Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жігер беруші Құдай Ехобаға еліктейік

Жігер беруші Құдай Ехобаға еліктейік

“Құдай... бізді қиындық көрген кездің бәрінде жігерлендіреді” (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 2-ХАТ 1:3, 4, сілтеме).

ӘНДЕР: 23, 152

1. Адам мен Хауа бүлік шығарғанда, Ехоба қалай адамзатқа жігер мен үміт сыйлады?

ЕХОБА — жігер беруші Құдай. Адамзат күнә жасап, кемелсіздікке тап болғалы бері Ехоба оларға жігер беріп келеді. Адам мен Хауа өзіне қарсы шыққанда-ақ, ол бірден пайғамбарлық айтты. Келер ұрпақ Мұсаның 1-жазбасы 3:15-те жазылған аталмыш пайғамбарлықты түсінген кезде, бұл оларға жігер мен үміт бермек еді. Пайғамбарлықта Шайтан Ібілістің өзі және оның бүкіл зұлымдығы құрып жоқ болатыны уәде етілген (Жоханның 1-хаты 3:8; Аян 12:9).

ЕХОБА ЕЖЕЛДЕГІ ҚЫЗМЕТШІЛЕРІН ЖІГЕРЛЕНДІРГЕН

2. Ехоба Нұхты қалай жігерлендірді?

2 Ехоба Нұх есімді қызметшісін қалай жігерлендіргенін еске алайықшы. Оның заманындағы адамдар зұлым әрі азғын еді, тек Нұх қана отбасымен Ехобаға ғибадат ететін. Осындай жағдайда өмір сүрген Нұхтың еңсесі түскен болуы мүмкін (Мұсаның 1-жазбасы 6:4, 5, 11; Яһуда 6). Алайда Ехоба оған әрі қарай да өзіне ғибадат етуге және дұрыс әрекет етуге қажетті жігер берді (Мұсаның 1-жазбасы 6:9). Ол Нұхқа сол зұлым дүниені жоймақшы екенін айтты, әрі отбасымен бірге аман қалу үшін оған не істеу керектігін де түсіндірді (Мұсаның 1-жазбасы 6:13—18). Ехоба Нұх үшін жігер беруші Құдай болды.

3. Ехоба Ешуаны қалай жігерлендірді? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

3 Кейінірек Ехоба өзінің қызметшісі Ешуаны жігерлендірді. Оны алда үлкен тапсырма күтіп тұрған еді. Ешуа Құдайдың халқын Уәде етілген жерге бастап жүру керек-тін, сондай-ақ оған сол жерде тұрып жатқан халықтардың мықты сарбаздарын жеңіп шығу қажет еді. Ешуаның бойына қорқыныш ұялататын себептердің көп екенін білген Ехоба Мұсаға былай деді: “Ешуаны басшы етіп тағайында да, нығайтып, жігерлендір. Мына халықты арғы бетке бастап баратын да, өзің көріп тұрған осынау жерді алып беретін де сол болмақ” (Мұсаның 5-жазбасы 3:28). Содан кейін Ехоба Ешуаны өзі жігерлендіріп былай деді: “Мен саған батыл да берік бол деп тағы да бұйырамын! Еш қорықпа, шошыма да, өйткені қайда барсаң да, мен, Құдайың Ехоба, саған жар боламын” (Ешуа 1:1, 9). Бұл сөздер Ешуаны қандай сезімге бөледі деп ойлайсыз?

4, 5. а) Ежелде Ехоба өз халқын қалай жігерлендірген? ә) Ехоба Ұлына қалай жігер берді?

4 Ехоба сондай-ақ өз халқын түгелдей жігерлендірген. Мысалы, ол Бабыл тұтқындығында жүргенде яһудилердің қайрат-жігерге мұқтаж болатынын білген. Сондықтан олардың рухын көтеретін мынадай пайғамбарлық айтқан: “Еш қорықпа, мен саған жар боламын. Еш абыржыма, мен сенің Құдайыңмын. Мен сені нығайтамын, саған көмектесемін, әділдігіме сай, оң қолыммен сүйемелдеймін” (Ишая 41:10). Кейін Ехоба алғашқы мәсіхшілердің бойына да жігер құйған. Ол қазіргі таңда бізді де дәл солай жігерлендіріп келеді (Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4 оқыңыз).

5 Ехоба өз Ұлына да жігер берген. Шомылдыру рәсімінен өткен соң, Иса көктен: “Бұл — менің сүйікті Ұлым. Мен оған ризамын!”— деген дауысты естіді (Матай 3:17). Жерде атқарған қызметі барысында бұл сөздердің Исаға күш беріп келгені сөзсіз!

ИСА ӨЗГЕЛЕРДІ ЖІГЕРЛЕНДІРГЕН

6. Исаның талант туралы астарлы әңгімесі бізді қалай жігерлендіреді?

6 Иса өзгелерді адал болып қалуға талпындырып, жігерлендіру арқылы Әкесіне еліктеген. Бұл оның талант туралы астарлы әңгімесінен көрінеді. Иса қожайынның әр адал қызметшісіне былай дейтінін айтқан: “Жарайсың, жақсы да адал құл! Аз істе сенімді болғаның үшін, сені көп істің басына тағайындаймын. Қожайыныңның қуанышына ортақтас” (Матай 25:21, 23). Бұл сөздер шәкірттердің рухын көтеріп, Ехобаға адал қызмет ете беруге талпындырды!

Иса Петірге жігер беріп, оған тіпті өзгелерді нығайтуды тапсырды

7. Иса елшілерін, әсіресе Петірді, қалай жігерлендірген?

7 Шәкірттері араларында қайсысы ең ұлы екені жайлы жиі сөз таластырса да, Иса оларға әрқашан шыдамдылық танытқан. Оларды кішіпейіл болуға, басқалардың өздеріне қызмет еткенін қаламай, қайта, басқаларға қызмет етуге талпындырған (Лұқа 22:24—26). Петірді алсақ, ол бірнеше мәрте қателік жасап, Исаның көңілін түсірген (Матай 16:21—23; 26:31—35, 75). Сөйтсе де Иса ешқашан Петірден күдер үзбеген. Керісінше, оған жігер беріп, тіпті өзгелерді нығайтуды тапсырған (Жохан 21:16).

ЖІГЕР БЕРУГЕ ҚАТЫСТЫ ЕЖЕЛДЕГІ ОҚИҒАЛАР

8. Езекия әскери басшылар мен яһудалықтарды қалай жігерлендірді?

8 Исаның үлгісі болмай тұрып-ақ, Ехобаның қызметшілері өзгелерді жігерлендіру қажет екенін білген. Езекияны еске алайықшы. Ассириялықтар Иерусалимге шабуылдамақшы болғанда, ол әскери басшылар мен халықты жинап, жігерлендірген. Оның “сөздері жұрттың рухын көтерді” (Шежірелер 2-жазба 32:6—8 оқыңыз).

9. Басқаларды жігерлендіру жағынан Әйүпке қалай еліктей аламыз?

9 Басқаларды жігерлендіру жағынан Әйүптен де үйренсек болады. Өзі жігерге зәру болса да, ол өзгелерге қалай жігерлендіру керектігін үйреткен. Әйүптің айтуынша, ол өзін жұбатуға келгендердің орнында болса, аузынан ауыр тиетін сөздер емес, нығайтып, жараларын жеңілдететін жылы сөздер шығар еді (Әйүп 16:1—5). Дегенмен Әйүп ақырында Елихуден және Ехобаның өзінен жігерлі сөздер естіді (Әйүп 33:24, 25; 36:1, 11; 42:7, 10).

10, 11. а) Ефтаның қызы неге жігерге мұқтаж болды? ә) Бүгінде біз кімдерді жігерлендірсек болады?

10 Ефтаның қызы да жігерге мұқтаж еді. Би болған әкесі Ефта аммондықтармен шайқасқа шықпақшы болады. Ол Ехоба шайқасты жеңіп шығуға көмектессе, үйіне барғанда алдынан бірінші болып шыққан адамды киелі шатырда Ехобаға қызмет етуге жіберетінін уәде етеді. Содан Исраил жеңіске жетеді де, Ефтаның алдынан бірінші болып жалғыз қызы шығады. Бұны көргенде, Ефтаның жүрегі қарс айырылады. Сонда да ол өз уәдесінде тұрып, қызын киелі шатырда өмір бақи қызмет етуге жібереді (Билер 11:30—35).

11 Бұл Ефтаға ауыр соққанымен, қызына одан бетер қиын болса керек. Алайда қызы әкесінің уәдесін орындауға дайын болды (Билер 11:36, 37). Ол ешқашан тұрмысқа шығып, балалы бола алмайтын. Демек, әулеттерінің шежіресі аяқталмақ еді. Ефтаның қызы зор жігер мен жұбанышқа зәру болғаны анық. Киелі кітапта былай делінген: “Жыл сайын Исраил қыздары ғалақаттық Ефтаның қызын мақтауға барып, жылына төрт күн оның қасында болатын” (Билер 11:39, 40). Ефтаның қызымен болған оқиға Ехобаға көбірек қызмет ету үшін салтбасты болып жүрген бауырластарды есімізге салады. Оларды мақтап, жігерлендіріп жүрміз бе? (Қорынттықтарға 1-хат 7:32—35).

ЕЛШІЛЕР БАУЫРЛАСТАРДЫ ЖІГЕРЛЕНДІРГЕН

12, 13. Петір қалай “бауырластарының сенімін нығайтқан”?

12 Өлер алдындағы түні Иса елші Петірге былай деген: “Шимон, Шимон! Шайтан бәріңді бидай іспетті електен өткізуді талап етті. Бірақ сенімің әлсіремесін деп, сен үшін жалбарындым. Ал сен ісіңе өкінген соң, бауырластарыңның сенімін нығайт” (Лұқа 22:31, 32).

І ғасырдағы мәсіхшілерді жігерлендірген елшілердің хаттары бізді де күні бүгінге дейін жігерлендіріп келеді (12—17 абзацтарды қараңыз)

13 Петір алғашқы мәсіхшілер қауымында басшылықты қолға алғандардың бірі болған (Ғалаттықтарға 2:9). Оның Елуінші күн мейрамындағы және содан кейінгі батыл істері бауырластарды жігерлендірген. Көп жыл қызмет еткеннен кейін, ол бауырластарға хат жолдады. Хатты жазған себебін түсіндіріп ол: “Мақсатым — сендерді жігерлендіру, Құдайдың шынайы рақымы жайлы бар ынтаммен куәлік ету. Осы рақымнан айырылмаңдар!”— деді (Петірдің 1-хаты 5:12). Петірдің жазған хаттары сол кездегі мәсіхшілерді нығайтқан. Сол хаттар Ехобаның уәделерінің толықтай орындалуын күтіп жүрген біздерді әлі де нығайтып келеді! (Петірдің 2-хаты 3:13).

14, 15. Елші Жохан жазған кітаптар бізді қалай жігерлендіреді?

14 Елші Жохан да ертедегі мәсіхшілер қауымында жетекшілік еткен. Ол өзі жазған Ізгі хабарда Исаның қызметі жайлы керемет баяндаған. Киелі жазбалардың бұл кітабы мәсіхшілерді жүздеген жылдар бойы жігерлендіріп келген, біз де одан күні бүгінге дейін жігер алып келеміз. Мысалы, шынайы шәкірттерді сүйіспеншілігінен анықтауға болатыны жайлы Исаның сөздерін тек Жохан ғана жазған (Жохан 13:34, 35 оқыңыз).

15 Жоханның жазған үш хатында да құнды шындықтар бар. Жасаған қателіктеріміз үшін салымыз суға кеткенде, Исаның төлем құрбандығы “барлық күнәдан тазартады” деген сөздер жанымызды жайландырады (Жоханның 1-хаты 1:7). Егер өзімізді бәрібір де кінәлі сезіне берсек, “Құдай жүрегімізден жоғары” деген сөздер жұбаныш береді (Жоханның 1-хаты 3:20). Киелі кітап жазушыларының ішінде Жохан ғана “Құдай — сүйіспеншілік” деп жазған (Жоханның 1-хаты 4:8, 16). Сондай-ақ ол екінші және үшінші хаттарында “шындық жолында жүрген” мәсіхшілерді мақтаған (Жоханның 2-хаты 4; Жоханның 3-хаты 3, 4).

16, 17. Елші Пауыл ертедегі мәсіхшілерді қалай жігерлендірді?

16 Елші Пауыл бауырластарға жігер берудің тамаша үлгісі болған. Исаның өлімінен кейін көп ұзамай, елшілердің көбісі Иерусалимде қалды. Басқарушы кеңес те сонда еді (Елшілердің істері 8:14; 15:2). Яһудеядағы мәсіхшілер онсыз да жалғыз Құдайға сенетін адамдарға Мәсіх жайлы уағыздап жүрді. Алайда киелі рух Пауылды көптеген құдайларға табынатын гректерге, римдіктерге және басқа да халықтарға уағыздауға жіберді (Ғалаттықтарға 2:7—9; Тімөтеге 1-хат 2:7).

17 Пауыл қазіргі Түркия жерін, Грекия мен Италия аумақтарын аралаған. Ол сондағы яһуди ұлтына жатпайтын адамдарға уағыздап, қауымдар құрды. Жаңадан мәсіхші болған бұл бауырластардың жағдайы оңай болған жоқ. Өз жерлестерінен қуғын көрген олар жігерге мұқтаж еді (Салоникалықтарға 1-хат 2:14). Шамамен 50-інші жылдары Пауыл Салоникадағы жаңа қауымға рухтарын көтеретін хат жазды. “Біз бәрің үшін дұға етіп, Құдайға алғыс айтып жүрміз. Өйткені біз сендердің сеніммен істеген істеріңді, сүйіспеншілікпен атқарған ауыр еңбектерің мен... танытып жатқан табандылықтарыңды Құдай Әкеміздің алдында үнемі есімізде ұстаймыз”,— деді ол (Салоникалықтарға 1-хат 1:2, 3). Бұған қоса, Пауыл олардан бір-бірін жігерлендіріп отыруды өтініп былай деп жазды: “Бір-біріңді жұбатып, нығайтып жүргендеріңдей, әрі қарай да солай ете беріңдер” (Салоникалықтарға 1-хат 5:11).

БАСҚАРУШЫ КЕҢЕС БІЗГЕ ЖІГЕР БЕРЕДІ

18. І ғасырдағы басқарушы кеңес Філіпті қалай жігерлендірді?

18 І ғасырда Ехоба басқарушы кеңес арқылы барлық мәсіхшілерді, сондай-ақ қауымда жетекшілік еткендерді де, жігерлендіріп отырған. Мысалы, Філіп самариялықтарға Мәсіх жайлы уағыздағанда, басқарушы кеңес оған қолғабыс етті. Олар араларынан Петір мен Жоханды жіберді. Басқарушы кеңестің бұл екі мүшесі жаңадан мәсіхші болған бауырластар үшін киелі рух сұрап дұға етті (Елшілердің істері 8:5, 14—17). Басқарушы кеңестің қолдауын сезінген Філіп пен жаңадан мәсіхші болған бауырластардың қатты жігерленіп қалғаны сөзсіз!

19. Ертедегі мәсіхшілер басқарушы кеңестен келген хатты оқығанда қандай сезімде болды?

19 Кейінірек басқарушы кеңеске бір маңызды шешім қабылдау қажет болды: яһуди емес мәсіхшілер яһудилер сияқты, Мұса заңына сай сүндеттелу керек пе? (Елшілердің істері 15:1, 2). Басқарушы кеңес киелі рух сұрап дұға етіп, Жазбаларды қарастырған соң, бұдан былай сүндеттелудің қажеті жоқ деп шешті. Сосын өз шешімдерін түсіндіріп хат жазды және оны қауымдарға жеткізу үшін ер бауырластарды жіберді. Мәсіхшілер хаттағы “жігер беретін сөздерді оқып, қуанып қалды” (Елшілердің істері 15:27—32).

20. а) Бүгінде Басқарушы кеңес баршамызды қалай жігерлендіріп жатыр? ә) Келесі мақалада қандай сұрақты қарастырамыз?

20 Бүгінде Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесі бетелдіктерге, басқа да арнайы толық уақытты қызметшілерге және барлық бауырластарға жігер береді. І ғасырдағы бауырластар сияқты, біз де олардан жігер алып, қуанып қаламыз! Сондай-ақ Басқарушы кеңес шындықтан кетіп қалғандарды қайта оралуға талпындыру үшін, 2015 жылы “Ехобаға қайта орал” деген кітапшаны шығарды. Бірақ жетекшілік ететін бауырластар ғана өзгелерді жігерлендіру керек пе, әлде бәріміз де солай етуіміз қажет пе? Бұл сұрақты келесі мақалада талқылаймыз.