Көне құмырада жазылған Киелі кітаптағы есім
2012 жылы археологтар 3000 жылдық қыш құмыраның ұсақ сынықтарын тапты. Бұл бірден зерттеушілердің назарына ілікті. Неге? Табылған жәдігерді ерекше еткен сынықтардың өзі емес, ондағы жазу еді.
Археологтар құмыра сынықтарын біріктіргенде, одан ежелгі қанахан тіліндегі жазуды оқи алды. Онда “Ешбағал бен Беда” деп жазылған екен. Мұның мағынасы: “Беданың ұлы Ешбағал”. Бұл есімді археологтар көне қазбалардан алғаш рет тауып отыр.
Негізі, Ешбағал деген есімді Киелі кітаптан кездестіруге болады. Ол Саул патшаның ұлдарының бірі болған (Шежірелер 1-жазба 8:33; 9:39). Қазба жұмысына қатысқан профессор Йосеф Гарфинкель былай деп мәлімдеді: “Бір қызығы, Ешбағал деген есім Киелі кітапта, ал енді болса археологиялық деректе кездесіп отыр, әрі ол тек Дәуіт патшаның билік құрған заманына сай келеді”. Бұл — археология ғылымы Киелі кітаптың туралығын растайтынына тағы бір дәлел!
Киелі кітапта Саулдың ұлы Ешбағал басқа бір жазба орнында “Ишбошет” деп те аталған (Самуилдің 2-жазбасы 2:10). Неге “бағал” сөзі “бошет” сөзімен ауыстырылған? Зерттеушілердің түсіндіруінше, Самуилдің 2-жазбасын жазған адам Ешбағал деген есімді әдейі қолданбаған көрінеді, өйткені ол исраилдіктердің есіне қанахандықтардың жаңбыр тәңірі Бағалды салған. Алайда Шежірелердің 1-жазбасында Ешбағал есімі сақталған.