Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Шомылдыру рәсімінен өту — мәсіхшілерге қойылатын талап

Шомылдыру рәсімінен өту — мәсіхшілерге қойылатын талап

Қазір сендерді... құтқарып жатқан... шомылдыру рәсімі(ПЕТІРДІҢ 1-ХАТЫ 3:21).

ӘНДЕР: 7, 56

1, 2. а) Балалары шомылдыру рәсімінен өткісі келгенде, кейбір ата-аналар не сезінеді? ә) Неге шомылдыру рәсімінен өтушілерден Ехобаға бағышталдыңыз ба деп сұрайды? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

АТА-АНАСЫ қыздары Марияға қарады. Ол шомылдыру рәсімінен өтейін деп жатқандармен бірге орнынан тұрды. Сахнадағы бауырлас екі сұрақ қойды. Мария қатты дауыспен нақты жауап берді. Осыдан кейін ол шомылдыру рәсімінен өтті.

2 Марияның Ехобаға өмірін бағыштап, шомылдыру рәсімінен өткені үшін ата-анасының кеудесін қуаныш кернеді. Бірақ бұған дейін Марияның анасы кішкене уайымдаған еді. “Қызыма шомылдыру рәсімінен өтуге тым ерте емес пе екен? Ол Ехобаға бағышталудың қаншалықты жауапты қадам екенін жақсы түсіне ме? Әлде сәл күте тұрғаны дұрыс па?”— деп ойланды. Балалары шомылдыру рәсімінен өткісі келгенде, көп қамқор ата-аналар осылай уайымдай бастайды (Уағыздаушы 5:5). Өйткені Ехобаға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өту — адамның өмірде қабылдайтын ең маңызды шешімі. (“ Сіз Ехобаға бағышталдыңыз ба?” деген қоршауды қараңыз.)

3, 4. а) Шомылдыру рәсімінен өтудің аса маңызды екенін Петір қалай көрсетті? ә) Неге Петір шомылдыру рәсімінен өтуді Нұхтың кеме соғуымен салыстырған?

3 Елші Петір шомылдыру рәсімінен өтуді Нұхтың кеме соғуымен салыстырған. Ол былай деген: “Бұл жайт — қазір сендерді... құтқарып жатқан нәрсенің, яғни шомылдыру рәсімінің белгісі” (Петірдің 1-хаты 3:20, 21 оқыңыз). Кеме Нұхтың Құдай еркін орындауды шын жүректен қалайтынын өзгелерге дәлелдеп тұрды. Нұх Ехобаның тапсырған ісін адал орындады. Берік сенімі үшін Ехоба оның өзін және отбасын Топан судан аман алып қалды. Сонда Петірдің айтқан сөзінің мәні неде?

4 Адамдар кемеге қарап, Нұхтың Құдайға сенетінін анық көрді. Сол сияқты, өзгелер біреудің шомылдыру рәсімінен өткелі жатқанын көргенде, ол Исаның төлем құрбандығына және оның қайта тірілгеніне сенгендіктен өмірін Құдайға бағыштағанын түсінеді. Нұх іспетті, шомылдыру рәсімінен өткендер Құдайға мойынсұнады және оның тапсырған ісін орындайды. Нұхты Топан су кезінде құтқарғанындай, Ехоба зұлым дүние жойылғанда шомылдыру рәсімінен өткен адал қызметшілерін аман сақтап қалады (Марқа 13:10; Аян 7:9, 10). Демек, Ехобаға өмірімізді бағыштап, шомылдыру рәсімінен өту аса маңызды. Бұны кейінге ысыра беретін болсақ, мәңгі өмір сүру мүмкіндігінен айырылып қалуымыз ықтимал.

5. Бұл мақалада біз не қарастырамыз?

5 Біз шомылдыру рәсімінен өтудің қаншалықты маңызды екенін білдік. Енді келесі үш сұрақтың жауабын қарастырайық: Киелі кітапта шомылдыру рәсімі жайлы не делінген? Шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын адам қандай қадамдар жасау керек? Киелі кітапты зерттеп жүргендерге не балаларымызға тәлім бергенде, неге шомылдыру рәсімінің маңыздылығын үнемі есте ұстауымыз қажет?

КИЕЛІ КІТАП ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІ ЖАЙЛЫ НЕ ҮЙРЕТЕДІ?

6, 7. а) Жақия жасаған шомылдыру рәсімі нені білдірген? ә) Кімнің шомылдыру рәсімінен өткені бәрінікінен ерекше болды және неге?

6 Киелі кітапта шомылдыру рәсімін жасағаны жайлы айтылған алғашқы адам — Жақия (Матай 3:1—6). Неге адамдар оған келіп шомылдыру рәсімінен өткен? Өйткені олар Мұса заңын бұзғандарын мойындап, күнәлары үшін қатты өкінетіндерін көрсеткісі келген. Бірақ Жақия жасаған ең маңызды шомылдыру рәсімі бұдан мүлдем ерекше еді. Ол Құдайдың кемелді Ұлы Исаны шомылдыру рәсімінен өткізу мәртебесіне ие болды (Матай 3:13—17). Бірақ Иса ешқашан күнә жасамағандықтан, оған өкінудің еш қажеті жоқ еді (Петірдің 1-хаты 2:22). Онда ол неге шомылдыру рәсімінен өтті? Өмірін Құдайдың еркін орындауға арнайтынын көрсету үшін (Еврейлерге 10:7).

7 Иса уағыздауды бастағаннан кейін, шәкірттері адамдарды шомылдыру рәсімінен өткізе бастады (Жохан 3:22; 4:1, 2). Бұл адамдар да шомылдыру рәсімінен Мұса заңына қарсы күнә жасағанына өкінгендіктен өткен. Бірақ Иса қайтыс болып, қайта тірілгеннен кейін, оның шәкірті болғысы келетіндер басқа себеппен шомылдыру рәсімінен өтетін болды.

8. а) Қайта тірілгеннен кейін Иса қандай бұйрық берді? ә) Неліктен мәсіхшілерге шомылдыру рәсімінен өту қажет?

8 Б. з. 33 жылы, қайта тірілгеннен кейін көп ұзамай Иса 500-ден аса адамға сөйлеген. Олардың ішінде ерлер мен әйелдер, мүмкін балалар да болған. Иса мына сөздерін сол кезде айтқан шығар: “Барыңдар да, барлық халықтардан шәкірттер дайындап, оларды Әкенің, Ұлдың және киелі рухтың атынан шомылдыру рәсімінен өткізіңдер, әрі мен сендерге бұйырғандардың бәрін ұстануды үйретіңдер” (Матай 28:19, 20; Қорынттықтарға 1-хат 15:6). Иса өзінің ізбасарларына шәкірттер дайындауды бұйырған. Оның шәкірті болуды, яки “мойынтұрығын” алып жүруді қалайтын адам шомылдыру рәсімінен өту керек (Матай 11:29, 30). Адам Құдайға ұнамды жолмен қызмет еткісі келсе, Құдай өзінің еркін Иса арқылы жүзеге асыратынын мойындау қажет. Содан кейін ол Құдайдың мақұлдауымен шомылдыру рәсімінен өте алады. Киелі кітапта Исаның ертедегі шәкірттері бұл рәсімнің аса маңызды екенін түсінгеніне айғақ көп. Олар шомылдыру рәсімінен өтуді қоя тұру керек деп ойлап, кейінге қалдырмаған (Елшілердің істері 2:41; 9:18; 16:14, 15, 32, 33).

ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТУДІ КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫРМАҢЫЗ

9, 10. Эфиопиялық кісі мен Саулдың оқиғасынан не нәрсеге үйренеміз?

9 Елшілердің істері 8:35, 36 оқыңыз. Бірде яһуди дінін қабылдаған эфиопиялық бір кісі Иерусалимдегі ғибадатханадан шығып, үйіне қайтып келе жатады. Ехобаның періштесі бұл кісіге Філіпті жіберіп, ол оған “Иса туралы ізгі хабарды уағыздайды”. Сонда эфиопиялық кісі не істеді? Ол Исаны Ие деп мойындаудың қаншалықты маңызды екенін түсінді. Ехобаның мәсіхшілерге қойған талаптарын орындағысы келген ол еш кідірместен шомылдыру рәсімінен өтті.

10 Енді Саул деген яһудилік кісінің оқиғасын алайық. Негізінен яһуди халқы түгелімен Құдайға бағышталған халық болатын. Бірақ олар мойынсұнбаушылық танытқандықтан, Ехоба олардан бас тартқан. Саул яһудилер әлі де Құдайға дұрыс жолмен ғибадат етіп жүр деп ойлап, Исаның ізбасарларын қудалаған. Ол кезде Саул Исаны өлді деп жүрген еді. Бірақ қайта тірілген Иса бір күні көктен тікелей Саулдың өзіне сөйледі. Сонда Саул не істеді? Ол мәсіхші Ананидің көмегін қуана қабылдады. Киелі кітапта: “Сосын ол шомылдыру рәсімінен өтті”,— делінген (Елшілердің істері 9:17, 18; Ғалаттықтарға 1:14). Кейінірек Саул елші Пауыл деген атпен танылды. Байқасақ, ол Құдай өзінің еркін Иса арқылы жүзеге асыратынын түсінгенде, еш кідірместен шомылдыру рәсімінен өткен (Елшілердің істері 22:12—16 оқыңыз).

Киелі кітапты зерттеушілер шындық үшін ризашылық сезінгендіктен, шомылдыру рәсімінен өтуге асық

11. а) Бүгінде Киелі кітапты зерттеушілерді шомылдыру рәсімінен өтуге не талпындырады? ә) Біреу шомылдыру рәсімінен өткенде біз қандай сезімге бөленеміз?

11 Бүгінде де қарт не жас демей, көптеген Киелі кітапты зерттеушілер осылай етуде. Олар Киелі кітапта айтылғандарды жақсы көріп, сенгендіктен, өмірлерін Ехобаға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өтуге асық. Конгрестерде айтылатын шомылдыру рәсімінен өтушілерге арналған баяндама — ерекше толғандырарлық сәт. Киелі кітапты зерттеушілер шындықты қабылдап, шомылдыру рәсімінен өтіп жатса, Ехоба куәгерлері қатты қуанады. Ал балалары өтіп жатқанда ата-аналар мәз-мейрам болады. 2017 қызмет жылында 284 000-нан аса адам шомылдыру рәсімінен өтіп, өмірлерін Ехобаға бағыштағандарын паш етті (Елшілердің істері 13:48). Осыдан олардың шомылдыру рәсімінен өту мәсіхшілер үшін маңызды талап екенін түсінетіндері көрінеді. Бірақ шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын олар қандай қадамдар жасаған?

12. Киелі кітапты зерттеушілер шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын қандай қадамдар жасау керек?

12 Киелі кітапты зерттеушілер шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын, Құдай туралы шындықты, оның жер мен адамдарға қатысты ниетін және адамзатты құтқару үшін не істегенін білу керек (Тімөтеге 1-хат 2:3—6). Сосын оларға сенім дамыту қажет. Сенім оларды Құдайдың заңдарына мойынсұнуға және Құдай жек көретін нәрселерді бұдан былай істемеуге талпындырады (Елшілердің істері 3:19). Бұның маңызы зор, өйткені Ехоба өзі жек көретін нәрселерді істей беретін адамдардың бағышталуын қабылдамайды (Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10). Қажетті қадамдар бұл ғана емес. Өмірін Ехобаға бағыштағысы келетін адамдар қауым кездесулеріне барып тұруы және ізгі хабарды үнемі уағыздап, өзгелерге тәлім беруі керек. Бұл — Мәсіхтің соңынан ергісі келетін кез келген адамға қойылатын талап (Елшілердің істері 1:8). Киелі кітапты зерттеуші алдымен осының бәрін істеуі қажет. Содан кейін ол жеке дұғада Ехобаға өмірін бағыштап, шомылдыру рәсімінен өте алады.

КИЕЛІ КІТАПТЫ ЗЕРТТЕУШІЛЕР ҚОЮ КЕРЕК МАҚСАТ

Адамдарға тәлім бергенде, шомылдыру рәсімінен өтудің маңыздылығын түсіндірудің мүмкіндігін іздейсіз бе? (13-абзацты қараңыз)

13. Өзгелерге тәлім бергенде, олардың шынайы мәсіхші болу үшін шомылдыру рәсімінен өтуге тиіс екенін неге есте ұстауымыз қажет?

13 Балаларымызға және басқа да Киелі кітапты зерттеушілерге осы маңызды қадамдарды жасауға көмектескенде, мынаны есте ұстайық: Исаның шынайы ізбасары болғысы келетін адам шомылдыру рәсімінен өтуі тиіс. Осыны есте тұтсақ, оңтайлы сәттер туғанда, бағышталу мен шомылдыру рәсімінің маңыздылығы жайлы айтудан тартынбаймыз. Біз балаларымыздың және Киелі кітапты зерттеушілердің рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өткенін қалаймыз ғой!

14. Неге біз ешкімге шомылдыру рәсімінен өт деп қысым жасамаймыз?

14 Әрине, ешкім де баланы не Киелі кітапты зерттеушіні шомылдыру рәсімінен өтуге қыштап, мәжбүрлемеу керек. Өйткені Ехоба ешқайсысымызды өзіне қызмет етуге мәжбүрлемейді (Жоханның 1-хаты 4:8). Басқаларға тәлім бергенде, оларға Ехобамен жеке қарым-қатынас дамытудың қаншалықты маңызды екенін түсінуге көмектесуіміз қажет. Егер Киелі кітапты зерттеуші Құдай жайлы шындықты білгеніне шын жүректен риза болса, әрі шынайы мәсіхшілерге қойылатын талаптардың бәрін орындағысы келсе, шомылдыру рәсімінен өтуге деген ықыласы өзі-ақ пайда болады (Қорынттықтарға 2-хат 5:14, 15).

15, 16. а) Шомылдыру рәсімінен өту үшін адамның белгілі бір жаста болуы шарт па? Түсіндіріңіз. ә) Басқа дінде шомылдыру рәсімінен өтіп қойса да, Киелі кітапты зерттеуші неге Ехоба куәгері ретінде шомылдыру рәсімінен өтуі тиіс?

15 Шомылдыру рәсімінен өту үшін белгілі бір жаста болу шарт емес. Әркім әртүрлі болғандықтан, кейбір зерттеушілер өзгелерінен тезірек рухани өседі. Көбісі жас кезінде шомылдыру рәсімінен өтіп, есейгенде де Ехобаға адал болып қалады. Ал кейбірі ересек шағында Киелі кітаптағы шындықты біліп, шомылдыру рәсімінен өтеді. Олардың арасында тіпті 100 жастан асқандары да кездеседі!

16 Киелі кітапты зерттеп жүрген бір әйел осыған дейін бірнеше дінде шомылдыру рәсімінен өткен. Сол себепті ол өзімен зерттеп жүрген бауырластан қайтадан шомылдыру рәсімінен өтудің қажеті бар-жоғын сұрайды. Бұл сұрағына жауап беру үшін бауырлас бірнеше жазба орнын көрсетеді. Киелі кітаптағы талаптарды түсінген соң, әлгі әйел, 80-ге таяп қалса да, шомылдыру рәсімінен өтеді. Осы оқиғадан не білеміз? Ехобаның еркі жайлы шындықты білсек қана, ол біздің шомылдыру рәсімімізді қабыл алады. Сондықтан басқа дінде шомылдыру рәсімінен өтіп қойған күнде де, адам Ехоба куәгері ретінде шомылдыру рәсімінен өтуі тиіс (Елшілердің істері 19:3—5 оқыңыз).

17. Шомылдыру рәсімінен өтетін күні адам не жайлы ойлану керек?

17 Шомылдыру рәсімінен өтетін күн — бақытқа толы күн. Сондай-ақ бұл — бағышталу мен шомылдыру рәсімінің мәні жайлы жақсылап ойланатын уақыт. Шынайы мәсіхшілерге қойылатын барлық талапты орындау үшін көп күш салу керек. Исаның шәкірттері “енді өздері үшін емес, өздерінің игілігі үшін өлген әрі қайта тірілген Мәсіх үшін өмір сүрулері” қажет (Қорынттықтарға 2-хат 5:15; Матай 16:24).

18. Келесі мақалада қандай сұрақтар талқыланады?

18 Осы мақаладан көргеніміздей, шынайы мәсіхші болу өте жауапты қадам болып табылады. Мақаланың басында айтылған Марияның анасының кішкене уайымдағаны да содан еді. Балаларыңыз бар болса, сіз де былай ойлаған шығарсыз: “Балам шомылдыру рәсімінен өтуге расында да дайын ба? Өзін Ехобаға бағыштау үшін оны жақсы танып-білді ме? Шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын, баламның жақсы білім алып, жұмысқа тұрып алғаны жөн бе? Шомылдыру рәсімінен өткен соң балам ауыр күнә жасап қойса ше?” Осы сұрақтарды келесі мақалада талқылап, мәсіхші ата-аналар шомылдыру рәсіміне қатысты қалай дұрыс көзқарас таныта алатынын білеміз.