Көңілді хош ететін қонақжайлылық аса қажет!
“Бір-біріңе наразылықсыз қонақжайлылық көрсетіңдер” (ПЕТІРДІҢ 1-ХАТЫ 4:9).
ӘНДЕР: 124, 119
1. І ғасырдағы мәсіхшілер қандай қиындықтарға ұшырады?
ШАМАМЕН б. з. 62 жылы мен 64 жылының аралығында елші Петір “Понт, Ғалатия, Кападокия, Азия мен Бүтіния аймақтарына шашырап кетіп, сонда уақытша тұрып жатқан” бауырластарға хат жазған (Петірдің 1-хаты 1:1). Олар әртүрлі ортадан шыққан бауырластар болатын. “Оттай жанып тұрған қиындықтарға”, яғни қуғын-сүргінге, кезігіп жүрген олар жігер мен басшылыққа зәру еді. Оның үстіне, олар аса қауіпті кезеңде өмір сүріп жатты. Петір оларға: “Барлық нәрсенің соңы таяп қалды”,— деп жазған. Ол кезде Иерусалимнің жойылуына он жылдан аз уақыт қалған еді. Жан-жақтағы мәсіхшілерге осы қиын-қыстау кезеңнен аман өтуге не көмектеспек еді? (Петірдің 1-хаты 4:4, 7, 12).
2, 3. Петір неге бауырластарын қонақжай болуға талпындырған? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)
2 Петірдің бауырластарға берген кеңестерінің бірі: “Бір-біріңе... қонақжайлылық көрсетіңдер” (Петірдің 1-хаты 4:9). “Қонақжайлылық” деп аударылған грек сөзі сөзбе-сөз “бейтаныс адамдарға сүйіспеншілік, мейірімділік көрсету” дегенді білдіреді. Бір қызығы, бауырластар өзара араласып жүрген таныстар болса да, Петір оларды “бір-біріне” қонақжай болуға талпындырған. Бұның оларға қандай пайдасы тимек еді?
3 Қонақжайлылықтың арқасында бауырластар тонның ішкі бауындай жақын болмақ еді. Ал сіз жайлы не деуге болады? Қонаққа барып бір марқайып қалғаныңыз есіңізде болар. Өзіңіз де біреуді қонақ қылып, бір-біріңізді жақын тартып кеткен боларсыздар. Қонақжай болу — бауырластарымызбен жақынырақ танысудың жақсы мүмкіндігі. Петірдің күндеріндегі мәсіхшілерге қиындықтары ушыққан сайын, өзара тығыз қарым-қатынаста болу аса маңызды еді. Осы “соңғы күндері” біздің де солай еткеніміз қажет-ақ (Тімөтеге 2-хат 3:1).
4. Осы мақалада қандай сұрақтарды талқылаймыз?
4 “Бір-бірімізге” қонақжай болудың жолдары қандай? Қонақжайлылық көрсетуге не кедергі жасауы мүмкін? Оларды қалай жеңе аламыз? Өзіміз қалай жақсы қонақ бола аламыз?
ҚОНАҚЖАЙЛЫЛЫҚ КӨРСЕТУДІҢ МҮМКІНДІКТЕРІ
5. Қауым кездесулерінде қалай қонақжай бола аламыз?
5 Қауым кездесулерінде. Ехоба мен оның ұйымы бәрімізді қауым кездесулеріне шақырады. Біз қауымға келген әркімді, әсіресе жаңадан келгендерді, жылы қарсы алғымыз келеді (Римдіктерге 15:7). Олар Ехобаның да қонақтары болғандықтан, түр-келбеті мен киімі қандай болмасын, өздерін жайлы сезінуіне жағдай жасауымыз керек (Жақып 2:1—4). Біреудің жалғыз келгенін байқасаңыз, қасыңызға отырғыза аласыз ба? Бағдарлама қалай өтетінін түсіндірсеңіз және оқылып жатқан жазба орындарын табуға көмектессеңіз, ол риза болып қалады. Бұл — “қонақжай болудың” керемет жолы (Римдіктерге 12:13).
6. Әсіресе кімдерге қонақжай болуымыз керек?
6 Шайға не тамаққа шақыру. Киелі кітап жазылған заманда адамдар жиі үйлеріне қонақ шақырып, ас дайындайтын болған. Осылайша олармен достасып, бейбіт қарым-қатынаста болғысы келетінін көрсеткен (Мұсаның 1-жазбасы 18:1—8; Билер 13:15; Лұқа 24:28—30). Біздің әсіресе кімдерге қонақжай болғанымыз жөн? Қауымдағы бауырластарға. Мына дүниедегі жағдай ушыққан сайын, біз бауырластарымызға арқа сүйеп, олардың адал досы болуымыз қажет. 2011 жылы Басқарушы кеңес Құрама Штаттардағы Бетел отбасының “Күзет мұнарасын” зерттеу кездесуінің уақытын 18:45-тен 18:15-ке ауыстырды. Неге? Хабарландыруда кездесу ерте аяқталса, бетелдіктердің қонақ шақыруға, қонаққа баруға көбірек мүмкіндігі болатыны айтылды. Басқа филиалдарда да осындай өзгеріс жасалды. Соның арқасында Бетел отбасы үшін бір-бірін жақсырақ танып-білудің тамаша орайы туды.
Жаңадан келген бауырластарға бірге тамақтануды не бір жерге барып қайтуды ұсына аласыз ба?
7, 8. Қауымымызға келген баяндамашыларға қалай қонақжайлылық көрсетсек болады?
7 Кейде басқа қауымнан келген ер бауырластар, аудандық бақылаушылар, Бетелден келген өкілдер қауымымызға келіп баяндама айтып тұрады. Осы бауырластарға қонақжайлылық көрсетудің мүмкіндігін пайдаланасыз ба? (Жоханның 3-хаты 5—8 оқыңыз). Мұның бір жолы — оларды үйімізге шайға не тамаққа шақыру.
8 Құрама Штаттардағы бір әйел бауырлас былай дейді: “Жылдар бойы күйеуім
екеуміз көптеген баяндамашылар мен олардың әйелдерін қонаққа шақырып жүрдік”. Оның айтуынша, әрбір қонақ келген сайын, олардың сенімдері нығайған әрі көңілді уақыт өткізген. “Бұған еш өкінбейміз”,— дейді ол.9, 10. а) Ұзағырақ тоқтайтын баспанаға кімдер мұқтаж болуы мүмкін? ә) Үйлері шағын бауырластар өз көмегін ұсына ала ма? Мысал келтіріңіз.
9 Ұзаққа тоқтайтын қонақтар. Ежелгі заманда кейбір қонақтарға тоқтайтын орын беру қалыпты жайт болған (Әйүп 31:32; Філімонға 22). Мұндай қажеттілік бүгінде де бар. Қауымға сапармен келген аудандық бақылаушыларға жиі уақытша тұрақтайтын баспана қажет. Әртүрлі теократиялық мектепте оқуға келетін бауырластар мен құрылысқа қатысатын ерікті қызметшілер де баспанаға мұқтаж болуы мүмкін. Табиғи апаттың кесірінен үйсіз қалған бауырластарымызға да үйлері қайта соғылғанша, паналайтын жер қажет. Оларды үйі кең бауырластар ғана қабылдай алады деп ойламайық. Олар онсыз да талай рет солай еткен шығар. Ендеше, үйіңіз кішкентай болса да, біреуге үйіңізде тоқтауды ұсына аласыз ба?
10 Оңтүстік Кореяда тұратын ер бауырлас теократиялық мектепке келген бауырластарды қонақ еткенін есіне алып, былай деді: “Жақында үйленіп, кішкентай үйде тұрып жатқандықтан, алғашында қонақ шақыруға қысылдым. Бірақ мектепке келген бауырластарды қонақ қылу бізге расында да көп қуаныш сыйлады. Жаңадан отау құрған біз Ехобаға қосақтасып қызмет еткенде және рухани мақсаттарға бірге ұмтылғанда ерлі-зайыптылардың қаншалықты бақытты болатынын түсіндік”.
11. Қауымыңызға жаңадан ауысып келгендерге неге қонақжайлылық танытқан маңызды?
11 Қауымыңызға ауысып келген бауырластар. Сіздің қауымыңызға басқа қауымнан қандай да бір бауырлас не отбасы ауысып келуі мүмкін. Бәлкім, олар қауымыңызда қажеттілік болғандықтан келген шығар, я болмаса қауымыңызға тағайындалған ізашарлар болар. Әлбетте, бұл олар үшін үлкен өзгеріс. Оларға жаңа жерге, жаңа қауымға, бәлкім тіпті жаңа тіл мен мәдениетке үйрену керек болады. Сол бауырластарға бірге тамақтануды не бір жерге барып қайтуды ұсына аласыз ба? Сонда оларға жаңа достар тауып, жаңа жағдайға бейімделу оңай болады.
12. Қонақжай болу үшін көп нәрсе қажет емес екені қандай оқиғадан көрінеді?
12 Қонақжай болу үшін көп нәрсенің қажеті жоқ (Лұқа 10:41, 42 оқыңыз). Әйелімен енді ғана миссионерлік қызметті бастаған кездерін еске алып, бір ер бауырлас былай деді: “Біз жас болдық, тәжірибеміз де жоқ еді, үйімізді сағынып жүрдік. Бір күні кешке әйелімді қатты сағыныш кернеп, мен оны еш жұбата алмадым. Сосын сағат жеті жарымда біреу есікті қақты. Ол Киелі кітапты зерттеп жүрген әйел екен. Қолында үш апельсині бар. Ол жаңадан келген миссионерлермен танысуға келіпті. Біз оны ішке кіргізіп, бір стақан су бердік. Кейін шай мен ыстық шоколад дайындадық. Біз суахили тілін әлі білмейтінбіз, ал ол ағылшынша білмейді екен”. Бұл ер бауырлас осы оқиғаның оларға жергілікті бауырластармен достасып, қуаныштарын арттыруға көмектескенін айтып өтті.
ҚОНАҚЖАЙ БОЛУЫҢЫЗҒА ЕШ НӘРСЕ БӨГЕТ БОЛМАСЫН
13. Қонақжай болғанның қандай пайдасы бар?
13 Қонақ шақыруға тартынған кезіңіз болған ба? Сөйткен болсаңыз, қызықты уақыт өткізіп, мәңгілікке ұласатын достыққа ие болудың мүмкіндігін жіберіп алған сияқтысыз. Қонақжай болу — жалғыздықтан арылудың керемет жолы. Ендеше, неге кейбіреулер қонақ шақырудан тартынады? Бұның бірнеше себебі бар.
14. Қонақ шақыруға не қонаққа баруға уақытымыз бен күшіміз жетпесе, не істей аламыз?
14 Уақыт пен күш. Ехобаның қызметшілерінің бос уақыты аз әрі міндеттері көп. Кейбірі қонақжай болуға уақытым не күшім жетпейді деп ойлауы мүмкін. Сіз де солай ойласаңыз, қонақ шақыру не қонаққа бару үшін сізге күн тәртібіңізді өзгерту керек шығар. Бұлай еткеніңіз маңызды, себебі Киелі кітап бізді қонақжай болуды ұмытпауға шақырады (Еврейлерге 13:2). Сондықтан қонақжай болу өте дұрыс. Бәлкім, қонақ шақыру үшін сізге аса маңызсыз істерге азырақ уақыт жұмсау керек шығар.
15. Кейбіреулер неге қонақ күте алмаймын деп ойлауы мүмкін?
15 Өзіңізге қатысты ойыңыз. Шақырғым-ақ келеді, бірақ қонақ күту қолымнан келмейді деп ойлаған кезіңіз болған ба? Өзіңіз ұялшақ болғандықтан, қонақтарыңыздың іші пысып кетеді деп уайымдайтын шығарсыз. Я болмаса, ақшам көп емес, басқа бауырластар сияқты қонақтарымның бар жағдайын жасай алмаймын деп ойларсыз. Үйіңіздің қарапайым не тар болғанына қысылатын шығарсыз. Есіңізде болсын, үйіңіздің керемет болуы маңызды емес. Үйіңіз таза да ұқыпты болса, өзіңіз ашық-жарқын болсаңыз, қонақтарыңыз соған мәз болады.
16, 17. Қонақ күткенде біраз уайымдасаңыз, не істей аласыз?
16 Қонақ күткенде біраз уайымдайтын болсаңыз, бұндай күйді сіз ғана кешпейсіз. Британияда тұратын бір ақсақал былай дейді: “Қонақтардың келуіне дайындалған кезде кішкене абыржуымыз мүмкін. Бірақ Ехобаға деген қызметпен байланысты кез келген іс сияқты, бұның да пайдасы мен әкелетін қанағат сезімі барлық уайымнан асып түседі. Маған кейде қонақтармен жай ғана кофе ішіп, әңгіме-дүкен құрған ұнайды”. Қонақтарға жеке көңіл бөлу қашан да пайдалы (Філіпіліктерге 2:4). Көбісі өз бастарынан өткен оқиғаларын айтып бергенді ұнатады. Бірге бас қосқанда ғана осындай оқиғаларды естудің мүмкіндігі туады. Тағы бір ақсақал былай дейді: “Қауымдағы достарымды үйге шақырғанымның арқасында оларды жақсырақ түсіне аламын және оларды жақыннан танып, әсіресе шындыққа қалай келгендерін біле аламын”. Қонақтарыңызға жеке көңіл бөлер болсаңыз, барлығының жақсы уақыт өткізетіні сөзсіз.
17 Түрлі теократиялық мектептерге оқуға келген бауырластарды жиі қонақ ететін бір ізашар әйел былай дейді: “Басында сәл уайымдадым. Өйткені үйім тым қарапайым, жиһазым да біреулерден Нақыл сөздер 15:17). Ең бастысы, қонақтарымызға сүйіспеншілік көрсетуіміз керек, сондықтан уайымдаудың еш қажеті жоқ.
қалған. Бірақ бір оқытушы бауырластың әйелі көңілімді орнықтырды. Ол күйеуі екеуі аралаушылық қызметте жүргендері жайлы айтып: “Кейбір бауырластар аса дәулетті тұрмайтын шығар, бірақ өзіміз сияқты қарапайым өмір кешіп, Ехобаға қызмет етуді көздеген бауырластардың үйінде ең керемет күндеріміз өтті”,— деді. Бұл маған анамның кішкентай кезімізде: “Сүйіспеншілік бар жерде көкөніс жеген артық”,— дейтін сөздерін есіме салды” (18, 19. Қонақжай болу адамға деген жағымсыз сезімдеріңізді жеңуге қалай септігін тигізе алады?
18 Өзгелер жайлы ойыңыз. Қауымда қитығыңызға тиетін қандай да бір бауырлас бар ма? Осы жағымсыз сезіміңізді жеңуге күш салмасаңыз, одан арыла алмайсыз. Бәлкім, сіз мінезі онша ұнамайтын адамды қонаққа шақырғыңыз келмейтін шығар. Не болмаса кезінде сізді ренжіткені әлі есіңізден кетпей жүрген адам бар болар.
19 Киелі кітап қонақжай болғанымыз өзгелермен, тіпті жауларымызбен қарым-қатынасымызды жақсартатынын айтады (Нақыл сөздер 25:21, 22 оқыңыз). Үйге біреуді қонаққа шақырсаңыз, сіз сол адамға деген жағымсыз сезімдеріңізді жеңіп, онымен жақсырақ тіл табысып кетуіңіз мүмкін. Сонда Ехоба шындыққа жақындатып тартқан кезде сол адамның бойынан байқаған жақсы қасиеттерді сіз де көре бастайсыз (Жохан 6:44). Сүйіспеншілік сізге қозғау салып, шақырады деп күтпеген адамды қонаққа шақырсаңыз, жақсы достыққа жол ашылуы мүмкін. Сізге шынымен сүйіспеншілік қозғау салу үшін не істей аласыз? Мұның бір жолы — Філіпіліктерге 2:3-тегі кеңеске құлақ асу. Онда: “Кішіпейілділікпен басқаларды өздеріңнен жоғары қойыңдар”,— делінген. Бауырластарымыздың бізден қай жағынан шынында да жоғары екені жайлы ойлануымыз керек. Бәлкім, олардың сенімі, табандылығы немесе қандай да бір мәсіхшілік қасиеті еліктеуге тұрарлық шығар. Олардың жақсы қасиеттері жайлы ойлансақ, оларды көбірек жақсы көретін боламыз әрі қонақжай болу оңайырақ болады.
ЖАҚСЫ ҚОНАҚ БОЛА БІЛІҢІЗ
20. Шақыруды қабыл алған соң, сенімді адам екенімізді қалай көрсетеміз және неге бұлай етуіміз керек?
20 Зәбүр жыршысы Дәуіт: “Уа, Ехоба, сенің шатырыңда кім қонақ бола алады?”— деп сұраған (Зәбүр 15:1). Содан кейін Ехоба қонақтарының бойынан қандай қасиеттерді көргісі келетінін сипаттап өткен. Сол қасиеттердің бірі — “өзіне залал келсе де, уәдесінен таймайтын” сенімді адам болу (Зәбүр 15:4). Шақыруды қабыл алып қойсақ, аса келелі себеп болмаса, қонаққа барудан бас тартпағанымыз жөн. Бізді шақырған адам қонақ келеді деп дайындалып қойған болуы мүмкін. Егер біз бас тартсақ, оның бар еңбегі зая кетеді (Матай 5:37). Кейбіреулер өзіне көбірек ұнайтын жерге қонаққа бару үшін, бұған дейін келісіп қойған жеріне барудан бас тартып жатады. Бұл сүйіспеншілік пен құрметке жата ма? Үй иесі не ұсынса да, ризашылықпен қабылдауымыз керек (Лұқа 10:7). Ал егер қонаққа барудан бас тартуға мәжбүр болсақ, үй иесін мүмкіндігінше ертерек ескерткеніміз жөн. Сонда сүйіспеншілігіміз бен сыпайылығымызды көрсетеміз.
21. Жергілікті мәдениетті құрметтегеніміз қалай жақсы қонақ болуға көмектеседі?
21 Жергілікті мәдениетті де сыйлаған маңызды. Кейбір мәдениетте күтпеген жерден келген қонақты құшақ жая қарсы алады. Ал басқа жерде біреудің үйіне келмес бұрын, алдын ала келіскен дұрыс. Кейбір елде үй иесі қонағының алдына бар жақсысын қояды, ал үй ішіндегілері содан кейін тамақтанады. Ал басқа елдерде бәрі дастарқан басында бірге отырады. Тағы бір жерлерде қонақтар әдетте үстелге қоятын бірдеңе ала келеді. Ал басқа жерлерде қонақтардың ештеңе әкелмегенін жөн көреді. Кейбір мәдениетке сай, адам қонаққа бір не бірнеше рет шақырылса да, сыпайы түрде бас тартады. Бірақ өзге мәдениетте алғаш шақырылғанда бас тарту құрметке жатпайды. Үй иесі бізді қонаққа шақырғанына қуанышты болуы үшін әрдайым барымызды салуымыз қажет.
22. Бір-бірімізге қонақжай болу неге өте маңызды?
22 Петір былай деген: “Барлық нәрсенің соңы таяп қалды” (Петірдің 1-хаты 4:7). Алдымызда мына әлем ешқашан көрмеген ең зор алапат күтіп тұр. Осы дүние жамандыққа батқан сайын, бізге бауырластарға деген сүйіспеншілігімізді арттыра беру керек болады. Ендеше, Петірдің “бір-біріңе... қонақжайлылық көрсетіңдер” деген кеңесін қазір қолдану өте маңызды (Петірдің 1-хаты 4:9). Қонақжайлылық қазір және мәңгілік бойы қуанышқа кенелтетін әрі аса қажетті қасиет болып қала бермек!