Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Аса, Жосафат, Езекия, Жосия

Ехобаға бар жүрекпен қызмет етейік!

Ехобаға бар жүрекпен қызмет етейік!

“Уа, Ехоба, жалынамын, адалдығымнан таймай, бар жүрегіммен беріле қызмет етіп келгенімді есіңе ала көрші” (ПАТШАЛАР 2-ЖАЗБА 20:3).

ӘНДЕР: 52, 65

1—3. Ехобаға “бар жүрекпен” қызмет ету деген нені білдіреді? Мысал келтіріңіз.

КЕМЕЛСІЗ болғандықтан біз қателіктер жасауға бейімбіз. Бірақ, қуанышымызға орай, Ехоба төлем құрбандығының негізінде бізді кешіруге дайын. Егер кішіпейіл болып, ісімізге өкінсек, біз оның кешіріміне ие бола аламыз. Ехоба “бізді күнәларымызға қарап жазаламайтынына” сенімдіміз (Зәбүр 103:10). Десе де күнделікті ғибадатымыз Ехобаға ұнамды болу үшін, Дәуіт патша Сүлейменге айтқандай, біз “оған бар жүрегімізбен” қызмет етуге тиіспіз (Шежірелер 1-жазба 28:9). Олай болса, күнәкар болғанымызға қарамастан бұны қалай істей аламыз?

2 Бұл үшін Аса патша мен Амазиях патшаның өмірлерін салыстырып көрейік. Яһуданың бұл екі патшасы да Ехобаның көз алдында дұрыс нәрсені істеді, бірақ екеуі де қателіктер жіберді. Әйткенмен, Киелі кітапта айтылғандай, “Аса өмір бойы Құдайға бар жүрегімен қызмет етті” (Шежірелер 2-жазба 15:16, 17; 25:1, 2; Нақыл сөздер 17:3). Ол Ехобаға әрдайым ұнамды болуға тырысып, оған бар жүрегімен берілді (Шежірелер 1-жазба 28:9). Ал Амазиях болса Ехобаға “бар жүрегімен” берілмеді. Құдайдың жауларын жеңген соң, ол өзімен бірге олардың пұттарын ала келіп, соларға табына бастады (Шежірелер 2-жазба 25:11—16).

3 Құдайға “бар жүрекпен” қызмет ету Ехобаны қатты жақсы көріп, оған өмір бақи ғибадат етуді білдіреді. Жазбаларда “жүрек” сөзі әдетте адамның ішкі дүниесіне нұсқайды. Бұған оның қалаулары, ойлары, ниеті, көзқарасы, қабілеттері мен мақсат-мұраты жатады. Кемелсіз болсақ та, біз Ехобаға “бар жүрегімізбен” ғибадат ете аламыз. Оған мәжбүр болғандықтан не әдетімізге айналғандықтан емес, шын көңілден қалағандықтан қызмет етеміз (Шежірелер 2-жазба 19:9).

4. Қазір нені қарастырамыз?

4 Құдайға бар жүрекпен қызмет етудің не екенін жақсырақ түсіну үшін, Аса патшаның және Яһуданың басқа да үш адал патшасы Жосафаттың, Езекия мен Жосияның өміріне үңілейік. Бұл төрт патша өмірлерінде ағаттық жасағанымен, Ехобаның ықыласына ие болған. Неге Ехоба оларды өзіне бар жүрекпен қызмет етті деп есептеді? Біз оларға қалай еліктесек болады?

АСА ПАТША “ЕХОБАҒА БАР ЖҮРЕГІМЕН ҚЫЗМЕТ ЕТТІ”

5. Патша тағына отырған соң, Аса не істеді?

5 Исраил халқы Яһуда мен Исраил патшалығына бөлінгеннен кейін, Аса Яһуданың үшінші патшасы болды. Ол патшалығын жалған ғибадат пен сорақы жыныстық азғындықтан тазартуға бекінді. Ол жұрт табынып жүрген пұттарды құртып, ғибадатханадағы бұзылған еркектерді елден аластатты. Аса тіпті әжесі Мағақты “патшайым деген атағынан айырды. Себебі ол... жеркенішті пұт жасаған еді” (Патшалар 1-жазба 15:11—13). Оның үстіне, Аса патша халықты “Құдайы Ехобаға ғибадат етуге, оның Заңы мен өсиеттерін орындауға” шақырды. Расында да, ол таза ғибадатты өркендету үшін алдына жан салмады (Шежірелер 2-жазба 14:4).

Аса өз патшалығын жалған ғибадаттан тазартуға бекінді

6. Эфиопиялықтар Яһудаға шабуыл жасағанда, Аса қалай әрекет етті?

6 Асаның билік құруының алғашқы он жылында Яһуда елі соғыссыз тыныш өмір кешті. Кейін 1 000 000 сарбазы мен 300 соғыс арбасы бар эфиопиялықтар Яһудаға қарсы аттанды (Шежірелер 2-жазба 14:1, 6, 9, 10). Сол кезде Аса қалай әрекет етті? Ехоба өз халқына жәрдем беретініне ол толықтай сенімді болды, сондықтан оған сиынып, көмек сұрады (Шежірелер 2-жазба 14:11 оқыңыз). Ехоба Асаның шын жүректен айтқан дұғасына жауап беріп, эфиопиялықтарды жайпап салды. Рас, кейде Ехоба өз халқына тіпті патшалары өзіне адал болмаса да, жауларын жеңуге көмектескен, осылайша өзінің шынайы Құдай екенін паш еткен (Патшалар 1-жазба 20:13, 26—30). Ал бұл жолы Ехоба өз халқына Аса патша өзіне арқа сүйегендіктен жеңіс сыйлады (Шежірелер 2-жазба 14:12, 13). Кейінірек Аса Ехобаға емес, Сирия патшасының көмегіне жүгініп, ауыр қателік жасады (Патшалар 1-жазба 15:16—22). Сонда да Құдай Асаның жалпы өміріне “ол өмір бойы Ехобаға бар жүрегімен қызмет етті” деген баға берді. Біз Асаның үлгісіне қалай еліктесек болады? (Патшалар 1-жазба 15:14).

7, 8. Асаға қай жағынан еліктей аласыз?

7 Біздің жүрегіміз Ехобаға толықтай берілген бе? Мұны білу үшін келесі сұрақтар жайлы ойланып көрсек болады: қиынға соқса да, Ехобаға мойынсұнамын ба? Оның қауымын таза сақтауға берік бекіндім бе? Кезінде Асаға патшайым болған әжесін орнынан алып тастау үшін қаншама батылдық қажет болды десеңізші! Сіздің де өміріңізде Асаға ұқсап батыл әрекет ету керек жағдайлар болатын шығар. Мәселен, үй ішіңіздегілердің бірі не жақын досыңыз күнә жасап, өкінбегені үшін қауымнан шығарылса ше? Онымен еш араласпауға бел буасыз ба? Мұндайда жүрегіңіз сізді не істеуге талпындырады?

8 Аса іспетті, біз де қатты қарсылыққа кезіккенде, Ехобаға толық арқа сүйеп, оған бар жүрекпен қызмет ететінімізді көрсете аламыз. Бәлкім, сыныптастар не мұғалімдер Ехоба куәгері болғанымыз үшін тиісіп, келеке-мазақ етер. Немесе әріптестеріміз конгреске бару үшін жұмыстан сұранғанымызды не көбірек ақша табу үшін қосымша жұмыс істемейтінімізді ақымақтық деп санар. Осындай кездері Аса сияқты, Ехобаға арқа сүйеңіз. Оған дұға етіп, батылдықпен дұрыс нәрсені істеуді доғармаңыз. Құдай Асаға күш беріп, нығайтқанындай, сізді де нығайтатынын есте ұстаңыз.

9. Уағыздағанда біз Ехобаны қалай қуантамыз?

9 Аса патша өзін ғана ойламай, өзгелерді де “Ехобаға ғибадат етуге” шақырды. Біз де адамдарға Ехобаны тануға көмектесеміз. Басқаларға өзі жайлы айтқанымызда, Ехоба мұны назарынан тыс қалдырмайды. Бұны өзін жақсы көргендіктен әрі адамдардың болашағын ойлағандықтан істеп жатқанымызды көргенде, оның бізге сүйсінері шүбәсіз!

ЖОСАФАТ ЕХОБАНЫ ІЗДЕДІ

10, 11. Жосафатты қалай үлгі тұта аламыз?

10 Жосафат патша да “әкесі Асаның жолынан таймай” жүрді (Шежірелер 2-жазба 20:31, 32). Әкесінің жолын қуып, ол халықты Ехобаны іздей беруге талпындырды. Ол “Ехобаның Заң кітабынан” тәлім беру науқанын ұйымдастырып, бірнеше ер адамды Яһуда қалаларын аралауға жіберді (Шежірелер 2-жазба 17:7—10). Халықты “Ехобаға қайтару” үшін Жосафат тіпті солтүстік Исраил патшалығына, Ефремнің таулы өңіріне аттанды (Шежірелер 2-жазба 19:4). Иә, ол “Ехобаны бар жүрегімен іздеген” патша болды (Шежірелер 2-жазба 22:9).

11 Бүгінде бәріміз Ехоба ұйымдастырып жатқан дүниежүзілік тәлім беру науқанына атсалыса аламыз. Өзге адамдар да Ехобаға ғибадат ету үшін, оларға ай сайын Киелі кітаптан тәлім беруді мақсат етесіз бе? Бұл туралы дұға етіп жүрсіз бе? Өз тарапыңыздан күш салсаңыз, Ехоба сізге Киелі кітап зерттеу сабағын бастауға көмектеседі. Сол кезде зерттеу сабағын өткізу үшін бос уақытыңызды қиюға дайынсыз ба? Сондай-ақ адамдарды таза ғибадатқа қайтару үшін Ефремнің аймағына барған Жосафат секілді, біз де уағыздамай жүргендерге қол үшін берсек болады. Ал ақсақалдар қауым аумағындағы күнәкар істерін тастады-ау деген қауымнан шығарылғандарға баруды жоспарлап, көмек ұсынады.

12, 13. а) Жосафат қорыққан кезде не істеді? ә) Жосафатқа еліктегеніміз неге маңызды?

12 Әкесі Аса сияқты, Жосафат жаудың қалың қолы қарсы шыққанда да, Ехобаға сенім артты (Шежірелер 2-жазба 20:2—4 оқыңыз). Басында ол қатты қорқып кетті. Бірақ сонда да “Ехобаны іздеуге бел буды”. Ол дұғасында қалың нөпірдің алдында қауқарсыз екендерін және өзі де, халқы да не істейтіндерін білмейтінін кішіпейілдікпен мойындады. Жосафат Ехобаға толығымен арқа сүйеп: “Назарымызды өзіңе тігіп отырмыз”,— деді (Шежірелер 2-жазба 20:12).

13 Жосафат іспетті, біз де кейде басымызға қиындық түскенде не істерімізді білмей дал болатын шығармыз, тіпті зәре-құтымыз қашуы мүмкін (Қорынттықтарға 2-хат 4:8, 9). Мұндайда Жосафаттың қалай әрекет еткенін жадымызда ұстайық. Ол ел алдында айтқан дұғасында өздерінің қаншалықты дәрменсіз екенін мойындады (Шежірелер 2-жазба 20:5). Отағалар, Жосафатты үлгі-өнеге тұтсаңыздар болады. Қиындыққа кезіккенде Ехобадан өзіңізге және отбасыңызға күш және бағыт-бағдар беруін сұраңыздар. Үй ішіндегілердің алдында осылай ашық дұға етуден қысылмаңыздар. Сонда олар Ехобаға қаншалықты сенім артатындарыңызды көреді. Ол кезінде Жосафатқа қалай көмектессе, сіздерге де солай жар болады.

ЕЗЕКИЯ ДҰРЫС НӘРСЕНІ ІСТЕУДІ ДОҒАРМАДЫ

14, 15. Езекия Құдайға толығымен арқа сүйейтінін қалай көрсетті?

14 Яһуданың тағы бір патшасы Езекия “Ехобадан еш ажырамады”. Ол тіпті пұтқа табынған әкесінің жаман үлгісіне қарамастан, Құдайға адал болды. Езекия “ғибадат төбелерін қиратып, қасиетті тас бағаналарды талқандап, қасиетті ағаш бағананы шауып тастады”. Сондай-ақ “кезінде Мұса жасаған мыс жыланды да бұзды”, өйткені исраилдіктер соған табынып кеткен болатын. Езекия Ехобаға қалтқысыз берілді. Ол “Ехобаның Мұсаға берген бұйрықтарын орындап жүрді” (Патшалар 2-жазба 18:1—6).

15 Езекия билік құрып тұрғанда, Ассирияның қуатты әскері Яһудаға шабуылдап, Иерусалимді күйреткісі келді. Ассирия патшасы Сеннахирим Ехобаға тіл тигізіп, Езекияны тізе бүктірмек болды. Басына қара бұлт үйірілген кезде Езекия Ехобаға дұға етіп, оның құтқарушы күшіне толықтай арқа сүйейтінін айтты (Ишая 37:15—20 оқыңыз). Құдай оның дұғасына жауап берді: періштесін жіберіп, 185 000 ассириялық сарбазды қырып салды (Ишая 37:36, 37).

16, 17. Езекияға қай жағынан еліктегіңіз келеді?

16 Кейінірек Езекия қатты сырқаттанып, өлім аузында жатты. Сол бір қиын шақта ол Ехобаға жалбарынып, оның алдында қалай адалдығынан таймай жүргенін еске алуын өтінді (Патшалар 2-жазба 20:1—3 оқыңыз). Ехоба оның дұғасына құлақ асып, дертінен сауықтырды. Біз Киелі кітаптан бүгінгі таңда Құдай ауруымыздан керемет түрде сауықтырып жібермейтінін я өмірімізді ұзартпайтынын білеміз. Дегенмен Езекияға ұқсап біз де: “Уа, Ехоба, жалынамын, адалдығымнан таймай, бар жүрегіммен беріле қызмет етіп келгенімді есіңе ала көрші”,— деп, Ехобаның көмегіне жүгіне аламыз. Ехоба қамыңызды әрқашан, тіпті төсек тартып жатқаныңызда да, ойлайтынына сенесіз бе? (Зәбүр 41:3).

17 Езекиядан тағы қай жағынан өнеге алсақ болады? Бәлкім, қандай да бір нәрсе Ехобамен қарым-қатынасымызға кедергі жасап не көңілімізді қызметтен алаңдатып жатқан шығар. Мысалы, бүгінде әлеуметтік желілер арқылы өзгелерді пір тұтатындар көп. Олар жұлдыздарға не өздері танымайтын басқа да адамдарға тамсанып жатады. Көпшілік уақытының көбісін осындай адамдар туралы оқуға я олардың суреттерін көруге жұмсайды. Не болмаса олар жиі әлеуметтік желілер не басқа да қосымшаларды бейтаныс адамдармен араласу үшін қолданады. Әрине, осындай байланыс құралдарының көмегімен отбасымызбен не достарымызбен араласу бізге ұнайтын шығар. Бірақ ықтият болмасақ, әлеуметтік желілер қымбат уақытымызды ұрлап алады. Біз тіпті интернетке салған суреттеріміз бен түсініктемелерімізді көпшілік ұнатып жатса, бұған мәз болып, мақтана бастауымыз мүмкін. Ал әлдекім біздің парақшамыздан шығып кетсе, ренжіп қалуымыз мүмкін. Біз елші Пауылға, Ақила мен Прискилаға еліктесек болады. Қалай ойлайсыз, олар жұрттың, әсіресе Ехобаға қызмет етпейтіндердің, не істеп, не қойып жатқанын білуге күнде уақыт кетірген бе? Киелі кітапта Пауылдың “өзін толығымен Құдай сөзін уағыздауға арнағаны” айтылған. Прискила мен Ақила да уақыттарын қызметке және өзгелерге “Құдай жолын дәлірек түсіндіруге” жұмсаған (Елшілердің істері 18:4, 5, 26). Біз келесідей сұрақтардың көмегімен өзімізді тексерсек болады: адамдарды пір тұтып жүруден аулақпын ба? Алтын уақытымды аса маңызы жоқ нәрселерге сарп етіп жүрген жоқпын ба? (Ефестіктерге 5:15, 16 оқыңыз).

ЖОСИЯ ЕХОБАНЫҢ ӨСИЕТТЕРІН ҰСТАНЫП ЖҮРДІ

18, 19. Қалай Жосия сияқты әрекет ете аламыз?

18 Езекияның шөбересі болған Жосия патша Ехобаның өсиеттерін “бар жүрегімен ұстанды” (Шежірелер 2-жазба 34:31). Жасөспірім шағында ол “Дәуіттің Құдайын іздей бастады”. Ал 20 жасында Яһуда елін пұтқа табынушылықтан тазартты (Шежірелер 2-жазба 34:1—3 оқыңыз). Ехобаға ұнамды нәрсені істеуде ол Яһуданың көптеген патшаларына қарағанда анағұрлым құлшынысты болды. Бірде бас діни қызметкер ғибадатханадан Құдайдың Заңы жазылған кітапты тауып алады. Бұл, сірә, Мұсаның өз қолымен жазған жазбасы болса керек! Хатшысы кітапты оқып бергенде, Жосия Ехобаға одан сайын беріліп қызмет етуі керектігін түсінеді. Ол басқаларды да осылай етуге талпындырады. Нәтижесінде, Жосияның көзі тірісінде халық “Ехобаның жолынан ауытқымады” (Шежірелер 2-жазба 34:27, 33).

Жосия Ехобаға ұнамды болғысы келіп, бірден әрекетке көшті

19 Жосияға еліктеп, жастардың Ехобаны кішкентайынан іздегені дұрыс. Ол күнәсіна өкінген атасы Манаса патшадан Ехобаның қаншалықты кешірімшіл екенін білсе керек. Жастар, сендер де үйлеріңдегі және қауымдағы үлкен жастағы бауырластардан ғибрат алсаңдар болады. Олар Ехобаның өздеріне жасаған көп жақсылығы туралы айтып бере алады. Сонымен қатар Жазбалардың Жосияға қалай әсер еткенін ұмытпаңдар: ол Ехобаға ұнамды болғысы келіп, бірден әрекетке көшті. Құдай Сөзін оқығаның саған да Ехобаға көбірек құлақ асуға қозғау салуы мүмкін. Соның арқасында Ехобамен достығың бұрынғыдан да нығайып, қуанышың арта түседі. Сондай-ақ Ехоба жайлы айтуға деген ықыласың да күшейеді (Шежірелер 2-жазба 34:18, 19 оқыңыз). Киелі кітапты оқып-зерттегенде, қызметіңде шыңдала түсуің керек тұстарды да байқарсың. Егер байқасаң, Жосия сияқты дереу әрекетке кіріс.

ЕХОБАҒА БАР ЖҮРЕКПЕН ҚЫЗМЕТ ЕТЕЙІК!

20, 21. а) Біз қарастырған патшалардың төртеуіне де не нәрсе ортақ болды? ә) Келесі мақалада не жайлы сөз қозғалады?

20 Ехобаға бар жүрекпен қызмет еткен Яһуданың осы төрт патшасынан неге үйрене аламыз? Олар Ехобаға ұнамды болуға бел байлап, оған өмір бойы ғибадат етті. Қуатты жаулары жағадан алған кезде, Құдайға сенім артты. Ең маңыздысы, олар Ехобаға таза ниетпен, яғни оны жақсы көргендіктен қызмет етті.

21 Бұл төрт патша кемелсіз болғандықтан қателіктер жасаса да, Ехоба оларға разы болды. Ол жүректерінде не бар екенін көрді, әрі өзін шын жүректен жақсы көретінін білді. Біз де күнәкар пенделерміз. Алайда өзіне бар жүрегімізбен қызмет етіп жүргенімізді көрсе, Ехоба ықыласын түсіреді. Келесі мақалада әлгі патшалардың қателіктерінен қандай сабақ алатынымыз жайлы сөз қозғалады.