Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Әркімге өзіне тиесілі құрметті көрсетейік

Әркімге өзіне тиесілі құрметті көрсетейік

“Тақта отырған және Тоқты мадақ, құрмет, даңқ пен құдіретке мәңгі лайық!” (АЯН 5:13).

ӘНДЕР: 9, 108

1. Неге кейбіреулер құрметке лайық және осы мақалада не қарастырамыз?

БІРЕУГЕ құрмет көрсету дегеніміз оған ерекше көңіл бөліп, ізет тұтуды білдіреді. Әдетте біз құрметтеуге тұрарлық іс жасаған немесе қандай да бір ерекше дәрежеге ие болған адамды сыйлаймыз. Бұл орайда кімге және неліктен құрмет көрсетуге тиіспіз деген сұрақ туындайды. Қазір осы жайында сөз қозғайық.

2, 3. а) Неліктен құрметке әсіресе Ехоба лайық? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.) ә) Аян 5:13-те айтылған “Тоқты” кім және неге оған құрмет көрсетуіміз қажет?

2 Аян 5:13-те “Тақта отырғанның” және “Тоқтының” құрметке лайық екені айтылған. Мұндағы “Тақта отырған” деген сөз Ехобаға нұсқайды. Аян кітабының 4-тарауында көктегі рухани жаратылыстар неге Ехобаны, “Мәңгі жасайтынды”, құрметтеу керектігінің бір себебін келтірген. Олар былай деп жар салады: “Құдайымыз Ехоба, сен даңққа, құрмет пен күш-құдіретке ие болуға лайықсың! Өйткені бәрін жаратқан — өзіңсің, бәрі де сенің еркіңмен бар болды әрі жаратылды” (Аян 4:9—11).

3 Ал “Тоқты” Иса Мәсіхті бейнелейді. Мұны қайдан білеміз? Жерде болған кезінде Иса “дүниені күнәдан арылтатын Құдайдың Тоқтысы” деп аталған (Жохан 1:29). Қол астындағы халқы үшін даярлықпен жанын қиған тағы қандай патша бар? Бұл Исаны құрметтеуге келелі себеп екені сөзсіз! Ол сый-құрметке бөленуге әбден лайық, өйткені “ол — патшалардың Патшасы, иелердің Иесі” (Тімөтеге 1-хат 6:14—16). Бәлкім, сіз де былай деп ән айтқан көктегі жаратылыстардың сезіміне ортақтасарсыз: “Құрбандыққа шалынған Тоқты құдіретке, байлық пен даналыққа, күш пен құрметке, даңқ пен мадаққа лайық!” (Аян 5:12).

4. Ехоба мен Исаға құрмет көрсету қаншалықты маңызды?

4 Жохан 5:22, 23-те айтылғандай, Ехоба күллі адамзатты соттауды Мәсіхке табыстаған. Бұл — Исаны құрмет тұтудың басты себептерінің бірі. Исаны құрметтеуімізбен біз Ехобаны құрметтейміз. Мәңгі өмір сүргіміз келсе, Исаға және Әкесіне құрмет көрсетуге тиіспіз (Зәбүр 2:11, 12 оқыңыз).

5. Неге адамдардың бәрі сый-құрметке лайық?

5 Адамдар “Құдайға ұқсас етіп” жаратылған (Мұсаның 1-жазбасы 1:27). Бұл дегеніміз олардың көбісі Құдайға тән қасиеттерді танытуға қабілетті. Мысалы, олар сүйіспеншілік, қайырымдылық, жанашырлық көрсете алады. Сондай-ақ адам баласына ар-ұждан, яғни дұрыс пен бұрысты, шындық пен жалғанды, орынды мен орынсыз нәрсені айыра білу қабілеті берілген (Римдіктерге 2:14, 15). Көп адам тазалықты және сұлулықты жақсы көреді. Олар бір-бірімен тату-тәтті өмір сүргісі келеді. Бұған таңғалмаймыз, өйткені Ехоба — тәртіп пен татулықтың Құдайы. Иә, адамдар өздері де аңғармай, қандай да бір шамада Ехобаның ұлылығын паш етеді. Сол үшін де олар біздің сый-құрметімізге лайық (Зәбүр 8:5).

ӨЗГЕЛЕРГЕ ОРЫНДЫ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТУ

6, 7. Адамдарды құрметтеуге келгенде, Ехоба куәгерлері қалай ерекшеленеді?

6 Біз өзге адамдарды сыйлауымыз керек екенін білеміз. Бірақ оларға қалай және қаншалықты құрмет көрсетуге келгенде, таразы басын тең ұстау қиын болуы мүмкін. Бұған себеп — күнәкар пенделердің көбісіне Шайтанның дүниесінің көзқарасы қатты ықпал етеді. Жұрт баз біреулерді пір тұтып жатады. Оларды тым әспеттеп, құдайдай көреді. Олар саясаткерлер, дінбасылары, спортшылар, кино жұлдыздары мен басқа да өнер саңлақтарына қарап бой түзеп, олардың киім киісіне, жүріс-тұрысына еліктейді.

7 Шынайы мәсіхшілер адамдарға бұлай орынсыз сый-сияпат көрсетудің дұрыс емес екенін біледі. Тарихта өмір сүрген адамдардың ішінде еліктеуге тұрарлық тұлға — тек Иса ғана, себебі ол бізге кемелді үлгі қалдырған (Петірдің 1-хаты 2:21). Мына жайтты естен шығармағанымыз жөн: “Барлығы да күнә жасады және Құдайдың ұлылығына ие болу мүмкіндігінен айырылды” (Римдіктерге 3:23). Сондықтан ешбір адам баласы пұтқа табынушылыққа парапар болатын сый-құрметке лайық емес.

8, 9. а) Ехоба куәгерлерінің мемлекет қызметкерлеріне деген көзқарасы қандай? ә) Оларға қай кезге дейін мойынсұнамыз?

8 Алайда белгілі бір дәрежесі болғандықтан біздің құрметімізге лайық адамдар бар. Мысалы, мемлекет қызметкерлерінің біз үшін не істейтіні жайлы ойланып көрейікші. Олар қоғамда тәртіп пен қауіпсіздіктің болуын қамтамасыз етеді, азаматтардың қамын ойлайды. Олардың қызметтерінің басқа да көптеген пайдасы бар. Елші Пауыл бұл адамдарға “билік басындағылар” ретінде қарап, бағынуымыз керектігін айтқан. Сондай-ақ ол мынадай нұсқау берген: “Әркімге тиістісін беріңдер: салық талап еткендерге салық төлеңдер... құрмет көрсету керек кісіге құрмет көрсетіңдер” (Римдіктерге 13:1, 7).

9 Ехоба куәгерлері мемлекет қызметкерлерін қадір тұту үшін қолынан келгенді істейді. Әрине, әр елдің өзіндік заң-талабы болғандықтан, бұндай қызметкерлердің бізден нені күтетіні басқа елдікінен өзгеше болуы мүмкін. Сонда да біз өз міндеттерін атқарып жүрген олармен қызметтесеміз. Алайда олар Ехобаға мойынсұнбауға итермелейтін нәрсені істеуді айтса, бұған бара алмаймыз. Мұндай кезде біз адамнан гөрі Құдайды көбірек құрметтейміз (Петірдің 1-хаты 2:13—17 оқыңыз).

10. Ехобаның ертеректегі қызметшілерінен неге үйрене аламыз?

10 Үкіметке және оның қызметкерлеріне құрмет көрсету жағынан ертеректе өмір сүрген Ехобаның қызметшілерінен үйренеріміз көп. Мысалы, Рим империясы өз азаматтарын санақтан өтуге шақырғанда, Жүсіп пен Мәриям бұған құлақ асты. Мәриямның ай-күні жақындап қалса да, екеуі Бетлехемге аттанды (Лұқа 2:1—5). Билеушілерге құрмет көрсеткен Құдай қызметшілерінің тағы бірі — елші Пауыл. Оған әділетсіз жала жабылған еді. Сонда ол Ирод Агриппа патшаның және Рим провинциясы Яһудеяның билеушісі болған Фесттің алдында өзін қорғағанда, ізетпен сөйледі (Елшілердің істері 25:1—12; 26:1—3).

11, 12. а) Неге біз дінбасыларына ерекше құрмет көрсетпейміз? ә) Австриялық Куәгердің бір саясаткерге ізет көрсеткенінің нәтижесі қандай болды?

11 Ал дінбасылары жөнінде не деуге болады? Біз оларды өзге адамдарды қалай құрметтесек, солай құрметтейміз. Олар өздеріне ерекше құрмет көрсетіледі деп күтсе де, біз оларды қолпаштап әспеттемейміз. Неге? Өйткені жалған дін Құдай туралы шындыққа үйретпейді әрі Құдай Сөзін бұрмалайды. Иса өз уақытындағы дін мұғалімдерін екіжүзді әрі соқыр жетекшілер деп атаған (Матай 23:23, 24). Ал мемлекет қызметкерлеріне келер болсақ, оларға тиісті сый-құрмет көрсеткеніміз оң нәтиже әкеліп жатады.

12 Сондай қызметкерлердің бірі — австриялық саясаткер әрі заңгер-ғалым Генрих Глайсснер. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде оны нацистер тұтқынға алып, пойызбен Бухенвальдтегі концлагерьге жөнелтеді. Пойызда ол австриялық Леопольд Энглайтнер деген құлшынысты Куәгермен танысады. Леопольд бауырлас оған өз нанымдарын ізетпен түсіндіріп береді. Глайсснер мырза оны ұйып тыңдайды. Соғыстан кейін ол өзінің ықпалын пайдаланып, Австриядағы Куәгерлерге бірталай рет қол ұшын береді. Бәлкім, сіз де мәсіхшілердің үкімет қызметкерлерін құрмет тұтқанының арқасында жақсы нәтиже берген оқиғаларды білетін шығарсыз.

ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ ЖАНДАР

13. Әсіресе кімдер сый-құрметімізге лайық және неге?

13 “Үлкенге құрмет, кішіге ізет” дегендей, бауырластарымыздың бәрі де құрмет тұтуға лайық. Біз әсіресе басшылықты қолға алғандарды, яғни ақсақалдарды, аудандық бақылаушыларды, филиал комитеті мен Басқарушы кеңестің мүшелерін ардақтаймыз (Тімөтеге 1-хат 5:17 оқыңыз). Олардың бәрі Құдай халқын қамқорлайды, әрі Киелі кітапта “сый ретінде берілген адамдар” деп аталады (Ефестіктерге 4:8). Сондықтан да ұлты, білімі, қоғамдағы орны не әл-ауқаты қандай болмасын, олар қадірлеуімізге лайық. Бұл орайда ертедегі мәсіхшілер бізге жақсы өнеге қалдырған. Олар басшылықты қолға алғандарды қадірлеп-құрметтеген, қазіргі таңда біз де солай етеміз. Мәсіхшілер қауымының танымал өкілдеріне тура бір періштелердей қарамаймыз. Әйтсе де оларды ауыр еңбегі мен кішіпейілділігі үшін қатты сыйлаймыз (Қорынттықтарға 2-хат 1:24; Аян 19:10 оқыңыз).

14, 15. Қай жағынан мәсіхші ақсақалдар көптеген дінбасыларына ұқсамайды?

14 Мұндай ақсақалдарды кішіпейіл бағушылар деуге болады. Олар өздерін жұлдыздай көргенімізді қаламайды. Бұл жағынан олар бүгіндегі және Исаның күніндегі көптеген дінбасыларына мүлдем ұқсамайды. Иса сол діни жетекшілер туралы былай деген: “Қонақасыларда төрде жантайып, мәжілісханаларда алдыңғы орындарда отырғанды ұнатады, сондай-ақ базар алаңдарында жұрттың өздеріне сәлем бергенін және “Ұстаз” деп атағанын жақсы көреді” (Матай 23:6, 7).

Ақсақалдар кішіпейілділік танытып, Исаның сөзіне ден қойса, бауырластары оларды жақсы көріп, құрметпен қадірлейтін болады

15 Мәсіхші ақсақалдар болса Исаның келесі сөздеріне құлақ асады: “Сендер өздеріңді “Ұстаз” деп ататпаңдар, себебі Ұстаздарың біреу-ақ, ал сендер өзара бауырлассыңдар. Сонымен қатар жер бетіндегі ешкімді “Әке” деп атамаңдар, себебі Әкелерің біреу-ақ. Ол — көктегі Әкелерің. Өздеріңді “Көсем” деп те ататпаңдар, өйткені Көсемдерің біреу-ақ. Ол — Мәсіх. Қайта, араларыңдағы ең ұлыларың сендерге қызметші болсын. Өзін жоғарылатқан әркім төмендетіледі, ал өзін төмен тұтқан әркім жоғарылатылады” (Матай 23:8—12). Дүниенің шартарабындағы қауым ақсақалдары осылай кішіпейілділік танытып, Исаның сөзіне ден қойса, бауырластары оларды жақсы көріп, құрметпен қадірлейтін болады.

Ақсақалдар кішіпейілділікпен қызмет етсе, бауырластарының сүйіспеншілігі мен сый-құрметіне бөленеді (13—15 абзацтарды қараңыз)

16. Өзгелерге орынды құрмет көрсету үшін неге күш сала беруіміз керек?

16 Басқаларға орынды құрмет көрсетуді үйрену үшін уақыт керек болуы мүмкін. Ертедегі мәсіхшілердің жағдайында да осылай болған (Елшілердің істері 10:22—26; Жоханның 3-хаты 9, 10). Ехобаның көзқарасына сай ізет-құрмет көрсетуді үйрену күш салуға тұрады, себебі мұның көп пайдасын көреміз.

ҚҰРМЕТ КӨРСЕТУДІҢ ПАЙДАСЫ

17. Билік басындағыларға құрмет көрсетудің кейбір пайдасы қандай?

17 Билік басындағыларға сый-құрмет танытсақ, олар уағыздау құқығымызды қорғауы бек мүмкін. Олар тіпті бұл ісімізге оң көзбен қарайтын шығар. Мысалы, Германиядағы Биргит есімді ізашар осыдан бірнеше жыл бұрын қызының бастауыш мектепті бітіру салтанатына барған болатын. Мұғалімдер Биргитке мектептерінде жылдар бойы Куәгер балалардың оқығанына қуанышты екендерін, олар мектепті көркейткендерін айтады. Бұған Биргит бауырлас: “Біз балаларымызға Құдайдың заң-талаптарына сай жүріп-тұруды, соның ішінде мұғалімдерге сый-құрмет көрсетуді, үйретеміз”,— деді. Сонда бір мұғалім: “Егер балалардың бәрі сіздердікіндей болғанда, мектебіміз жұмақ сияқты болар еді”,— деді ағынан жарылып. Бірнеше аптадан соң мұғалімдердің бірі Лейпциг қаласында өткен конгреске барыпты.

18, 19. Ақсақалдарға құрмет көрсеткенде, нені есте ұстағанымыз абзал?

18 Құдай Сөзіндегі принциптер қауым ақсақалдарына орынды құрмет көрсетуге көмектеседі (Еврейлерге 13:7, 17 оқыңыз). Оларды ауыр еңбектері үшін мақтай аламыз әрі мақтағанымыз жөн. Ақсақалдардың берген нұсқауларына құлақ ассақ, бұл оларға міндеттерін қуанышпен атқаруға көмектеседі. Киелі кітапта олардың сенімдеріне еліктеуіміз керектігі де айтылған. Бірақ бұл “аты шулы” ақсақалдардың киім киісіне, сөйлеу және тәлім беру мәнеріне еліктеуіміз керек дегенді білдірмейді. Әйтпесе, біз Мәсіхтің емес, адамдардың соңынан еріп жүргендей әсер қалдырамыз. Ақсақалдардың да өзіміз секілді пенде екенін ұмытпағанымыз абзал.

19 Ақсақалдарды пір тұтпай, орнымен ізет көрсетер болсақ, мұның игілігін өздері де көреді. Қалай? Бұл оларды кеуде көтеріп кетуден, өзін басқалардан жоғары қоюдан не әділсініп кетуден сақтайды.

20. Өзгелерге құрмет көрсеткенде, мұның қандай пайдасын көреміз?

20 Өзгелерді қадір тұтқанымыз бізді өзімшілдіктен сақтайды. Сондай-ақ әлдекім бізге ерекше көңіл бөліп жатса, кішіпейіл болып қалуымызға көмектеседі. Бұған қоса, өзгеге орынды құрмет көрсеткеніміз өзіміз қадірлейтін адам көңілімізді қалдырған жағдайда бізді сүрініп қалудан қорғайды. Басқаларға орынды сый-құрмет танытудың тағы бір пайдасы — біз Ехобаның ұйымымен қызметтесеміз. Ұйымымыз кім-кімге де, мейлі сенуші болсын-болмасын, құрмет көрсетуде шектен шықпайды.

21. Әркімге тиісті құрметті көрсетуден келетін ең басты пайда қандай?

21 Әркімге орынды құрмет көрсетуден келетін ең басты пайда — осылай етуімізбен Құдайға ұнамды боламыз. Біз ол қалағандай әрекет етіп, мінсіздігімізді сақтаймыз. Осылайша Ехоба өзін қорлаған Шайтанға жауап бере алады (Нақыл сөздер 27:11). Мына дүниеде көпшіліктің басқаға қалай құрмет көрсетуге қатысты көзқарасы бұрмаланған. Ал біз өзгелерге Ехобаға ұнамды жолмен құрмет көрсетуге болатынын білгеніміз үшін дән ризамыз!