Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Нағыз азаттыққа жетелейтін жол

Нағыз азаттыққа жетелейтін жол

“Ұл сендерді азат етсе, шынымен азат боласыңдар” (ЖОХАН 8:36).

ӘНДЕР: 65, 52

1, 2. а) Еркіндікке ие болу үшін адамдар не істеп жатыр? ә) Бұл неге әкеп соғуда?

БҮГІНДЕ көп елде теңдік пен бостандық жайлы жиі айтылып жатады. Кейбір адамдар әділетсіздіктен, алалаушылық пен кедейшіліктен азат болғысы келеді. Тағы біреулер сөз еркіндігі, таңдау еркіндігі және өздері қалағандай өмір сүру құқы үшін күреседі. Кім-кімді алсаң да, азаттыққа ұмтылады.

2 Еркіндікке ие болу үшін адамдар ереуілге шығып, тіпті төңкеріс жасап жатады. Бірақ олар өз дегендеріне жетіп жатыр ма? Жоқ. Әдетте бұндай әрекеттер бұрынғыдан да көп қасірет әкеліп, тіпті өлімге ұшыратып жатады. Бұл Сүлеймен патшаның Уағыздаушы 8:9-дағы сөздерін растайды: “Адамның адамға билік етуі тек зиян келтіреді”.

3. Нағыз бақыт пен қанағатқа қол жеткізу үшін не істеуіміз керек?

3 Киелі кітапта нағыз бақыт пен қанағатқа қол жеткізу үшін не істеуіміз керектігі айтылған. Шәкірт Жақып былай деген: “Азаттыққа жеткізетін кемелді заңға үңіле қарап, оны ұстанатын адам... бұдан бақыт табады” (Жақып 1:25). Кемелді заңды Ехоба орнатады. Нағыз бақыт пен қанағатқа ие болу үшін бізге не қажет екенін бәрінен де жақсы білетін — сол. Ехоба Адам мен Хауаға нағыз бостандық берді. Бұған қоса, бақытты болу үшін қажеттінің бәрімен қамтамасыз етті.

АДАМДАР НАҒЫЗ ЕРКІНДІККЕ ИЕ БОЛҒАН КЕЗ

4. Адам мен Хауаның қандай еркіндігі болды? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

4 Мұсаның 1-жазбасы 1, 2-тараудан Адам мен Хауада қандай еркіндік болғанын білеміз. Бүгінде бұндай еркіндік адамзат үшін арман ғана. Адам мен Хауада керегінің бәрі болған, олар ештеңеден қорықпаған, ешқандай әділетсіздік көрмеген. Тамақ, жұмыс, ауру мен өлімді ойлап уайымдамаған (Мұсаның 1-жазбасы 1:27—29; 2:8, 9, 15). Бірақ олардың еркіндіктері шексіз болды дей аламыз ба? Қарастырып көрейік.

5. Көпшілік мұнымен келіспесе де, адамдарда еркіндік болу үшін не қажет?

5 Көп адам нағыз еркіндік деген салдары жайлы ойланбастан қалаған нәрселерді істей беру деп біледі. Бір беделді энциклопедияда еркіндік “шешім қабылдап, оны жүзеге асыра білу қабілетін” білдіреді делінген. Бірақ онда мемлекеттің орнатқан шектеулері әділетті, қажетті және ақылға қонымды болса, адамдардың еркін болатыны жайлы да айтылған (“The World Book Encyclopedia”). Бұл дегеніміз — әр адамның еркіндігі болу үшін қандай да бір шектеулер қажет деген сөз. Ал шектеулердің қайсысы әділ, қажет әрі ақылға қонымды екенін шешуге кім құқылы?

6. а) Неге Ехоба ғана шексіз, толық еркіндікке ие? ә) Адамдар қандай еркіндікке ие және неге?

6 Тек Ехоба Құдай ғана шексіз, толық еркіндікке ие екенін естен шығармағанымыз маңызды. Өйткені ол бәрін жаратты және әлемнің құдіретті Билеушісі болып табылады (Тімөтеге 1-хат 1:17; Аян 4:11). Дәуіт патша Ехобаның дәрежесін өте әдемі сөздермен сипаттаған (Шежірелер 1-жазба 29:11, 12 оқыңыз). Ал жер мен көктегі күллі жаратылыстың еркіндігінің шегі бар. Бұл — шектеулі еркіндік. Ехоба Құдай ғана шектеулердің қайсысы әділ, қажет әрі ақылға қонымды екенін шешуге құқылы. Ол біздің осыны түсінгенімізді қалайды. Әуел бастан-ақ Ехоба өзінің жаратылыстары үшін шектеулер орнатқан.

7. Істеуіміз қажет қандай нәрселер бізге қуаныш сыйлайды?

7 Адам мен Хауаның әжептәуір еркіндігі болғанмен, оның өз шегі бар еді. Шектеулердің кейбірі олар үшін қалыпты жағдай болатын. Мысалы, тірі жүру үшін оларға тыныс алу, тамақтану, ұйықтау қажет еді. Бұл олардың еркіндігі болмағанын білдіре ме? Жоқ. Қайта, Ехоба бұл нәрселерді істеу оларға қуаныш пен қанағат әкелетіндей етіп ойластырған (Зәбүр 104:14, 15; Уағыздаушы 3:12, 13). Бәріміз де таза ауамен тыныс алғанды, сүйікті тағамдарымызды жегенді және түнде тыныққанды ұнатамыз. Бұдан біз өзімізді шектеліп қалғандай сезінбейміз. Адам мен Хауа да олай сезінбесе керек.

8. Құдай Адам мен Хауаға қандай нақты бұйрық берді және неге?

8 Адам мен Хауаға Ехоба нақты бұйрық берді. Ол бұл жұпқа балалы болып, жер бетін толтыруды және оны күтіп-баптауды тапсырды (Мұсаның 1-жазбасы 1:28). Бұдан олар еркін болмай қалды ма? Әрине, жоқ! Бұл оларға бүкіл жер бетін жұмаққа айналдырып, онда кемелді балаларымен бірге мәңгі өмір сүруге мүмкіндік берді. Құдайдың еркі осы еді (Ишая 45:18). Бүгінде адамдар неке құрмауды не балалы болмауды шешсе, бұл олардың Құдайға мойынсұнбағанын білдірмейді. Десе де көп адам қиын болатынына қарамастан, неке құрып, дүниеге бала әкелуде (Қорынттықтарға 1-хат 7:36—38). Себебі бақыт пен қанағат сезінеміз деп үміттенеді (Зәбүр 127:3). Егер Адам мен Хауа Ехобаға мойынсұнғанда, некелерінің және жанұясының рақатын мәңгілік бойы көрер еді.

НАҒЫЗ ЕРКІНДІКТЕН ҚАЛАЙ АЙЫРЫЛЫП ҚАЛДЫҚ?

9. Мұсаның 1-жазбасы 2:17-дегі Құдайдың бұйрығы неге әділетсіз, қажетсіз не ақылға қонымсыз болған жоқ?

9 Адам мен Хауаға Ехоба тағы бір бұйрық беріп, мойынсұнбаса не болатынын анық түсіндірді. Ол: “Жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жеме! Өйткені одан жеген күні өлесің”,— деді (Мұсаның 1-жазбасы 2:17). Бұл бұйрық әділетсіз, қажетсіз не ақылға қонымсыз болды ма? Бұдан Адам мен Хауа еркін болмай қалды ма? Жоқ, әрине! Негізінен көптеген Киелі кітап маманы Құдайдың бұл бұйрығы өте дана әрі қисынды болған деп есептейді. Бір маманның айтуынша, бұл бұйрық “Құдай ғана... адамзат үшін ненің жақсылық екенін білетінін және Құдай ғана... олар үшін ненің жақсылық емес екенін білетінін” көрсетеді. “Жақсылықтың” игілігін көру үшін адамдар Құдайға сенім артып, мойынсұнуға тиіс. Егер мойынсұнбаса, ненің жақсылық екенін... және ненің жақсылық емес екенін олар өз беттерінше шешеді”. Алайда адамзат бұны өздігінен істеуге қауқарсыз.

Адам мен Хауаның таңдауы қасіретке ұшыратты! (9—12 абзацтарды қараңыз)

10. Неге таңдау еркіндігі мен ненің жақсы, ненің жаман екенін шешу құқы екі бөлек нәрсе?

Ненің жақсы, ненің жаман екенін шешуге тек Ехоба ғана құқылы

10 Кейбір адамдардың ойынша, Ехоба Адам атаға қалаған нәрсесін істеуге ерік бермеген. Бірақ бұл адамдар таңдау еркіндігі бір бөлек, ал ненің жақсы, ненің жаман екенін шешу құқы бір бөлек екенін түсінбейді. Адам мен Хауа Құдайға мойынсұнуды не мойынсұнбауды таңдауға ерікті болды. Бірақ ненің жақсы, ненің жаман екенін шешуге тек Ехоба ғана құқылы еді. “Жақсылық пен жамандықты танытатын ағаш” Адам мен Хауа үшін соның дәлелі болатын (Мұсаның 1-жазбасы 2:9). Таңдауымыздың нәтижесі қандай болатынын біз үнемі біле бермейміз. Нәтижесі әрқашан жақсы болады деп те еш айта алмаймыз. Сол себептен жиі адамдар игі ниетпен шешім қабылдаса да, арты азап пен қайғы-қасіретке ұласып жататынын көреміз (Нақыл сөздер 14:12). Расымен де, адамдардың шамасы шектеулі. Ехоба Адам мен Хауаға ағаштың жемісін жемеңдер деп бұйыру арқылы нағыз еркіндікке ие болу үшін, олар өзіне мойынсұнуға тиісті екендерін көрсетті. Бірақ Адам мен Хауа не істеуді шешті?

11, 12. Неге Адам мен Хауаның шешімі қасіретке ұшыратты? Мысал келтіріңіз.

11 Өкінішке қарай, Адам мен Хауа Ехобаға мойынсұнбауды шешті. Хауа Шайтанның: “Көздерің ашылып, ненің жақсы, ненің жаман екенін біліп, Құдай сияқты боласыңдар”,— деген уәдесіне сенуді жөн көрді (Мұсаның 1-жазбасы 3:5). Шайтан айтқандай, Адам мен Хауаның таңдауы оларға көбірек еркіндік әкелді ме? Жоқ. Қайта, олар Ехобаның нұсқауларынан бас тарту қасіретке әкеп соғатынын түсінді (Мұсаның 1-жазбасы 3:16—19). Неге бұлай болды? Өйткені Ехоба адамдарға ненің жақсы, ненің жаман екенін өз беттерінше шешуге ерік бермеген (Нақыл сөздер 20:24; Еремия 10:23 оқыңыз).

12 Мысалы, ұшқышты алайық. Діттеген жеріне аман-есен жету үшін ол белгіленген бағытпен жүреді. Сондай-ақ ұшақтағы навигация құралдарын қолданады және әуе диспетчерлерімен байланысып, нұсқаулар алып отырады. Егер ұшқыш нұсқауларға құлақ аспай, қалаған жағына ұшып кететін болса, бұның арты қасіретке ұшыратуы мүмкін. Тура сол сияқты, Адам мен Хауа өз дегендерінше әрекет еткісі келді. Олар Құдайдың басшылығына құлақ асудан бас тартты. Нәтижесінде не болды? Қасірет! Олардың шешімдері өздерін де, кейінгі ұрпағын да күнә мен өлімге ұшыратты (Римдіктерге 5:12). Ненің жақсы, ненің жаман екенін өзіміз шешеміз деп, Адам мен Хауа көбірек еркіндікке жетпеді. Керісінше, Ехоба берген нағыз еркіндіктен айырылып қалды.

НАҒЫЗ ЕРКІНДІККЕ ҚАЛАЙ ЖЕТЕ АЛАМЫЗ?

13, 14. Нағыз еркіндікке жету үшін не істеу қажет?

13 Кейбір адамдар шексіз еркіндікке ие болсақ, тамаша болар еді деп ойлайды. Шынымен солай ма? Еркіндіктің жақсы жақтары көп екені рас. Бірақ ешқандай шектеу болмаса, дүниемен не боларын елестетіп көріңізші. Жоғарыда аталып кеткен энциклопедияға сай, кез келген ұйымдасқан қоғамдағы заңдар өте күрделі, өйткені заңдар бір жағынан адамдардың еркіндігін қорғап, бір жағынан шектеп отыру керек. Бұл әрдайым оңай бола бермейді. Заңдар мен оларды түсіндіріп, қолдануға тырысатын заңгерлердің, судьялардың көптігі де содан.

14 Иса Мәсіх нағыз еркіндікке қалай жете алатынымызды айтып кеткен. Ол: “Егер менің сөзімді ұстансаңдар, шынымен менің шәкіртімсіңдер, әрі шындықты біле түсесіңдер, ал шындық сендерді азат етеді”,— деген (Жохан 8:31, 32). Демек, нағыз азаттыққа не еркіндікке жету үшін бізге екі нәрсе істеу қажет. Біріншіден, Иса үйреткен шындықты қабылдауымыз керек. Екіншіден, оның шәкірті болуымыз керек. Осыларды істесек, нағыз азаттыққа жетеміз. Сонда біз неден азат боламыз? Иса: “Күнә жасайтын адам — күнәнің құлы”,— деді. Сосын: “Ұл сендерді азат етсе, шынымен азат боласыңдар”,— деп қосты (Жохан 8:34, 36).

15. Неге Иса уәде еткен еркіндік бізді “шынымен азат” ете алады?

15 Иса шәкірттеріне уәде еткен еркіндік бүгінде көпшілік қалайтын еркіндіктен әлдеқайда жақсы. “Ұл сендерді азат етсе, шынымен азат боласыңдар”,— дегенде, Иса күнәнің құлдығынан, яғни адамзаттың басына түскен ең ауыр құлдықтан, азат болу жайлы айтқан. Күнәнің құлы екеніміз неден көрінеді? Күнә бізді жаман істерге итермелейді. Бұған қоса, дұрыс деп білетін және қолымыздан келетін нәрселерді істеуге кедергі жасайды. Нәтижесінде қынжылуға, қайғы-мұң мен қасіретке, ал түбінде өлімге ұшыратады (Римдіктерге 6:23). Елші Пауыл күнәнің құлы болу қаншалықты азап шектіретінін түсінген (Римдіктерге 7:21—25 оқыңыз). Күнә толықтай жоқ болған кезде ғана біз әуел баста Адам мен Хауада болған нағыз еркіндікке қол жеткіземіз.

16. Ненің арқасында біз нағыз азаттыққа жетеміз?

16 “Егер менің сөзімді ұстансаңдар” деген сөздерінен көрінетіндей, Иса бізді азат еткенін қаласақ, өз тарапымыздан әрекет етуіміз керек. Бұған не жатады? Біз бағышталған мәсіхшілер ретінде өзімізден бас тартып, Исаның өз шәкірттеріне қойған шектеулеріне бойсұнуды таңдадық (Матай 16:24). Иса уәде еткендей, біз болашақта төлем құрбандығының бар игілігін көріп, нағыз азаттыққа жетеміз.

17. а) Шынайы бақыт пен қанағатқа қалай қол жеткізе аламыз? ә) Келесі мақалада біз не нәрсеге үйренеміз?

17 Шынайы бақыт пен қанағатқа қол жеткізу үшін біз Исаның шәкірттері ретінде оның тәлімдеріне құлақ асуымыз керек. Солай етсек, ақырында күнә мен өлімнің құлдығынан толықтай азат бола аламыз (Римдіктерге 8:1, 2, 20, 21 оқыңыз). Келесі мақалада біз қолымызда бар еркіндікті даналықпен қолдануды үйренеміз. Сонда нағыз азаттықтың Құдайы Ехобаны мәңгілік бойы мадақтай аламыз.