсіхшілер де оған еліктеп, барлық жерде “Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды” уағыздауға тиісті еді. Олар шындықты білгісі келетін жандарды іздеу керек-тін (Лұқа 4:43). Сол себепті бірінші ғасырда мәсіхшілер қауымында “елшілер” болған. “Елшілер” деп аударылған сөз бір нәрсе істеу үшін жіберілгендерді білдіреді (Марқа 3:14). Иса ізбасарларының бәріне мынадай бұйрық берген: “Барыңдар да, барлық халықтардан шәкірттер дайындаңдар” (Матай 28:18—20).

Бүгінде Исаның 12 елшісі арамызда жоқ, бірақ Ехобаның көптеген қызметшілері оларға еліктеп, уағыз ісін атқаруда. Көбірек жариялаушылар қажет жерлерге көшіп баруға шақырылған кезде олар: “Мен бармын! Мені жібер!”— дейді (Ишая 6:8). Кейбіреулер, мысалы, Ғалақат мектебінің мыңдаған түлектері алыс-алыс елдерге көшіп барған. Ал өзге бауырластар өз елінің басқа аймақтарына қоныс тепкен. Өзге қауымдарға не топтарға көмектесу үшін жаңа тілді үйренген бауырластар да аз емес. Бұл оңайға соға бермейді, десе де осы бауырластар Ехобаны және адамдарды жақсы көретіндіктен, көп нәрсені құрбан етуге дайын. Сондықтан олар жақсы жоспар құрып, уақыты мен күшін және қаражатын қажеттілік бар жерде уағыздау үшін жұмсайды (Лұқа 14:28—30). Бұл бауырластардың еңбегі өте бағалы.

Бәріміз бірдей қажеттілік көп жерге көше алмаймыз, я болмаса жаңа тілді үйрену бәріміздің қолымыздан келе бермейді. Әйтсе де әрбіріміз өз қауымымызда миссионерлік рух таныта аламыз.

ӨЗ ҚАУЫМЫҢЫЗДА МИССИОНЕР БОЛА АЛАСЫЗ

Көмек қолын созыңыз

І ғасырда мәсіхшілер өз қаласында тұрып-ақ уағыз ісінде құлшыныс танытқан. Олардың бәрі бірдей миссионер болған жоқ. Пауыл Тімөтеге: “Ізгі хабардың уағыздаушысы болып, қызметіңді толықтай атқара бер”,— деп жазған (Тімөтеге 2-хат 4:5). Бұл сөздер сол кездегі мәсіхшілерге қатысты болғандай, бізге де қатысты. Бәріміз де Исаның Патшалық жайлы хабарды уағыздап, шәкірттер дайындау туралы бұйрығын орындауға тиіспіз. Тіпті өз қауымымызда миссионерлер сияқты болудың көп жолы бар.

Мысалы, миссионерлер басқа елге барғанда, бәрі әдеттегіден өзгеше болатындықтан, жаңа өмірге бейімделу қажет. Тіпті қажеттілік бар жерге көшіп бара алмасақ та, біз де бейімделіп, өз аумағымыздағы адамдарға уағыздаудың жаңа жолдарын іздей аламыз. Мысалы, 1940 жылы бауырластар аптасына бір күн көшеде куәлік етуге шақырылды. Сіз де қызметтің осы түріне атсалысып жүрсіз бе? Әдебиеттер қойылған стендімен уағыздап көргенсіз бе? Айтқымыз келгені, ең бастысы — ізгі хабарды жариялаудың жаңа жолдарын табуға дайын болу.

Өзгелерді “ізгі хабардың уағыздаушысы болуға” талпындырыңыз

Егер қызметте оң көзқарас сақтасақ, шабытпен әрі құлшына уағыздаймыз. Қажеттілік бар жерге көшіп баратын не жаңа тіл үйренетін бауырластар көбінесе тәжірибелі жариялаушылар. Сондықтан олар қауымға көп қолғабыс ете алады. Мысалы, олар уағыз ісінде жетекшілік етеді. Әдетте миссионерлер жергілікті ер бауырластар жауапкершілік алуға дайын болғанша, қауымда басшылықты қолға алады. Шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырлас болсаңыз, өз қауымыңыздағы бауырластарға қызмет ету үшін, қызмет көмекшісі не ақсақал болуға ұмтыласыз ба? (Тімөтеге 1-хат 3:1).

ҚАУЫМЫҢЫЗҒА “ТІРЕК БОЛЫҢЫЗ”

Іс жүзінде көмектесіңіз

Қауымға көмектесудің бұдан да басқа жолдары бар. Кәрі-жас, ер не әйел демей, бәріміз де мұқтаждық көріп жүрген бауырластарға “тірек бола” аламыз (Қолостықтарға 4:11).

Бауырластарға қол ұшын бергіміз келсе, олардың жағдайын жақсырақ біліп алуымыз керек. Киелі кітап бізді бірге жиналғанда, “бір-бірімізге көңіл бөлуге”, яғни бауырластардың қажеттіліктері жайлы ойлануға талпындырады (Еврейлерге 10:24). Бұл өзгелердің жеке мәселесіне араласып, бәрін бүге-шігесіне дейін біліп алу керек дегенді білдірмейді. Біз жай ғана оларды түсініп, мұқтаждықтарын көре білгіміз келеді. Бәлкім, олар іс жүзінде я эмоциялық жағынан көмек қажет ететін шығар, немесе Киелі кітаптан жігер беретін сөздерге мұқтаж болар. Әрине, кей жағдайларда оларға тек ақсақалдар мен қызмет көмекшілері ғана көмектесе алады (Ғалаттықтарға 6:1). Бірақ қауымдағы қиындыққа кезігіп жүрген қарт бауырластарға не отбасыларға бәріміз де көмек қолын соза аламыз.

Уайымға салынған бауырластарға жігер беріңіз

Бауырластардан осындай көмек көргендердің бірі — Сальваторе. Қаржы жағынан қатты қиналған ол бизнесін, үйін және басқа да дүние-мүліктерін сатуға мәжбүр болды. Ол отбасының жағдайын қатты уайымдады. Сонда қауымындағы бір отбасы олардың көмекке мұқтаж екенін байқап, қол ұшын берді. Олар Сальватореге азын-аулақ ақша беріп, әйелі екеуіне жұмыс табуға көмектесті. Сондай-ақ бірталай кештерін соларға арнап, оларды мұқият тыңдап, бүкіл отбасын жігерлендірді. Бұл екі отбасы ажырамас достарға айналды. Қазір бұл екі жанұя да сол бір қиын шақта бірге өткізген уақыттарын жылулықпен еске алады.

Шынайы мәсіхшілер өзгелерге сенімдері жайлы айтудан еш тартынбайды. Біз Исаға еліктеп, әрбір адамға Құдайдың ғажайып уәделері жайлы айтуымыз керек. Қажеттілік бар жерге баруға жағдайымыз келсін-келмесін, бәріміз де өз қауымымызда қолымыздан келгенше көмек көрсете аламыз (Ғалаттықтарға 6:10). Осылай етсек, беруден келетін қуанышты сезініп, “әрбір игі істе жемісті боламыз” (Қолостықтарға 1:10; Елшілердің істері 20:35).