Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жастар, рухани мақсаттарды көздейсіңдер ме?

Жастар, рухани мақсаттарды көздейсіңдер ме?

“Бар ісіңді Ехобаға сеніп тапсыр, сонда жоспарларың іске асар” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 16:3).

ӘНДЕР: 89, 24

1—3. а) Жастардың барлығына не істеу керек және мұны немен салыстыруға болады? (Мақаланың басындағы суретті қара.) ә) Мұндай жағдайда жас мәсіхшілерге не көмектеседі?

ЕЛЕСТЕТІП КӨРШІ. Сен алыстағы бір қалада өтетін ерекше жиынға барғалы жатырсың делік. Ол жаққа жету үшін автобусқа отыруың керек. Автобекетке келгенде, қаптаған адамдар мен автобустарды көріп, біраз абыржып қаласың. Бірақ, қуанышқа орай, сен қайда баратыныңды, қай автобусқа отыратыныңды нақты білесің. Басқа ешқандай автобусқа отырмайсың, өйткені олар сені мүлдем басқа жаққа апарып тастайтынын білесің.

2 Өмір де саяхат сияқты. Ал сендер, жастар, автобекетте тұрған адамдарға ұқсайсыңдар. Кейде өмірде шешімдер мен таңдаулардың көп болатыны сонша — абдырап қалуың мүмкін. Бірақ қайда барғың келетінін нақты білсең, дұрыс шешім қабылдау оңайырақ болады. Ендеше, сенің қай бағытта жүргенің дұрыс?

3 Бұл мақала осы сұраққа жауап береді. Сондай-ақ сені Ехобаға ұнамды болуды көздеуге талпындырады. Бұл дегеніміз білім алу, жұмысқа тұру, неке құру және балалы болу сияқты кез келген мәселеде Ехобаның ақыл-кеңесіне жүгіне отырып шешім қабылдауды білдіреді. Бұған қоса, рухани мақсаттарға, яғни Ехобаға жақындай түсуге көмектесетін мақсаттарға ұмтылуды да қамтиды. Назарыңды Ехобаға қызмет етуден тайдырмасаң, ол саған батасын беріп, табысқа жетуге көмектесетініне күмәнданбасаң болады (Нақыл сөздер 16:3 оқы).

НЕГЕ РУХАНИ МАҚСАТТАР ҚОЮ КЕРЕК?

4. Бұл мақалада біз не қарастырамыз?

4 Рухани мақсаттар қойғанның пайдасы зор. Неге? Мұның үш себебін қарастыратын боламыз. Бірінші және екінші себебінен рухани мақсаттарға ұмтылу Ехобамен достығыңды одан бетер нығайтатынын көресің. Ал үшінші себебінен осындай мақсаттарға жастайыңнан ұмтылғаның неліктен пайдалы екенін көре аласың.

5. Рухани мақсаттар қоюдың ең басты себебі қандай?

5 Рухани мақсаттар қоюдың ең басты себебі — Ехобаның сүйіспеншілігіне және оның біз үшін жасаған игіліктеріне ризашылық білдіру. Зәбүр жыршыларының бірі: “Ехобаға алғыс айтқан жақсы... Өйткені, уа, Ехоба, істеріңмен мені қуантасың; Қолыңмен жасаған істерді көріп, шаттана ән саламын”,— деген (Зәбүр 92:1, 4). Ехобаның саған қаншама нәрсе бергенін ойлашы. Ол саған өмір, сенім, Киелі кітап, қауым және жұмақта мәңгі өмір сүру үмітін берді. Алдыңа рухани мақсаттар қояр болсаң, Ехобаға барлық жақсылығы үшін риза екеніңді көрсетесің және оған жақындай түсесің.

6. а) Рухани мақсаттар Ехобамен қарым-қатынасыңа қалай әсер етеді? ә) Жас кезіңде қандай мақсаттар қоюыңа болады?

6 Екінші себебін алсақ, рухани мақсаттарға жету үшін әрекеттенген кезде, сен Ехобаға ұнамды істер істейсің. Бұл да сені оған жақындата түседі. Елші Пауыл былай деп уәде еткен: “Құдай әділетсіз емес. Ол... өзінің есіміне деген сүйіспеншіліктерің мен еңбектеріңді ұмытпайды” (Еврейлерге 6:10). Мақсаттар қоюға ешқашан ерте емес. Мысалы, Кристин 10 жасында адал бауырластардың өмірбаяндарын жүйелі түрде оқуды мақсат еткен. Тоби шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын Киелі кітапты толық оқып шығуды ұйғарғанда 12 жаста болған. Максим 11 жасында, ал қарындасы Ноеми 10 жасында шомылдыру рәсімінен өткен. Екеуі де Бетелде қызмет етуді мақсат еткен. Осы мақсаттарын көз алдарында ұстау үшін олар Бетелде қызмет етуге арналған өтініш қағазын үйлеріндегі қабырғаға іліп қойған. Ал сен жайлы не деуге болады? Сенің қандай мақсаттарың бар? Оларға қол жеткізу үшін не істей аласың? (Філіпіліктерге 1:10, 11 оқы).

7, 8. а) Неге мақсаттар қойсаң, шешімдер қабылдау оңайырақ болады? ә) Неге бір бауырлас жасөспірім кезінде университетке түспеуді шешкен?

7 Жастайыңнан мақсаттар қоюдың неліктен пайдалы екеніне үшінші себеп келтірейік. Жас болғандықтан, сенің көп шешімдер қабылдауың қажет. Мысалы, қандай білім алатыныңды, қандай жұмысқа тұратыныңды және басқа да көп жайттарды шешіп алуың керек. Өмірдегі мұндай шешімдер сапар кезінде алдыңнан шығатын жолайрыққа ұқсайды. Қайда бара жатқаныңды білсең, қай жолмен жүретініңді шешу оңай болады. Сол сияқты, мақсаттарыңның қандай екенін білсең, дана шешімдер қабылдау оңайырақ болады. Нақыл сөздер 21:5-те: “Ынталының жоспарлары табысқа жетелер”,— делінген. Неғұрлым ертерек жақсы мақсаттар қойып, жоспар құрсаң, соғұрлым тезірек табысқа жетесің. Дамаристің жағдайында солай болған. Жасөспірім кезінде ол маңызды бір шешім қабылдаған.

8 Дамарис мектепті өте жақсы бағамен бітірген. Сондықтан университеттің заң факультетіне тегін түсе алатын. Бірақ ол мұның орнына, қарапайым жұмысқа тұруды шешті. Неге? Өйткені ол кішкентайынан ізашар болуды мақсат етіп қойған. Ол былай дейді: “Бұл үшін көп уақыт алмайтын жұмысқа тұруым керектігін түсіндім. Әрине, университет дипломымен көп ақша табар едім, бірақ жартылай уақытты жұмыс табуым қиын болар еді”. Дамарис 20 жылдан бері ізашар болып келеді. Ол қойған мақсаты мен жасөспірім кезінде қабылдаған шешімі туралы не ойлайды? Ол дұрыс таңдау жасадым деп санайды. Жұмысында ол көптеген заңгерлерді кездестіреді екен. Өзі де университетте оқып шыққанда, солар сияқты жұмыс істер еді. Оның айтуынша, олардың көбісінің өз жұмыстарына мүлдем көңілдері толмайды. Дамарис ізашарлық қызмет өзіне жылдар бойы көп қуаныш сыйлағанын және сол адамдар сияқты бақытсыз болудан сақтап қалғанын айтады.

9. Неге біз жастарымызды мақтан тұтамыз?

9 Дүниежүзі бойынша мыңдаған жастар дұрыс әрекет етіп жүр. Олар мақтауға әбден лайық. Ехобамен достық қарым-қатынастары және рухани мақсаттары олардың өмірінде басты орында тұр. Бұл жастар өмірден нағыз қуаныш алып жүр. Сондай-ақ олар білім, жұмыс не отбасы өмірі сияқты мәселелердің бәрінде Ехобаның нұсқауларына құлақ асуды үйренуде. Сүлеймен патша былай деген: “Ехобаға бар жүрегіңмен сенім арт... Барлық ісіңде оны ескер, сонда ол жолыңды тегістер” (Нақыл сөздер 3:5, 6). Жастар, Ехоба сендерді қатты жақсы көреді! Сендер ол үшін өте бағалысыңдар. Ол сендерді қорғайды, басшылығы мен батасын береді.

ӨЗГЕЛЕРГЕ ЕХОБА ТУРАЛЫ АЙТУ ҮШІН ЖАҚСЫЛАП ДАЙЫНДАЛ

10. а) Неге уағыз ісі біз үшін ең маңызды істердің қатарында болу керек? ә) Нанымдарыңды жақсырақ түсіндіру үшін не істей аласың?

10 Ехобаға ұнамды болуды көздесең, ол жайлы басқаларға айтқың келері сөзсіз. Иса Мәсіх “алдымен барлық халықтарға ізгі хабар уағыздалу керектігін” айтқан (Марқа 13:10). Уағыз ісі шұғыл болғандықтан, біз үшін ол ең маңызды істердің қатарында болу керек. Сен әдеттегіден көбірек уағыздауды мақсат ете аласың ба? Ізашар бола алар ма едің? Ал егер уағыздауды онша ұнатпасаң ше? Өзгелерге нанымдарыңды жақсырақ түсіндіру үшін не істей аласың? Саған екі нәрсе көмектеседі: біріншіден, жақсылап дайындал, екіншіден, еш берілмей, Ехоба туралы білгендеріңді айта бер. Сонда уағыздаудың қаншалықты көп қуаныш әкелетінін көріп, таңғалуың мүмкін.

Өзгелерге Ехоба туралы айту үшін қалай дайындаласың? (11, 12-абзацты қара)

11, 12. а) Өзгелерге Ехоба туралы айту үшін қалай дайындала аласың? ә) Бір жас бауырлас мектепте Ехоба туралы айтудың мүмкіндігін қалай пайдаланды?

11 Ең алдымен, сыныптастарың қоюы мүмкін сұрақтардың жауабын дайында. Олар: “Сен не үшін Құдайға сенесің?”— деп сұрауы мүмкін. Біздің jw.org сайтымызда саған бұл сұраққа жауап беруге көмектесетін мақалалар бар. КИЕЛІ КІТАП ТӘЛІМДЕРІ / ЖАСТАР деген жерге кірсең, “Мен неге Құдайдың барына сенемін?” деген жұмыс парағын көресің. Өзіңнің жеке жауабыңды дайындау үшін жұмыс парағындағы әр қадамды орындап шық. Сол жерден қолдануыңа болатын үш тармақты көресің: Еврейлерге 3:4, Римдіктерге 1:20 және Зәбүр 139:14. Сайтта көптеген сұрақтарға жауаптар дайындауға көмектесетін бұдан басқа да жұмыс парақтары бар (Петірдің 1-хаты 3:15 оқы).

12 Сыныптастарыңа jw.org сайтына өздері кіріп көре алатындарын айт. Лука солай еткен. Бірде сыныбында түрлі діндер туралы қарастырылғанда, ол оқулығында Ехоба куәгерлері туралы қате мәлімет жазылғанын көреді. Сонда Лука қобалжып тұрса да, мұғалімінен жазылған мәліметтің неге қате екенін сыныпқа түсіндіріп беруге рұқсат сұрайды. Мұғалімі оған рұқсат бергенде, ол бүкіл сыныпқа нанымы жайлы айтады және jw.org сайтын көрсетеді. Сонда мұғалімі оқушыларға үй жұмысы ретінде “Бұзақыларды жұдырықсыз жеңе біл!” деген бейнероликті көріп келуді тапсырады. Лука мектепте Ехоба туралы айтқаны үшін қалай қуанғанын елестете аласың ба?

13. Неге қиындыққа кезіккен кезде еш берілмеуіміз керек?

13 Қиындыққа кезіккен кезде ұнжырғаңды түсірмей, мақсаттарыңа әрі қарай ұмтыла бер (Тімөтеге 2-хат 4:2). Катарина солай еткен. 17 жасында ол әріптестерінің бәріне уағыздауды мақсат етіп қойған. Сонда бір әріптесі ауыр сөздер айтып, оны бірнеше рет ренжітеді. Бірақ Катарина өз мақсатын естен шығармайды. Оның әдепті жүріс-тұрысы Ханс деген басқа бір әріптесіне қатты әсер етеді. Содан ол әдебиеттерімізді оқи бастайды, Киелі кітапты зерттейді, шомылдыру рәсімінен өтеді. Катарина ол кезде басқа жаққа көшіп кеткендіктен, мұның ешқайсысын білмейді. Арада 13 жыл өткенде, Катарина таңғаларлық жағдайдың куәсі болады. Ол отбасымен қауымға келгенде, көпшілікке арналған баяндаманы айтатын бауырластың Ханс екенін біледі! Ол кезінде әріптестеріне уағыздаймын деген мақсатынан еш таймағанына шексіз қуанышты болды.

МАҚСАТТАРЫҢДЫ ЕСТЕН ШЫҒАРМА

14, 15. а) Қысымға кезіккенде нені есте ұстауың керек? ә) Өзгелердің қысымына беріліп қалмау үшін не істей аласың?

14 Көргеніміздей, бұл мақала сені Ехобаға ұнамды болуды көздеуге және рухани мақсаттар қоюға талпындыруда. Бірақ сен қатарлы жастардың көбісі тек көңіл көтеруді ғана ойлайды. Бәлкім, олар сенің де солай еткеніңді қалайтын шығар. Мақсаттарыңа қол жеткізудің сен үшін қаншалықты маңызды екенін ертелі-кеш өзгелерге көрсетуің керек болады. Ешкімнің өзіңе қысым жасап, мақсаттарыңды ұмыттыруына жол берме. Мақаланың басында айтылып кеткен автобекетте тұрсаң, ішіндегі адамдар жақсы уақыт өткізіп жатыр екен деп, кез келген автобусқа отыра кетер ме едің? Әрине, жоқ!

15 Басқалар сені өздеріне еруге қыштаған кезде, беріліп қалмау үшін не істей аласың? Қысымға қарсы тұру қиын болатын жағдайлардан аулақ жүр (Нақыл сөздер 22:3). Жаман істердің арты қандай қайғылы жағдайларға әкеп соғатынын ойла (Ғалаттықтарға 6:7). Дана кеңеске мұқтаж екеніңді кішіпейілділікпен мойындай біл. Ата-анаң мен қауымыңдағы тәжірибелі бауырластардың айтқан ақылын тыңда (Петірдің 1-хаты 5:5, 6 оқы).

16. Кішіпейіл болудың маңыздылығы Кристофтың жағдайынан қалай көрінеді?

16 Кристоф деген бауырласқа ақыл-кеңесті қабылдауға кішіпейілділік қасиеті көмектескен. Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін көп ұзамай ол фитнес орталығына бара бастайды. Сол жердегі жастар оны өздерінің спорт клубына шақырады. Кристоф бұл жайлы бір ақсақалмен сөйлеседі. Ол оны бәсекешіл болып кету сияқты кейбір қауіпті жайттар туралы ойланып көруге талпындырады. Кристоф сонда да спорт клубына қосылады. Бірақ ол уақыт өте бұл спорт түрінің зорлық-зомбылыққа толы, тіпті қауіпті екенін көреді. Сонда ол қайтадан ақсақалдармен сөйлеседі. Ақсақалдар оған Киелі кітапқа негіздеп кеңес береді. Кристоф былай дейді: “Ехоба маған жақсы кеңесшілер жіберді. Кеңестерін қабылдауыма біраз уақыт қажет болғанымен, мен Оған құлақ астым”. Ал сенің дана кеңесті қабылдауға кішіпейілділігің жете ме?

17, 18. а) Ехоба жастарға не тілейді? ә) Есейгенде шешімдеріңе өкінбес үшін не істей аласың? Мысал келтір.

17 Киелі кітапта: “Уа, бозбала [не бойжеткен], жастық шағыңда қуан; жас күніңде жүрегің шаттыққа толсын”,— делінген (Уағыздаушы 11:9). Ехоба сенің жастық шағыңның қуанышқа толы болғанын қалайды. Бұл мақаладан білгеніңдей, бақытты болудың бір жолы — рухани мақсаттарды көздеу және жоспар құрып, шешім қабылдағанда үнемі Ехобаның ақыл-кеңесіне жүгіну. Осылай етуді неғұрлым ертерек бастасаң, Ехобаның қорғайтынын, басшылығы мен батасын беретінін соғұрлым тезірек көресің. Өзінің Сөзі арқылы Ехобаның саған қаншалықты көп ақыл-кеңес бергені жайлы ойлан және мына кеңеске құлақ ас: “Жастық шағыңда Ұлы Жаратушыңды есте ұста!” (Уағыздаушы 12:1).

18 Жастар тез өсіп, тез есейеді. Өкінішке қарай, жастардың көбісі дұрыс емес мақсаттарға ұмтылғандары үшін не мүлдем мақсат қоймағандары үшін кейін өкініп жатады. Егер сен рухани мақсаттарыңнан ауытқымасаң, есейгенде шешімдеріңе қуанатын боласың. Миряна мұның растығына көз жеткізген. Жасөспірім кезінде ол өте жақсы спортшы болған. Ол тіпті Қысқы олимпиада ойындарына шақырылған. Бірақ ол одан бас тартып, Ехобаға толық уақыт қызмет етуді шешкен. Содан бері 30 жылдан аса уақыт өтсе де, ол күйеуімен бірге әлі де толық уақытты қызмет атқарып келеді. Оның айтуынша, атақ-даңққа, билік пен байлыққа ұмтылған адамдар ешқашан нағыз бақытқа қол жеткізе алмайды. Сондай-ақ ол Құдайға қызмет ету және ол жайлы адамдарға айту өмірдегі ең жақсы мақсат екенін айтады.

19. Неге жас кезіңде рухани мақсаттарға ұмтылғаның жақсы?

19 Жастар, сендер шынымен де мақтауға лайықтысыңдар. Өйткені кезігіп жатқан қиындықтарыңа қарамастан, Ехобаға қызмет ету өмірлеріңде басты орында тұр. Сендер рухани мақсаттар қоясыңдар және уағыздау ісін өмірлеріңдегі ең маңызды істердің бірі деп қарастырасыңдар. Сондай-ақ мына дүниеге мақсаттарыңды ұмыттыруға жол бермейсіңдер. Ауыр еңбектеріңнің бекер емес екеніне сенімді болыңдар. Бауырластарың сендерді жақсы көреді және қолдауға дайын. Ендеше, “бар істеріңді Ехобаға сеніп тапсырыңдар, сонда жоспарларың іске асар”.