Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Нені серт етсең, соны орында”

“Нені серт етсең, соны орында”

“Ехобаға берген сертіңді орында!” (МАТАЙ 5:33).

ӘНДЕР: 63, 59

1. а) Ефта мен Ханнаға не нәрсе ортақ болды? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.) ә) Осы мақалада қандай сұрақтарға тоқталамыз?

ЕФТА батыл көсем әрі ержүрек жауынгер болды. Ал Ханна үй шаруашылығымен айналысқан кішіпейіл әйел еді. Би болған Ефта да, Елқананың әйелі Ханна да Ехобаға ғибадат еткен. Бұнымен қатар оларға тағы бір жайт ортақ болды: екеуі де Ехобаға ант беріп, онысын адалдықпен орындады. Осы жандар бүгінде Ехобаға серт бергісі келетін ер мен әйелдер үшін тамаша үлгі болып табылады. Қазір келесі үш сұрақтың басын ашып алайық: ант, немесе серт, дегеніміз не? Құдайға ант беруге неге жауапкершілікпен қарау керек? Ефта мен Ханнаға қай жағынан еліктей аламыз?

2, 3. а) Ант, немесе серт, дегеніміз не? ә) Құдайға ант беру жайында Жазбаларда не делінген?

2 Киелі жазбаларға сай, ант не серт беру Құдайға салтанатты түрде уәде беруді білдіреді. Мысалы, адам Ехобаға бір нәрсені істеуді, оған қандай да бір сый-тарту ұсынуды, арнайы қызмет атқаруды не бір нәрседен бас тартуды уәде етуі мүмкін. Таңдау еркіндігі болғандықтан адам антты ешкімнің күштеуінсіз, өз ықтиярымен береді. Оның берген анты Құдайдың көз алдында қасиетті болып есептеледі, әрі Ехоба одан уәдесін міндетті түрде орындайды деп күтеді (Мұсаның 1-жазбасы 14:22, 23; Еврейлерге 6:16, 17). Ендеше, Құдайға ант берудің қаншалықты жауапты іс екеніне қатысты Жазбаларда не делінгенін көрейік.

3 Мұса Заңында: “Егер біреу Ехобаға қандай да бір серт берсе... онда сөзінде тұрсын. Серт еткен нәрсесінің бәрін орындасын”,— деп жазылған (Мұсаның 4-жазбасы 30:2). Ал кейіннен Сүлеймен мынаны айтқан: “Құдайға серт берсең, оны орындауды кешіктірме, өйткені мұндай ақылсыздарды ол ұнатпайды. Нені серт етсең, соны орында” (Уағыздаушы 5:4). Иса да Құдайға ант беруге асқан байыппен қарау керектігіне назар аударып, былай деген: “Ежелгі замандағы адамдарға “Антыңды бұзба, Ехобаға берген сертіңді орында!” делінгенін де естігенсіңдер” (Матай 5:33).

4. а) Ехобаға ант беруге неге жауапкершілікпен қарау керек? ә) Ефта мен Ханнаға қатысты қандай сұрақтарды қарастырамыз?

4 Демек, Ехобаға беретін әрбір антымызға үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек. Анттарымызға қалай қарайтынымыз Ехобамен қарым-қатынасымызға тікелей әсер етеді. Бұл Дәуіттің келесі сөздерінен анық көрінеді: “Ехобаның тауына кімнің шығуына болады? Оның киелі орнында кімнің тұруына болады?.. [Ехобаның өмірімен] жалған ант бермейтін, Арамзалықпен ант-су ішпейтін адамның тұруына болады” (Зәбүр 24:3, 4). Ал қазір Ефта мен Ханнаның мысалына қайта оралайық. Олар қандай ант берді? Өз сөзінде тұру оларға оңай болды ма?

ОЛАР ҚҰДАЙҒА БЕРГЕН АНТЫНА АДАЛ БОЛДЫ

5. Ефта қандай ант берді және мұның нәтижесі не болды?

5 Ефта аммондықтарға қарсы соғысқа аттанарда Ехобаға уәде берді. Бұл халық исраилдіктерге қоқан-лоқы көрсеткен еді (Билер 10:7—9). Сонда жауларын қатты жеңгісі келген Ефта Ехобаға ант беріп: “Егер аммондықтарды аяғыма жығып берсең, үйіме жеңіспен оралғанымда, мені қарсы алу үшін есігімнен бірінші болып кім шықса, сол Ехобанікі болмақ”,— деді. Ехоба оның дұғасына жауап беріп, аммондықтарды тізе бүктірді. Содан Ефта үйіне келгенде, алдынан аяулы қызы шықты. Енді оның қызы “Ехобанікі болмақ” еді (Билер 11:30—34). Қызы үшін бұл нені білдірді?

Ефта мен қызы адал жандар болған, сондықтан Құдайға берген сертін бұзу ойларына кіріп те шықпаған

6. а) Ефта мен қызына Құдайға берген антын орындау оңай болды ма? ә) Мұсаның 5-жазбасы 23:21, 23-тен және Зәбүр 15:4-тен Құдайға ант беру туралы не білдіңіз?

6 Әкесінің сертін орындау үшін, Ефтаның қызы киелі шатырда Ехобаға толық уақытты қызмет ету керек болды. Ефта өз антын ойланбай, асығыс бере салды ма? Жоқ. Негізі, ол алдынан бірінші болып қызы шығуы мүмкін екенін білген болса керек. Қалай болған күнде де, Ехобаға берген сөзінде тұру әкесі үшін де, қызы үшін де оңайға соққан жоқ. Бұл екеуіне де нағыз құрбандық болды. Қызын көргенде, Ефта “киімінің өңірін жыртып”, жүрегі қарс айрылғанын айтты. Ал қызы болса “пәк күйінде қалатыны үшін” жылады. Неге? Өйткені Ефтаның ұлы болған жоқ, ал жар дегенде жалғыз қызы енді тұрмысқа шығып, оған немере сүйгізе алмайтын. Осылайша Ефтаның артынан ұрпақ қалмай, әулетінің аты өшер еді. Бірақ екеуі де сезімдерінен гөрі маңызды бір жайт бар екенін түсінді. Ефта: “Ехобаға берген антым бар еді, енді сөзімді қайтып ала алмаймын,— дегенде, қызы:— Берген антыңыз болса, сөзіңізден таймаңыз”,— деп жауап берді (Билер 11:35—39). Ефта мен қызы адал жандар болған, сондықтан, өздеріне қанша қиын болса да, Құдай Тағалаға берген сертін бұзу ойларына кіріп те шықпаған (Мұсаның 5-жазбасы 23:21, 23; Зәбүр 15:4 оқыңыз).

7. а) Ханна қандай ант берді және неге? Мұның нәтижесі қандай болды? ә) Ханнаның анты Самуил үшін нені білдірді? (Сілтемені қараңыз.)

7 Ханна да қатты қиналып жүрген кезінде Ехобаға ант берген. Бедеулігі және осы үшін күндесінің көрсеткен қорлығы оның жанын жегідей жеп біткен еді (Самуилдің 1-жазбасы 1:4—7, 10, 16). Ол бар мұңын Ехобаға шағып, былай деп ант етті: “Уа, Әскербасы Ехоба, егер күңіңнің қасіретіне көңіл аударып, мені есіңе алсаң, күңіңді ұмыт қалдырмай ұл бала сыйласаң, уа, Ехоба, оны өмірінің соңына дейін өзіңе берер едім. Оның басына ешқашан ұстара тимес еді” * (Самуилдің 1-жазбасы 1:11). Дұғасы Ехобаның құлағына жетіп, Ханна келесі жылы ұлы Самуилді дүниеге әкелді. Оның қуанышы қойнына сыймағаны анық! Әйтсе де Ханна Құдайға берген антын ұмытпады. Баласы туылғанда, ол: “Мен оны Ехобадан сұрап алғанмын”,— деді (Самуилдің 1-жазбасы 1:20).

Ханна Құдайға берген сертінде тұру үшін жанына қымбат нәрселерді құрбан етуге дайын болған

8. а) Ханнаға антында тұру оңай болды ма? ә) Қалай Зәбүр жырының 61-тарауы Ханнаның керемет үлгісін еске салады?

8 Самуилді емшектен шығара салысымен, шамамен үш жас не одан асқан кезінде, Ханна Құдайға берген антында тұрды. Одан аттап кету Ханнаның ойына келген де емес. Ол Самуилді Шилодағы киелі шатырға, бас діни қызметкер Елидің алдына апарып: “Мен Ехобадан мына баланы сұрап жалбарынған едім, ол тілеуімді орындады. Енді мен баламды Ехобаға аманаттағалы отырмын. Ол өмірінің соңына дейін Ехобаға берген аманатым болмақ”,— деді (Самуилдің 1-жазбасы 1:24—28). Осы кезден бастап Самуил киелі шатырда өмір сүрді. Сол жерде “жас Самуил Ехобаның алдында өсіп, ержете берді” (Самуилдің 1-жазбасы 2:21). Алайда антына адал болу Ханнаға оңайға соқты ма? Жанындай жақсы көрген бөбегімен енді ол күнде сөйлесе алмай, оның балалық шағынан қапыда қалмақ еді. Ханна баласын құшағына алып, ойнатып, өз қолымен тамақтандыруды қатты аңсаған болар. Өсіп келе жатқан құлынымен осындай қуанышты сәттерді бірге өткізу кез келген ананың арман-тілегі емес пе?! Бірақ Ханна Құдайға берген сертінде тұрғанына еш өкінген жоқ. Бұл үшін ол жанына қымбат нәрселерді құрбан етуге дайын еді (Самуилдің 1-жазбасы 2:1, 2; Зәбүр 61:1, 5, 8 оқыңыз).

Ехобаға берген анттарыңызды орындап жүрсіз бе?

9. Қазір қандай сұрақтарға жауап аламыз?

9 Сонымен, біз Ехобаға ант берудің қаншалықты жауапты іс екенін көрдік. Ал енді келесі сұрақтарға тоқталып өтейік: қазіргі таңда біз қандай анттар беруіміз мүмкін? Оларды орындауға қаншалықты күш салуымыз керек?

БАҒЫШТАЛУ АНТЫ

Бағышталу анты (10-абзацты қараңыз)

10. Мәсіхші беретін ең маңызды ант қандай және ол нені білдіреді?

10 Мәсіхші беретін ең маңызды ант — оның өз өмірін Ехобаға бағыштаған кезде беретін анты. Ол жеке дұғасында, қандай жағдай болмасын, Құдайға мәңгі бақи қызмет ететінін уәде етеді. Исаның сөзімен айтсақ, ол “өзінен бас тартып”, өмірінде Құдайдың еркін бәрінен де жоғары қоямын деп серт береді (Матай 16:24). Сол күннен бастап адам “Ехобаның меншігі” болады (Римдіктерге 14:8). Бағышталу антын берген әркім бұған зәбүр жыршысы сияқты асқан жауапкершілікпен қарауы тиіс. Ол: “Ехобаның жасаған бар жақсылығын қалай өтеймін? Ехобаға берген анттарымды орындаймын, Мұны бүкіл халқының алдында жасаймын”,— деген (Зәбүр 116:12, 14).

11. Шомылдыру рәсімінен өткен күні жұртшылыққа нені паш еттіңіз?

11 Сіз өміріңізді Ехобаға бағыштап, мұны шомылдыру рәсімінен өту арқылы көрсеттіңіз бе? Осылай еткен болсаңыз, бұл өте керемет! Есіңізде болса, сол күні баяндамашы сізден Ехобаға бағышталдыңыз ба және Құдайға бағышталуыңыз бен шомылдыру рәсімінен өтуіңіз арқылы Ехоба куәгерлерінің бірі болатыныңызды түсінесіз бе деп сұраған болатын. Сіздің “иә” деген жауабыңыз өміріңізді Құдайға бағыштағаныңызды әрі оның тағайындалған қызметшісі ретінде шомылдыру рәсімінен өтуге лайық екеніңізді жұртшылыққа паш етті. Сол кезде Ехобаның кеудесін қуаныш кернегені сөзсіз!

12. а) Қандай сұрақтар жайлы ойланғанымыз жөн? ә) Петір қандай қасиеттер дамытуымыз керектігін айтқан?

12 Алайда шомылдыру рәсімі — жаңа өмірдің бастамасы ғана. Біз содан кейін де Құдайға адалдықпен қызмет етіп, бағышталуымызға сай өмір сүргіміз келеді. Сондықтан мынадай сұрақтар жайлы ойланып көрсек болады: шомылдыру рәсімінен өткелі бері рухани жетіле түстім бе? Ехобаға әлі де бар жан-тәніммен қызмет етемін бе? (Қолостықтарға 3:23). Жиі дұға айтамын ба? Киелі кітапты күнде оқимын ба? Қауым кездесулеріне үзбей барып тұрамын ба? Мүмкіндігінше уағыз ісіне атсалысам ба? Әлде осы рухани істерде құлшынысым бәсеңдеп қалды ма? Елші Петір қызметімізге салғырт қарап кетпеуіміз үшін сенімімізді, білімімізді, табандылық пен Құдайға шын берілгендікті дамытуға барынша күш салуымыз керектігін ескерткен (Петірдің 2-хаты 1:5—8 оқыңыз).

13. Бағышталып, шомылдыру рәсімінен өткен мәсіхші нені түсінуі керек?

13 Бағышталу антын берген соң, сөзімізді қайтып ала алмаймыз. Ехобаға қызмет етуден не мәсіхшілік өмір салтынан жалыққан адам кейіннен “мен ешқашан Құдайға шындап бағышталған емеспін, сондықтан шомылдыру рәсімімнің күші жоқ” деп айта алмайды *. Шын мәнінде, ол өзін Құдайға толықтай бағышталған адам ретінде көрсетті. Ал егер қандай да бір ауыр күнә жасаса, Ехоба мен қауымның алдында жауапты болады (Римдіктерге 14:12). Біз өзіміз туралы Исаның: “Сен алғашқы сүйіспеншілігіңді жоғалтып алдың”,— деп айтқанын қаламаймыз. Қайта, оның біз жайлы: “Сенің істеріңді, сүйіспеншілігіңді, сенімің мен қызметіңді, табандылығыңды және қазіргі істеріңнің бұрынғыдан көп екенін білемін”,— деп айтқанын қалар едік (Аян 2:4, 19). Ендеше, бар ықыласымызбен бағышталу антына сай өмір сүріп, Ехобаны қуанта бергейміз!

НЕКЕ АНТЫ

Неке анты (14-абзацты қараңыз)

14. Адамның өмірінде беруі мүмкін екінші маңызды анты қандай және неге ол маңызды?

14 Адам өмірінде беруі мүмкін екінші аса маңызды ант — неке анты. Неге? Өйткені неке — қасиетті құрылым. Күйеужігіт пен қалыңдық неке антын айтқанда, Құдайдың және көпшіліктің алдында уәде береді. Әдетте олар бір-бірін сүйіп, аялап, барынша құрметтеуді және Құдайдың некеге қатысты орнатқан құрылымына сәйкес жер бетінде бірге өмір сүрген уақыттың бәрінде солай етуді уәде етеді. Өзгелер тура осы сөздерді айтпайтын шығар, бірақ олар бәрібір Құдай алдында ант береді. Неке антын айтқан соң, олар ерлі-зайыпты болып саналады. Олардың некесі өмірлік одақ болу керек (Мұсаның 1-жазбасы 2:24; Қорынттықтарға 1-хат 7:39). Осы орайда Иса “Құдай қосқанды адам баласы”, соның ішінде күйеуі де, әйелі де, ажыратпау керектігін айтқан. Демек, некеге тұрайын деп жатқандар ажырасу дегенді ойларына да алмау керек (Марқа 10:9).

15. Неліктен мәсіхшілер некеге осы дүниедегі адамдар сияқты қарамау керек?

15 Әрине, мына жалғанда мінсіз адам жоқ екеніндей, мінсіз неке де жоқ. Сол себепті Киелі кітапта жұбайлардың “қиындықтарға кезігетіні” айтылған (Қорынттықтарға 1-хат 7:28). Өкінішке қарай, осы дүниеде көп адам некеге жеңіл-желпі қарайды. Олар егер дәм-тұзымыз жараспай жатса, айырылыса саламыз деп ойлайды. Бірақ мәсіхшілер некеге бұлай қарамайды. Олар неке антын Құдайдың алдында бергендерін түсінеді. Егер осы уәделерінен тайса, бұл Құдайға өтірік айтқанмен парапар болады, ал ол өтірікшілерді жек көреді (Мұсаның 3-жазбасы 19:12; Нақыл сөздер 6:16—19). Ерлі-зайыптылар елші Пауылдың “әйелің бар болса, одан кетудің жолын іздеме” деген сөздерін көңілдеріне мықтап бекітулері қажет (Қорынттықтарға 1-хат 7:27). Пауылдың бұлай айтуының себебі — ол Ехобаның опасыздық жасап ажырасатындарды жек көретінін білген (Малахи 2:13—16).

16. Киелі кітапта ажырасу мен бөлек тұруға қатысты не делінген?

16 Иса ажырасудың Киелі кітапқа негізделген жалғыз себебі бар екенін айтқан: егер ерлі-зайыптылардың бірі азғындық жасаса, кінәсіз жары оны кешіре алмай, ажырасуды шешуі мүмкін (Матай 19:9; Еврейлерге 13:4). Ал күйеу мен әйелдің бөлек тұруына қатысты не деуге болады? Киелі кітапта бұл туралы да анық айтылған (Қорынттықтарға 1-хат 7:10, 11 оқыңыз). Жазбаларда ерлі-зайыптылардың бөлек тұруына қатысты себептер келтірілмеген. Алайда кейбір мәсіхшілер белгілі бір жағдайларды жұбайынан бөлек тұрудың себебі ретінде қарастырады. Мысалы, қатыгездік жасайтын я жолдан тайғандарға тән көзқарасты ұстанатын жары бауырластың өміріне не рухани денсаулығына өте үлкен қауіп төндіріп жатса, ол бөлек тұруды шешуі мүмкін *.

17. Некелерін баянды ету үшін мәсіхші ерлі-зайыптылар не істей алады?

17 Ерлі-зайыптылар қауым ақсақалдарынан некедегі қиындықтарына қатысты кеңес сұрауы мүмкін. Сонда ақсақалдардың олардан “Шын сүю деген не?” деген бейнефильмді жақында көрген-көрмегенін және “Бақытты отбасы — баянды ғұмыр” кітапшасын бірге зерттеген-зерттемегенін сұрағандары абзал. Себебі бұл құралдарда отбасын берік етуге көмектесетін Киелі кітап принциптеріне назар аударылады. Бір ерлі-зайыпты: “Осы кітапшаны зерттегелі бері некеміздің іргесі беки түсті”,— деп ой бөлісті. Ал 22 жыл отауласқан соң, шаңырағы ортаға түсе жаздаған әйел бауырлас былай деді: “Күйеуім екеуміз де шомылдыру рәсімінен өткенбіз, бірақ екеуміз эмоциялық жағынан екі түрліміз. Бейнефильм бізге дер кезінде көмектесті! Қазір қарым-қатынасымыз әлдеқайда жақсы”. Егер некеде тұрған болсаңыз, Ехобаның принциптерін қолданыңыз. Сонда қуанышпен неке антына сай өмір сүре аласыз.

АРНАЙЫ ТОЛЫҚ УАҚЫТТЫ ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ АНТЫ

18, 19. а) Көптеген мәсіхші ата-аналар балаларын не нәрсеге талпындырған? ә) Арнайы толық уақытты қызметшілер туралы не деуге болады?

18 Жоғарыда айтылған Ефта мен Ханнаға тағы не нәрсе ортақ болғанын байқадыңыз ба? Берген уәделері бойынша, Ефтаның қызы да, Ханнаның ұлы да өмірлерін киелі шатырдағы арнайы қызметке бағыштады. Бүгінде көптеген мәсіхші ата-аналар балаларын толық уақытты қызметті бастап, бар назарларын Құдайға деген қызметтеріне аударуға талпындырған. Осы алған беттерінен қайтпас үшін, бәріміз де мұндай жастарға жігер беріп отырсақ болады (Билер 11:40; Зәбүр 110:3).

Арнайы толық уақытты қызметшілердің анты (19-абзацты қараңыз)

19 Қазіргі таңда шамамен 67 000 бауырлас Ехоба куәгерлерінің арнайы толық уақытты қызметшілерінің дүниежүзілік одағының мүшесі болып табылады. Олардың кейбірі Бетелде қызмет етсе, біреулері құрылыс ісінде не аудандық қызметте еңбек сіңіруде. Тағы біреулері танаптағы оқытушылар *, арнайы ізашарлар, миссионерлер, Конгресс сарайларының не Киелі кітап мектептеріне арналған ғимараттардың қызметшілері ретінде тер төгуде. Олардың бәрі “Мойынсұну мен қарапайым өмір сүру антын” берген. Бұл антқа сай, олар Патшалықтың мүддесін алға жылжытуда кез келген тапсырманы атқаруды, қарапайым өмір сүруді және рұқсатсыз осы дүниелік жұмыс істемеуді уәде етеді. Олардың өздері емес, атқаратын қызметтері ерекше болып есептеледі. Олар арнайы толық уақытты қызметті атқарып жүрген кездің бәрінде кішіпейілділікпен анттарына сай өмір сүрудің маңызды екенін түсінеді.

20. “Күн сайын” не істеуіміз керек және неге?

20 Сіз осы мақалада талқыланған анттардың қаншасын бердіңіз: біреуін, екеуін не үшеуін де ме? Біз берген анттарымызға атүсті қарамай, сөзімізде тұру үшін бәрін істеуіміз керектігін түсінеміз (Нақыл сөздер 20:25). Ехобаға берген сертімізден тайсақ, мұның арты насырға шабуы мүмкін (Уағыздаушы 5:6). Олай болса, келесі сөздерді айтқан зәбүр жыршысына еліктейік: “Мен есіміңді әнге қосып, мәңгі бақи мадақтаймын, Берген анттарымды күн сайын орындаймын” (Зәбүр 61:8).

^ 7-абзац Егер Ехоба өзіне ұл сыйласа, Ханна оның өмір бақи назир болатынын, яғни Ехобаға қызмет етуге бағышталатынын не бөлініп алынатынын уәде еткен (Мұсаның 4-жазбасы 6:2, 5, 8).

^ 13-абзац Ақсақалдар әлдекімнің шомылдыру рәсімінен өтуге лайықты екенін анықтарда онымен көптеген жайттарды қарастырады. Сондықтан шомылдыру рәсімінің күші жоғалатын жағдайлар өте сирек.

^ 16-абзац “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар” кітабының “Ажырасу мен бөлек тұруға қатысты Киелі кітаптың көзқарасы” деген қосымшасын қараңыз.

^ 19-абзац Танаптағы оқытушылар — Патшалықты жариялаушыларға, Қауым ақсақалдарына, Аралаушы бақылаушылар мен олардың әйелдеріне арналған мектептерді өткізетін ер бауырластар. Олар көбінесе сабақты Конгресс сарайларында, Патшалық сарайларында я Киелі кітап мектебіне арналған ғимараттарда өткізеді.