Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Қызметіңіз шық іспетті ме?

Қызметіңіз шық іспетті ме?

БІЗДІҢ қызметіміз маңызды әрі бағалы. Бірақ уағызымызды естіп жүрген адамдардың бәрі бірдей мұны түсіне бермейді. Тіпті оларды Киелі кітапта не жазылғаны қызықтырса да, оны бізбен бірге зерттеудің қажеті жоқ деп ойлайды.

Гэвиннің мысалын қарастырайық. Ол Патшалық сарайына барып, кездесулерге қатысып тұрған, бірақ Киелі кітап зерттеу сабағын өткісі келмеген. Оның түсіндіруінше, ол Киелі кітап жайлы өте аз білген және басқалардың бұны білгенін қаламаған. Сондай-ақ бір дінге кіріп кетіп, алданып қаламын деп қорыққан. Сіздіңше, Гэвинге қалай көмектесуге болар еді? Киелі кітап ілімдері адамға қалай жақсы ықпал етуі мүмкін екені жайлы ойланып көріңізші. Кезінде Ехоба исраилдіктерге: “Ұқсайды... айтқан сөздерім түскен мөлдір шыққа, Шөпке себелеген жаңбырға”,— деген (Мұсаның 5-жазбасы 31:19, 30; 32:2). Қазір шықтың ерекшеліктері жайлы бірер сөз қозғап, оны қызметімізбен салыстырайық. Сонда қызметімізде “әртүрлі адамдарға” көмектесе аламыз (Тімөтеге 1-хат 2:3, 4).

ҚАЛАЙША ҚЫЗМЕТІМІЗ ШЫҚ ІСПЕТТІ БОЛА АЛАДЫ?

Шық мөп-мөлдір. Шық дегеніміз — ауадағы ылғалдың ақырындап су тамшысына айналуы. Қалайша Ехобаның сөздері “мөлдір шық” іспетті болған? Ол өз халқына сөйлегенде, сөздері мөлдір шықтай жағымды болып, жылулық пен мейірімділік есіп тұратын, әрі қамқорлығы сезілетін. Біз де өзгелердің нанымдарына құрметпен қарауымызбен Ехобаға еліктейміз. Оларды ойланып, қандай да бір тұжырымға келуге талпындырамыз. Осылай көңілдерін елеп-ескерсек, адамдар біздің айтқанымызға құлақ түруге анағұрлым ықыласты болып, қызметіміз өз жемісін береді.

Шық сергітеді. Қызметіміз адамдарды сергітсін десек, оларға шындықты білуге көмектесудің түрлі жолдары жайлы ойлануымыз қажет. Гэвинге алғашқы болып Киелі кітапты зерттеу сабағын ұсынған Крис есімді бауырлас оны еш мәжбүрлемеген. Қайта, Киелі кітап жайлы талқылау барысында Гэвин өзін еркін сезіну үшін түрлі әдістер қолданған. Крис оған бүкіл Киелі кітапта бір маңызды тақырып өрбитінін әрі сол жайлы білгені қауым кездесулерін жақсырақ түсінуге көмектесетінін айтқан. Сосын ол өзінің Жазбалардағы пайғамбарлықтардың арқасында Киелі кітапта шындық жазылғанына көз жеткізгенін айтып берген. Осылайша олар пайғамбарлықтардың қалайша орындалғанын талқылап, көп рет әңгімелесті. Осындай әңгімелер Гэвинді сергітіп, ақырында ол зерттеу сабағына келісті.

Шық өмір үшін аса қажет. Исраилде құрғақшылық маусымы кезінде бірнеше ай бойы жаңбыр жаумауы мүмкін. Сонда жерге шық түсіп, ылғалдандырмаса, өсімдіктер солып, қурап қалады. Ехоба біздің күндерімізде рухани қуаңшылық болатынын, яғни адамдар “Ехобаның сөзін естуге зар болатынын” алдын ала айтқан (Амос 8:11). Ол Патшалық жайлы ізгі хабарды уағыздайтын майланғандардың “Ехобадан келген шық іспетті” болатынын уәде етті. Уағыз ісінде оларға “басқа қойлар” қолдау көрсетеді (Миха 5:7; Жохан 10:16). Біз уағыздап жүрген хабар — шындықты сусаған адамдарға өмір беру үшін Ехобаның жасаған бір шарасы. Біз бұл хабарды бағалаймыз ба?

Шық — Ехобаның батасы (Мұсаның 5-жазбасы 33:13). Біздің қызметіміз хабарымызға құлақ асқан адамдар үшін бата, не сый, болып табылады. Гэвин үшін де зерттеу сабағы бата болды, өйткені ол өзін мазалаған сұрақтардың бәріне жауап тапты. Ол тез рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өтті. Ал қазір әйелі Джойспен бірге Патшалық жайлы ізгі хабарды қуана уағыздап жүр.

Ехоба куәгерлері ізгі хабарды уағыздап, дүниежүзін “шық іспетті ылғалдандырып” жүр

ҚЫЗМЕТІМІЗДІ БАҒАЛАЙЫҚ

Уағыз ісімізді шыққа теңеу әрқайсысымыздың осы іске қосып жатқан үлесіміздің бағалы екенін түсінуге көмектеседі. Қалайша? Бір ғана шық тамшысынан келіп-кетер пайда шамалы, бірақ миллиондаған шық тамшылары жерді жақсы ылғалдандырады. Сол сияқты, әрқайсысымыздың қызметіміз өзімізге түк еместей көрінуі мүмкін. Бірақ Ехобаның миллиондаған қызметшілерінің жұмыла атқарған ісінің арқасында “барлық халықтар” ізгі хабарды естуде (Матай 24:14). Біздің қызметіміз өзгелер үшін Ехобаның батасы бола ала ма? Иә, өйткені айтып жүрген хабарымыз мөлдір шық іспетті жағымды, шық іспетті сергітеді әрі шық іспетті өмір үшін аса қажет!