Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Азаттықтың Құдайы Ехобаға қызмет етейік

Азаттықтың Құдайы Ехобаға қызмет етейік

“Ехобаның рухы бар жерде азаттық бар” (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 2-ХАТ 3:17).

ӘНДЕР: 11, 137

1, 2. а) Неге елші Пауылдың күндерінде құлдық пен азаттық өзекті мәселе болған? ә) Елші Пауыл нағыз азаттықтың Қайнар көзі деп кімді атады?

АЛҒАШҚЫ мәсіхшілер Рим империясында өмір сүрген. Ондағы адамдар заңдарын, әділ сот жүйесі мен еркіндіктерін қатты мақтан тұтатын. Дегенмен ауыр жұмыстың басым бөлігін құлдар атқаратын. Бір кездері осы мықты империяның қол астындағы әр 3 адамның 1-еуі құл болған. Сондықтан халық арасында, соның ішінде мәсіхшілер үшін де, құлдық пен азаттық өзекті мәселе болатын.

2 Елші Пауыл азаттық жайлы жиі жазған. Бірақ ол сол кездегі көпшілік сияқты осы дүниенің мәселелерін шешуге тырыспаған. Оның орнына, Пауыл мен басқа да мәсіхшілер көп тер төгіп, адамдарға Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабарды жеткізген және Иса Мәсіхтің төлем құрбандығының қаншалықты бағалы екенін түсінуге көмектескен. Пауыл мәсіхшілерге нағыз азаттықтың Қайнар көзі кім екенін айтқан. Ол: “Ехоба — Рух. Ехобаның рухы бар жерде азаттық бар”,— деп жазған (Қорынттықтарға 2-хат 3:17).

3, 4. а) Қорынттықтарға 2-хат 3:17-нің алдындағы тармақтарда Пауыл не туралы айтқан? ә) Ехобадан келетін азаттыққа ие болу үшін не істеуіміз қажет?

3 Пауыл Қорынттықтарға арналған екінші хатында Мұса Ехобаның періштесінің алдынан кетіп, Синай тауынан түскенде не болғанын айтты. Мұсаның бет-жүзі нұр шашып жарқырап тұрған еді! Исраилдіктер мұны көріп қорқып кеткендіктен, Мұса бетін пердемен жауып қойды (Мұсаның 2-жазбасы 34:29, 30, 33; Қорынттықтарға 2-хат 3:7, 13). Пауыл: “Ал адам Ехобаға бет бұрса, бұл перде алынып тасталады”,— деген (Қорынттықтарға 2-хат 3:16). Оның сөздері нені білдіреді?

4 Алдыңғы мақаладан білгеніміздей, бәрін жаратқан Ехоба Құдай ғана шексіз, толық еркіндікке ие. Демек, “Ехобаның рухы бар жерде” азаттық бар. Егер біз осы азаттыққа жеткіміз келсе, Пауыл айтқандай, Ехобаға бет бұруымыз қажет. Бұл дегеніміз онымен тығыз қарым-қатынаста болуды білдіреді. Шөл далада жүргенде исраилдіктер Ехобанікіндей көзқарас танытпай, тек адами көзқарас танытқан. Олардың саналары мен жүректерін перде жауып тұрғандай еді. Олар енді ғана қол жеткізген азаттықтарын қара бастарының қалауын қанағаттандыру үшін қолданғысы келді (Еврейлерге 3:8—10).

Тіпті түрмеде отырған адам азаттыққа ие бола алады

5. а) Ехобаның рухы бізді қандай азаттыққа жеткізеді? ә) Біреу құлдықта не түрмеде болса да, Ехоба беретін азаттықтан айырылмайтынын қайдан білеміз? б) Қандай сұрақтардың жауабын қарастырамыз?

5 Ехобаның рухы беретін азаттық құлдықтан азат етілуден де керемет. Бұл рух адамзаттың қолы ешқашан жетпеген азаттыққа жеткізеді. Ол бізді күнә мен өлімнің құлдығынан және жалған ғибадат пен соған қатысы бар дәстүрлердің құлдығынан азат ете алады (Римдіктерге 6:23; 8:2). Неткен тамаша азаттық десеңізші! Тіпті құлдықта жүрген не түрмеде отырған адамның өзі бұл азаттыққа ие бола алады (Мұсаның 1-жазбасы 39:20—23). Нэнси Юэн мен Харольд Кинг бауырластарымыз сенімдері үшін бірталай жыл абақтыда отырса да, оларда осындай азаттық болды. Олардың өз оқиғасын қалай баяндағанын JW Broadcasting арнасынан көре аласыз (СҰХБАТТАР МЕН ӨМІРДЕ БОЛҒАН ОҚИҒАЛАР/ТАР ЖОЛ ТАЙҒАҚ КЕШУ деген жерге кіріңіз). Қазір екі сұрақтың жауабын қарастырып көрейік: Азаттығымыз біз үшін аса бағалы екенін қалай дәлелдей аламыз? Еркіндігімізді қалай даналықпен қолдана аламыз?

ЕХОБА БЕРЕТІН АЗАТТЫҚ ӨТЕ БАҒАЛЫ

6. Исраилдіктер Ехоба берген азаттықтың қадірін білмегені неден көрінеді?

6 Біреуден бағалы сыйлық алғанда, біз сол адамға риза боламыз. Ал исраилдіктер Ехоба берген азаттықтың қадірін білмеді. Мысырдың құлдығынан босағандарына небәрі бірнеше ай болғанда, олар сондағы ішіп-жеген тамақтарын аңсай бастады. Халық Ехоба азық етіп берген маннаны жақтырмай, наразылық білдірді. Тіпті Мысырға қайтқысы келді! Олар үшін Ехобаға ғибадат етуге мүмкіндік беретін азаттықтан гөрі, “балық, қияр, қарбыз, жуа, пияз, сарымсақ” бағалы болды. Ехобаның оларға неліктен ашуланғаны түсінікті-ақ (Мұсаның 4-жазбасы 11:5, 6, 10; 14:3, 4). Бұл біз үшін маңызды сабақ болып табылады.

7. Қорынттықтарға 2-хат 6:1-дегі кеңесін Пауыл өзі қалай қолданды және бұл кеңесті біз қалай қолдана аламыз?

7 Пауыл барлық мәсіхшілерге ескертіп, Ехобаның Ұлы Иса Мәсіх арқылы берген азаттығын бағаламай кетуден аулақ болуды айтқан (Қорынттықтарға 2-хат 6:1 оқыңыз). Пауыл кемелсіз, күнә мен өлімнің құлы болған, әрі сол үшін өте жаман күй кешкен. Бірақ ол: “Иеміз Иса Мәсіх арқылы мені құтқарып алатын Құдайға рақмет!”— деген. Ол неге бұлай айтқан? Пауыл мұны бауырластарына былай түсіндірді: “Себебі Мәсіх Исамен бірліктегілерге өмір беретін рух заңы сені күнә мен өлімнің заңынан босатты” (Римдіктерге 7:24, 25; 8:2). Біз де Пауыл сияқты, Ехобаның бізді күнә мен өлімнің құлдығынан азат еткенін ешқашан ұмытпауымыз керек. Төлемнің арқасында біз Құдайымызға таза ар-ұжданмен қызмет ете аламыз, әрі бұл бізді шынымен қуанышқа бөлейді (Зәбүр 40:8).

Таңдау еркіңізді Ехобаның қалауын орындау үшін қолданасыз ба, әлде өз қалауыңызды орындау үшін бе? (8—10 абзацтарды қараңыз)

8, 9. а) Еркіндігімізді қалай қолдануымыз керектігіне қатысты елші Петір қандай ескерту айтқан? ә) Адам өзінің еркіндігін қалай бұрыс қолданып кетуі мүмкін?

8 Біз Ехобаға алғыс айтып қана қоймай, еркіндігімізді бұрыс қолданып кетуден аулақ болуымыз керек. Мысалы, елші Петір еркіндігімізді жаман істерімізді ақтау үшін қолданбау керектігін ескерткен (Петірдің 1-хаты 2:16 оқыңыз). Бұл ескерту шөл далада исраилдіктермен не болғанын есімізге салады. Бүгінде біз үшін бұл ескертудің маңыздылығы бұрынғыдан да зор сияқты. Өйткені Шайтан мен оның дүниесі бізге киетін, ішіп-жейтін, көңіл көтеретін көптеген тартымды нәрселерді ұсынуда. Жарнама жасаудың қас шеберлері келбетті адамдарды қолданып, қандай да бір затты, шын мәнінде қажет етпесек те, сатып алуымыз керек деген ойға иландырады. Осы дүниенің арбауына беріліп, еркіндігімізді бұрыс қолданып кету оп-оңай болуы мүмкін.

9 Петірдің кеңесін өмірдегі әлдеқайда үлкен мәселелерде де қолдануға болады. Мысалы, білім алу, жұмыс істеу не мансап қууға қатысты таңдау жасағанда. Бүгінде жастарға ең жақсы жоғары оқу орнына түсу үшін барынша тырмысу керек деп, жан-жақты қысым көрсетіледі. Көбісі оларға жоғары білім алса, жақсы жұмысқа тұрып, дәулетті және құрметті адам болатынын айтып жатады. Олар орта білімділерге қарағанда, жоғары оқу орнын бітіргендер көбірек ақша табатынын дәлелдейтіндей көрінетін мәліметтер келтіруі мүмкін. Бүкіл өмірлеріне әсер ететін шешім қабылдар кезде, жастарға жоғары білім алу табылған ақыл болып көрінетін шығар. Бірақ олардың өздері және ата-аналары нені естен шығармау керек?

10. Жеке мәселеге қатысты шешім қабылдағанда нені ұмытпауымыз қажет?

10 Кейбірі: “Бұл әркімнің жеке мәселесі ғой, ар-ұжданы мазаламайтын болса, адам өз қалағанын таңдауға ерікті”,— деп ойлауы мүмкін. Олар Пауылдың: “Басқа біреудің ар-ұжданының менің еркіндігімді айыптағанын қаламаймын”,— деген сөздерін келтіретін шығар (Қорынттықтарға 1-хат 10:29). Қандай білім алып, қандай жұмысқа тұратынымызды таңдауға ерікті болғанымызбен, еркіндігіміздің шектеулі екенін және әр шешіміміздің салдары болатынын ұмытпауымыз қажет. Сол себептен де Пауыл былай деген: “Бәрін істеуге болады, бірақ бәрі бірдей пайдалы емес. Бәрін істеуге болады, бірақ бәрі бірдей рухани нығайтпайды” (Қорынттықтарға 1-хат 10:23). Демек, жеке мәселелерде таңдау еркіміздің болғаны қалауымыз ең басты орында тұру керек дегенді білдірмейді.

ЕХОБАҒА ҚЫЗМЕТ ЕТСЕК, ЕРКІНДІГІМІЗДІ ДАНАЛЫҚПЕН ҚОЛДАНАМЫЗ

11. Ехоба бізді не үшін азат етті?

11 Петір еркіндігімізді бұрыс қолданбауды ескерткен кезде, оны дұрыс қолданудың жолы “Құдайдың құлдары ретінде” пайдалану екенін айтқан. Біз бүкіл ғұмырымызды Ехобаға қызмет етуге арнай аламыз. Ехоба бізді Иса арқылы күнә мен өлімнің құлдығынан сол үшін азат еткен.

Еркіндігімізді қолданудың ең дұрыс жолы — уақытымыз бен күшімізді Ехобаға толықтай қызмет етуге арнау

12. Нұх пен оның отбасы бізге қай жағынан үлгі қалдырды?

12 Еркіндігімізді қолданудың ең дұрыс жолы — уақытымыз бен күшімізді Ехобаға толықтай қызмет етуге арнау. Солай етсек, осы дүниелік мақсаттар мен жеке басымыздың қалаулары өмірімізде ең басты орынға шығып кетпейді (Ғалаттықтарға 5:16). Нұх пен оның отбасын еске алайықшы. Олар зорлық-зомбылық пен азғындық жайлаған әлемде өмір сүрсе де, айналасындағы адамдардың мақсаттары мен істеріне еш қатысы болмады. Олар Ехоба тапсырған істі бас алмай атқаруды шешті. Олар кеме жасады, өздеріне және жануарларға азық жинады, сондай-ақ жұртқа Топан су жайлы ескертті. “Нұх бәрін Құдайдың бұйырғаны бойынша жасады. Құдай қалай айтса, дәл солай істеді” (Мұсаның 1-жазбасы 6:22). Ал нәтижесінде, сол дүние жойылғанда Нұх отбасымен бірге аман қалды (Еврейлерге 11:7).

13. Ехоба бізге не істеуді бұйырды?

13 Ал бүгінгі күні Ехоба бізге не тапсырды? Исаның шәкірттері болғандықтан, Құдай бізге уағыздауды бұйырғанын білеміз (Лұқа 4:18, 19 оқыңыз). Бүгінде Шайтан адамдардың басым көпшілігінің санасын соқыр қылып қойған. Сол себептен де олар жалған дінге, дүние-мүлікке, саяси жүйеге құл болып жүргендерін аңғармайды (Қорынттықтарға 2-хат 4:4). Иса сияқты, біз де адамдарға азаттықтың Құдайы Ехобаны танып-біліп, оған ғибадат етуге көмектесу мәртебесіне иеміз (Матай 28:19, 20). Адамдарға уағыздау оңай емес, әрине. Кейбір жерлерде адамдар Құдай жайлы білгісі келмейді, ал кейбірі тіпті ашуланып жатады. Бірақ Ехоба бізге уағыздауды бұйырғандықтан: “Еркіндігімді Ехобаға көбірек қызмет ету үшін қолдана аламын ба?”— деп ойланғанымыз жөн.

14, 15. Ехобаның көп қызметшісі қандай шешім қабылдаған? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

14 Бір қуантарлық жайт, Ехобаның көп қызметшісі осы дүниенің ақыры өте жақын қалғанын түсініп, қарапайым өмір сүруді және ізашар болып қызмет етуді таңдап жатыр (Қорынттықтарға 1-хат 9:19, 23). Олардың кейбірі өзі тұратын жерде ізашар болып қызмет етсе, басқалары көмекке мұқтаж қауымдарға көшіп баруда. Соңғы бес жыл ішінде 250 000-нан астам бауырлас ізашарлық қызметті бастады, қазір тұрақты ізашарлардың саны 1 100 000-нан асады. Соншама адамның өз еркіндіктерін Ехобаға қызмет ету үшін осылай қолданып жатқаны неткен керемет! (Зәбүр 110:3).

15 Еркіндігін даналықпен қолдануға оларға не көмектесті? Соңғы 30 жыл ішінде бірнеше елде қызмет еткен Джон мен Джудитті алайық. Олардың айтуынша, 1977 жылы Ізашарлық қызмет мектебі басталғанда, оқушылар қажеттілік бар жерлерге көшіп, сонда қызмет етуге талпындырылған. Осылай ету үшін Джон мен Джудитке қарапайым өмір кешу маңызды еді. Сондықтан Джон жұмысын жиі ауыстырған. Сөйтіп жүріп, екеуі уағыздау мақсатымен шетелге көшіп барады. Оларға жаңа тілді игеру, өзге мәдениет пен ауа райына үйрену секілді қиындықтарды жеңуге не көмектесті? Олар Ехобаға дұға етіп, оның көмегіне арқа сүйеді. Көп жыл бойы Ехобаға осылай қызмет етіп келе жатқандары оларды қандай сезімге бөлейді? Джон былай деді: “Бұл өмірімдегі беріле атқарған ең керемет іс болды деп ойлаймын. Ехобаның шынында да бар екеніне көзім жете түсті, ол маған тура бір мейірімді әкедей болып кетті. Жақып 4:8-дегі: “Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды”,— деген сөздерді терең түсінетін болдым. Өмірде қанағат сыйлайтын мән-мағынаны іздеген едім, соны тапқанымды түсіндім”.

16. Мыңдаған бауырлас еркіндіктерін қалай даналықпен қолдануда?

16 Кейбіреулер Джон мен Джудит сияқты ұзақ уақыт ізашар болып қызмет ете алады. Ал кейбірі жағдайға байланысты ізашарлық қызметті шамалы уақыт қана атқара алады. Десе де көп бауырластар дүниежүзілік құрылыс жобаларына ерікті қызметші болып баруда. Мысалы, Уорвиктегі (Нью-Йорк) дүниежүзілік бас басқарманы соғуға 27 000-ға жуық бауырлас атсалысты. Кейбірі екі аптаға келсе, өзгелері бірнеше айға, ал басқалары бір не одан да көп жылға келген. Бұл бауырластардың көбі Уорвикте қызмет ету үшін құрбандықтарға барған. Олар еркіндіктерін азаттықтың Құдайы Ехобаны мадақтап, дәріптеу үшін қолданудың тамаша үлгісін көрсетті!

17. Қазірдің өзінде азаттығымызды даналықпен пайдаланатын болсақ, болашақтан не күте аламыз?

17 Ехобаны танып-біле алғанымыз үшін және оған ғибадат ету арқылы ие болған азаттық үшін алғысымыз шексіз. Қабылдаған шешімдерімізбен осы азаттығымызды айрықша бағалайтынымызды көрсете берейік. Оны бұрыс қолданудың орнына, Ехобаға мүмкіндігінше толықтай қызмет етуге қолданайық. Сонда Ехобаның келесі пайғамбарлығы орындалған кезде төгілетін баталарға кенеле аламыз: “Жаратылыстың да күнә мен өлімнің құлдығынан босап, Құдай балаларының салтанатты бостандығына жетуге үміті бар” (Римдіктерге 8:21).