Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ата-ана, балаңызға шомылдыру рәсіміне дайын болуға көмектесіп жүрсіз бе?

Ата-ана, балаңызға шомылдыру рәсіміне дайын болуға көмектесіп жүрсіз бе?

Неге кідіріп тұрсың? Бар да, шомылдыру рәсімінен өт(ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 22:16).

ӘНДЕР: 59, 89

1. Балалары шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын, мәсіхші ата-аналар не нәрсеге көз жеткізгілері келеді?

“АТА-АНАМА шомылдыру рәсімінен өткім келетінін айлар бойы айтып жүрдім. Олар менімен бұл тақырыпта жиі сөйлесетін. Өйткені бұның қаншалықты маңызды шешім екенін түсінетініме көз жеткізгілері келді. Сөйтіп, 1934 жылдың 31 желтоқсанында мен өмірімдегі осы маңызды қадамды жасадым”. Блоссом Брандт бауырлас шомылдыру рәсімінен өтуді шешкенде не болғанын осылай баяндады. Бүгінде де ата-аналар балаларына дұрыс шешімдер қабылдауға көмектескілері келеді. Егер бала еш келелі себепсіз шомылдыру рәсімінен өтуді кейінге ысырып жүрсе, бұл оның Ехобамен қарым-қатынасына нұқсан келтіруі мүмкін (Жақып 4:17). Балалары шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын, парасатты ата-аналар олардың Мәсіхтің шәкірті болуға дайын екеніне сенімді болғысы келеді.

2. а) Кейбір аудандық бақылаушылар қандай жайтты байқаған? ә) Бұл мақалада біз не жайлы қарастырамыз?

2 Кейбір аудандық бақылаушылар 20 жастың ар жақ, бер жағында жүрген жастар шындықта өссе де, әлі шомылдыру рәсімінен өтпегенін байқаған. Олардың көбісі қауым кездесулеріне барады, уағызға шығады және өздерін Ехоба куәгері санайды. Бірақ қандай да бір себептермен өздерін Ехобаға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өтпеген. Кей жағдайларда бұған ата-ана себепші болып жатады. Олар баласы шомылдыру рәсімінен өтуге әлі дайын емес деп ойлайды. Бұл мақалада біз ата-анаға баласын шомылдыру рәсімінен өтуге талпындыруға кедергі жасайтын төрт жайтты қарастырамыз.

БАЛАМА ӘЛІ ЕРТЕ ЕМЕС ПЕ?

3. Блоссомның ата-анасы нені уайымдаған?

3 Бірінші абзацта айтылып кеткен Блоссомның ата-анасы қызымыз шомылдыру рәсімінен өтудің не екенін және оның қаншалықты жауапты қадам екенін түсінетіндей жаста ма деп уайымдаған. Ата-аналар баласының Ехобаға бағышталуға дайын екенін қалай біле алады?

4. Матай 28:19, 20-дағы Исаның бұйрығы бүгінде ата-аналарға қалай көмектесе алады?

4 Матай 28:19, 20 оқыңыз. Киелі кітапта шомылдыру рәсімінен нақты қай жаста өту керектігі айтылмаған. Бірақ ата-аналар шәкірт дайындаудың нені білдіретіні жайлы жақсылап ойланғандары жөн. Матай 28:19-дағы “шәкірт дайындау” деген тіркес грек тілінде біреуге шәкірт болуға көмектесу мақсатымен тәлім беру дегенді білдіреді. Ал шәкірт деп Исаның тәлімдерін білетін, түсінетін және Исаға мойынсұнғысы келетін адамды айтады. Ата-аналар балаларына туылған кезден бастап тәлім беріп, оларға Ехобаға бағышталуға және Исаның шәкірті болуға көмектесуді мақсат етулері қажет. Әрине, сәбилер шомылдыру рәсімінен өтуге дайын бола алмайды. Десе де Киелі кітаптан білетініміздей, тіпті кішкентай балалардың өзі Құдай Сөзіндегі шындықты түсініп, жақсы көре алады.

5, 6. а) Киелі кітаптағы Тімөте жайлы сөздерден оның шомылдыру рәсімі туралы қандай тұжырым жасауға болады? ә) Ата-ана үшін балаларына көмектесудің ең жақсы жолы қандай?

5 Тімөте — жастайынан Ехобаға қызмет етуді шешкен шәкірт. Елші Пауыл оның Құдай Сөзіндегі шындықты “нәресте кезінен-ақ” біле бастағанын айтқан. Тімөтенің әкесі Ехобаға ғибадат етпеген. Бірақ анасы мен әжесінің көмегімен ол Құдай Сөзіне деген сүйіспеншілікті бойына сіңіріп өсті. Соның арқасында берік сенім дамытты (Тімөтеге 2-хат 1:5; 3:14, 15). Қауымда арнайы тапсырмалар алуға лайықты болған кезде Тімөте 20 жастың ар жақ, бер жағында болған болуы мүмкін (Елшілердің істері 16:1—3).

6 Әр бала өзінше ерекше. Олардың бәрі бірдей уақытта есеймейді. Кейбірі ерте жастан шындықты түсінеді, дұрыс шешімдер қабылдайды және шомылдыру рәсімінен өткісі келеді. Ал кейбіреулері сәл есеймейінше шомылдыру рәсімінен өтуге дайын болмауы мүмкін. Парасатты ата-ана балаларына қысым жасап, шомылдыру рәсімінен өтуге қыштамайды. Оның орнына, әр балаға өз қарқынымен алға баса беруге көмектеседі. Бала Нақыл сөздер 27:11-дегі (оқыңыз) сөздерге сай әрекет еткенде, ата-анасы қуанады. Бірақ олар мақсаттары балаларына шәкірт болуға көмектесу екенін естен шығармаулары керек. Осыны есте тұтып: “Құдайға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өту үшін баламның білімі жеткілікті ме?”— деп ойланғандары жөн.

БАЛАМНЫҢ БІЛІМІ ЖЕТКІЛІКТІ МЕ?

7. Шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын адам Киелі кітаптағы әрбір ілімді егжей-тегжейіне дейін білу керек пе? Түсіндіріңіз.

Мәсіхтің әрбір шәкірті шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де білім алуын тоқтатпау керек

7 Ата-аналар балаларына тәлім бергенде, оларға шындықты жақсы білуге көмектеседі. Мұндай білім баланы Құдайға бағышталуға талпындырады. Бірақ бұл бағышталып, шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын бала Киелі кітаптағы әрбір ілімді бүге-шігесіне дейін білу керек деген сөз емес. Мәсіхтің әрбір шәкірті шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де білім алуын тоқтатпау керек (Қолостықтарға 1:9, 10 оқыңыз). Олай болса, шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын адам қаншалықты білім алуы қажет?

8, 9. Філіпі қаласында түрме бастығымен қандай жағдай болды және бұл оқиғадан не нәрсеге үйрене аламыз?

8 Бүгінде ата-аналарға І ғасырда өмір сүрген бір отбасының оқиғасы жақсы көмек бола алады (Елшілердің істері 16:25—33). 50 жылы Пауыл екінші миссионерлік сапарымен Філіпі қаласына келген. Сол кезде жұрт Сыйлас екеуіне жалған айып тағып, тұтқындап, түрмеге жапқан. Түнде жер қатты сілкініп, түрменің есіктері түгелдей ашылып қалады. Сонда тұтқындардың бәрі қашып кетті деп ойлаған түрме бастығы өзіне қол жұмсамақшы болады. Бірақ Пауыл оны тоқтатып үлгереді. Содан кейін Пауыл мен Сыйлас оған және оның отбасына Иса жайлы шындықты айтып береді. Олар Иса жайлы естігендеріне сеніп, оған мойынсұнудың қаншалықты маңызды екенін түсінеді. Сөйтіп, еш кідірместен шомылдыру рәсімінен өтеді. Бұл жағдайдан біз не нәрсеге үйрене аламыз?

9 Түрме бастығы бұрын Рим сарбазы болған болуы мүмкін. Ол бұған дейін Құдай Сөзімен таныс болмаған. Сол себепті мәсіхші болу үшін ол Киелі кітаптағы негізгі шындықтарды біліп, Ехобаның өз қызметшілерінен не талап ететінін түсініп, Исаның тәлімдеріне мойынсұнуға ықыласты болу керек еді. Сол қысқа уақыт ішінде алған білімі оны шомылдыру рәсімінен өтуге талпындырды. Әрине, шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де оның білім ала беруі қажет еді. Егер балаңыз Ехобаны жақсы көргендіктен және оған мойынсұнғысы келгендіктен шомылдыру рәсімінен өткісі келетінін айтса, не істей аласыз? Мұндайда оның ақсақалдармен сөйлескені жөн деп ұйғарарсыз. Балаңыздың шомылдыру рәсімінен өтуге дайын, дайын емес екенін солар анықтай алады *. Шомылдыру рәсімінен өткен барлық мәсіхшілер сияқты, олар да өмірінің соңына дейін, тіпті мәңгілік бойы Ехоба жайлы білген үстіне біле беретін болады (Римдіктерге 11:33, 34).

БАЛАМ ҮШІН ЕҢ ЖАҚСЫ БІЛІМ ҚАНДАЙ?

10, 11. а) Кейбір ата-аналар не деп ойлайды? ә) Бала үшін ең мықты қорғаныш не?

10 Кей ата-аналар баланың жоғары білім алып, табысты жұмысқа орналасып алғаннан кейін ғана шомылдыру рәсімінен өткені дұрыс деп ойлайды. Мұндай ата-аналардың ниеті жақсы болуы мүмкін, бірақ олардың былай деп ойланып көргендері жөн: “Бұдан балам нағыз табысқа жете ме? Бұл Киелі кітаптан білгендерімізге сай келе ме? Ехоба біздің өз өмірімізді қалай қолданғанымызды қалайды?” (Уағыздаушы 12:1 оқыңыз).

11 Осы дүние мен ондағы нәрселер Ехобаның ойлары мен қалауларына қайшы келетінін естен шығармаған дұрыс (Жақып 4:7, 8; Жоханның 1-хаты 2:15—17; 5:19). Баланы Шайтаннан, осы дүние мен оның теріс ойларынан сақтайтын ең мықты қорғаныш — Ехобамен тығыз қарым-қатынас. Ата-ана жоғары білім мен табысты жұмысты өмірде басты орынға қоятын болса, бала осы дүниедегі нәрселер Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болудан маңыздырақ деп ойлауы мүмкін. Бұл өте қауіпті. Сүюші ата-ана ретінде осы дүниенің балаңызға бақытқа қатысты өз көзқарасын үйреткенін шынымен қалайсыз ба? Табыс пен нағыз бақытқа жетудің жалғыз жолы — Ехобаны өмірімізде бірінші орынға қою (Зәбүр 1:2, 3 оқыңыз).

БАЛАМ КҮНӘ ЖАСАП ҚОЙСА ШЕ?

12. Неге кейбір ата-аналар баласының шомылдыру рәсімінен өтуді қоя тұрғаны дұрыс деп ойлайды?

12 Бір ана неліктен қызының шомылдыру рәсімінен өткенін қаламағанын түсіндірді. “Бұның негізгі себебі қауымнан шығарылу шарасы еді”,— деп мойындады ол. Осы бауырлас сияқты, кейбір ата-аналар балалары ақымақтық жасамайтын жасқа жеткенше шомылдыру рәсімінен өтуді қоя тұрғаны дұрыс деп есептейді (Мұсаның 1-жазбасы 8:21; Нақыл сөздер 22:15). Олар балам шомылдыру рәсімінен өтпеген болса, қауымнан шығарылмайды деп пайымдауы мүмкін. Бірақ бұлай ойлау дұрыс па? (Жақып 1:22).

13. Біреу шомылдыру рәсімінен өтпесе, бұл оның Ехобаның алдында жауапқа тартылмайтынын білдіре ме? Түсіндіріңіз.

13 Әрине, ата-ана баласының Ехобаға бағышталуға дайын болмай тұрып шомылдыру рәсімінен өткенін қаламайды. Бірақ бала шомылдыру рәсімінен өтпесе, Ехобаның алдында жауапқа тартылмайды деп ойлау дұрыс емес. Ехобаның нені дұрыс, нені бұрыс деп санайтынын білгеннен бастап бала оның алдында жауапты болады (Жақып 4:17 оқыңыз). Даналықпен әрекет ететін ата-ана баласын шомылдыру рәсімінен өтуден айнытуға тырыспайды. Олар баласына тіпті кішкентай кезінен Ехоба дұрыс дейтін нәрселерді өздері сияқты жақсы көруді, ал бұрыс деп санайтын нәрселерді жек көруді үйретеді (Лұқа 6:40). Балаңыздың Ехобаға деген сүйіспеншілігі оны ауыр күнә жасаудан сақтайды. Өйткені ол Ехобаның көзінде дұрыс саналатын нәрселерді істегісі келетін болады (Ишая 35:8).

ӨЗГЕЛЕР ДЕ КӨМЕКТЕСЕ АЛАДЫ

14. Ақсақалдар ата-аналарға қалай қолғабыс ете алады?

14 Ақсақалдар рухани мақсаттар жайлы айтқанда жағымды мәнермен сөйлейтін болса, ата-аналарға қолғабыс ете алады. Бір әйел бауырлас алты жасында Расселл бауырласпен әңгімелескенін есіне алды. “Ол менімен рухани мақсаттарым туралы сөйлесу үшін 15 минут уақытын бөлді”,— дейді ол. Бұл қандай жеміс әкелді? Ол кейінірек ізашар болып қызмет етуді бастап, сол қызметті 70 жылдан аса уақыт бойы атқарған! Расында да, жылы әрі жігерлі сөздер адамның бүкіл өміріне әсер етуі мүмкін (Нақыл сөздер 25:11). Сондай-ақ ақсақалдар ата-аналар мен балаларды Патшалық сарайындағы жұмыстарға атсалысуға шақыра алады. Балаларға жастарына, қабілеттеріне сай келетін тапсырмалар беріп қойса болады.

15. Қауымдағы басқа бауырластар жастарға қалай көмектесе алады?

15 Ал қауымдағы басқа бауырластар қалай көмектесе алады? Жастарға орынды түрде жеке көңіл бөлу арқылы. Мысалы, олардың Ехобаға жақындай түсіп жатқандарын көрсететін белгілерді байқауға тырысыңыз. Олар қауымда түсініктеме берді ме? Апта ішіндегі кездесуде тапсырмамен шықты ма? Мектепте біреуге куәлік берді ме? Я болмаса жаман нәрсені істеуге азғырылғанда, дұрыс нәрсені істеді ме? Солай еткен болса, оларды мақтауға асық болыңыз! Қауымға дейін және қауымнан кейін жастармен сөйлесуді мақсат етіңіз. Сонда балалар өздерін “үлкен қауымның” бір мүшесіндей сезінеді (Зәбүр 35:18).

БАЛАҢЫЗҒА ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТУГЕ ДАЙЫН БОЛУҒА КӨМЕКТЕСІҢІЗ

16, 17. а) Баланың шомылдыру рәсімінен өткені неге маңызды? ә) Мәсіхші ата-аналар қандай қуанышқа бөлене алады? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

16 Балаға Ехобаны жақсы көруді үйрету — ата-анаға берілген зор мәртебе (Зәбүр 127:3; Ефестіктерге 6:4). Исраил халқында балалар туыла сала Ехобаға бағышталатын болған. Ал біздің балаларымызбен олай емес. Ата-ананың Ехобаны және шындықты жақсы көргені балаларының да жақсы көріп кететінін білдірмейді. Ата-ана баласы туылған күннен бастап оған шәкірт болуға, Құдайға бағышталуға және шомылдыру рәсімінен өтуге көмектесуді мақсат етіп қоюы тиіс. Бұдан маңызды не бар?! Адам Құдайға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехобаға адал қызмет еткенінің арқасында зор алапат кезінде құтқарыла алады (Матай 24:13).

Ата-аналар балаларына шәкірт болуға көмектесуді мақсат етуі тиіс (16, 17-абзацты қараңыз)

17 Блоссом Брандт бауырлас шомылдыру рәсімінен өткісі келгенде, ата-анасы оның дайын екеніне сенімді болғысы келген. Олар қыздарының дайын екеніне көздері жеткенде, оның шешімін қолдаған. Шомылдыру рәсімінен өтер алдындағы түні әкесінің не істегенін Блоссом бауырлас былай деп баяндады: “Ол бәрімізді тізерлеп отырғызып, дұға етті. Кішкентай қызының өз өмірін Ехобаға бағыштауды шешкеніне шексіз риза екенін айтты”. 60 жылдан аса уақыт өткеннен кейін Блоссом бауырлас былай деді: “Мен сол түнді мәңгілік бойы ұмытпаймын!” Ата-ана, балаңыз Ехобаның бағышталған әрі шомылдыру рәсімінен өткен қызметшісі болғанда, сіздің де қуаныш пен қанағатқа бөленуіңізге тілектеспіз!

^ 9-абзац Ата-аналар балаларымен келесі пайдалы мәліметтерді қарастырса болады: “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” (ор.), 2-том, 304—310 беттер; “Біздің қасиетті қызметіміз”, 2011 жыл, сәуір, 2-бет, “Сауалдар жәшігі”.