Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Оқырман сауалдары

Оқырман сауалдары

Неге Иса дәл өлер алдында Зәбүр 22:1-дегі Дәуіттің сөздерін келтірді?

Иса өлер алдында Матай 27:46-дағы сөздерді айтып кетті. Онда: “Құдайым, Құдайым, неге мені жалғыз қалдырдың?”— делінген. Осылай ол Дәуіттің Зәбүр 22:1-де айтқан пайғамбарлық сөздерін орындады (Мар. 15:34). Бірақ Исаның бұл сөздерін қалай түсінуге болады? Ол мұны Ехобадан көңілі қалғандықтан не бір сәтке сенімінен тайғандықтан айтты деп тұжырымдау қате болар еді. Өйткені Иса не үшін өлуі керектігін жақсы түсінген әрі соған дайын болған (Мат. 16:21; 20:28). Сондай-ақ өлетін кезде Ехоба одан қорғанышын алып қоятынын да білген (Әйүп 1:10). Солай Ехоба Исаға өлімі қаншалықты азапты болса да, адалдығын дәлелдеуіне мүмкіндік берді (Мар. 14:35, 36).

Иса зәбүр жырындағы осы сөздерді не үшін айтқанын кесіп айта алмасақ та, бұған бірнеше себеп болуы мүмкін *.

Иса бұл сөздерді Ехоба оның өліміне араша түспейтінін көрсету үшін айтқан болуы мүмкін. Иса төлемді Ехобаның көмегінсіз беру керек болған. Ол “күллі адамзат үшін” өлу керек еді (Евр. 2:9).

Иса 22-нші зәбүр жырынан үзінді келтіргенде, бүкіл тарауға назар аударғысы келген болуы мүмкін. Сол заманда яһудилер көп зәбүр жырларын жаттап жүретін. Мысалы, олар қандай да бір зәбүр жырынан тармақ естісе, бірден сол зәбүр жыры түгелдей естеріне түскен. Исаның зәбүр жырынан үзінді келтірудегі мақсаты осы болса, ол яһуди ізбасарларына сол зәбүр жырындағы оның өліміне қатысты көптеген пайғамбарлықтарды естеріне салғысы келген болар (Зәб. 22:7, 8, 15, 16, 18, 24). Сондай-ақ сол зәбүр жырының соңғы тармақтарында Ехоба мадақталып, жержүзінің Патшасы екені айтылған (Зәб. 22:27—31).

Иса өзінің кінәсіз екенін көрсеткісі келген болуы мүмкін. Иса өлер алдында, Жоғарғы кеңес заңсыз сот құрып, оны Құдайды қорлаушы деп айыптады (Мат. 26:65, 66). Олар түннің бір уағында тез жиналып, бұл тергеуді барлық сот нормаларынан аттап өткізді (Мат. 26:59; Мар. 14:56—59). “Құдайым, Құдайым, неге мені жалғыз қалдырдың?” деген сұрақты қойғанда, Иса мұндай жазаға тартылатындай ешқандай жамандық жасамағанын көрсеткісі келген шығар.

Бұл зәбүрді жазған Дәуіт көп қасірет шеккенімен, бұл оның Ехобаның ықыласынан айырылғанын білдірмеді, Иса өзгелердің есіне осыны салғысы келген болуы мүмкін. Дәуіттің қойған сұрағы Құдайға деген сенімін жоғалтқандығының белгісі емес еді. Өйткені осы сұрақтан кейін ол Ехоба өз халқын құтқара алатынына сенетінін айтты. Ехоба шынымен де оны әрі қарай жарылқай берді (Зәб. 22:23, 24, 27). Сол сияқты, “Дәуіт Ұлы” Иса азап бағанасында қасірет шексе де, бұл оның Ехобаның ықыласынан айырылып қалғанының белгісі болмаған (Мат. 21:9).

Мінсіздігі толығымен дәлелдену үшін Ехоба Исаны қорғанышсыз қалдыру керек еді, бұл қаншалықты жанына батқанын көрсеткісі келгендіктен Иса осы сөздерді айтқан шығар. Әу баста Ехоба Исаның азап шегіп, өлуін мақсат етпеген. Исаның бұлай өлетіндей еш жазығы болмады. Бірақ Адам ата мен Хауа ана Құдайға қарсы шыққандықтан, бұл қажет болды. Иса Шайтанның көтерген сұрақтарына жауап беру керек еді және төлем беріп, Адамның жоғалтқанын қайтару керек еді (Мар. 8:31; Пет. 1-х. 2:21—24). Ал бұл үшін Ехоба Исаны өмірінде бірінші рет уақытша қорғанышсыз қалдыру керек болды.

Иса азап бағанасында өлуіне Ехобаның не үшін жол бергені туралы шәкірттерін ойландыру үшін айтса керек *. Ол азап бағанасында қылмыскер ретінде өлтірілетіні көп адамды сүріндіретінін білген (Қор. 1-х. 1:23). Егер шәкірттері Исаның өлімінің шын себебін түсінсе, олар оны қылмыскер деп емес, Құтқарушы деп көрер еді (Ғал. 3:13, 14).

Иса Зәбүр 22:1-дегі сөздерді қандай себеппен айтса да, азап бағанасында өлуімен Ехобаның еркін орындап жатқанын түсінген. Осы сөздердің артынша ол: “Түгел орындалды!”— деді (Жох. 19:30; Лұқа 22:37). Иә, Ехобаның Исаға уақытша көмектеспей қойғаны оған жерге келгендегі мақсатын толықтай орындауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ осының арқасында Иса “Мұса Заңында, пайғамбарлар жазбалары және Зәбүрде” өзі туралы айтылғандарды түгел орындай алды (Лұқа 24:44).

^ 2-абзац Осы журналдағы “Иса айтқан соңғы сөздердің маңызы” деген мақаланың 9, 10-абзацтарын да қараңыз.

^ 4-абзац Жерде қызмет еткенде Исаның айтқан әрбір сөзін, қойған сұрақтарын жеке көзқарасы деп қабылдамауымыз керек. Өйткені кейде ол мұны шәкірттерін ойландырып, араларында талқылау туғызу үшін айтатын (Мар. 7:24—27; Жох. 6:1—5; 2010 жылғы 15 қазандағы “Күзет мұнарасының” 4, 5-беттерін қараңыз).