Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жөнге салу — Ехобаның сүйіспеншілігінің дәлелі

Жөнге салу — Ехобаның сүйіспеншілігінің дәлелі

Ехоба кімді жақсы көрсе, соны жөнге салады(ЕВРЕЙЛЕРГЕ 12:6).

ӘНДЕР: 125, 117

1. Киелі кітапта жөнге салу жиі қалай сипатталады?

“ЖӨНГЕ САЛУ” деген сөзді естігенде ойыңызға не келеді? Көп адам бірден жазалау жайлы ойлайды. Бірақ жөнге салу тек бұны ғана білдірмейді. Киелі кітапта ол білім, даналық, сүйіспеншілік пен өмір деген сөздермен байланыстырылады. Сондай-ақ онда жөнге салынып, тәрбиеленгеніміз өзіміз үшін пайдалы екені айтылады (Нақыл сөздер 1:2—7; 4:11—13). Өйткені Құдайдың жөнге салғаны оның бізді жақсы көретінін және мәңгілік өмір сүргенімізді қалайтынын көрсетеді (Еврейлерге 12:6). Ехоба жөнге салу үшін кейде бізді жазалауы мүмкін, бірақ оның жазасы ешқашан қатыгез не зиянды болмайды. Негізінен “жөнге салу” сөзінің ең басты мағынасы тәлім берумен байланысты. Бұл ата-ананың жақсы көретін баласына беретін тәлім-тәрбиесіне ұқсайды.

2, 3. Жөнге салу қалайша тәлім беруді де, жазалауды да қамтуы мүмкін? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

2 Мынадай мысалды қарастырып көрейік. Кішкентай Дани үйдің ішінде доппен ойнап жүреді. Оған анасы: “Балам, үйде доппен ойнауға болмайтынын білесің ғой! Бірдеңені сындырып қоясың!”— дейді. Бірақ ол анасының тілін алмай, әрі қарай ойнай береді. Бір кезде доп вазаға тиеді. Ваза құлап, сынып қалады! Даниді жөнге салу үшін анасы не істеді? Баласына істеген қылығының неге дұрыс емес екенін түсіндіріп, тәлім берді. Ол ата-анаға мойынсұнғаны өзіне жақсы екенін және олардың орнатқан ережелері қажет әрі қиын емес екенін түсінсе екен деді. Осыны санасына түйіп алуы үшін анасы оны жазалауды шешіп, добын уақытша алып қойды. Бұл Даниге ұнаған жоқ, әрине. Бірақ осының арқасында ол ата-анасының тілін алмаса, салдарын тартатынын қаперінде ұстады.

3 Мәсіхшілер ретінде біз Құдай отбасының бір мүшесіміз (Тімөтеге 1-хат 3:15). Әкеміз Ехоба ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін шешуге және мойынсұнбаған жағдайда бізді жазалауға құқылы. Егер әрекеттеріміздің салдары жағымсыз болып жатса, Ехобаның сүйіспеншілікпен жөнге салуы оған мойынсұнудың қаншалықты маңызды екенін есте ұстауға көмектеседі (Ғалаттықтарға 6:7). Құдай бізді қатты жақсы көреді және зардап шекпесе екен дейді (Петірдің 1-хаты 5:6, 7).

4. а) Ехоба біздің басқаларға қалай тәлім бергенімізді қалайды? ә) Бұл мақалада біз не қарастырамыз?

4 Біз баланы не Киелі кітапты зерттеп жүрген адамды Құдай Сөзіне негіздеп жөнге салғанда, оларға Мәсіхтің ізбасары болуға көмектесеміз. Біз Киелі кітапты қолданып, зерттеушілерге ненің дұрыс екенін үйретеміз және Иса “бұйырғандардың бәрін” түсінуге әрі ұстануға көмектесеміз (Матай 28:19, 20; Тімөтеге 2-хат 3:16). Ехоба олардың осындай жолмен тәлім алғанын қалайды. Сонда олар да басқаларға Мәсіхтің ізбасары болуға көмектесе алатын болады (Титке 2:11—14 оқыңыз). Қазір маңызды үш сұрақты қарастырайық: 1) Қалайша Құдайдың жөнге салуы оның бізді жақсы көретінін дәлелдейді? 2) Құдай жөнге салған адамдардың мысалынан қандай сабақ аламыз? 3) Біреуді жөнге салғанда қалай Ехоба мен Исаға еліктей аламыз?

ҚҰДАЙ СҮЙІСПЕНШІЛІКПЕН ЖӨНГЕ САЛАДЫ

5. Ехобаның жөнге салуы оның бізді жақсы көретінін қалай дәлелдейді?

5 Ехоба бізді жақсы көргендіктен түзетеді, тәлім береді, үйретеді. Біздің өзімен жақын қарым-қатынас сақтағанымызды және мәңгілік өмір сүргенімізді қалайды (Жоханның 1-хаты 4:16). Ехоба бізді ешқашан қорламайды және өзімізді түкке тұрғысыз санайтындай сезім туғызбайды (Нақыл сөздер 12:18). Керісінше, ол бойымыздағы жақсы қасиеттерге назар аударады, сондай-ақ бізге таңдау жасауға ерік береді. Киелі кітап, әдебиеттер, ата-анаңыз не ақсақалдар арқылы жөнге салынғанда, бұны Ехобаның сүйіспеншілігінің дәлелі деп білесіз бе? Өзіміздің қай жағынан мүлт кеткенімізді әлі аңғармай тұрып-ақ, ақсақалдар жұмсақтықпен, сүйіспеншілікпен түзетуге тырысып жатса, бұл олардың Ехобаның сүйіспеншілігіне еліктеп жатқанын көрсетеді (Ғалаттықтарға 6:1).

6. Жөнге салудың нәтижесінде адам қауымдағы міндеттерінен айырылып қалса да, қалай бұл Ехобаның сүйіспеншілігін көрсетеді?

6 Кей жағдайларда жөнге салу кеңеспен ғана шектелмейді. Қауымда біреу ауыр күнә жасаса, ол енді кейбір жауапкершіліктерді атқаруға лайықты болмайды. Тіпті осындай жағдайда да Ехобаның жөнге салуы оның сол адамды жақсы көретінін дәлелдейді. Мысалы, ол Киелі кітапты зерттеуге көбірек уақыт бөлудің, ой жүгіртіп, дұға етудің қаншалықты маңызды екенін түсінуі мүмкін. Осы істерді қолға алғаны оған Ехобамен қарым-қатынасын нығайтуға көмектеседі (Зәбүр 19:7). Уақыт өте ол айырылып қалған міндеттеріне қайта ие болуы мүмкін. Тіпті біреу қауымнан шығарылған күнде де, бұл Ехобаның сүйіспеншілігін көрсетеді. Өйткені Ехоба осылайша қауымды жаман ықпалдан қорғайды (Қорынттықтарға 1-хат 5:6, 7, 11). Оның жөнге салуы қашанда әділ болғандықтан, бұл қауымнан шығарылған адамға күнәсінің қаншалықты ауыр екенін түсінуге көмектеседі. Бұл оның өз ісіне өкінуіне түрткі болуы мүмкін (Елшілердің істері 3:19).

ЕХОБАНЫҢ ЖӨНГЕ САЛУЫ БІЗ ҮШІН ПАЙДАЛЫ

7. Шебна деген кім және ол бойында қандай жаман қасиетті дамытты?

7 Жөнге салудың маңыздылығын түсіну үшін Ехоба түзеткен екі адамның мысалын қарастырайық. Біріншісі — Езекия патшаның тұсында өмір сүрген Шебна есімді исраилдік кісі. Ал екіншісі — біздің күнімізде өмір сүріп жатқан Грэм бауырласымыз. Шебна Езекия патшаның сарайында “үй басқарушысы” міндетін атқарған. Оның қолында әжептәуір билік болған (Ишая 22:15). Бірақ ол көкіректеніп кетіп, адамдардың көзінде маңызды көрінгісі келген. Ол тіпті өзіне қымбат мазар жасаған әрі “салтанатты күймелермен” жүрген (Ишая 22:16—18).

Егер біз кішіпейіл әрі көзқарасымызды өзгертуге дайын болсақ, Құдай батасын береді (8—10 абзацтарды қараңыз)

8. Ехоба Шебнаны қалай жөнге салды және нәтижесінде не болды?

8 Шебна атақ-даңққа бөленуді көксегендіктен, Құдай оның міндетін алып қойды да, Елиәкім деген кісіге берді (Ишая 22:19—21). Бұл жағдай Ассирия патшасы Сеннахирим Иерусалимге шабуылдамақшы болғанда орын алды. Кейінірек Сеннахирим яһудилерді қорқытып, Езекия патшаны берілуге көндіру үшін өзінің беделді адамдары мен қалың әскерін жіберді (Патшалар 2-жазба 18:17—25). Сонда Езекия олармен кездесуге Елиәкім мен тағы екі адамды жіберді. Сол екі адамның бірі Шебна еді. Енді ол хатшының міндетін атқаратын. Осыдан көрінетіндей, Шебна кішіпейіл болуды үйренген, әрі болған жағдайға ренжіп, наразылық білдірмеген болса керек. Ол дәрежесі төмендеу қызметті атқаруға дайын болған. Шебнаның жағдайынан біз үш сабақ аламыз.

9—11. а) Шебнаның жағдайынан қандай сабақ аламыз? ә) Ехобаның Шебнаға қалай қарағаны жөнінде не ойлайсыз?

9 Біріншіден, Шебнаның өз міндетінен айырылып қалғаны “көкіректік — күйреудің басы” екенін дәлелдейді (Нақыл сөздер 16:18). Қауымда біз жауапты міндеттер атқаруымыз мүмкін және бұл үшін басқалар бізді маңызды санай бастайтын шығар. Сондай кезде кішіпейіл болып қаламыз ба? Барлық қабілеттеріміз бен жасап жатқан кез келген игі ісіміз тек Ехобаның арқасында екенін есте ұстаймыз ба? (Қорынттықтарға 1-хат 4:7). Елші Пауыл былай деп ескерткен: “Әрбіріңе мынаны айтамын: өздерің туралы тиістісінен артық ойламаңдар. Қайта, есті болыңдар” (Римдіктерге 12:3).

10 Екіншіден, Шебнаға қатаң ескерту жасағанына қарағанда, Ехоба оның өзгере алатынына сенген болуы мүмкін (Нақыл сөздер 3:11, 12). Қауымдағы жауапты міндеттерінен айырылып қалған бауырластар осыдан сабақ алса болады. Ашуланып, ренжудің орнына, олар әрі қарай да Ехобаға бар жақсыларын бере алады. Олар мұндай түзетуді Ехобаның сүйіспеншілігінің көрінісі деп қарастырса болады. Естен шығармайық, көктегі Әкеміз кішіпейіл болып қалған адамға ақырында өз батасын төгеді (Петірдің 1-хаты 5:6, 7 оқыңыз). Ехоба бізді сүйіспеншілікпен жөнге салып, қалыптастыра алуы үшін кішіпейілділік танытып, жұмсақ балшық іспетті болуымыз қажет.

11 Үшіншіден, Ехобаның Шебнаға қалай қарағанынан құнды сабақ аламыз. Ехобаның қалай жөнге салатыны оның күнәні жек көретінін көрсетеді. Бірақ бұдан оның күнә жасаған адамды жақсы көретінін де көреміз. Ехоба адамдардың бойынан жақсы қасиеттер іздейді. Ата-ана не ақсақал болсаңыз, Ехобаның қалай жөнге салатынынан үлгі аласыз ба? (Яһуда 22, 23).

12—14. а) Кейбір адамдар Ехобаның жөнге салуын қалай қабылдайды? ә) Бір ер бауырласқа көзқарасын түзетуге Құдай Сөзі қалай көмектесті және нәтижесінде не болды?

12 Өкінішке қарай, кейбір адамдарға жөнге салынудың ауыр тиетіні сонша — Құдайдан алыстап, қауымнан кетіп жатады (Еврейлерге 3:12, 13). Бұл енді оларға ешкім көмектесе алмайды дегенді білдіре ме? Жоқ, әрине! Мысалы, Грэм бауырласты алайық. Ол қауымнан шығарылып, кейін қайта қабылданған. Алайда ол кейіннен уағызға да, қауымға да бармай қояды. Бір ақсақал онымен достасуға тырысады. Ақырында, Грэм одан өзімен Киелі кітапты зерттеу сабағын өтуді сұрайды.

13 Сол ақсақал былай деді: “Грэмнің өркөкіректігі бар еді. Ол өзінің қауымнан шығарылғанына қатысы бар ақсақалдарды сынап-мінеп, наразылығын білдіретін. Содан біз бірнеше зерттеу сабағында өркөкіректік пен оның салдары жайлы тармақтарды қарастырдық. Грэм Құдай Сөзінің айнасынан өзінің қандай екенін анық көре бастағанда, көңілі түсіп кетті. Бұдан кейін таңғалдырарлық жайт болды! Ол өркөкіректік деген “бөрене” көзін тұмшалап тастағанын және өзінің көзқарасын өзгерту керек екенін түсінген соң, жақсы жаққа қарай тез өзгере бастады. Ол қауым кездесулеріне жүйелі түрде барып, Құдай Сөзін тыңғылықты зерттейтін болды және күн сайын дұға етуді дағдыға айналдырды. Сондай-ақ Грэм отағасы ретінде рухани істерді қайтадан қолға алып, әйелі мен балаларын зор қуанышқа бөледі” (Лұқа 6:41, 42; Жақып 1:23—25).

14 Бұл ақсақал былай деп қосты: “Бірде Грэмнің айтқан сөзі жүрегімді толқытып жіберді. “Мен шындықты көп жылдан бері білемін. Тіпті ізашар болып та қызмет еттім. Бірақ енді ғана Ехобаны жақсы көремін деп шындап айта аламын”,— деді ол”. Көп ұзамай Грэм қауымда микрофонмен қызмет көрсетуге тағайындалды. Ол бұл міндетті қуана қабылдады. Ақсақал тағы былай деді: “Оның жағдайынан түсінгенім, адам Құдайдың алдында кішірейіп, жөнге салуды қабылдаса, бата деген төгіледі екен!”

ЖӨНГЕ САЛҒАНДА ҚҰДАЙ МЕН МӘСІХКЕ ЕЛІКТЕЙІК

15. Жөнге салудың нәтижесін көру үшін не істеуіміз керек?

15 Жақсы тәлімгер болу үшін, алдымен өзіміз жақсылап үйреніп алуымыз қажет (Тімөтеге 1-хат 4:15, 16). Егер басқаларды жөнге салу үшін Ехоба сізді қолданып жатқан болса, өзіңіздің кішіпейіл болып, өміріңізде Ехобаның басшылығына жүгінгеніңіз маңызды. Кішіпейіл екеніңізді көргенде, өзгелерге сізді құрметтеу және берген кеңесіңіз бен ескертуіңізді қабылдау әлдеқайда жеңіл болады. Осы жағынан Исаның үлгісінен үйрене аламыз.

16. Тиімді түрде жөнге салу мен тәлім беруге қатысты Исадан не нәрсеге үйренеміз?

16 Иса әрқашан, тіпті өте қиын болған кездерде де, Әкесіне мойынсұнған (Матай 26:39). Ол адамдарға тәлімдері мен даналығы Ехобадан екенін айтып отырған (Жохан 5:19, 30). Кішіпейіл де мойынсұнғыш болғаны Исаға жанашыр ұстаз болуға көмектескен. Ақжүрек адамдар оның қасында жүруге құмар еді (Матай 11:29 оқыңыз). Исаның мейіріммен айтқан сөздері ұнжырғасы түскен, әлсіз адамдардың бойына жігер құйды (Матай 12:20). Оның елшілері араларында кім ұлы екені жайлы дауласқанда, Иса ашулануға себеп болса да, оларды жұмсақтықпен, сүйіспеншілікпен түзетті (Марқа 9:33—37; Лұқа 22:24—27).

17. Қауымды жақсы қамқорлау үшін ақсақалдарға қандай қасиеттер қажет?

17 Ақсақалдар Киелі кітап принциптеріне негіздеп жөнге салған кезде, әрдайым Мәсіхке еліктеулері керек. Осылайша олар Құдай мен оның Ұлының басшылығымен жүргісі келетінін көрсетеді. Елші Петір былай деп жазған: “Бақылаушылар ретінде өздеріңе тапсырылған Құдайдың отарын ықтиярсыз емес, шын көңілмен, қандай да бір пайда көздеп емес, бар ынта-жігермен бағыңдар; сондай-ақ Құдайдың меншігіне өктемдік етпей, қайта, отарға үлгі-өнеге болыңдар!” (Петірдің 1-хаты 5:2—4). Ақсақалдардың Құдай мен Мәсіхке қуана мойынсұнғандары өздеріне де, қамқорлығында жүргендерге де пайдалы (Ишая 32:1, 2, 17, 18).

18. а) Ехоба ата-аналардан нені талап етеді? ә) Ехоба ата-аналарға қалай көмектеседі?

18 Отбасында жөнге салу мен тәлім беру жайлы не деуге болады? Ехоба отағаларға: “Балаларыңды ызаландырмаңдар, керісінше, Ехоба айтқандай тәрбиелеп, оның ақыл-кеңесін беріп өсіріңдер”,— деген (Ефестіктерге 6:4). Тәрбиелеу мен жөнге салу қаншалықты маңызды? Нақыл сөздер 19:18-де мынадай сөздер жазылған: “Үміт барда жөнге сал балаңды, болма оның өліміне жауапты”. Ехоба ата-аналарға баланы жөнге салу жауапкершілігін жүктеген. Олар осы міндеттерін атқармаса, Құдай алдында жауап береді! (Самуилдің 1-жазбасы 3:12—14). Бірақ ата-аналар дұға етіп көмек сұрағанда және Құдай Сөзі мен киелі рух жетелейтініне сенім артқанда, Ехоба оларға қажетті даналық пен күш береді (Жақып 1:5 оқыңыз).

МӘҢГІЛІК БОЙЫ ТЫНЫШТЫҚТА ӨМІР СҮРУДІ ҮЙРЕНУ

19, 20. а) Құдайдың жөнге салуын қабылдасақ, қандай баталарға кенелеміз? ә) Келесі мақалада не қарастырамыз?

19 Өзіміз Құдайдың түзетуін қабылдасақ және өзгелерді жөнге салғанда Ехоба мен Исаға еліктейтін болсақ, көптеген баталарға кенелеміз! Отбасыларымыз бен қауымдарымызда тыныштық болады. Әрбір адам өзінің сүйікті екенін, бағалы әрі қауіпсіздікте екенін сезінеді. Бұл — болашақта болатын тыныштық пен бақытты өмірдің ұшқыны ғана (Зәбүр 72:7). Ехобаның тәлім-тәрбиесі бізді бейбіт те бірлігі жарасқан отбасы болып мәңгі өмір сүруге дайындап жатыр. Сол кезде Ехоба біздің Әкеміз болады (Ишая 11:9 оқыңыз). Осыны есте тұтсақ, жөнге салудың шын мәнінде не екенін түсінеміз. Бұл — Ехобаның бізге деген сүйіспеншілігін паш ететін керемет шара.

20 Келесі мақалада біз отбасы мен қауымдағы жөнге салу туралы көбірек білетін боламыз. Онда өзімізді қалай түзете алатынымыз жайлы да сөз қозғалады. Сондай-ақ жөнге салудан да ауыр тиетін жағдайдан қалай аулақ бола алатынымызды қарастырамыз.