Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

14-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Оның ізімен тура жүрейік”

“Оның ізімен тура жүрейік”

“Мәсіх сендерге бола азап шегіп, оның ізімен тура жүрулерің үшін үлгі қалдырды” (ПЕТ. 1-Х. 2:21).

13-ӘН Мәсіхті үлгі тұтайық

АҢДАТПА *

Иса бізге соңынан ерсін деп із қалдырды (1, 2-абзацты қараңыз)

1, 2. Біз Исаның соңынан ере аламыз ба? Мысал келтіріңіз.

ЕЛЕСТЕТІҢІЗШІ, сіз бір топ адам болып қар басқан, қауіпті құз-жартасты жерлермен келе жатырсыз. Сіздерді сол өңірдің қыр-сырын білетін бір тәжірибелі жолбасшы бастап келеді. Сіз оның қар бетінде қалдырған ізімен жүріп келесіз. Бір кезде сіз оны тұманның кесірінен не ұзап кеткеннен көре алмай қаласыз. Бірақ сіз еш уайымдамайсыз. Өйткені сіз оның іздерін ап-анық көріп тұрсыз және сол ізбен мейлінше тура жүруге тырысасыз.

2 Шынайы мәсіхшілер де бейнелі мағынада қауіпті құз-жартастардың арасында, яғни зұлым дүниеде жүр. Бірақ Ехоба бізге кемелді жолбасшы — өз Ұлы Иса Мәсіхті берді (Пет. 1-х. 2:21). Киелі кітаптың бір түсіндірмесіне сай, Петір бұл жерде Исаны жолбасшыға теңеген. Жолбасшы артынан із қалдыратыны іспетті, Иса да соңынан тура жүре алуымыз үшін бізге із қалдырды. Ол қандай із қалдырды? Біз не үшін Исаның ізімен жүруіміз керек? Оның ізімен жүруге не көмектеседі? Қазір осы сұрақтардың жауабын білеміз.

ИСАНЫҢ ІЗІМЕН ЖҮРУ НЕНІ БІЛДІРЕДІ?

3. Біреудің ізімен жүру деген не?

3 Киелі кітапта “жүру”, “жүретін жол” деген сөздер кейде біреудің өмір жолын білдіреді (Мұс. 1-ж. 6:9; Нақ. с. 4:26). Адамның өмірде жақсы үлгі қалдырғаны — артынан өшпес із қалдырғаны. Ал оның “ізімен жүру” оның үлгісіне еліктеуді білдіреді.

4. Исаның ізімен жүру деген нені білдіреді?

4 Олай болса, Исаның ізімен жүру деген нені білдіреді? Оны үлгі етуді білдіреді. Осы мақаланың негізгі тармағында елші Петір Исаның қиындықтарға төзу жағынан бізге жақсы үлгі қалдырғанына назар аударған. Бірақ Исаның қалдырған үлгісі бұл ғана емес (Пет. 1-х. 2:18—25). Оның айтқан сөздері мен істеген істерінің бәрі бізге үлгі.

5. Кемелсіз адам Исаның кемелді үлгісіне еліктей ала ма?

5 Біз кемелсізбіз ғой, Исаның үлгісіне еліктей аламыз ба? Иә, еліктей аламыз. Әрине, біз оның үлгісіне кемелді түрде еліктей алмаймыз. Бірақ қолымыздан келгенше Исаның “ізімен тура жүруге” тырыссақ, елші Жоханның айтқан сөздеріне сай әрекет етеміз. Ол: “Иса қалай өмір сүрсе, солай өмір сүріңдер”,— деген (Жох. 1-х. 2:6).

НЕГЕ ИСАНЫҢ ІЗІМЕН ЖҮРУІМІЗ КЕРЕК?

6, 7. Исаның ізімен жүргеніміз қалайша бізді Ехобаға жақындатады?

6 Исаның ізімен жүрсек, Ехобаға жақындаймыз. Неге бұлай дей аламыз? Біріншіден, Иса Ехобаға ұнамды болудың жолын көрсетті (Жох. 8:29). Демек, Исаның ізімен жүрсек, Ехобаға ұнамды боламыз. Ал көктегі Әкеміз оған ұнамды болуға тырысып жүргендерге сөзсіз жақындайды (Жақ. 4:8).

7 Екіншіден, Иса Әкесіне кемелді түрде еліктеген. Сондықтан да ол: “Мені көрген адамның Әкені де көргені”,— деп айтқан (Жох. 14:9). Біз Исаның қасиеттерінен, өзгелерге қалай қарағанынан көп нәрсе үйренеміз. Мысалы, ол алапеспен ауыратын кісіге аяушылық танытты, ауыр дертке шалдыққан әйелге, жақыны қайтыс болғандарға жаны ашыды. Біздің Исаға еліктегеніміз — Ехобаға да еліктегеніміз (Мар. 1:40, 41; 5:25—34; Жох. 11:33—35). Ал Ехобаға еліктеген сайын оған жақындай түсеміз.

8. Исаның ізімен жүргеніміз “осы дүниені жеңіп” шығуға қалай көмектеседі?

8 Исаның ізімен жүрсек, осы зұлым дүние бізді қызметімізден алаңдата алмайды. Иса жердегі өмірінің соңғы түні: “Мен осы дүниені жеңіп шықтым!”— деген (Жох. 16:33). Мұнымен Иса не айтқысы келді? Иса ой-санасына, мақсаттары мен жүріс-тұрысына осы дүниенің ықпал етуіне жол бермеді. Ол жерге не үшін келгенін бір сәтке де естен шығармады. Оның бар ойы Әкесінің есімін ақтау болды. Ал біз ше? Бұл дүниеде бізді қызметтен алаңдататын нәрселер өте көп. Егер Иса сияқты бар назарымызды Ехобаның еркін орындауға аударсақ, біз де “осы дүниені жеңіп” шығамыз (Жох. 1-х. 5:5).

9. Мәңгілік өмірге апаратын жолда қала беру үшін не істеуіміз керек?

9 Исаның ізі бізді мәңгілік өмірге жетелейді. Бірде бір бай жас жігіт мәңгілік өмірге ие болу үшін не істеу керектігін сұрағанда, Иса оған: “Ізбасарым бол”,— деді (Мат. 19:16—21). Иса өзінің Мәсіх екеніне сенбеген кейбір яһудилерге: “Қойларым... соңымнан ереді. Қойларыма мәңгілік өмір беремін”,— деген (Жох. 10:24—29). Жоғарғы кеңестің мүшесі болған Нікөдем Исаның тәлімдері жайлы көбірек білгісі келгенде, Иса “оған сенген әркім мәңгілік өмірге ие болатынын” айтқан (Жох. 3:16). Біз Исаға сенетінімізді оның сөздеріне құлақ асып, үлгісіне сай жүріп-тұру арқылы көрсетеміз. Сонда мәңгілік өмірге апаратын жолда қала аламыз (Мат. 7:14).

ИСАНЫҢ ІЗІМЕН ТУРА ЖҮРУ ҮШІН НЕ ІСТЕЙ АЛАМЫЗ?

10. Исаны жақыннан танып-білуге не жатады? (Жохан 17:3)

10 Исаның ізімен тура жүру үшін оны жақыннан танып-білуіміз керек (Жохан 17:3 оқыңыз). Бұл — жалғаса беретін процесс. Біз Исаның қасиеттерін, көзқарасын, талаптарын білген үстіне біле түсіп, ол туралы білімімізді молайта беруіміз қажет. Шындықта жүргенімізге қанша жыл болмасын, біз Ехоба мен оның Ұлын танып-білуді доғармаймыз.

11. Киелі кітаптағы төрт Ізгі хабардан не білеміз?

11 Өзінің ұлын жақыннан тани түсуіміз үшін Ехоба Киелі кітапқа төрт Ізгі хабарды жаздырды. Бұл Ізгі хабарларда Исаның жерде жүргенде атқарған қызметі, айтқан сөздері, бастан кешкен сезімдері жазылған. Осы төрт кітаптың арқасында біз Исаның үлгісі жайлы “жақсылап ойлана” аламыз (Евр. 12:3). Былайша айтқанда, Исаның қалдырған ізін көреміз. Сондықтан төрт Ізгі хабарды оқып-зерттесек, Исаны жақыннан тани түсеміз. Нәтижесінде, оның ізімен тура жүре аламыз.

12. Төрт Ізгі хабардың толық пайдасын көру үшін не істесек болады?

12 Төрт Ізгі хабарды жай ғана оқып қойсақ, оның толық пайдасын көре алмаймыз. Бізге уақыт бөліп, мұқият зерттеп, терең ой жүгірту керек (Ешуа 1:8 сілт. салыстырыңыз). Төрт Ізгі хабардан оқығанымыз жайлы ой жүгіртіп, кейін соны өмірде қолданудың екі жолы бар.

13. Ізгі хабарлардағы оқиғаның ішіне сүңгіп кетуге не көмектеседі?

13 Бірінші, оқиғаның ішіне сүңгіп кетіңіз. Болып жатқан жағдайды, адамдардың дауыстарын, сезімдерін — барлығын көз алдыңызға келтіріңіз. Бұл үшін әдебиеттеріміздегі зерттеу құралдарының көмегіне жүгінсеңіз болады. Сондай-ақ оқиғаның мәнмәтінін, оған дейін және одан кейін не болғаны туралы зерттеп, ізденіп көріңіз. Аталған адамдар, жерлер туралы, жалпы сол кезеңдегі жағдайды толық ашатын қосымша мәліметтерді оқыңыз. Төрт кітаптың біреуінде жазылған оқиғаны басқасымен салыстырып көріңіз. Өйткені бір кітапта жоқ мәлімет екіншісінде болуы мүмкін.

14, 15. Ізгі хабарлардағы оқиғадан білгенімізді қолдануға не көмектеседі?

14 Екінші, оқып-білгеніңізді іске асырыңыз (Жох. 13:17). Ізгі хабарлардағы оқиғаны жан-жақты зерттегеннен кейін, мына сұрақтар бойынша ойланып көріңіз: бұл оқиғадан өзіме қандай сабақ алсам болады? Осы мәлімет тағы кімге пайдалы болуы мүмкін? Нақты кімге көмегі тиетіні еске түскен соң, орайы туғанда сол адамға білген-түйгеніңізді ілтипатпен жеткізіңіз.

15 Қазір осы екі әдісті ойда ұстай отырып, Иса айтқан кедей жесір әйел туралы оқиғаны қарастырайық.

ҒИБАДАТХАНАДАҒЫ БЕЙШАРА ЖЕСІР ӘЙЕЛ

16. Марқа 12:41-дегі жағдайды сипаттап беріңіз.

16 Оқиғаның ішіне сүңгіп кетіңіз (Марқа 12:41 оқыңыз). Бір сәтке елестетіңізші. Б. з. 33 жыл, 11 нисан. Исаның өліміне дейін бір аптадай уақыт қалды. Бүгін Иса ғибадатханада көп тәлім берді. Бірақ өзімшіл діни жетекшілер қарап тұрсын ба, олар Исаға қарсы шығып, кейбіреулері оның билігіне шек келтірсе, басқалары қитұрқы сұрақтардың астына алды (Мар. 11:27—33; 12:13—34). Ал енді Иса ғибадатхананың басқа жағында жүр. Бұл әйелдерге арналған аула болса керек. Бұл ауланың қабырғасын жағалай садақа салатын ыдыстар орналасқан. Иса ыңғайлы бір жерге жайғасып, садақа салып жатқан адамдарды бақылап отыр. Бай кісілер тиындарды көптеп салып жатыр. Ыдыстың ішіне түскенде тиындардың шылдыр-шылдыр еткен дыбысы естіледі.

17. Марқа 12:42-де айтылғандай, кедей жесір әйел не істеді?

17 Марқа 12:42 оқыңыз. Бір уақытта Иса садақа салуға бір әйелдің келгенін байқады. Ол — өмірдің тауқыметін көп тартқан кедей, “бейшара жесір әйел” (Лұқа 21:2). Оған өмірге ең қажетті нәрсенің өзін табу қиын болса керек. Десе де бұл әйел ғибадатханаға келіп, қолындағы кішкентай екі тиынын садақаға салды. Ыдысқа түскенде бұл тиындардың тіпті дауысы да шықпады. Оның салған ақшасы екі лепта екенін Иса біледі. Бұл — сол уақытта айналымдағы ең майда тиын. Бұл ақшаға тіпті бір торғай да, яғни жеуге болатын ең арзан құс та келмейтін.

18. Марқа 12:43, 44-те Иса жесір әйелдің садақасы жайлы не айтты?

18 Марқа 12:43, 44 оқыңыз. Иса бұл әйелдің әрекетіне қатты тамсанды. Сөйтіп, шәкірттерін қасына шақырды да, әйелге назар аударып былай деді: “Мына кедей жесір әйел ақша салып жатқандардың бәрінен де көп салды. Өйткені барлығы [әсіресе байлар] өздерінен артылғанын салса, бұл әйел кедей бола тұра, бар ақшасын, күнелтетін нәрсесінің бәрін салды”. Бұл адал жесір әйел сол күні бар ақшасын садақа етіп, қалған өмірін Ехобаның қолына тапсырды (Зәб. 26:3).

Иса сияқты сіз де Ехобаға барын салып қызмет етіп жүргендерді мақтаңыз (19, 20-абзацты қараңыз) *

19. Исаның кедей жесір әйел туралы айтқандарынан қандай маңызды ой түйеміз?

19 Оқып-білгеніңізді іске асырыңыз. Исаның кедей жесір әйел туралы айтқан сөздерінен не үйренсем болады деп ойланыңыз. Ойлап көріңізші, ол әйел Ехобаға одан да көп садақа бергісі келген шығар. Бірақ ол өз жағдайында Ехобаға ең жақсысын берді. Иса оның садақасы Ехоба үшін өте бағалы екенін білді. Бұдан Ехоба туралы маңызды бір ой түйеміз. Ол біздің берген ең жақсымызды, яғни бар жүрекпен, жан-тәнімізбен атқарған қызметімізді қатты бағалайды (Мат. 22:37; Қол. 3:23). Ехоба өз жағдайымызда қолымыздан келгеннің бәрін істеп жүргенімізді көріп қатты қуанады! Бұл принцип бізді ғибадатымызға, яғни қызметіміз бен қауым кездесулеріне қанша уақыт пен күш жұмсап жүргеніміз туралы ойлануға талпындырады.

20. Жесір әйел туралы оқиғадан білгеніңізді қалай іске асыра аласыз? Мысал келтіріңіз.

20 Жесір әйел туралы оқиғадан білгеніңізді қалай іс жүзінде қолдансаңыз болады? Бәлкім, сіз “қызметім бұрынғыдай бағалы емес” деп ойлап, көңілі түсіп жүрген бауырластарды білетін шығарсыз. Мысалы, егде тартқан бір әйел бауырлас бұрынғыдай қызмет ете алмай қалғаны үшін өзін керексіз, тіпті кінәлі сезініп жүрген болар. Немесе созылмалы ауыр дертке шалдыққан ер бауырлас қауым кездесулерінің бәріне келе алмай жатқаны үшін мұңайып жүрген шығар. Осындай бауырластарды жылы сөздеріңізбен нығайтыңыз (Ефес. 4:29). Кедей жесір әйел туралы оқиғадан білген жігерлі ойларыңызбен бөлісіңіз. Сонда олар шамаларына қарай ең жақсыларын беріп, Ехобаны қуантып жатқандарына көздері жетеді (Нақ. с. 15:23; Сал. 1-х. 5:11). Істеп жатқаны қандай кішкентай болып көрінбесін, бауырласты Ехобаға ең жақсысын беріп жатқаны үшін мақтасаңыз, Исаның ізімен тура жүресіз.

21. Сіз не істеуге бекіндіңіз?

21 Исаның өмірі туралы көп жайтты ашатын осы төрт кітаптың барына қаншалықты ризамыз десеңізші! Соның арқасында Исаны үлгі етіп, оның ізімен тура жүре аламыз. Ендеше, жеке зерттеуде немесе отбасылық ғибадатта осы Ізгі хабарларды неге зерттемеске? Зерттеудің толық пайдасын көру үшін, оқиғаны көз алдымызға елестетіп, ішіне сүңгіп, кейін сол білгендерімізді іске асыруды ұмытпайық. Біз Исаның іс-әрекеттерін үлгі етуден бөлек, оның айтқан сөздеріне де ден қоямыз. Келесі мақалада Исаның өлер алдында айтқан сөздері жайлы қарастырамыз.

15-ӘН Ехобаның Тұңғышын мадақтаңдар!

^ 5-абзац Шынайы мәсіхшілер Исаның ізімен “тура жүрулері” керек. Ал Иса қандай із қалдырды? Біз не үшін Исаның ізімен жүруіміз керек? Оның ізімен жүруге не көмектеседі? Бұл сұрақтардың жауабын осы мақаладан білетін боламыз.

^ 60-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Исаның кедей жесір әйел туралы айтқандары жайлы ой жүгірткеннен кейін, бір әйел бауырлас қарт бауырласты жан сала қызмет етіп жатқаны үшін мақтап жатыр.